Ұлық мерекеде мейлінше сауап амал жасауға тырысып, кешірімді бола білуіміз керек. Рамазанның қасиеті де осында.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аптап ыстықта Ораза ұстап, сауаптан үміттенген жамағатты мерекемен құттықтады. Бұл айда кешірімді болуға үндеп, қолдан келгенше көп жақсылық жасауға шақырды.
Сондай-ақ, рухани кеште жамағаттың қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, т.б жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
«Асыл мұра» өнер орталығының әншілері рухани әндерді әуелетіп, мерекенің қасиетін сезіндірді.
Қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалық – Шымкентте қайырымдылық шараларымен айналысатын тағы бір ұйым жұмысын бастады. «Мейірімділер тобы» қайырымдылық қоры алдарына зор мақсат қойып отыр.
Жиында қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы Оңтүстікте де қордың бөлімі ашылғанын атап өтіп, оның төрайымы Гүлмира Әбдірашоваға алғысын білдірді. Екі апта бұрын қор төрайымы қала әкіміне өз ұсынысын жеткізген еді. Қала әкімі тың ұсыныстарын қабыл алды.
Қор көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, жалғызілікті тұрғындарға қайырымдылық жасауды мақсат еткен.
Клубтың бүгінде Алматы, Астана, Қарағанды қаласында филиалдары жұмыс істейді.