ҮМІТІМІЗ – МЕЙІРЖАН, ӘЛІМХАН, ЕЛЕНАДА! Избранное

Пятница, 09 Февраль 2024 03:38 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 443 раз

1-5 ақпан аралығында Елордада өткен күрес түрлерінен ҚР чемпионаты жаңа есімдерді танытты. Олимпиадалық іріктеу турниріне қатысатын үздіктер анықталды. Әрине, Париж ойындары алдындағы бәсекенің жөні бөлек: жолдамадан үмітті еліміздің үздік балуандарының дайындығы пысықталды, жаңа жоспарлар түзілді. Жауапты сында Шымкент қаласының балуандары 9 жүлде олжалады. Сенім үдесінен шыққандар да, әттеген-ай дейтін жағдайларға да куә болдық.

spo-2

 

Грек-рим күресінен – 2 алтын!

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайын дүбірге бөлеген ел чемпионатында әр күрестен 10 салмақ бойынша 500-ге жуық спортшы бақ сынады. Кең жауырын, апайтөс балуандардың белдесулерін ел тұрғындары тікелей эфирден тамашалады. Чемпионатта оза шапқандар Париж Олимпиадасына жолдама беретін іріктеу турнирлеріне қатысады.
Осынау додада үшінші мегаполистің балуандары сайыс көрігін қыздырып қайтты. Жерлестеріміз грек-рим күресінен 2 алтын, 4 қола жүлде жеңіп алды. Азия ойындарының күміс жүлдегері Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Азия чемпионы Әлімхан Сыздықов (130 келі) қарсылас шақ келтірген жоқ. Олимпиадалық салмақтарда – 77 келіде Әбдәзім Қарабаев, 130 келіде Джохар Узаров, ал 72 келіде Әділхан Сатаев қола жүлдеге ие болды.
63 келіде Азия чемпионатының қола жүлдегері Мұхамедәли Мамырбек бұл жолы үшінші орыннан көрінді. Өткен жылы ҚР Спартакиадасында ол бас бәйгені олжалаған-тын. Былтыр 77 келіде Омар Сатаев күміс, 82 келіде Илимдар Сатаев қола алса, биыл қос балуан жүлдеге жете алмады.
«Классикалық» күресте 67 келідегі бәсекелер аса тартысты өтті-ақ. Әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев, әлем чемпионатының жүлдегері Мейіржан Шермаханбет, U23 жастар арасындағы әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Абылайхан Әмзеев, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Данияр Қаленовтей үздіктер бар мүмкіндіктерін көрсетті. Осындай шоқтығы биік, ерен бәсекеде шымкенттік Шермаханбет барлық қарсыласын айқын жеңіп шықты. Атап айтқанда, 1.8 кезеңде Сұлтан Әсетұлын, ширек финалда Алмат Кебіспаевты, жартылай финалда Азиз Гасымовты, финалда дарынды жас балуандардың бірі Дін-Мұхамед Қошқардан айласын асырды.
Ел чемпионатында еркін күрес балуандары қоржынға бір ғана қола жүлде салды. Олимпиадалық салмақ – 65 келіде Начын Куулар үшінші орынды иеленді. Өкінішке қарай, Азия чемпионы Дархан Есенғали (74 келі), ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Мақсат Сатыбалды (86 келі), жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері Бекзат Ермекбай (65 келі) жүлделі орындарға қол жеткізе алған жоқ. Бекзат Ермекбай мен Мадияр Бурхан (70 келі) қола жүлдеге таласта жеңіліп, 5-ші орын алғанын айта кеткен жөн.

spo-1


Әйелдер күресінде Елена Шалыгина 68 келіде топ жарды. Ал Бейбіт Сейдуалы (68 келі) қола медалды қанағат тұтты.
Сайыстың қорытындысында Шымкент қаласы грек-рим күресі командасы Жетісу облысынан кейін 2-ші орынға тұрақтады. Ал әйелдер командасы чемпионатта 7-ші орыннан көрінді.
Енді чемпионатта үздік шыққан балуандар Париж Олимпиадасына жолдама беретін Қырғызстан және Түркия елдерінде өтетін лицензиялық жарысқа қатысады. Олардың ішінде Шымкент қаласынан Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов және Елена Шалыгинаға сенім артылмақ.

 

spo-3

Шермаханбет мақсатына бір қадам жақындады

Шымкент қаласының тарихында грек-рим күресінен алғашқы әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы және Азия ойындарының күміс жүлдегері Мейіржан Шермаханбетке ел үміт артып отыр. Бұл балуанға Олимпиада жүлдесі ғана жетпей тұр. Өзінің күрес мәнері де бөлек. Былтыр Азия ойындарында күмістен олжа салды. Ендігі мақсат – Олимпиада жолдамасы.
Спортшының жеке бапкері Оразбек Медеубеков жарысты қорытындылап берді. Белгілі балуан қазір жарақатынан толық айыққан. Азия ойындарынан кейін де қателіктермен жұмыс істелді.
– Ел чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Шәкіртім өз салмағында еліміздегі ең мықты балуандардың бірі. Қарсыластарының да тыңғылықты дайындық жүргізгені көрініп тұр. Оның үстіне жеребе бойынша қиын топқа түстік. Финалда басында сәл қателік жасап, артынша жинала білгенінің арқасында белдесуді жеңіп шықты. Жалпы шәкіртімнің күресіне көңілім толды. Енді лицензиялық турнирге дайындаламыз. Ақпан айының
11-не «Алма тау» базасында оқу-жаттығу жиыны басталады. Одан әрі қарай шетелде бірлескен жаттығуларға қатысамыз. Сәуір айындағы лицензиялық турнирге дейінгі жоспар түзілген. Лицензиялық турнирде жеңімпаз болуға мүмкіндігіміз бар. Жаратқан сәтін салса болғаны, – дейді бапкер.
Иә, Азия құрлығынан Париж ойындарына 67 келіде тек Иран балуаны ғана жолдама алған. Қалған мықтылардың бәрі Бішкек кілемінде бас қосады. Шермаханбеттің енді аянатын жөні жоқ. Не бел, не белбеу кетеді...
Аса ауыр салмақта Әлімхан Сыздықов та – ел үміт артқан сақа спортшылардың бірі. Балуанның жеке бапкері Бисолт Дециев лицензиялық турнирге жеңімпаз болу үшін баратынын айтады. Қарсыластары – Қырғызстан, Оңтүстік Корея, Жапония, Өзбекстан балуандары. Олармен бұрын жолдары түйіскен, шама-шарқын біледі. Сыздықовтың мойнындағы жауапкершілік жүгі ауыр. Алыптар арасында Иран, Қытай өкілдері жолдама алып қойды.
Осылайша шымкенттік балуандарға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылып отыр.

Суперфинал жанкүйерлер есінде ұзақ сақталар...

Сонымен, бес күн бойы боз кілем шеберлерінің белдесулерін тамашаладық. Грек-рим күресінде олимпиадалық салмақтарда Айдос Сұлтанғали мен Мейрамбек Айнағұлов, Алмат Кебіспаев пен Мейіржан Шермаханбет, Демеу Жадыраев пен Тамерлан Шадукаевтың белдесулері жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Нұрзат Қабдырахимов (55 келі), Николай Хапко (72 келі), Евгений Поливадов
(82 келі) сынды жаңа есімдер шықты. Еркін күресте Ерасыл Мұхтарұлы (57 келі), Майис Алиев (65 келі), Нұржан Исағалиев
(86 келі) сынды жастар топ жарды.
Тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан мен Олимпиада ойындарына қатысушы Әлішер Ерғалидің белдесуін көпшілік асыға күткен. Екеуі де көпшіліктің есінде ұзақ сақталардай керемет күрес көрсетті. Екі дарынды жас аянып қалған жоқ. Лицензиялық турнирдің жолдамасы бәске түскендіктен қос балуан арыстанша алысты. Бар өнерлерін паш етті.
Аса тартысты кездесуде бұл жолы 14:10 есебімен тәжірибелі балуан Әлішер жеңіске жетті. Осылайша, Ризабек әлем чемпионатынан кейін алғаш рет олимпиадалық салмақта белдесіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қалай десек те қазақ жанкүйерлері ел балуандарының осындай деңгейде күрес көрсеткендеріне ризалық танытып отыр. Белгілі күрес маманы Орал Тілеуғабылов ағамыздан асырып айта алмаспыз.
«97 келі салмақта қос бірдей мықты еркін күрестің елімізде қандай деңгейде көтерілгенін көрсетті. Осы белдесудегі артықшылықтар мен кемшіліктерге өз пікірімді білдіргім келеді. Әлішер Ерғалидің бұл біріншілікке өте тиянақты дайындалғаны көрініп тұрды. Өйткені алда Париж Олимпиадасы тұрғандықтан ҚР чемпионатынан жарқын түрде өту керек екенін түсінгендей. Серік Бақытханов, Бекзат Үркімбай сияқты мықтылардан бөлек, әлем чемпионатының алтын жүлдегері Ризабекті де бағалай білгені көрініп тұрды. Ешқандай босаңсымай, бірсыдырғы күресіп шықты.
Ал Ризабек еркін күресті түсінгені соншалық, кез келген бағытта күресе біледі. Өзін кілемде өте еркін сезінеді. Ал финалдағы қателігін айтар болсам, ҚР чемпионатына соншалықты дайын еместігі. Олай дейтін себебім, темпке шыдай алмай қалды. Тактикалық түрде де осал жері бар. Қарсыластарын соншалықты бағаламаған сияқты. Әлішердің тәжірибелі екенін ескеріп, алдыңғы белдесулерде энергия сақтап, дербес бір тактика қою керек еді. Әрине, бұл жанкүйер ретінде өз пікірім. Екеуінің де жаттықтырушылары үшін өте қуаныштымын». Белгілі бапкер әлеуметтік желіде осындай пікір білдіріпті.
Иә, суперфинал әлі талай айтылар. Талай әңгімеге арқау болмақ. Біз жанкүйерлерге керемет күрес көрсеткен балуандарға алдағы жауапты сында сәттілік тілейміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.