ЖАНКҮЙЕРЛЕРДІ ПАРИЖ ЖАҒДАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ Избранное

Среда, 14 Февраль 2024 04:00 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1901 раз

Бүгінде біздің үлкен спорт мұхитта ескексіз қалтылдаған қайық сияқты сезіледі. Қан майданға түсіп, ел, жер тағдыры таразы безбеніне түсер шақта қолбасшысыз қалған шарасыз қол сияқты.
Спорт – ел намысы. Мемлекеттің айбынын асыратын, өзге мықты мемлекеттермен иығын теңестіретін бәсеке. Аламан.

sport11

 

Осындай сын шақта Қазақстан спортының аяғына жем түскен аттай шоқырақтауы көңілге түрлі ой салады.
Париж олимпиадасы бір қыр астында. Төрт жылда дүниежүзінің бар мықтысының басын қосатын спорт падишасында Қазақстан алтыннан салым сала ала ма?!
Расын айту керек, бұрынғы Олимпиада ойындарында жеңімпаз болатын спортшы ертеректеу ел ауызында жүретін. Мәселен, боксты алайық.
Сиднейге Ермахан Ыбырайымовтың алтын үшін шаршы алаңды шайқайтындығы айтылды. Үміт ақталды.
Бейжің мен Лондон Олимпиадаларында Серік Сәпиевтің айы оңынан туатынын білдік. Бейжіңде төрешілер көпе-көрінеу қиянат жасағанымен, атадан ер туған Серік Лондонда берсе қолынан, бермесе жолынан деп, барлық қарсыластарын атойлап, ешкімге күмән қалдырмай жеңді. Үміт ақталды.
Рио де Жанейрода Данияр Елеусіновтің алтынға таласатындығына ешқандай бақсы, көріпкел құшынаш керегі жоқ еді. Ол оған дейін-ақ өз салмағында әлемде үздік-тұғын.
Енді Париж. Әлемдегі тарихы қалың, сәулеті келіскен, барлық елге арман қала.
Парижде кім топ жарады дегенде он тоғыз жасында Әлем чемпионы атағын жеңіп алған Ризабек Айтмұханның аты аталды. Сендік. Бұ жолы сенім алдады. Бір салмақ жоғарыға өткен Ризабек Қазақстан чемпионатында 30 жастағы Ерғали Әлішерден оңбай жеңілді. 10-5 есебімен алда тұрған жас ұлан орда бұзар жастағы ағасының қолына айналдырған бір минутта 7 ұпай ұстатып жіберді.
Әлішер Ерғали – бұған дейін Азияның 2 күміс, 2 қоласын алған балуан.
Азияда алтын бұйырмаған, әлем чемпионаттарынан құралақан қайтып жүрген балуанды еңсере алмаған Ризабектің Париж алтыны түгілі Олимпиада жолдамасын алу-алмауы тағдыр талайына байланысты болып қалды.
Оның диагнозын осы салаға қатысты екі адам қойды.
«Ризабек ел чемпионатын емес, Олимпиаданы көп ойлап кетті» деді Әлішер.
«Әлем чемпионы болып, ел қошеметіне бөленген Ризабектің қыдырудан қолы тимеді» деді құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов.
Ал, күл, жыла...
Бүгінгі қазақ Парламенті бұрынғылардай бұйығы емес, күшті айтса көнді деп жем жеген аттай басын шұлғи бермейді. Өткір. Ұлт сөзін сөйлейді. Біліп сөйлейді.
Үлкен спортымыздың тоқырау алдында тұрғанын, еліміздің қыруар қаржысы көлденең көк аттылардың жемсауында кетіп жатқанын Нартай Аралбайұлы бір көтерді. Қазыбек Иса мен Мақсат Толықбай естір құлаққа жететіндей ашынып айтты.
Бір замандарда айдарынан жел ескен қазақ спорты Азия ойындарында алдына әлемде ең халқы көп Қытай, Азияның айбарына айналған Жапон, Оңтүстік Корея мемлекеттерін ғана салып үздік төрттікті қортындылайтын. Миллиардтаған халқы бар Үндістан қозы көш жерде қалатын.
Енді не болдық?! Үш Олимпиада ойындарында Артур Таймазовтың алтынына қарап отыратын Өзбекстан спортты дұрыс жолға қойып, бізді сүт пісірім уақытқа қалдырып кетті. Көрші, бауырлас халық қой, ал біз неге шаңын жұтып қалдық?!
Нартай Аралбайұлы бұрынғы ҚР Премьер-министріне депутаттық сауал жолдаған болатын. Енді осы сауалдың жауабын жаңадан сайланған ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов береді деп сенеміз. Депутат мемлекет бюджетінен спортқа 775 млн.доллар бөлінетіндігін айтады да, мысалдармен жіліктеп береді. Мәселен, 2021 жылғы Токио Олимпиада ойындарында Қазақстан 8 қола медаль алып, қатысқан 192 мемлекеттің ішінде 83-орын алды.
Керемет жетістік дей аласыз ба?!
Енді салыстырып көріңіз. Жоғары спорт түрлеріне бар-жоғы 41 млн.доллар бөлген Нидерландия мемлекеті Токиода 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алып, айды аспанға шығарды. 46 млн.доллар бөлген Данияның қоржынында 3 алтын, 4 күміс, 4 қола бар.
Нартай бауырымыздың, күйінетініндей бар. «Бақсам бақа екен» демекші, Қазақстан спорт және туризм министрлігі мемлекеттің бюджет қаржысымен әлемдегі барлық спорт түрлерін қаржыландыруды қолға алғандай көрінеді. Ішкі есептері түгел министрлік 183 спорт түрлерін қаржыландырады екен.
Спорттағы жетістік Олимпиада ойындары мен Азия ойындары, әлем чемпионаттарымен өлшенеді десек, Қазақстанның 183 спорт түрінің елу шақтысы ғана осы санатқа кіреді.
Ал, әлемдегі ең мықты мемлекеттердің бірі Англия елі жоғары спорт түрлерінің 15-ін ғана таңдаған. Азуын айға білеген Германия үшін 18 түрі жеткілікті.
Ал құдай қосқан қоңсымыз Өзбекстан Олимпиада бағдарламасына кіретін спорттың 17-і түріне ғана мемлекет қаржысын жұмсайды. Сонда 775 млн.доллармен Олимпиада ойындарын 83-ші орынмен қорытындылаған Қазақстан спортының көксегені не?!
Депутат айтуға ауыз бұралатын спорт түрлерінің мемлекет ақшасымен қаржыландырылып жатқанын ашынып айтады. Расында, «спорттық балық аулау», «спорт на пилоне» деген неге керек?! Осының ар жағында жекелеген шенеуніктердің «менің бизнесім, менің табыс көзім ғой» деген дауысы естіліп тұратын сияқты. Мемлекет қаржысымен шексіз баю деген осы шығар.
ҚР Спорт және туризм министрлігі жер жаһандағы атаусыз спорт түрлерін қазақ қаржысымен жарылқағаны аздай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің де егініне кіріп кеткен сыңайлы.
Министрлік бюджетінің 311-бағдарламасында шаруа қожалықтары мен фермерлерді субсидиялау үшін 54 млрд. теңге бөлінеді екен.
Спорт пен ауыл шаруашылығының осы қарым-қатынасына министрлік өкілі жарытып жауап бере алмапты.
Бұл не деген дарақылық, батпан құйрық десеңізші...
Нартай Аралбайұлы тек жойдасыз фактілерді су бетіне шығарып қана қоймай, осы шетін мәселелерді шешудің тетіктерін де ұсынған екен.
Біріншіден, Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек.
Екіншіден, Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самұрық-Қазынадан» 65 миллион доллар бөлінеді. Бұл асып-тасу түптеп келгенде ол ақша «Самұрық-Қазынаның» емес, халықтың ақшасы.
Үшіншіден, легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, оның айлығын демеушілердің есебінен төлесін спорттық клубтар.
Төртіншіден, жергілікті спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Әйтпесе қазір әркім білгенін істеп кетті. Салдарынан нәтиже жоқ.
Спортымызда ешкім білмейтін кездейсоқ адамдар көбейіп кетті. Қаркен Ахметовтей тұлғалар жоққа тән. Қазақстанда қазақ саны отыз пайызға жетпейтін шақтың өзінде сол Қаркен ағамыздың дем беруімен Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов сияқты ұлт айбарлары өсіп шықты.
Ел спортын өркендетуге бақандай 290 млрд. теңге бөлінеді екен. Ақша көп болғанымен, нәтиже аз екендігі бізге де қатты батады. Қырық жылға жуық уақытымызда, ұстазымыз Сейдахмет Бердіқұлов айтқандай, қосарға қос ат алып, осы спортты шиырлаппыз. Сондағы бір байқағанымыз, үлкен спортта тұлғалардың орны ерек болады екен.
Мәскеу Олимпиадасының алды. Қарсыластарының бәрін еңсерсе де Жақсылық Үшкемпіровтің Олимпиада ойындарына қатыспайтындығы белгілі болған. Бұ да қырсығады. Үйінде жатып алады. Бір күні спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев телефон шалып, астына түс дейді. Сүліктей «Волгаға» мінгізіп алып Үкімет үйіне келеді. Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына кіреді. Жақсылық абыржулы, күтіп тұр.
Бір кезде шақырады. Тау тұлғалы Димаш атамыз томашадай Жақсылықтың үстінен төніп тұр.
– Осы ма чемпион болатын балуаның? Мынауың бір жапырақ қой.
– Осы, – дейді кірпігін қақпаған Аманша аға.
Әуелі Алла, содан соң Димекеңнің арқасында Жақсылық Үшкемпіров Мәскеу кілемінде күресіп, қарсыластарының аяғын аспаннан келтіріп, жеңімпаз болады. Қонаев Жақсылықты көрген сайын разы болып, «бір жапырағым» дейді екен.
Неге айттық?! Бүгінгі спортта сол Аманша Ақбаевтай тұлпарды жабы ішінен танитын, хас таланттың жолындағы кедергілерді кеудесімен ысырып тастайтын айбарлы басшы жоққа тән.
Темірхан Досмұхамедов. Спорт министрі болды. Ұлттық Олимпиада комитетін басқарды. Әлемдік спортқа бергені көп. Саңлақтар түгілі жаңадан өсіп келе жатқан талантты жастардың шынайы ағасы, қамқоршысы бола білді. Оның алдында «сұмдықпын, аспанды тіреп тұрған мықтымын» дегендер елпек қағатын. Лондон Олимпиадасында қазақ спортшысы төрешіден қысым көргенде кілемге кеуделеп ұмтылғанын өз көзімізбен көрдік. Тұлға. Келісті қолбасшы.
Ресейдің бас батыры, орыс жұртының мақтанышы Александр Карелин мына біздің Дәулет Тұрлыхановтың аты аталса, құрметпен орнынан тұрып кетеді. Дәулеттің FILA-дағы абыройы үлкен. Айтқан уәжі өтеді. Тұлға, қолбасшы.
Үшеуін ғана тілге тиек еттік. Айтқанның аузы жаман. Кезінде даңқты балуан Амангелді Ғабсаттаров жұмыс істеген спорт комитетінен бүгінде осындай саңлақты атау қиын.
Бүгінгі Спорт министрі Ермек Мыржықбаевта алты аласы, бес бересіміз жоқ. Көрмеген, білмеген адамымыз. Ақмола облысында әкім, Көкшетау қаласында әкім болды. Аудандар басқарды. Жаман аты шыққан жоқ. Кейін кәсіпкер.
Бірақ, осы азаматтан мен сонау үш азаматтың қасиетін, мемлекетшілдігін көргім келген. Әттесі, байқай алмадық. Вице-министр Серік Жарасбаев пен комитет төрағасы Ербол Мырзаболсыновты өз төңірегіне болмаса, қалың елге танымал деу қиын.
Спорт еріккеннің ермегі емес.
Бертінге дейін қазақ боксының қолына су құюға жарамайтын Өзбекстан құрамасы Рио Олимпиадасында 3 алтын алды. Әлем чемпионатында өзбек балуандары алтыннан салым салып жүр. Спортқа олардан ондаған есе көп ақша салып жүріп, шаңдарын ғана көретініміз жанға батады екен.
ҚР Парламенті депутаттарының сауалдарынан кейін министрліктің мақсатсыз жұмсалып жатқан мемлекет қаржысына ревизия жасап, жойдасыз спорт түрлерін қысқартып жатқанын ұзынқұлақтан естіп жатырмыз. Бұл - жақсылықтың бастауы. Қаржы негізгі мақсатқа жұмсалуы керек.
Бұның бәрін неге таусылып айттық?!
Тоқ етерін айтқанда, қазақ спортында айбынды қолбасшы жоқ. Ел намысына айналатын сында бүкіл әлем жыға болса да танитын, кесігіне тұратын, әділетсіздікке қарсы сөзін өткізе алатын, дана да көреген, үлкен тұлға керек.