Қала әкімі Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесті

Пятница, 07 Октябрь 2022 04:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 863 раз

akim-kezdesu

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов Әл-Фараби ауданы тұрғындарына 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, мәселелерін тыңдады. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты.

Шаһар басшысы әлеуметтік-экономикалық даму мен инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу жұмыстарының барысынан хабардар етті. Атқарылған жұмыстарды қорытындылап, есепті кезеңде оң көрсеткіштер бар екенін атап өтті.

– Қалада инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары 2025 жылы толық шешімін табады. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек. Тұрғындардың әр кездесуде көтеретін мәселесі – инфрақұрылым. Қазіргі таңда аудандарда Қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, тұрақты жұмыс атқаруда. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады, – деді қала әкімі.

Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев аудандағы барлық салада жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Ауданда 2022 жылы ауыз су, электр қуаты, табиғи газбен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта «Текесу» тұрғын алабында ауыз су құбырын жаңарту, «Сәуле» шағынауданы 276 орамда сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары атқарылуда. Ал «Ақтас-2», «Сәуле» шағынауданы 276 орамда табиғи газ жүйелерінің құрылысы жүргізілуде.

2023 жылы кәріз жүйесімен қамтуды 91 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Биыл ауданда Шолохов және Хлопзавод көшесінде құрылыс жұмыстары атқару жоспарланған. Сондай-ақ, биыл 30 көше (16,9 шақырым) орташа жөндеуден өтсе, 33 көшеге (12,9 шақырым) шағал тас төселеді. Аудан аумағында 404 көшенің 124-і жарықтандырылған.

Кездесуде тұрғындар жалпы инфрақұрылыммен қамту, әлеуметтік мәселелер, баспана, аулаларды абаттандыру, жол инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтерді. Қала әкімі әр тұрғынның мәселесін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.