Аңызға айналған «Дос-Мұқасан» Избранное

Пятница, 07 Октябрь 2022 04:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1545 раз

1661074152 news b

Қазақ музыка өнерінде орны ерек «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы  көркем фильм жарыққа шықты.  Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобына биыл 55 жыл толып отыр. Осыған орай Шымкент қаласы Nauryz Park сауда, ойын-сауық орталығының кинозалында  «Дос-Мұқасан» фильмінің тұсаукесері өтті. Премьераға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, зиялы қауым өкілдері, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Айдын Сахаманның режиссерлігімен түсірілген бұл фильмде талантты жастардың өнер жолындағы қиындығы мен қызығы қатар суреттелген. Алматыға арман қуып келген студенттердің достығы шебер сомдалып, алғашқы махаббаттарын сол мекенде кездестіргені бейнелеген. Тіпті, актерлердің түр-тұлғасы да шынайы оқиға кейіпкерлеріне өте жақын.

dos-mukasan 2

– «Дос-Мұқасан» фильмінің сценарийін жазған – Ефрат Шәріпов. Өте керемет жанрда жазылған кино болғандықтан режиссерлікке бас продюсердің өзі шақырды. Кастингте  Қазақстанның белгілі театр әртістері іріктеліп, дайындықты 2020 жылдың  қысында  бастадық. Алматы облысы, Өскемен қаласы, Шығыс Қазақстан өңірінде түсірілген  киноны дайындауға 3 жыл уақыт кетті. Фильм қазір бірқатар фестивальге қатысып, көптеген кино өнерін бағалаушы тарапынан оң бағаға ие болып үлгерді,- деді қоюшы режиссер Айдын Сахаман.

Актерлік құрам да портреттік ұқсастық бойынша  сәтті таңдалыпты. Басты рөлдерде – Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев,Айғаным Сағынбаева,  Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Әбілмансұр Серіков, Артур Асқарұлы, Зухра Сайпи сынды танымал әртістер бар. Жобаға 60-тан астам маман мен 50-ге жуық актер тартылған. Жылдың ең көп күттірген  фильмі көрерменге ұсынылмай жатып ақ, оң пікірге ие болып үлгерді. Сонымен қатар аталмыш туынды биылғы Байқоңыр халықаралық кинофестивалінің шымылдығын ашқан болатын.

 – «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдығы қарсаңында осындай үлкен жоба түсірілді. Алғашқы тұсауы Астанада қаласында өтті. Одан кейін Алматы, бүгін міне, Шымкент қаласында өтіп жатыр.  Осындай мүмкіндікті берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке шығармашылық топтың атынан  ризашылығымды білдіремін, - деді фильмнің бас продюссері Айгүл Байбек.

dos-mukasan 1

Фильмнің өмірге келуіне «Богемская рапсодия» деген кино сеп болған. Осы себепті  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің  Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен,  «Дос-Мұқасан» фильмі көрермендерге жол тартты. Шынайы оқиғаларға негіздерген туындының бас кеңесшісі Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайынов болды. Сондықтан бұл түсірілім отандық кино индустриясында ең бірінші тарихи музыкалық туынды ретінде қалады. 

– «Дос-Мұқасан» тек қана ансамбль емес, қазақ музыка өнерінің тарихы.   «Дос- Мұқасаннан» тек топтың емес, сол кезеңдегі қазақ жастарының тағдырын көруге болады.  Әртістер аға-буынның тарихын, тағдырын өте шынайы, таза қалпында сомдап шыққан.  Бұл фильм жастар арасында ұлттық музыкаға деген сүйіспеншілікті арттырары сөзсіз. Қазақ киноиндустриясына осындай шоқтығы биік туынды сыйлаған ұжымға шымкенттіктердің, көзі қарақты көреремендердің атынан алғыс білдіремін! - деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан фильмнің тұсаукесірнен соң. 

«Дос-Мұқасан» фильмін көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады.