ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ: 3000-ҒА ЖУЫҚ САЙТ БҰҒАТТАЛДЫ Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2023 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 736 раз

«Қаржы пирамидаларымен күрес, олардың алдын-алу және қаржылық сауаттылықты көтеру бойынша атқарылған жұмыстар туралы» баспасөз брифингінде атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Камилхан Исмаилов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Шымкент қаласының өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Әбілғазы Қалназаров жүзеге асқан жұмыстардан хабардар етті.

510

 

Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында экономикалық қылмыстық құқықбұзушылықтарды анықтау, алдын-алу және тергеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, мекеме салықтан жалтару, заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз ойын бизнесі, мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, жалған ақша жасау, авторлық құқықтарды қорғау, экономикалық контрабанда, т.б бағыттар бойынша жұмыс атқаруда.
2023 жылдың 9 айында Департамент өндірісінде 96 қылмыстық іс болса, 62 түпкілікті шешім қабылданған. Оның басым бөлігі сотқа жолданған. Өндірілген залал сомасы 1,8 млрд теңгені құрайды.
– Департамент тарапынан қазіргі уақытта қылмысты анықтаудың санына емес сапа жағына баса назар аударылуда. Одан бөлек, квазимемлекеттік секторда ірі жымқыру деректерін анықтау, қоғамның құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру басты міндет болып саналады. Ағымдағы жылдың 10 айында ҚР Қылмыстық Кодексінің 217 бабына сәйкес, яғни қаржылық пирамидаларды ұйымдастыру дерегімен 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Өткен жылы 3 қаржылық пирамида анықталған. Осы жылы «Шертай» қаржылық пирамидасы 22 жәбірленушіге 60 млн теңгеден астам залал келтірген. Бүгінгі таңда іс сотқа жолданды. Егер сіз және сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласу қажет. Азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырамыз, – дейді басқарма басшысы.
Профилактикалық бағытта қала көшелерінде, адам көп шоғырланатын және жиналатын жерлерде 9 баннер қойылып, 7 ЛЕД-экран орнатылған. Одан бөлек, автобус аялдамаларында, сауда үйлерінде, базарларда 300-ден аса брошюра ілінген.
Өткен жылдан бастап қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында жалпы 63 орта білім беру мектебінде, 2 колледж және 5 жоғары оқу орнында сабақтар өткізілген. Қаржылық пирамидалардың алдын алу және анықтауда әлеуметтік желілерге ұдайы мониторинг жұмыстары жалғасын тауып келеді.
Қаржылық мониторинг агенттігі тәулік бойы интернет кеңістігіне мониторинг жүргізуде. Былтыр қаржы пирамидалары дерегі бар 6,5 мың сайт бұғатталды. Биыл жыл басынан бері 3000-ға жуық сайттың жұмысы тоқтатылған. Бұл жүйе автоматтандырылған.
Сондай-ақ, брифинг барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Шымкент қаласының өңірлік өкілдер басқармасы басшысы Әбілғазы Қалназаров қаржылық сауаттылық азаматтардың әл-ауқатының артуына және өмір сүру деңгейінің жақсаруына әкелетінін атап өтті. Қаржылық сауаттылықты арттыру – қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі. 2020 жылдың мамыр айында Үкімет қаулысымен қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған еді.
Қазақстандағы кең аудитория үшін қаржылық сауаттылық бойынша жалғыз сенімді және ресми дереккөз – ол Fingramota.kz сайты. 2020 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қарашаға дейін интернет-порталда 1,6 мың бірегей және эксклюзивті материалдар жарияланған.
Бүгінде «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанында «Қарызсыз қоғам» жобасы жұмыс істеуде. Онда қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында консультативтік орталық ашылды. Ә.Қалназаров қала тұрғындарын осы орталыққа келуге шақырды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.