Қызылшаның жеңудің жолы – екпе алу

Четверг, 09 Ноябрь 2023 04:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 766 раз

WhatsApp Image 2023-11-09 at 10.33.54

Қызылша – вирустық инфекция. Оны оңай анықтауға болатын ерекше белгісі – бөртпе.

Қызылша қалай жұғады? Инфекция ауа тамшылары арқылы беріледі. Науқаспен байланыста болған кезде (сөйлесу, түшкіру, жөтелу кезінде) бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған және ауырмаған адамдардың басым бөлігі жұқтыруы мүмкін. Бұл вирус тез өледі, сондықтан тұрмыстық заттар — ойыншық, киім-кешек арқылы жұқпайды.

Балалардағы қызылша инкубациялық кезең (инфекциядан аурудың алғашқы көріністеріне дейін) 7-ден 17 күнге дейін созылады. Қызылша алғашқыда тұмау түрінде көрінеді: бас ауруы, тамақ ауруы, жөтел және мұрыннан су ағу пайда болуы мүмкін, сонымен қатар дене температурасы аздап көтеріледі. Қызылшаның негізгі белгісі —ауыз қуысында, тістердің түбінде ерекше бөртпенің пайда болуы. Ауру барысында жөтел жиілейді, дене температурасы біртіндеп жоғарылайды, тіпті 40С белгісіне дейін жетуі мүмкін.

Дәрігер науқастың клиникалық көріністері мен шағымдары бойынша диагноз қоя алады.Балаларда қызылша диагнозы қойылған жағдайда емдеу шарасы көбіне үйде өтеді. Егер ауыр болса, науқас ауруханаға жатқызылады. Сондай-ақ, қызылшаның асқынуы бар немесе үй жағдайлары тиісті күтімді ұйымдастыруға мүмкіндік бермейтін балалар ауруханаға жатқызылады. Міндетті ауруханаға жатқызу 1 жасқа дейінгі балалар мен жабық балалар мекемелеріндегі балалар үшін қолданылады. Қызылшамен ауыратын балаға нақты емдеу қажет емес. Бірақ,тынығу уақыты мен гигиенаны сақтау керек. Сондай-ақ, науқасқа көп мөлшерде су ішу, дәрумендерге бай тағам көмектеседі.Антибиотиктер, әдетте, қолданылмайды. Олар асқынуға күдік туындаған кезде тағайындалады.

Балалардағы қызылшаның алдын-алу: ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы — вакцинация. Алғашқы вакцинация 12-15 айлық дені сау балаларға беріледі. Вакцинаны қайта енгізу (ревакцинация) 6 жасында, мектеп алдында жүзеге асырылады. Вакцинада тірі әлсіреген қызылша вирустары бар, нәтижесінде ағза да өзін қорғайтын иммунитет қалыптасады. Осының әсерінен бала қызылшамен ауырмайды немесе ауру жеңіл түрде өтеді.

Қызылшаға қарсы егу реакциясы әртүрлі болуы мүмкін. Кейде балаларда температураның 37,5-38С дейін шамалы көтерілуі байқалады. Қызылшаға қарсы қосымша екпе науқаспен қатынаста болған, ертеректе қызылшаға қарсы екпе алмағандарға эпидемиологиялық көрсетіліммен 30 жасқа дейінгі адамдарға салынады.

Динара ЖҰМАДІЛОВА,
Шымкент қалалық клиникикалық балалар ауруханасының бас дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.