ҰЛТТЫҚ РУХ – ҰЛТ ҰСТЫНЫ Избранное

Среда, 14 Февраль 2024 04:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 274 раз

«Мен жастарға сенемін...»
                                                      Мағжан Жұмабаев

Кеңес үкіметінің айы оңынан туып дәуірлеп тұрған шағында саяси науқандар көп болатын. Ауыл-ауылды адақтап лекторлар жүретін. «Дін – апиын». Көсем айтты бітті, үзілді-кесілді. Лектор трибунаға шығып алып, салақұлаш парақтарын жайып тастап баяндамасын оқиды. Алдында бір графин су бар. Жұрт тыңдап отыр ма, жоқ па, қаперіне кірмейді. Мұндайда шала ұйқы болып, есінеп жүргендердің құдайы беріп қалады.

din-2

 

Ал, Шымкентте «Жастар ресурстық орталығында» өткен «Жастар – ізгі қоғам айнасы» рухани танымдық форумның формасы өзгешерек болды.
Қағазға қарап, қаптаған цифры іш пыстыратын баяндаманың уақыты өтті. Жастарға ашық сөйлесетін, пікірталасқа шақыратын жанды диалог керек.
Модератор Шымкент қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев кіріспеден кейін қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбекке сөз берді.
Сәрсен Абайұлы қолындағы ресми баяндаманы оқымайтындығын, ашық пайымдаумен ойларын жеткізетіндігін айтты. Бұл тәсіл жастарға кәдімгідей әсер еткендігі байқалды. Қала әкімінің орынбасары отбасы құндылықтары, сыртқы орта әсері, білім алу және өсу жолдары, қоғамға қатысы жайында ойларын тиянақтап, бүгінгі жастар өміріндегі күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатуға тырысты. Мемлекет жастарға балық емес, қармақ беріп отыр. Олар жеңілдікпен пәтерге ие бола алады. Жұмыс істеймін деген адамға бизнес жобасы мақұлданса, тегін мемлекеттік гранттар бар. Инновациялық жобалар да тегін қаржыландырады.

Жасампаз жастар – елдің болашағы. Осы орайда Сәрсен Абайұлы Мұхтар Әуезовтің «Ел болсам десең бесігіңді түзе», Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» ойларының мәнін тарқатып берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тарихының бір ұшығы сонау Жошы ұлысында жатқандығын айтқанын тілге тиек ете отырып, Алтын Ордадан басталған ұлт тұтастығының Алаш қайраткерлеріне ұласқанын мысалға келтірді.
Осы ұлы даланың мұрагері бүгінгі қазаққа бірлік, ынтымақтастық бұрынғыдан да керегірек. Бүгінгі жастар Отанымыз іші даудан, сырты жаудан азат болуы үшін тәрбие мен білімге қатты мән беруі тиіс.
«Қазақ әлімсақтан мұсылманмын» деп айтады. Бұл - рас» деген қала әкімінің орынбасары мемлекетті іштен ірітетін, сананы топастандырып, жастарды рухани күйреуге апаратын жат ағымдардың жетегінде кетпеудің жайын айтты.

din-1


Бүгінгі жастарға керегі – тәрбие, білім, ғылым. Осы үшеуі ұштасқан жағдайда мемлекеттің келешегі кемел.
Осы ойды ҚМДБ Шымкент қаласы бас имамының бірінші орынбасары Ақтамберді Мұсабек әрі қарай тірілтті.
Әдетте, көп молда, имамдар жұма намазында мына фәни дүниедегі бар тіршілігіңді жиып қой, Аллаға жақындауға амал жаса, бес уақыт намазға жығыл деп уағыз айтар еді. Әрі-сәрі болған жастардың біразы ақиқаттың жолы осы екен деп оқу-білімге деген уақытын босқа сарп қылатын. Ақтамберді Мұсабек «Дін – біздің тұрмыс-тіршілігіміз» дей келіп, хадистердің 732-ші аятында білім мен ғылымды игеруге шақырғандығын айтты.
Яғни, Отан тұтастығы, мемлекеттік мүдде бірінші орында тұруға тиіс. Осы ретте ол Жоңғар қонтайшысының қолында тұтқын болған қазақ жігіттері мен қыздарын босатуды сұрай барған қазақ билерінің ішіндегі 14 жасар Қазыбектің айтқан кесімін мысалға келтірді. Қонтайшыға айтқанын өткізген 14 жасар бозбала сол сапарда Қаз дауысты Қазыбек атанып қайтыпты. Мемлекеттік істе жас, кіші деп бөлуге болмайды. Сендер де Отан тұтастығы, өсіп-өркендеуі үшін білімнің көгіне көтеріліңдер деді.
ҚР Заң ғылымдарының докторы, профессор, еліміздің құрметті заңгері Бекет Тұрғараевтың «Бала тәрбиесіндегі әкенің орны» баяндамасында да өзекті қадау-қадау ойлар айтылды. «Әкенің сөзі – оқ" дейді қазақ. Әкенің тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі бала бойына сіңіретін астан да артық, жүрегіне ұялататын асыл сезім болу керек» деп сөз сабақтаған профессор өзге озық ұлттардың тәрбиесін мысалға келтірді.
«Бала тәрбиесінің сан түрлі әдіс-тәсілі барын ұлы педагогтер айтып та, жазып та кеткен. Әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие жүйесі бар. Мысалы, еврей халқы баланы ұрсып жекімейді, ұрып-соқпай, отбасылық әке мен ананың сыйлы қарым-қатынасы арқылы тәрбие негізін қалайды. Жапон халқы балаға ұлттық рухты өз ана тілі арқылы ұғындыру үшін 4-сыныпқа дейін өз ана тілінде оқытады. Ана тіліне сусындаған, зерде-зейініне ұлтының сыпайылық, кішіпейілділік, мейірімділік қасиеттерін ұғынған бала, мейлі қыз болсын, ұлттық рухтан әсер алып ерекше болмыспен тәрбие көріп өседі, - деді ол.
Форум барысында ҚМДБ Шымкент қаласы «Дін мен дәстүр» бағытының жетекшісі Самат Анарбаев пен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ның теолог маманы Сұлтан Әмірбек «Деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары» тақырыбында ойларымен, ұсыныстарымен бөлісті.
Жастардың талантты шоғырларының ішінен дараланып келе жатқан жас ғалым, абайтанушы Әзілхан Исабектің мақалалары «Шымкент келбеті» газетінде басылып тұрады. Академик Мекемтас Мырзахметовтің зерек шәкірті бұл жолы «Абай тағылымындағы жастар дүниесі» туралы ойларын ортаға салды. Ар ілімі. Толық адам. Қазақты өзгеге жұттырмайтын Абай ғибраты. Кешегі қарадан шығып хан болған Құнанбай. Зере мен Ұлжан аналар сабағы қазақ ұлты, жастары үшін үлкен өнеге.
Бір деммен өткен жиынды Сәрсен Құранбек қорытты. Алаш арыстарының қазаққа өткен қызметі жайлы тағы бір таразылаған Сәрсен Абайұлы Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігін, әсіредіншілдердің қаупінен сақтану шараларын тағы да еске салды. Қазақстанда 3 мыңға тарта мешіт бар екен. Шымкенттің өзінде саны 92-ге жетеді. Жақында Қазақстандағы ең ірі мешіттің бірі пайдалануға беріледі. Дін жолы осылай деп жастарды мешіттерге шақыра берудің жөні жоқ. Әсіресе, жұма күндері мектеп оқушыларын. Бүгінгі жастардың ең үлкен міндеті саналы тәрбие, саналы білім.
Қазір әлем күніге мың құбылып тұр. «Жау жоқ деме, жар астындағының» кері. Олардың көздегені Қазақстанның 20 млн. халқын басып-жаншу емес. Көксегені – қазақтың ұланғайыр жері, жер асты-үстіндегі қисапсыз байлығы. Қауіпті қаруы – діни идеология. Сананы отарлау арқылы жеңіске қол жеткізгісі келеді.
Шетелден қаржыландырылатын деструктивті діни ағымдардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуінің себебі осы. Осындай ауыр дертке ұшырамау үшін жастарға білімді болу, жақсы мен жаманды айыра білу әбден керек. Абайды тағы да оқыңыздар. Абай – қазақтың темірқазығы. Сәрсен Абайұлы жастарға Отаншыл, мемлекетшіл болу үшін ұлттық құндылықтарды аялау, сақтау, өміріне өзек ету жайын айтты. Қоғамның қозғаушы күші – жалынды жастар. Осы кезекте Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам», Назым Хикметтің «Сен жанбасаң лапылдап...» шығармаларының мәнін тағы бір ұқтырды.
Шымкент қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаевтың модераторлығымен өткен форумға ұзын-ырғасы 600-ге жуық адам қатысты. Оның 400-ге жуығы озат оқушылар мен студенттер. Олардан бөлек ұстаздар қауымы, қала ардагерлері, дін қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысқан форум өз деңгейінде өтті деуге әбден болады.
Осы жалпақ әлемде мінәйі себептермен тәуелсіздігінен айырылып, әркімнің есігінде пұшайман болып жүрген халықтар бар. Жері жоқ. Мемлекеттік рәміздері жоқ. Олардың іштегі құсасын, наласын ешкімнің басына бермесін.
Бізде бір ғана Отан бар. Сол Қазақстанның жарқын болашағы, елдің дамушы күші – білімді, талапты, талантты жастарында. Олар мықты болса, ұлттың ұпайы түгел.
Форумға жиналған жастар осы ақиқатты тағы бір ұғып қайтты. Осында қабылданған Үндеу бір ауыздан мақұлданды.

Другие материалы в этой категории: « Әлеуетті әкім ЕЛ ЖАҢА ҮКІМЕТТЕН НЕ КҮТЕДІ? »