ЕЛ МЕН ЖЕР, ҚАЛА БІЗДІКІ Избранное

Пятница, 19 Июль 2024 07:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 717 раз

оның тазалығы Сіз бен бізге керек

«Таза Қазақстан» акциясы еліміздің көрпе-жастығын бір сілкіп, кілемімізді қағып берді. Бірақ, бұл бір жылдық науқан емес, тұрақты түрде жалғасын тауып отырады. Бұл туралы жастармен кездесуінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тағы да айтты.

TazaKa

 

- Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни, халық үшін керек. Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру –мемлекеттік маңызы бар үлкен іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын, – деді Мемлекет басшысы.
Яғни, «Таза Қазақстанды» үкіметтің мойнына іліп тастап, менің үйім тысқары деуге болмайды. Бүкіл қоғам болып атсалысуымыз керек. Өйткені, Қазақстан – біздің өз үйіміз, туған мекеніміз, тұғырлы мемлекетіміз.
Өткенде әлеуметтік желіге Сәрсен Құранбек Шымкенттің «тазалықшысы ма?!» деген пост жаздық. Аздаған уақытта үш жүзге жуық адам лайк басып, жүзге тарта пікір білдіріпті.
Мәселе, Шымкент қаласының әкімінде емес, қала тазалығына қатысты еді. Жұрттың пікірін білгіміз келді, қалғыған санасын оятайық дедік. Дөп басыппыз.
Халық туған өлкесінің кіршіксіз таза болғанын қалайды. Вандализмге қарсы. Алуан-алуан ойлар айтылыпты. Әлемдегі мықты мемлекеттердің өнегелі тәжірибелері мысалға келтіріпті. Айтайық.

Мұсаев Құнанбай Әбибулаұлы:
“Тазалық – денсаулық кепілі”, “Тазалық-діннің жартысы”-деп айтып, соны өмірінің негізі етіп өмір сүрген, қанның тазалығын сақтау үшін жеті атаға дейін қыз алыстырмаған ата-баба ұрпағымыз. Су түбі бір өз арнасын табатындай тазалық бізге жат емес.
Жапондықтар күніне бес рет душқа түсу арқылы тазалықты әр адамнан бастаған екен. Аталарымыз да бес уақыт намазда бес рет дәрет алып тазаланған. Ғұсылсыз жүрмеген. Үлгіні басқалардан емес ата-бабамыздан алуымыз тиіс.

Еркін Бабаев:
Қазір тауға барсаң да, өзен-көл жағалауына барсаң да жылағың келеді. Демалыс дегенде ішіп-жеуден әрі ойлай алмайды екенбіз. Отырған орнымызды былғап, қалдықтарды шашып кете береміз. Сананы өзгертпесе болмайды. Жетер жеріне жеттік.

Гүлзат Хамза:
Сәрсен Абайұлының көз алдымда шылым тұқылын жерден алып, қоқыс жәшігіне тастағанын көріп, менде алдымда жатқан шылым тұқылын жерден көтердім. Қасымдағы адамдар «не істеп жатырсың?» деп таң қалды. Менің жауабым, «әкім орынбасары қоқыс көтеріп жатыр, мен содан ұялып қалай алғанымды түсінбей қалдым» деп күліп алдық.

Мұхан Байбосынов:
Отан – отбасынан басталады. Тәрбие басы – тал бесік деп жатады. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген емес пе? Дегенмен де, отбасы тәрбиесімен қатар қоғамдық тәрбиенің де берер орны қажет-ақ деп ойлаймын. Өйткені, отбасылық тәрбиеден кейін бала белгілі бір қоғамдық ортаға түсіп сол ортаға байланысты өзгеріп жатады. Мен, Мысыр елінің астанасы Каир қаласында туристік сапарда болдым. Каир қаласында шамамен 10 миллионға жуық халық тұрады. Өте лас қала. Көшелері қоқысқа толы. Аялдамада тұрып қолымдағы қоқыс қағазды “мусор жәшігіне” тастай салайын деп іздесем, ол мүлде жоқ екен. Қасымдағы бірге жүрген досым айтады. Жәшікті не қыласың? Аяқ асты толы мусор ғой, тастай сал деді. Шынымен де, аялдамамен, көшенің бәрі қоқысқа толы. «Егер сендерге тазалық керек болмаса, маған да керек емес» деп қолымдағы қоқысты аялдамаға тастай салдым. Тастап алып, қатты ұялғаным-ай! Демек, отбасы тәрбиесімен қатар қоғамдық тәрбиенің де бірге жүретініне көзім жеткендей болды. Шымкент қаласының әкімі мен орынбасарларының жұмысытарының нәтижесі көңілді қуантарлықтай! Қаламыздың тазалығы, біздің жан - дүниеміздің тазалығынан кем болмауы керек!

Жәмила Қаратаева:
Жапон мемлекеті туралы деректі фильм көрдім. Серуендеп жүрген отбасы екі жасар баласына қоқысты дұрыс тастау мәдениетіне үйретіп жүр. Мектеп жасындағы балалар бар тазалық жұмыстарын өздері жүргізеді. Біз балалардың еңбекке байланысты көптеген іс шараларын тоқтатып тастадық. Нәтижесі осы шығар...

Абзал Бөкен:
Әркімнің үйі - кішкене үй. Қоғам - үлкен үй. Кішкене үйге деген ықыласың қандай болса, үлкен үйге деген ынтаң сондай болғаны жөн. Сонда қоқыс жағдай да, оқыс жағдай да аз болады.

Мемлекет басшысы Шымкенттің орны ерек екенін айтып жүр. «Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала» деп баға берді. Яғни, Шымкенттің қай жағынан да жақсы болмағы, өзгелерге үлгі болуы әбден керек.
«Бұлақ көрсең көзін аш» деп жас ұрпақты кішкентайынан тәрбиелеген бабалар институты, салт-дәстүр, мәдениет қазақ пайдасына жұмыс істеуі керек.
Дүниедегі озық ұлт деп неміс пен жапонды айттық. Белін енді көтерген балаға ұлт мәдениетінің шыңы деп алдымен тазалыққа үйретер екен. Жетектеп жүріп қоқыстарды арнаулы жәшікке салдырар екен.
Дүние жүзіндегі сапалы ұлт саналатын жапонның тәрбиесі бөлек. Мектеп табалдырығын аттаған бала пәндік сабақтардан бұрын нағыз жапон болуды қанына сіңіреді. Салт-дәстүр. Мәдениет. Ұлттың озық қасиеті. Жапон болып жаралудың бақыты. Ұлт мәйегін бойына әбден сіңірген бала ешқашан қате қадам жасаймайды. Ұлтын өзгеге сыйлата да біледі.
Сол жапоныңнан қазақ кем жаратылған деп айта алмайсың. Дала философиясы, мәдениеті, ұлттық педагогикасы мақтаулы ұлттардан бірде кем соқпайды. Үлкен тұрып кіші сөйлемейді. Жетімін жылатпаған. Жесірін қаңғыртпаған. Бір бай тұтас ауылдың қамқоры, жұмыс берушісі. Ақсақалдар алқасы дау-дамай, кем-кетікке жол бермеген. Бәрін әділ шешкен. Яғни, қаласақ бәрі қолымыздан келер екен.
Тазалық – тәртіптен басталады. Акция басталғалы қаладан 200 мың тоннадан астам қоқыс шығарылыпты. Өте ауыр.
Бір мысал. Шымкентті қақ жарып өтіп жатқан Бадам өзенінің екі қапталы тазаланды. Құдай-ау, ана қоқыстарда не жоқ дейсің. Темза, Сена, Вена сияқты өзендерге еуропалықтар қылшық тастатпайды. Көздің жасындай Бадам да Шымкенттің сәні ғой. Қоқыс сырттан келген жоқ. Өзіміз тастадық. Тастамауға да болар еді.
Айттық. Неміс пен жапоннан кем ұлт емес екенімізді айттық.
Ел біздікі. Жер біздікі. Қала біздікі. Қоқыс тазартуды әкімдікке жүктеп қоймай, өзіміз қамқор болсақ, отбасымыздан бастар болсақ тазалықпен бірге экологиямыз да жақсарады.
Осы ғой бізге керегі.