БАЛАЛАР САЯБАҒЫ БАЛАЛАРҒА ҚАЙТАРЫЛАДЫ Избранное

Пятница, 19 Июль 2024 07:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 742 раз

Ақжолтай хабар. Халық аузында «Кең баба» деп аталатын, кезінде балаларға арнап салынған паркті жекеменшіктен мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр екен. Осы мәселені табандап қолға алған қала әкімі Ғабит Сыздықбековке респект!

KeNBABA

 

Бұл бірінші әрекет емес. Уақытында Нұрғали Әшімов облыс әкімі болып тұрған кезде де бұл мәселе көтерілген. Әу баста «саябақты жөндеп, балалар алаңына айналдырамын» деп уәдені үйіп төгіп берген кәсіпкер «алтын көрсе періште жолдан таядының» кебін жасады. Орталығы болмаса қала көшелеріне қараған жағы кәуап, лағман иісі аңқыған кафе, ресторандарға айналып кетті. Қазақстанның тарихи ескерткіштерін қорғау заңы бойынша нормалар сақталмады. Көне нысаннан таяқ тастам жерге қонақүй салынды.

Парк болғандықтан құрылыстар жеңіл конструкциядан салыну керек болатын. Бірақ, танкпен атсаң мыңқ етпейтін нысандар көтерілді. Алғашқы сот процестерінде кәсіпкер сол жерде нәпақасын айырып отырған кәсіпкерлердің құлағын көтеріп, Президентке арыз жаздырып алып қалған болатын. Ол заман өтті. Келісім-шарт мерзімі әлдеқашан бітті. Саябақ балаларға берілуі керек.
Қазір қандай жұмыстар жүріп жатыр. Әкімдік берген мәліметтерді зерделеп көрейік.
Шымкент қаласының әкімдігі Кең баба саябағын мемлекет меншігіне қайтаруда белсенді жұмыстар атқарып жатыр. Қазір бұл мәселе бойынша бірнеше сот отырысы өтіп, нәтижесінде Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі расталып, өзгеріссіз қалды.
Дегенмен, әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар көп.
Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылы Шымкент қаласы әкімінің шешімімен жалпы көлемі 3,9272 га жер телімі «ЧПКФ «Сапар» ЖШС-не балалар саябағының аумағында балалар мен жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыруға 15 жылға дейін уақытша пайдалануға берілген болатын.
Өкінішке орай, бастапқы жоба орындалмай саябақ аз уақытта үлкен қоғамдық тамақтану алаңына айналды. Коммерциялық пайдалану барысында ғасырлар бойғы емен ағаштары кесіліп, саябақтың кей аумақтары бетондалып, плиткалар төселіп, уәде етілген балалар орталығы жасалмады. Тегін ойын алаңдары, әткеншектер мен құмсалғыштар да қиратылды.
Уақыт өте саябақта сауда нысандары көбейіп, санитарлық жағдай нашарлап, азаматтардың наразылығын туғызды. Қоғамдық пікірді ескере отырып, әкімдік саябақты мемлекет меншігіне қайтару процесін бастады. Себебі, 1999 жылы белгіленген жалға беру мерзімі әлдеқашан аяқталған болатын.
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес «Кең баба» саябағының аумағы «жасыл аймақ» болып белгіленген. Алайда, сот процесі аяқталғанша, бюджет қаражатын қалаға тиесілі емес нысандарға жұмсауға болмайтындықтан, заң шеңберінде саябақты абаттандыру, көгалдандыру мүмкін болмады. Нысанның сын көтермейтін жағдайы азаматтардың арыз-шағымдарын туғызып, саябақ әлеуметтік міндеттемелерді орындай алмаған бизнестің алаңына айналды.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін беру және кейінгі мәмілелер туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысының күшін жою бойынша талап арыз жолданды. 2024 жылғы 30 сәуірдегі сот шешімімен департаменттің талап арызы қанағаттандырылды. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды.
Осылайша, «Кең баба» саябағы ішінара мемлекет меншігіне қайтарылды. Саябақ мемлекет меншігіне түпкілікті қайтарылғаннан кейін әкімдік алдында жасыл аймақты қалпына келтіру, тұрғындардың отбасылық серуеніне жағдай жасау міндеті тұр.
Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындарының мүддесі үшін бұл жобаны сәтті аяқтап, Кең баба саябағын қалпына келтіруге бар күш-жігерін салады.
Алайда, «Критика Шымкента» парақшасы әкімдік атына жекелеген азаматтардың негізсіз арыз-шағымдарын жариялауды жалғастыруда. Бұл ұстаным көп сұрақ туғызады. Әкімдіктің салалық қызметкерлеріне қатысты құқықтық, моральдық және эстетикалық негіздемесі жоқ теріс мәлімдемелердің неліктен қолдау тауып отырғаны түсініксіз.
Біз азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуге, тексерілмеген, сенімсіз дереккөздердің арандатуларына жол бермеуге шақырамыз. Шымкент қаласы әкімдігінің Instagram, Facebook желілеріндегі ресми парақшаларында қаланың дамуына қатысты барлық жаңалықтар жарияланады. Кез келген проблемалық сұрақтар мен шағымдарды Ikomek сервисіне, қала әкімдігінің парақшаларына жолдауларыңызды сұраймыз.

«Халық қаласа хан түйесін сояды»

Қала орталығында «Көл» деген аймақ бар. Жақында Журналистер мерекесі сонда өтті. Шағын арал. Хауыздарда су бұрқақтап атқылап тұр. Салқын леп, саумал ауа. Қала халқының дем алатын үлкен орталығына айналды.
Тарих үшін айтайық. Бұл жер бұрын қаптағы балықтай милығып жатқан базар болатын. Ретсіз салынған сауда орындары, ығы-жығы адам. Құдай сақтады. Өрт болса сол жерге өрт сөндіргіш машиналар бір қадам жақындай алмайтын еді.
Осы базар Өмірзақ Шөкеев әкім кезінде сүрілді. Шөкеев көшірді деп оны батыр көретіндер бар. Олай емес. Үкімет жұмыс істеді. Мемлекеттің пәрмені. Осы мәселе Бердібек Сапарбаев әкім кезінде көтеріліп, базар басшылығына үш жыл мұрсат берілген еді. Қала сыртынан, ішкі базарлардан орны берілді. Уақытты келді. «Көл» аумағы тазаланды.
Енді «Кең баба» да өз мақсатына жұмыс істеуі керек. Қала іші қайшыласқан машина. Орталықта қала тұрғындары дем алатын, жас бүлдіршіндер алаңсыз ойнайтын саябақ аз. Әу бастағы жасыл аймақ қалпына келтіруі керек.
Бастапқы мамандығы мұғалім, бүгінгі кәсіпкер Қайрат Сапарбаев мұны жақсы түсінеді деп ойлаймыз. «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген бар. Ешкім халықтан үлкен емес.