Тегін заң көмегі кімдерге тиесілі? Избранное

Пятница, 29 Март 2024 05:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 254 раз

Құқықтық көмектің қол жетімділігі – кез келген қоғамдағы әділеттілік пен азаматтардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Қазақстанда тегін заң көмегі қағидаты азаматтардың заң алдындағы әділдік пен теңдікке құқықтарына кепілдік берудің бірегей жолы. Алайда, мұндай көмекке кімнің құқығы бар екенін түсіну үшін бірнеше маңызды мәселелерді қарастыру қажет.

SOTTT

 

2022 жылдың 20 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік және мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол мемлекет кепілдік берген заң көмегіне құқығы бар тұлғалар тобын кеңейтуді және бұл қызметке заң консультанттарын тартуды көздейді.
Бәрімізге белгілі, Ата Заңымыздың 13-бабының 3-тармағына сәйкес «Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі». Бұл туралы Мемлекет басшысы да 2022 жылғы 16 наурыздағы халыққа арнаған жолдауында «Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз» - деп баса айтқан болатын.
Бұған дейін азаматтарға тегін заңгерлік көмекті бюджет қаражаты есебінен адвокаттар ғана көрсетсе, бүгінде оның аясы кеңейген. Яғни, енгізілген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, заң консультанттарына да осындай мүмкіндік беріліп отыр. Ендеше, бүгін біз мемлекет кепілдік берген заң көмегін кімдер алатыны және ол қалай жүзеге асырылатыны жөнінде кеңінен тоқталамыз.
Заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға осы Заңда және
Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады.
Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 26-бабына сәйкес, құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
• алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;
• мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;
• асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
• жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;
• Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;
• кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға;
• кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) көрсетіледі.
Адвокаттар және заң консультанттары қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.
Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
• Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;
• Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
• Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге көрсетіледі.
Заң консультанттары мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде:
• құқықтық кеңес беруді;
• соттарда, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда қорғауды және өкілдік етуді;
• татуластыру рәсімдерін жүргізуді жүзеге асырады.
Аталған құқықтық көмекті алу үшін қала тұрғындары Шымкент қалалық адвокаттар алқасына, яғни Шымкент қаласы, Байтұрсынов к-сі, 86/10 мекен жайы бойынша, 41-75-73, 8 708-505-01 (үйлестіруші) сымтетіктер арқылы немесе Шымкент қаласы Әділет департаментіне жүгіне алады.
Әділет департаменті тұрақты негізде халықтың әлеуметтік осал санаттары бар шалғай елді мекендерде тұратын адамдар, мүгедектігі бар адамдар, аз қамтылған адамдар, жетімдер, өмірлік қиын жағдайдағы адамдар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар үшін әртүрлі алаңдарда «Әділет кеңес береді» құқықтық акцияларын ұйымдастырып өткізеді.

Б. АБДАЛИЕВА,
Шымкент қаласының Әділет департаменті, Құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік көмек көрсету бөлімінің
бас маманы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.