АТА – АСҚАР ТАУ, АНА – БАУЫРЫНДАҒЫ БҰЛАҚ, БАЛА – ЖАҒАСЫНДАҒЫ ҚҰРАҚ... Избранное

Пятница, 29 Март 2024 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 261 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық құндылықтарды сақтау жөнінде келелі ойлар айтылды.

Kuriltai-1

 

«Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Жазушылар Одағының төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов жақында осы мәселе туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі» деп айтты.
Үлкенді сыйлау, жақсы ісінен өнеге алу – халқымыздың жақсы қасиеті. Мұндай тәрбиені балаға ата-ана, отбасы үйретуі керек. Осы орайда құрылтайда айтылған ойларды әрі қарай сабақтау үшін ел аузында әпсана ретінде айтылып жүрген ата-ана қадірі туралы екі мысалды бөліп алдық.

Кім күшті?

Әке мен ұлы. Әкесі қартаң, жігіт тепсе темір үзетін шақта. Сұхбат.
Бір кезде әкесі:
– Балам, сен күштісің бе әлде мен күштімін бе?
– Әрине, мен.
Әкесі іштей ренжіп қалды. «Бұл қалай, мен бала-шағамның асқар тауы едім ғой».
– Балам, ойлан. Сен күштісің бе, мен күштімін бе?
Ұлы ойланбастан сарт еткізіп жауап берді.
– Әрине, әке, мен күштімін.
«Күні кеше былдырап сөйлеп, мойнымнан құшақтап, еркелеп бетімнен сүйген ерке құлыным еді. Оқыттым. Шоқыттым. Әке, сені қатты жақсы көремін, өскенде сен сияқты болам дейтін еді. Бәрі өтірік екен-ау»
Ұлына іштей ренжіген қартаң әке орнынан тұрып, есікке бет алды. Ұлына қатты ренжіген.
Есіктің тұтқасына қол сала беріп соңғы үмітпен тағы сұрады.
– Балам, сен күштісің бе, әлде мен бе?
- Сіз күштісіз, әке. Сіз ұдайы қасымда болғанда мен күшті едім. Ал, сіз менен алыстап барасыз. Мен енді әлсіз болып қалдым. Сіз қасымда болсаңыз кім-кімнен де күштімін, жан әке!
Ақылды ұлының тауып айтқан сөзі, өмірлік байламы қартаң әкенің жүрегіне жаз күйін ойнатты.

Менің анам кімге керек?

Қосағы ертерек қайтқан. Жесір әйел, жетім бала. Байғұс ана балам жетімдіктің дәмін татпасын деп күн-түн тынбай екі-үш жерде жұмыс істейді. Арқа еті арша, борбай еті борша болып. Саналы бала мұның бәрін көрді, жүрегінен өткізді. Үйіне шаршап-шалдығып келетін анасы құрақ ұшқан ұлына: «Маған көмектескенің сабағыңды жақсы оқы, тәрбиелі бол. Сыртыңнан жаманат сөз айттырма». Дейтін.
Ұлы ер жетті. Жоғары оқу орнына түсті. Мамандығы бар. Үріп ауызға алғандай қызды үйіне келін етіп түсірді. Шаңырақ көтерді. Той. Өлгені тіріліп, өшкені жанған ананың қуанышында шек жоқ. Өміріндегі ең үлкен тойы. Сыңғырлап күліп, келгендерді құрметпен қарсы алып, бал-бұл жайнап жүр.
Биге шақырғандардың көңілін қалдырмайды.
Осының бәрі жаңа түскен келінге ұнамады.
– Анаңыз тым жеңілтектеніп кетті. Билей бермей тыныш отырсын да. Елден ұят болды, - деді күйеуіне.
Жігіт қосағына күлімсірей қарады да, орнынан тұрып анасына бет алды. Қолынан ұстап ортаға шықты.
– Менің анам кімге керек?
Дуылдап жатқан той дүбірі тына қалды. Жұрт жым-жырт. Сілтідей тыныштық.
– Менің анам кімге керек?
Қалыңдықтың жүзі қуаныштан бал-бұл жанды. «Шешесінен құтылайын деп жатыр. Бұл әлден менің бірінші тілегімді қабылдады. Күйеуден жолым болған екен». Қуанып отыр.
– Менің анам кімге керек?
Анасының ұнжырғасы түсіп, бойын көңілсіздік басты. «Жұмыс, жұмыс деп жүріп, баламның тәрбиесіне көңіл бөле алмаған екенмін. Ұлым менен құтылғысы келіп жатыр».
Жұрт әрі-сәрі. Ешкім ештеңе түсінер емес. Қалай ақ сүт беріп өсірген анасын сыйламайды?! Не деген тасбауыр...
– Мен ешкімге анамды бермек емеспін. Анам маған керек. Қош, болыңыздар!
Анасын жетектеген жігіт есікке бет алды. Жолда болашақ қайын атасы тұр еді. Жігіттің бұл қадамға неге барғанын сұрады. Жігіт болған жағдайды баяндап берді.
- Рахмет, балам, - деді бола алмай қалған қайын атасы. - Қызым ақымақтық жасаған екен. Жақсы тәрбие бере алмаппын. Сол үшін мен бейбақты кешір. Ал, анаңды сыйлайтын, өзіңнің қадіріңе жететін жар тауып алуыңа шын жүректен тілектеспін.
Сендей ұлым болғанда мен шексіз бақытты болар ем.

P.S.

Қазір айлардың сұлтаны Рамазан айы. Жақсылық пен берекенің, имандылық пен сауаптың айы. Ата-ана, туған-туысқа ешкім жетпейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отбасы күніне орай құттықтауында «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.
Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.
Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді.
Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі» деген болатын.
«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дана Абай айтқандай, жақындарыңыздың қадіріне жетіп жүріңіздер. Бабаларымыздан аманат болған отбасылық құндылықтарымызды сақтайық. Еліміз аман, бауырымыз бүтін, мемлекетіміздің тұғыры мықты болсын!