МЕНІҢ АТАМ – МАЙДАНГЕР Избранное

Среда, 15 Май 2024 06:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 244 раз

Миллиондаған адамның өмірін қиған Ұлы Отан соғысының тарихында 900 күн мен түн қоршауда қалса да, жауға берілмеген Ленинград қаласы үшін болған шайқас пен Сталинград үшін ұрыстың мәні бөлек, маңызы ерек. Біз осынау сұрапыл соғыс, аяусыз айқас туралы тек мерзімді басылым, кітаптардан оқып, кинолардан ғана көріп өстік.

sogus

 

Сын сағатта Отан қорғауға аттанғандар қатарында менің атам да болған екен. Атамыз Мәжітбек Мұсаұлы 1922 жылдың 1 қаңтарында Арыс ауданында дүниеге келген. Ол кісі оқу-тоқуға құштар боп өскен екен. 1939 жылы Темірлан атындағы 7 жылдық орта мектепті тәмамдап, Шымкенттегі педагогикалық училищеде оқып жүрген кезінде соғыс басталады.
1942 жылы Алматы қаласындағы атқыштар батальонында 3 ай оқып, қыркүйек айында Сталинград майданына жіберіледі.
Осы жылдың соңында жау қоршауында қалған Ленинград қаласын қорғау үшін болған шайқастарға қатысады. Осы Ленинград майданында Отан алдындағы борышын адал өтегені үшін атамды партия қатарына қабылдапты. Ленинградты жау тырнағынан азат еткен соң да атамыз түрлі шайқастарға қатысып, жеңісті Германияның Выборг қаласында қарсы алады.
Қан майданнан дін аман оралған Мәжітбек атам туған жеріне, ата мекеніне келген соң еңбек майданына белсене кірісіп кетеді. Ақ сөйлеп, адал жүрген атамыз айналасына сыйлы, абыройы биік болған. Өзінің маңдай терімен, білім-білігімен аудандық және ауылдық Кеңеске депутат болып сайланған. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атағын да алды.
Бала кезімізде оқ пен оттан аман оралған атамның әңгімесін ұйып тындаушы едік. Кеудесі орден мен медальға, өмірі өнегеге толы атам ел мақтаған, жұрт түгел қадір тұтқан атпал азамат еді. Біз де осындай орны бөлек атамызды мақтан тұтатынбыз.
Мәжітбек атам мен Күлсара апамыз 3 ұл, 4 қыз өсіріп, немере-шөбере көрді.
Өскен әулеттің өнегелі ұрпақтары ретінде біз үшін 9 мамыр – ұлық мереке, ерекше мейрам. Бұл күні бәріміз ауылға барып, атамызды еске алып, Жеңіс күнін тойлап, арнайы Құран бағыштап қайтамыз.
Атамдай ардақты жандардың, ұлт болашағы үшін опат болған батырлардың ерлікке толы ғұмыры – біз секілді өскелең ұрпаққа өнеге.

Ләззат МӘЖІТБЕКОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ Филология факультетінің 4 курс студенті

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.