IKOMEK-тің КӨМЕГІ ЗОР БОП ТҰР Избранное

Пятница, 17 Май 2024 06:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 370 раз

Үшінші мегаполис атанған Шымкент шаһары «Ақылды қала» болуы тиіс. Өйткені, уақыттың талабы – сол. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Осы орайда Ikomek-109 Shymkent бірыңғай байланыс орталығы да өз үлесін қосуда.

AiKomek-1

 

109 – біріңғай байланыс орталығына 2023 жылы 241 206 түскен арыз-шағым түсіп, жұмыстық тәртіппен орындалған. 3761 арыз-шағым осы жылы жұмыстық тәртіппен қаралуда. Өзекті арыз-шағымдар ішінде қоғамдық көлік, қалалық жарық жүйелері, қатты тұрмыстық қалдық, қаңғыбас иттердің көптігі туралы мәселелер бар. Ал, жарықтың сөнуі, су, газдың болмауы, жалпы тәжірибелі дәрігердің қарауына жазылу, жоғалған заттарды іздеу немесе табу бойынша мәселелер көбіне бір қоңыраумен шешілген.
Орталыққа ашылған уақыттан бастап 759 745 өтініш түскен. 2024 жылдың 1-тоқсанында 57 921 арыз-шағым мен кеңес тіркеліп, қазіргі таңда аталған шағымдардың 97,7 пайызы орындалып, тұрғындармен кері байланыс орнатылған. Қалған арыз-шағымдар жауапты мекемелер тарапынан қаралуда.
– Орталық қызметкерлері күнделікті 1000-2000 аралығында қоңырау қабылдайды. Барлық қоңыраудың 78 пайызы 1 қоңыраудан шешімін табады. Орталықтағы қоңырауларды өңдеу 5 кезеңнен тұрады. Қоңырауды қабылдап, тіркеу қарточкасы толтырылады. Орталық инспекторлары саралап, жауапты мекемелерге жолдайды. Жауапты мекемелердің қызметкерлері сәйкесінше жауап беріп, орталықтың операторлары тұрғындармен кері байланысқа шығады. Арызданушы берілген жауапқа қанағаттанса, арызы орындалса – арыз жабылады, басқа жағдайда – қайта қаралуға жолданады, – дейді 109 ситуациялық орталығының басшысы Азат Әміртаев.

AiKomek


Қаладағы мекемелер арыз-шағымды сапалы орындайтын және сапасыз орындайтын деп бөлініпті. Мониторинг бойынша денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары, Қаратау, Әл-Фараби, Абай аудандары әкімі аппараттары арыз-шағымдарға сапалы жауап беретін мекемелер санатына енгізілген. Бұл рейтингте аудан әкімдерінің де мегаполис тұрғындарынан түскен мәселелерді шешу пайызы қаралған. Ең көп мәселе түсетін басқарма – жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Осы жылдың 1-тоқсанында әртүрлі салалар бойынша түскен арыз-шағымдар статистикасына тоқталсақ, қалалық жарық жүйелері бойынша 22 680 қоңырау, анықтамалық ақпараттар, байланыс нөмірлер бойынша – 13 694, қоғамдық көлік – 7830, ветеринарлық қызмет – 2 178, су жүйесі бойынша 1 928 шағымдар түскен.
– Түскен шағымдарға мекемелердің жауаптары мен бір-біріне сілтеудің нәтижесінде қала тұрғындары тарапынан орталық жұмысына сындар айтылып жатады. Ондай сындарды болдырмау, азайту мақсатында орталық қызметкерлерінен құралған мониторингтік топ жұмыс атқаруда. Әрине, шағым түсе сала нәтиже бола қоймайтын жағдайлар болып жатады. Дегенмен, орталыққа түскен шағымдардың нәтижесінде көптеген көшелерде жаяу жүргіншілер жолағы сызылды, 1282 көше және аула жарықшамдары қалпына келтірілді, 125 спорт және балалар алаңшалары қалпына келтірілді, ағаштарға санитарлық қырқу жұмыстары жүргізілді, 97 бағдаршамның жұмысы реттелді. 1-тоқсандағы мониторингтік топ орындалмаған 238 арыз-шағымды анықтап, жауаптыларға ескерту нәтижесінде 211-і орындалды, – дейді Азат Ермекбайұлы.
Сондай-ақ, орталық басшысы 2024 жылы атқарылатын жоспарлы жұмыстарымен бөлісті. Орталық басшысының айтуынша, 1 маусымда жаңа телеграм бот іске қосылып, тұрғындар өтініштерін қалдыра алады. Қоңырауларды автоматтардыру жүйесі – IVR-бот іске қосылады. Бұл жүйе бойынша оператормен қосылуды күту орташа есеппен 80 секундтан 30 секундқа дейін азаяды. Арыз-шағымдарды қалдырудың тағы бір тәсілі – мобильді қосымша іске қосылады. Қызмет санын арттыру да басты назарда көрінеді.
Айта кетейік, орталық 123 мекемемен бірлесе қызмет атқарады. Олар: 22 басқарма, 5 аудан әкімдігі,
7 монополист мекеме, 71 денсаулық сақтау ұйымы, Төтенше жағдайлар департаменті және өрт сөндіру қызметі, СЭБД, лифтілерге қызмет көрсетуші 10 мекеме,
4 қоғамдық көлік компаниялары, тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдары.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.