Өнер талғампаздыққа тәрбиелейді

Пятница, 31 Май 2024 05:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 443 раз

Еліміздің үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында атап көрсетілгендей, жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуы, оның шығармашылықпен дамуы тәрбиеден бастау алады. Ал, тәрбие – жеке тұлғаның санасына, адами қасиеттердің қалыптасуына әсер ететін құрал.

 

Эстетика – адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып, түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау ететін шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым. Адамның эстетикалық дамуы оның рухани дүниетанымымен тығыз байланысты. Яғни, рухани дамудың өзін эстетикалық даму десе де болады.
Еңбек процесінде адам табиғатты танып, оны өзінің қажеті мен мақсатына қарай өзгертіп отырады. Нақ осы еңбек негізінде ғана алғашқы қауым адамдарының адамға тән сана-сезімі жетіліп, сонымен бірге әсемдікті түсіну қабілеті де ояна бастайды. Осылайша талғам арқылы эстетикалық түйсік тумақ. Талғам қандай заттың болса да мәнінің белгілі бір өлшемі ретінде эстетикалық қажеттілікті қалыптастыруға қатысады. Егер талғам дұрыс әрі жақсы дамыған болса, ол адам өмірінің барлық саласына оң әсерін тигізеді.
Эстетикалық жоғары мәдениет ізгі іс-әрекетпен үйлесіп келеді. Адамның ішкі сезімі мен сыртқы дүниесінің сай келуі оны әсемдікті іздеуге емес, сол әсемдікті өз қолымен жасауға ұмтылдырады. Жақсы да көркем талғам әрбір мәдениетті адамға ауадай қажет. Өте енжар дамып, кенже қалған талғам адамның жан сезімін жадау тартқызып қана қоймайды, сонымен қатар ондай адам надандыққа ұрынып, өмірге шүбәлана қарауға үйір болады. Эстетикалық талғамның жеке адам өміріне мұншалық әржақты әсер етуі – оның табиғатының бай әрі күрделі екенін дәлелдейді. Шынында да, эстетикалық талғам – аса күрделі және алуан қырлы құбылыс. Талғамды шегіне жете, әбден түсіну үшін оның барлық қырын бірдей үйрену керек.
Егер адам өз талғамын жақсыға тәрбиелегісі келсе, онда заттың әсемдігі мен ұсқынсыздығы, лайықты-лайықсыздығы, дұрыс-бұрыстығы жайында сырттай бақылаушы ғана болмай, жақсыға өзі де атсалысуы қажет. Әбден қалыптасқан талғам да уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Себебі, танымы, әсемдікті бағалау критерийі өзгереді. Қысқасы, талғам дамуының шегі жоқ.
Өнердің бастау бұлағы – бейнелеу өнері. Сондықтан сурет салуды үйрену – жас ұрпақтың танымдық ой-өрісінің кеңеюіне, өнер әлемін тануына апарар жол. Сонымен қатар, музыка және театр өнері, көрме залдары мен мұражайлардың да атқаратын рөлі ерекше. Өнерді толық, шын мағанасын түсіну үшін, яғни оның жүрек баурап, жан тербітер рахатына бату үшін өнерді тірнектеп зерттеп, өзіңді рухани жағынан дамыта беру керек. Адам әуелі эстетикалық сауатын көтереді, сонан кейін сол сауатын тереңдетіп, өнер жайындағы білімін толықтыра түседі. Бұл – эстетикалық дамудың даусыз әліппесі. Егер адам өзінің эстетикалық білімін көтеруге талпынбаса, оның табиғатынан ұшқыр сезімі онан әрі жетіле түспек түгілі, қайта тұрпайыланып, кері әсерін тигізуі мүмкін.
Жалпы, адамның тәрбие алуы, оның ішінде адамның өзін-өзі тәрбиелеуі, әсіресе эстетикалық және көркемдік тәрбие алуы бүкіл өмір бойына тынбайтын шексіз процесс. Эстетикалық тәрбие беру ісіне, адамның бұл салада өзін-өзі тәрбиелеу ісіне ешкімнің ешқашан нүкте қоюға қақы жоқ. Өйткені, адам тәрбиеге тоюы мүмкін емес. Адамның өзін жақсыға тәрбиелеген әрбір сәтті қадамы, бұл мақсатқа жұмсаған күш-жігері мен қажыр-қайраты оны тағы бір саты биікке көтеріп, рухани жағынан байыта түседі, дамыта түседі. Әрбір адам әсем нәрсені жай ғана қызықтап, жақсы көріп қоймай, соны өз тарапынан жасап әрекеттенуге тиіс. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай, ойында көзі бар көрерменге, сонымен бірге сезімі бар тыңдаушыға, білімі бар оқушыға, сана, ой түйсігі бар адамзатқа қоршаған ортадан, қоғамнан алатыны бар-ақ. Ендеше, талаптанудан, үйренуден, ізденуден жалықпайық!

Күмісай ДҮЙСЕНБАЕВА,
Шымкент қалалық №2 оқушылар сарайы бейнелеу өнері үйірмесінің жетекшісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.