ЖАЗДА 40 ҮЙІРМЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ Избранное

Пятница, 31 Май 2024 05:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 278 раз

Балаларды қорғау күніне орай «Оқушылар сарайында» «Жаз қызығы – көңілді демалыс» атты концерттік іс-шара өтті. Іс-шараға 500-ге жуық оқуышы мен ата-ана, Шымкент қаласы білім басқармасының қосымша білім беру оқу салалық орталығының өкілдері қатысты.

DemaliSD-1

 

«Оқушылар сарайы» директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Феруза Жұмабекованың айтуынша, қосымша білім беру орталығы жаз айларында да жұмысын тоқтатпайды. 40 үйірме, «Балдәурен» жазғы лагері балаларға қызмет көрсетеді. Жалпы, аталған орталық оқу жылы бойында бес мыңға жуық баланы қосымша білім берумен және түрлі үйірмелермен қамтамасыз етті.

DemaliSD


– Балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді падалануы үшін 122 үйірме жыл бойына жұмыс істеп, 4990 бала қосымша біліммен қамтамасыз етілді. Ал, жазғы демалыста 40 үйірме жұмыс істейді және 2000-ға жуық оқушыны қосымша біліммен қамтимыз. Бүгінгі шарада өнер көрсеткен қатысушылардың барлығы – оқушылар. Ата-аналардың алғысын алып, қолдауын көріп отырмыз. Балалар мектеп алаңында ұйымдастырылатын «Балдәурен» жазғы сауықтыру алаңына ерікті түрде қатыса алады. Ал, «Ақсу» сауықтыру лагеріне тіркелу үшін ата-аналары өтініш қалдыруы тиіс. Сол арқылы әлеуметтік жағдайларына қарай отырып, қабылдаймыз. Бірінші кезекте көп балалы ата-аналардың, жағдайы төмен отбасылар мен түрлі әлеуметтік көмекке мұқтаж ата-аналардың өтініштері қаралады. Әр ауысымда 200 баланы «Ақсу» лагеріне жіберіп отырамыз. Мектептерде бұл тізімді әлеуметтік қызметкер жасайды, – деді Феруза Тұрәлиқызы.
Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, Шымкентте биыл 232 708 оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған. 1200 бала білім басқармасының «Оқушылар сарайы» МКҚК қарасты мемлекеттік «Ақсу» лагерінде, ал 8171 бала және балалар үйінің 123 тәрбиеленушісі мемлекеттік сатып алу конкурсын ұтқан лагерьлерде демалады. Ал, аз қамтылған отбасылардың 9494 баласы басқарма қаражаты есебінен жазғы лагерьге барады.
Сонымен қатар, маусым айында жалпы орта білім беретін мектептердің жанынан жазғы сауықтыру алаңшаларын ашу жоспарланған. Мектеп жанындағы алаңшаларда балалар түрлі үйірмелермен қамтылып, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік мектептен тыс 7 мекеменің спорттық және шығармашылық үйірмелерімен – 20 403 оқушы, қосымша білім беретін 36 жекеменшік ұйымға мемлекеттік тапсырыспен 12 300 бала қамтылмақ.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.