Мемлекеттің гранты нағашыңның жанашырлығы емес

Пятница, 07 Июнь 2024 06:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 255 раз

memlekettik-grant

Мемлекет тарапынан жыл сайынғы қайтарымсыз грант беріліп жатыр. Алғашқы жылдары жеті-сегіз мың адам өтініш беріп, сілелеп қалғанбыз. Бұл өзі негізінен әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға арбасын өзіне сай жеңілдікпен сүйреуге арналған жоба ғой. Шағын кәсіп ұсынған жетім-жесір, асыраушысы жоқ отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалалы отбасыларға алдымен жеңілдік береді. Одан соң алыс және шет елден келген қандас бауырлардың кәсібін айналдыруына септеседі.

Тегін, қайтарымсыз грант деген соң шағын бизнесіне қаржы жетпей жүргендер арасында «берсе алдым, бермесе нем кетті, бағымнан көрермін» деп қойып кететіндер жетерлік. Мемлекеттік грант шектеулі. Жүз адамның он алты, он жетісіне ғана тиесілі. Көлденең көк аттының емес, шын мұқтаждың несібесін жүз адамның сексеннен астамы ала алмайды. Әрине, бәрі үшін өзінің бизнес-жобасы керемет. Грант алса болды, ешкімге алақан жаймайды. Күреп ақша табады. Ала алмағандар аттандап кетеді. «Өз таныстарына ғана береді» деп. Ондай жең ұшынан жалғасқан әрекеттер болған шығар. Ел құлағы – елу. Бір қызметкерлер «жобаңды өткізіп беремін» деп біреулерінен ақша алғанға ұқсайды. Есебі түсінікті. Ол адам бизнесін сәтті қорғаса, проценті өзінде қалады. Құлап қалса: «қайтемін, комиссия көнбей қойды» деп ақшасын қайтарып береді.

Осы жоба ашылғалы бері комиссия құрамында келемін. Негізі ниет жақсы болғанымен, комиссия таза жұмыс істегенімен, рахметі жоқ шаруа. Бірде адуынды әйел келді. Ұсынып отырғаны өтетін жоба емес. «Осыдан грант бермесеңдер бәріңді қарғап кетемін» деп айқайлады. Әр жобадан соң талқылау болады, дауысқа салынады. Қалай қарғаса да жобасы өтпеді. Мұны қадап айтып отырғанымыз, комиссияның әділетсіздігі жөнінде әңгіме көп болды. Әлі де бола береді. Біздікі жағдайды түсінсе дегендік.

Әйтпесе, комиссия құрамында болған марқұм, ірі кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиева біреуге қиянат жасайтын адам ба еді?! Әділетсіздік орын алған жерде алмас қылыштай жарқылдайтын Бақытжан Көпбаев қандай?! Оған салсақ ешкімге бермеуге бар. Қосымша зерттеу жүргізеді. Ішіндегі нәті жұмсақ мен білем. Бақытжан маған «Отец Тереза» деген айдар тақты. Әлеуметтік аз қорғалған топтарға келгенде шыдамасам керек. Ерлі-зайыпты мүгедек жандар келді. Өздеріне лайық жобасы бар. Комиссия дауысы екіге жарылды. «Бәке, олар істей алмайды, мемлекеттің ақшасын жаратып жібереді» деп шырылдайды Бақытжан. «Бұл жоба осындай адамдарға арналған, істей алмаса қадағалаушы орган бар. Зейнетақысынан ұстаса да қайтарады. Мүмкіндік берейік» деймін мен.

Бердік. Істеп кетіпті. Комиссияның былтырғы құрамынан екі-үш адам ғана қалыппыз.

Биыл жақсы болды. Екі комиссия құрылды. Адам саны да жөнге келіп қалыпты. Көлденең көк аттылар «айдаладағы батпан құйрықты» ала алмайтынын сезсе керек. Өзгешеліктер бар. Тікелей эфир.

Қадағалаушы тиісті орындар бар. Аз-кем талқылау болғанымен, жоба иесі көпке белгілі болмас үшін дауысқа қоюға болмайды екен.

Әділетті-ақ қарап жатырмыз. Соның өзінде ши шықты. Құжаты дұрыс емес деп қайтарылған әйел заты еңіреп кірді. «Балам екеуміз күн-түн дайындап едік, неге өткізбейсіздер?» деп.

Әу бастағы бірінші кемшілігі: қатысушы Түркістан облысы, Шымкент қаласының тұрғынымын деп толтырған. Түркістан – жеке облыс. Шымкент – жеке қала, мегаполис. Бір-біріне қосақтайтындай қисыны жоқ. Бір қызығы, осындай қателіктер бірнеше рет кездесті. Екі-үш жыл бұрынғы жобаларды зер салып қарамай әкеле салған.

«Өткізе салыңыздаршы» деп еңірегенімен, комиссияның да басы екеу емес. Қанша сұрыпталды десе де жолдан қосылғандар баршылық. Сегіз баласы бар жас келіншек кірді. Соңғы перзенті екі-үш айлық. Бала таптырғыш күйеуі басқаға кетіп қалыпты. Тәп-тәуір бизнес-жобасы бар. «Осы бизнес қолымнан келеді. Балаларым көмектеседі. Мойындарынан тістеп жүріп жетілдіруім керек» дейді. Жігіт ағасы кірді. Бие саумақ. Бұрын малы болған екен, жаратып жіберіпті.

Қайсына таңдау жасау керек? Әрине, біріншісіне.

Себет толы шөжелері бар жас келіншек кірді. Жанып тұр. Екі рет құжаты дұрыс болмай қайтарылыпты. «Осы инкубаторға қолым жетсе, екі мың балапан аштырамын». Істеген жұмыстың басы бар. Бизнес-жобасы тастай. Нағыз еңбек адамы. Қолдап жібердік.

Тіл-ауызы жоқ қыз бала келді. Қасында сурдоаудармашы. Түрлі киім тігеді екен. Шетелдік брендтерден кем соқпайды. Жұмыстары инстаграмда тұр. Мықты тігін машинасына қаржысы жетпей жүр екен. Қос қолдап қолдайсың ғой мұндай жандарды.

Мұны тәптіштеп жатқанымыз, әлден әңгіме шығып жатыр. «Тамыр-таныстарына беріп жатыр» деп. Түк те олай емес. Күмәні болса тікелей эфирге қосылып, таспаны қайта айналдырып көруге болады. Жолы болмайтын жоба көп. Бір жігіт бес рет тапсырдым деді. Тағы да құлап қайтты. Қала орталығындағы шағынауданға балапан ашатын инкубатор қоймақ. Көршілері келісіп отыр екен. Бірақ, қала ішінде саңырығы сасыған тауық түгілі, төрт түлік мал ұстауға болмайды. Санитарлық-эпидемиялогиялық нормаларға қайшы.

Торт, самса пісіру үшін қаржы сұрап келетіндер бар. Жаңашылдық жоқ. Жүздеген жоба бір-бірінен аумайды. Қаржы жеткізіп көр.

Тың идея, жаңа бастамалармен келгендер грантты қамшы салдырмай алып жатыр. Сондықтан іздену керек.

Мемлекет әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасылар үшін үлкен мүмкіндік ұсынып отыр. Алыңыз. Жұмыс бастаңыз.