Қажылыққа шығарып салды Избранное

Среда, 12 Июнь 2024 06:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 432 раз

Елімізде 2024 жылғы қажылық маусымы басталды. Шымкент қаласының әуежайынан ел азаматтарын Мекке-Медина қаласына қажылыққа шығарып салу іс-шарасы өтті. Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов қажылықтың мән-маңызын айтып, ниет етушілерге ақ жол тіледі.

kahiga

 

Биыл елімізден 5 мыңнан астам адам қажылыққа аттанады. Бұл орайда 16 қажылық компаниясы ҚМДБ сараптауынан өткен. Жиында қаланың бас имамы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жеткізді. Азаматтарға қажылық сапарында есте ұстайтын қағдидаларды түсіндіріп, бес парыздың бірін аман-есен өткеріп қайтуға тілектестігін жеткізді.
– Ел үшін, халқымыз үшін жасаған дұғаларыңыз қабыл болғай! Қажылықты өтеу барысында қандай қиындық кезіксе де, сабыр ете біліңіздер. Ел азаматтары, қала тұрғындары қажылық маусымына 5-6 ай дайындалды. Компаниялар да мүфтият тарапынан іріктеуден өтіп, барлық талаптарды орындады. Сапарға шыққан ниеттеріңіз қабыл болсын! Елге аман-есен жетіңіздер! – деді қаланың бас имамы.
Айта кетсек, «Сембекова» қажылық компаниясы осы лекте 300-ге жуық адамды қасиетті мекенге алып бара жатыр. Компанияның төрайымы Ботагөз Сембекова 2024 жылғы маусымға 6 ай дайындық жүргізгенін атап өтті.
Осылайша іс-шара соңында бата беріліп, ел азаматтары ұлы сапарға аттанды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.