Абайлаңыз: Кішкентай сіріңке – үлкен өрт!

Пятница, 07 Июнь 2024 08:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 298 раз

ort-sirinke

Шымкент қаласында жыл басынан бері 93 өрт тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өскен. Материалдық шығын 247 млн. 555 мың теңгені құрайды. Ал, осы уақыт аралығында тұрғын үйлер мен көліктердің жану жағдайлары бойынша 289 оқиға орын алған.

Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Эльмира Ережепованың айтуынша, өрттің шығуына көбіне тұрғындардың салғырттығы себеп болып жатады. Үйден шығарда газды немесе тұрмыстық техникаларды өшірмейді, электр жүйесінде ақау барын біле тұра көңіл аудармайды.

Басқарма бастығы орман және дала өрті қаупі жоғары маусым басталғанын айтып өтті. Өткен жылы дәл осы уақытта Семей орманы отқа оранып, 14 адам көз жұмған еді. Міне, сол кезде өңірлердің өрт сөндіруге дайын еместігі, тіпті кейбір өңірлерде табиғат қорғау және орман мекемелерінің жарақтандырылуы өте нашар екені белгілі болды.

Орман шаруашылықтары Шымкент қаласының аумағында да бар. Қала әкімдігінің теңгеріміндегі «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары 4826 га аумақты алып жатыр. Оның ішінде орманды алқабы – 2999 га, ормансыз алқап – 1827 га.

Қазгидромет осы маусым айында ауа температурасы оңтүстік өңірлерде +30ºС градустан жоғары көтеріледі деп болжап отыр. Одан қалды биылғы көктем жауын-шашынды болып, шөп қалың өсті. Жазда шөп қуараған кезде от тию қаупі өте жоғары. Қала аумағында наурыз айынан бастап қураған шөпке өрт тию бойынша 18 оқиға тіркеліпті.

Полковник Ережепова осы 18 оқиғаның себептерін айтты. Жер үйлерде қоқысты жинап жағу, сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастау, балалардың отпен ойнауы салдарынан қураған шөпке шоқ түсіп, айнала өртке оранған. Күн ыстықта қураған шөпке шыны ыдыс не сынықтарын да лақтыруға болмайтынын есте ұстаған жөн.

Қалада орман және дала өрттері жағдайына 84 маман, 13 техника бекітілген. Өрт шыққан жағдайда орманды аэровизуалды бақылауға арналған 5 пилотсыз ұшу аппараттары бар. «Казавияқұтқару» АҚ-ның тікұшақтарымен су алуға ыңғайлы су айдындарының кординаттары анықталған. Ол – Бадам, Тоғыс, Ақжар, Текесу су қоймалары. Басқармада ашық ғаламтор желісіндегі Қазақстан Ғарыш сапары сайты арқылы орман қоры аумағына тәулік бойы ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Одан бөлек Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өртті сөндіруге арналған екі АЦ ЗИЛ автокөлігі және соқасы, тіркемелі цистернасы бар екі МТЗ-1221 трактор дайын тұр. 2000 литр жанар-жағар май қоры жасақталып, орман күзеті қызметкерлері арнайы радиобайланыс құралдарымен қамтамасыз етілген.

– Орман қоры мен жасыл белдеу аумағында өрттің қауіпті екендігін ескертетін аншлаг-паннолар жаңартылды. Шекаралас орналасқан ауыл тұрғындары мен жеке шаруа қожалықтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы нұсқамалар мен ескертулер беріліп, келісімшарт жасастық. Демалушыларға үгіт-насихат парақшалары таратылды. Осы профилактикалық іс-шаралар өрт қауіпі бар маусымда тұрақты жүргізіледі, – дейді «Жасыл белдеу» ҚММ-нің директоры Есдәулет Достияров.

Биыл өрт жалыны жер-дүниені шарпып кетпеуі үшін 1110,5 шақырымды құрайтын минералды жолақ жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін республикалық маңызы бар жолдардың жиегіндегі 117 га жер соқамен жыртылды.

Табиғи және техногенді сипаттағы өрт орын алған кезде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының төтенше жағдайлар және полиция департаменттері, сондай-ақ қала аумағындағы әскери бөлімдер арасында өзара әрекет ету іс-қимыл жоспарлары бекітілген. Тілсіз жауды ауыздықтауға бірлесе жұмыс жасау арқылы ғана тосқауыл боламыз дейді мамандар.

Шымкентте өрт сөндіру қызметінде кадр тапшылығы жоқ. Бір штаттық бірлікке кем дегенде 3-4 маман ұсыныс білдіреді. Олардың оқу-тәжірибесіне, біліктігі мен шешімдеріне қарай жұмысқа қабылданады. Биыл М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 10 түлегі жұмысқа орналасты.

Өрт қауіпсіздігі саласындағы кәсібилікті арттыру үшін ҚР ТЖМ Шымкент қалалық оқу орталығында орман шаруашылығы мекемелерінің 15 қызметкері оқу-тәжірбиеден өтіп, білікті мамандардан дәріс тыңдаған. Оларға тәжірбиесін арттырғандығы туралы сертификат табысталады. Бұл жерде маусым сайын қызметкерлердің жаңа техникаларды меңгеріп, жедел әрі нақты шешім қабылдауы үшін қолдау көрсетіледі.

Өрт сөндірушілердің жалақысын көтеру мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті. Осы мәселеге қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан арнайы тапсырма берілген. Басқарма басшысы Шымкент қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасына қарасты мекеме қызметкерлерінің де айлығы өз қызметіне қарай 20%-дан 77%-ға дейін көтерілгенін жеткізді.

               

Г. ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.