АСТЫҚ АЛҚАБЫН КЕМІРГІШ ЖӘНДІКТЕРДЕН САҚТАУДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

Среда, 12 Июнь 2024 06:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 189 раз

Астық сұр көбелегі (дән сұр көбелегі (Apamea anceps)) – дәнді дақылдар зиянкесі, қоңыр көбелектер тұқымдасына жатады.

 

Көбелектерінің алғы қанаттарының түсі қоңыр реңді, аралас сұр не болмаса күңгірт сұр, ал артқы қанаттары сұр немесе ақшыл сұр келеді. Жоғары жастағы жұлдызқұрттар күңгірт сұр, арқа жағынан бойлай жолақтар орналасады. Дене ұзындығы 25-35 мм. Жұлдызқұрттар топырақта қыстайды. Көктемде олар қуыршақтанады. Жазда маусым айының ортасына қарай көбелекке айналады және олардың ұшуы байқалады. Жұмыртқаларын масақшыларындағы гүлді қабыршақтарының астына салады. Дәннің сұр көбелектің өсімталдығы өте жоғары, қолайлы жағдайлар болғанда 2-3 мыңға дейін жұмыртқа салады. Жұлдызқұрттар бидайды, қарабидайды, кей-кейде арпаны зықымдайды. Жұлдызқұрттар алғашқыда дәннің ішінде қоректеніп, қабығын ғана қалдырады. Дамыған соң, 4 жастан бастап олар ашық қоректенеді. Ашық қоректену барысында дәндерді сыртынан кеміріп тастайды. Өнім жинағаннан кейін топыраққа түскен дәндермен қоректенеді. Бидайды қайталама себу және ұсынылған оңтайлы мерзімінен ерте себу, жылы қыс және тіршілік кезеңінде ылғалды ауа райы дәннің сұр көбелегінің көбеюіне қолайлы жағдай туғызады.
Күзгі және көктемгі зерттеу көрсеткіші бойынша қажетті шешімдер қабылданады. Жұлдызқұрттардың қыстап шыққан санын 8-16 үлгілі алаңдарда әр үлгі 0,25 м топырақ тереңдігі 15 см дейін қазып, тығыздығын анықтайды. Тексеруде тіршілік қабілетін сақтаған 2-3 жұлдызқұрт табылса, топырақты өңдеу қажет. Культиватор не болмаса тегершік құралдармен 6-8 см тереңдікке өңдейді.
Өткен жылғы күзде құрттар қыстауға жақсы физиологиялық жағдайда кетті, негізінен олардың салмағы 400 мг болды. Көктемгі қайта тексеру кезінде қыстап шыққан құрттардың салмағы 250-580 мг аралығында ауытқыды, яғни зиянкестердің физиологиялық жағдайының жақсы екендігін көрсетеді. Топырақтың жоғарғы қабатында, сабан астында құрттардың пайда болуы 8- 20 сәуір аралығында байқалды.
Жаздық бидайды оңтайлы кеш уақытта сепсе, өсімдіктердің масақтануына көбелектердің жаппай ұшуының ілесу синхронын бұзады. Жұлдызқұрттардың 1-2 жас кезеңінде егістіктің 10 жерінен 20-25 масақтан алып, барлығы 200-250 масақты қапшыққа салады. Қапшықты буып, оны 1-2 тәулік кептіреді. Инсектицидтердің дән ішінде қалдық есебінде болмауын қамтамасыз ету үшін бүрку жұмыстарының санитарлық уақытын бұлжытпай сақтау керек.

Мұхтар ӘУЕЗҰЛЫ,
ҚР АШМ АӨК МИК Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының
бас маманы, өсімдіктер карантині және өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.