Жастарды есірткіге тәуелділіктен қалай құтқарамыз? Избранное

Среда, 12 Июнь 2024 06:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 261 раз

Елімізде соңғы үш жылда айналымнан алынған синтетикалық есірткі көлемі 10 есе өскен. Мұның себебін мамандар синтетикалық препараттардың арзанырақ және қолжетімді болуынан деп түсірдіреді. Ресми деректерге жүгінсек, есірткіге тәуелділердің дені – ерлер. Сондай-ақ, 18 бен 29 аралығындағы жастардың 20%-ы – нашақор. Бұл – алаңдатарлық статистика. Бұл туралы Шымкент қалалық Психикалық денсаулық орталығында өткен «ашық есік» күнінде айтылды.

esirtki

 

26 маусым – Халықаралық есірткімен күрес күніне орай колледж студенттері мен қала тұрғындарына «Өз көзіңмен көр» акциясы ұйымдастырылды. Қызығушылық танытқандар арнайы мамандардың қабылдауында болып, кеңес алды.
Шымкенттік жастардың 20%-ның психотроптық заттарды қолданатыны туралы статистика тек тіркелген оқиғалар бойынша алынған. Шындығында есірткі тұтынушылар саны бұдан да көп болуы мүмкін.
– Жыл сайын нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу мәселелері бойынша полиция бөлімдері мен емдеу-профилактикалық медициналық мекемелердің бірігуімен аурулардың алдын алу мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында іс-шаралар өтеді. Бүкіл әлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес, әрбір тұрғын қарсы күрес жүргізгенде ғана мәселенің шешімі табылады, – дейді Психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев.
Жиында студенттер дәріс тыңдаудан бөлек, тәуелділікпен күресіп жүрген емделушілермен тілдесті. Олар өздерінің қателік жасағандарын, бұл қадамның дұрыс еместігін айтты.
25 жастағы қала тұрғыны 6 жылда бесінші рет емделіп жатыр. Тәуелділіктен арылу бөлімінде ем де қабылдап көрген. Алайда, нәтиже болмай, бірнеше уақыттан кейін ата-анасы қайта еріксіз түрде жатқызған. Енді тағы алты ай дәрігерлердің бақылауында болады. Емделуші алғашында жағдайдың қалай басталғанын айтып берді.
– 2018 жылдан бері бұл тәуелділікпен күресіп келемін. Алғашында жігітім есірткіні пайдаланып көруді ұсынды. Егер мені шын сүйсең, татып көр деді. Қандай күйде болғанымды түсінбедім. Бірнеше рет қолданғаннан кейін өзім іздейтін болдым. Қазір қанша өкінсем де, тек емделуден үміт күтемін, – қала тұрғыны.
Айта кетейік, 2024 жылдың 5 айының қорытындысы бойныша есепте маскүнемдік дертімен тіркелгендер саны – 4798, ал нашақорлықпен тіркелгендер – 1089. Бұл өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда 100 -ге көп.

Г. ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.