Версия для печати

Мектеп формасы: сапасы мен бағасы қандай? Избранное

Пятница, 26 Август 2016 08:39 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 11167 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Балауса қыз едің бір кезде
Шашыңа ақ бантик байлаған
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде
Көркіңе көз тастап ойланам...»
Ақын М.Шаханов пен композитор Ш.Қалдаяқовқа шабыт берген оқушы қыздың бүгінгі бейнесі қандай? Ол – мектеп формасына байланысты екені анық.

КИIМ ҮЛГIЛЕРI: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГIН

mektep

Қазақ мектептеріндегі оқушының киім үлгісі қай жылдары пайда болғанын ата-әжелеріміздің әбден сарғайған фото альбомын ақтармасақ, біле бермейміз-ау. Тарих тереңіне бойласақ, алғаш рет мектепте тәлім алатын ұл қыздардың оқушы екенін білдіретін киім үлгісі 1918 жылы қолға алынғанын білеміз. Тіпті, 20-жылдары арнайы бекітілген мектеп формасын кию қатаң талап етілді.
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысы бойынша 1963 жылы түсірілген фильмнен сол жылдардағы мектеп формасын көреміз. Ал 1980-90-шы жылдары мектепте ата-анамыздың және өзіміздің киген мектеп формасы жадымызда әлі де әдемі естеліктермен қылаң береді. Мектеп жасына қарай оқушылардың мәртебесін киім үлгісіне қарап білуге болатын. Кеудесіне қызыл жұлдыз тағынып, мойнына қызыл галстук байлайтын күнге жеткен балалар өзін ересек адамдай сезініп, үлкендерге қолқанат болғанына мақтанатын. Қоңыр түсті көйлектің жағасы мен жеңін әдемі ақ түсті тормен қаптап, алдына ақ фартук байлайтын оқушы қыздың киім үлгісі қазірге дейін тартымдылығын жоғалтпаған. Мұны 11-сынып оқушыларының біразы соңғы қоңырауға арнайы тіктіріп киетін салтынан байқауға болады.


Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де мектеп оқушыларының киім үлгісі бірнеше рет өзгерді. Көк туымыз желбіреген тұста, мектепке көк түсті бас киім мен галстук тағып баратын оқушыларға қарап, «шіркін-ай, мына балалардың арманы жоқ шығар» деп талай қызыға тамсандық. Үстіңгі жағына ақ, төменгі жағына қара түсті киінген оқушыларды бір жылдары әр мектеп өз бетінше бір үлгіде киіндіруге де тырысты. Жалпы, оқушының киімі қанша өзгерсе де, қыз балалардың ақ бантик тағу тәртібі сол қалпында келеді.

Иә, мектеп формасы – бұл тек оқушының талапқа сай киетін киім үлгісі ғана емес, балалық шақтың тәтті естеліктері, мөлдір келбетінің әдемі жиынтығы іспетті. Мектеп жасын еске алсақ, «Ақ бантик» әнінің ойға оралатыны да сондықтан болар.
Жыл басынан бері «бірыңғай мектеп формасы» туралы сөз қозғанымен, әлі күнге ата-аналар тарапынан түрлі пікір-ұсыныстар айтылуда. Ал білім саласының мамандары нақты талап қойған жоқ, ұсыныс жасаумен шектелді. Ол ұсыныс туралы «Шымкент келбеті» газетінің №66 санында айтқан болатынбыз.

ҚАЙДАН САТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ?

Жаңа 2016-2017 оқу жылының қарсаңында отандық тігін фабрикалары оқушыларға бірыңғай киім үлгісін дайындап, сатылымға шығарды. «Шымкент мектебі» деген таңбасы бар, қою көк түсті мектеп формасын «Гауһар» және «Алтын адам» фирмалық дүкендер желісінен сатып алуға асыққан шымқалалықтардың санында шек жоқ. Тауардың сапасымен, үлгісімен танысу үшін арнайы ат басын бұрған едік.

       20160824 154434

«Алтын адам» өнімдерін сататын дүкендер желісіне киім алуға келушілердің саны көп-ақ. Олардың біразы балаларымен келген ата-аналар, көбі әртүрлі жағдайда демеушілікке ілінген оқушылар. «Алтын адам» бренді ұсынған киімдерді алуға мектеп оқушылары ғана емес, ересек жастағы әйелдер мен ерлер де кезекте тұр.
– Қазіргі таңда мектеп формасына сұраныс жоғары. Сатудан бөлек, қайырымдылық іс-шаралары да өтіп жатыр. Соның бірі – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Мектепке жол» акциясы аясындағы қайырымдылық шарасы. Акцияға біз де өз тарапымыздан үлес қосып, Арыс қаласының Т. Тәжібаев атындағы балалар ауылының 10 баласына мектеп формасын тарту еттік, – дейді «Алтын адам» тігін фабрикасының өкілі Анатолий Ким.

«Алтын адам» бренді ұсынған мектеп формасының маталары Түркиядан алынады. Құрамында жасанды жібек (вискоз), мұнай өнімдерін өңдеуден алынатын синтетикалық талшық (лавсан), жүн (шерсть) бар мата жылтырап кетпейді. Сондай-ақ, тартылып немесе созылып, түтілмейді және өңін бермейді. Мұнда мектеп формасы қыз балаға жакет, костюм, белдемше, ер балаға жакет, костюм, шалбар бірге жүреді. Өлшеміне қарай, 26-36 аралығындағы форма жинағының құны – 9000 теңге, 38-48 аралығында 13 000 мың теңге. Қыз балаларға арналған шалбар бұл жинаққа енбейді, бағасы 2000-нан 2600 теңгеге дейін. Жейденің ақ және көк түстісі бар. Ақ түстісін мерекелік шараларда, көк түстісін күнделікті сабаққа киюге арналған. Бағасы 2000-3000 теңге аралығында. «Алтын адам» фирмалық дүкендері «Баян сұлу», «Күншығыс» аялдамалары маңайында, «Автонұр» базарында орналасқан.

БIР ФАБРИКА 40 МЫҢ ДАНА ДАЙЫНДАҒАН

20160824 151323«Гауһар» тігін фабрикасында да мектеп формасының науқаны жүріп тұр. Бұл жақтың ерекшелігі, ата-аналар баласына киімді өзі таңдау арқылы жинақтайды. Жакет, белдемше, жейде, шалбар, сарафан, костюм әрқайсысын бөлек таңдауға болады. Әрбірінің өз бағасы бекітілген. Мысалы, қыз балаға 28-34 аралығындағы өлшем бойынша костюм бағасы – 4000 тг, белдемше – 3000 тг, жакет 2000-3900 тг, жейде – 2600-3000 тг, галстук – 500 теңге. Ал 36-48 өлшем бойынша бұл киімдер 6400-ден басталып, 500 теңгеге дейін төмендейді.
«Гауһар» тігін-фабрикасының директоры Әнипа Қалбаева өз сөзінде:

– Костюм тігуге арналған қою көк түсті матаны сатып алу үшін 572 мың доллар, ал жейденің матасына 150 мың доллар қаражат жұмсадық. Жыл басынан бері қарай оқушыларға 40 мың дана мектеп формасын дайындадық. Айтпағым, мектеп формасын дайындау оңай шаруа емес және оны зор пайда табу үшін жасамадық. Мұндай жұмыстар үлкен тәуекелмен кірісуді қажет етеді, – деді.

Жалпы, оқушылар бірыңғай формаға өтсе, ең алдымен тігін фабрикаларының жұмысы жеңілдемек. Өйткені, түрлі үлгіні аздан тігу бөлек-бөлек жұмысты қажет етеді. Ал кез келген бірыңғай форма (мысал үшін әскери болуы мүмкін) тігу бірқатар істі жеңілдетеді. Тіпті, Әнипа Лесбекқызының ойынша, «Шымкент мектебі» деген жазудың орнына «Қазақстан мектебі» деп жазылса, бала бір облыстан екінші бір облысқа немесе қалаға ауысқан жағдайда сол киімін өзгертудің қажеті жоқ.
«Гауһар» тігін фабрикасының дүкендер желісі «Рахима Плаза», «Гипер Хаус», «Әл-Фараби» сауда орталықтарында және Қ.Қазиев пен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан.
Дүкендердің талабына сай, ата-аналар мектеп жасындағы ұл-қызын ертіп бармаған жағдайда мектеп формасын сатып ала алмайды. Тігін фабрикаларының фирмалық дүкендер желісіне барғанда байқағанымыз, отандық өнімге сұраныс жоғары. Тіпті, есте қалатын қызықты науқан деуге болады.

 

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.