Егер мен әкім болсам... Избранное

Среда, 24 Январь 2018 06:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 379 раз

Оқушылар қала әкімдігінің
жұмысымен танысты

DSC 7689

...Таңғы сағат 5. Шымкент тұрғындарының көбісі әлі тәтті ұйқыда жатыр. Ал бұл кезде қалалық әкімдік ғимаратының алдына бір топ оқушы жиналып жатыр. Олар – қалалық әкімдік қолға алған «Егер мен әкім болсам» жобасына қатысушылар. Жастарды шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаевтың өзі қарсы алып, барлығы арнайы дайындалған көлікке жайғасты.

«Жас мемлекеттік қызметші» жобасының екінші күнінде оқушылар әкімдіктің жұмысымен етене танысу үшін қала әкімімен бірге шаһарды аралады. Жұмыс тобы жоспарға сәйкес қалалық «ЛДТ тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасына барды. Шаһардың көшелерін қар мен қоқыстан тазалайтын арнайы техникаларды тамашалап, жұмысшылармен танысты. Мекеме жетекшілері шаһар басшысына өздерінің жұмысы туралы баяндап берді.

DSC 7293

Мекеменің асханасынан таңғы ас ішіп, жүрек жалғап алған оқушыларды әкімдік өкілдері қалалық жергілікті полиция қызметінің штабына алып барды. Бұл кезде полицейлер сап түзеп, командирлерден бүгінгі жоспарды тыңдап тұрған. Батальон командирлері жеткіншектерге арнайы көліктері мен қала көшелеріндегі жылдамдықты бақылайтын құралдарды таныстырып, жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Оқушылар одан кейін жол-патрульді полицияның әр қызметкерінің кеудесінде болатын жетон кезекшілік соңында тапсырылатын мәліметтер қорымен танысты.

DSC 7350

Тәртіп сақшыларымен қош айтысып, жұмыстарына сәттілік тілеген топ бұдан кейін қалалық төтенше жағдайлар басқармасына келді. Бұл уақытта таңғы сағат 06:36 болатын. Шаһар әкімі бастаған жеткіншектерді күтіп алған құтқарушылар бұл түн тыныш өткенін, ірі төтенше жағдай тіркелмегенін баяндады. Содан кейін барлығы бірден арнайы техникалар тұрған гаражға беттеді. Оқушылар өрт сөндіргіш көліктермен танысып, суретке де түсіріп алды. Содан кейін кезекші жұмыс тобына қаланың картасын таныстырып, бүгінгі таңдағы жағдайды баяндады.

DSC 7562

Бұдан соң әкім мен оқушылар қаланы электр жарығымен қамтамасыз етіп тұрған мекеменің жұмысымен танысты. Энергетиктер жеткіншектерге мәліметтердің алып интерактивті картасын таныстырды. Мұнда шаһардағы бүкіл ахуал алақанға салғандай көрініп тұрады. Инженерлер жағдайды бақылап, ақау шыққан кезде дереу оқиға орнына арнайы бригада аттандырып отырады.

DSC 7598

Бұл кезде сағат 9-дан асып бара жатқан. Нұрлан Сауранбаев бастаған оқушылар тездетіп қалалық әкімдікке қайтып оралды. Келе сала әкімдіктің кеңейтілген жиналысына кіріп кетті. Қала әкімінің орынбасарлары мен әр саланың жауапты мамандар бүгінгі жұмыс күнінің жоспарын бір пысықтап, атқарылар шаруаларды талқылады. Содан кейін әкімнің қасында бір оқушы қалып, қалғандары өздері таңдаған сала жетекшілерімен бірге жұмысқа аттанып кете барды. Енді олар күні бойы өздерінің кураторларының жұмысымен жақын танысып, кешкі сағат 17:00-дегі жиналысты өздері өткізеді...

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айынан бастап Бас редактордың орынбасары.