Среда, 09 Ноябрь 2016 05:10

Жаңа жоба – тиімді тәжірибе

МҰҒАЛІМДЕР ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖҮЙЕМЕН ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ

Ел аумағында алғаш болып, Шымкентте мұғалімдерді тағайындаудың электронды жүйесі жүзеге аспақ. Мамандар аталмыш жобаның нұсқасы бүгінде толығымен дайын екенін айтады. Білім беру саласындағы реформаның өзіндік өзектілігі «Фронт офис» орталығында «Білім жүйесін автоматтандыру» тақырыбында өткен жиында кеңінен талқыланды.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева қатысты. 

Алдымен, «Мектепішілік электронды бақылау жүйесі» тақырыбында SCC компаниясының өкілі Евгений Сатановский баяндама жасап, әлемдік тәжірибеде тиімділігін көрсеткен бағдарламаның нәтижелерімен таныстырды.

– Біз ұсынып отырған жоба педагог мамандардың ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалану дайындығын және оқушыға мейлінше мол ақпарат беру мүмкіндіктерін кеңейтуді қарастырады. Яғни, автономды, мобильді оқытуда мұғалімдер ақпараттық-телекоммуникациялық жүйенің көмегіне сүйене алады, – дейді компания өкілі.

Сондай-ақ, жиында «Баланы балабақша мен 1 сыныпқа электронды түрде орнату мен қабылдау жүйесі» тақырыбында КДС Азия компаниясының және «Мұғалімдерді электронды түрде тағайындау жүйесі» тақырыбы аясында IT-invest group компаниясының өкілдері өз жобаларын таныстырды. 

– «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына» сәйкес, сала мамандарына аталған жобалардың нұсқасын дайындау тапсырылған еді. Өз кезегінде, мектепішілік электронды бақылау жүйесі оқушы – ата-ана – мектепті қамтыған үш жақты байланысты нығайтып, оқушылардың оқу үлгеріміне, мектептен тыс уақытын бақылауға оң септігін тигізеді деп күтілуде, – деді қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай.

Баласының білікті азамат ретінде қалыптасуына мүдделі ата-аналар ендігі жерде балабақша мен мектепті таңдауда электронды жүйенің көмегіне сүйене алады. Яғни, оқытушылар құрамының біліктілік деңгейі, қылмыстылық ахуалы, білім ұясының жалпы рейтингісі осы ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе аясында бақыланады. Демек, білім ордалары рейтинг үшін жұмыс істеуге дағдыланады. Ең бастысы, ата-аналарға балаларын тұрғылықты тіркелу мекен-жайына тәуелсіз түрде, қалауындағы мектепке беру мүмкіндігі туады. 

Ұсынылған жобаның тағы бірі – мұғалімдерді тағайындаудың электронды жүйесі арқылы үміткерлер бос орындарға өтініштер мен тиісті құжаттарын электронды түрде тапсыра алады. Бос орындардың саны мен үміткерлердің тізімі электронды порталда жарияланатын болады. Жаңа жүйе – үміткерлердің бос орынға тағайындалу конкурсының ашықтығын қамтамасыз етпек.
Айта кетейік, тәжірибеге жаңа енгелі отырған инновациялық жобалар «Фронт-офис» қызметінің аясында жүзеге асырылатын болады.

Опубликовано в Білім
Понедельник, 07 Ноябрь 2016 04:31

Фронт-кеңседе – 1000-шы клиент

Осыдан екі апта бұрын Шымкент қаласы әкімдігінің жанында ашылған мемлекеттік қызмет көрсету орталығының мамандары мыңыншы қала тұрғынына қызмет көрсетті.

Орталыққа келген қала тұрғыны Тамара Ратушина жер актісінде жазылған өзінің тегін ауыстырмақ болыпты. Қажетті құжаттары рәсімделген соң, өзінің мыңыншы тұрғынына «Front office» ұжымы арнайы естелік сыйлығын табыс етті. 

– Қарапайым қала тұрғыны ретінде қажетті құжаттарды ресімдеуге 5 минут уақытымды ғана жұмсадым. Қоңырау шалу, қажетті құжат жинаудың барлығы интернет ресурстары арқылы жүзеге асуда. Қала тұрғындарын осы қызмет түрін пайдалануға шақырамын, – дейді ол.

Қазіргі таңда аталған орталықта жер қатынастар, сәулет, кәсіпкерлік, тұрғын-үй шаруашылығы, әкімдіктің барлық бөлімдерінен ұзын саны 25 маман қызмет етуде. 400-ден астам қызмет түрі көрсетіледі.

Айта кетейік, арнайы ID-кодтың көмегі арқылы тұрғындар құжаттарының қайда жолданғанын, қашан дайын болатынын Шымкент қаласы әкімдігінің shymkent.gov.kz сайтынан («frontoffice») біле алады.

Опубликовано в Қоғам