Версия для печати

Рафаэльдің Мадоннасы кім?

Пятница, 10 Февраль 2017 06:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 11123 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Атақты итальяндық суретші әрі архитектор Рафаэль Санти бар-жоғы 37 жыл ғана ғұмыр кешті. Осы аз ғана өмірінде ол кескіндеме өнерінің жаһандық жасампазы дәрежесіне жете білді.

madonna

Рафаэль суретшіліктің әліппесін өз әкесі Джаванниден үйренді. Ол кісі де қылқалам шебері болатын. Өсе келе жасөспірім жігіт белгілі суретші Пьетро Перуджиноның шеберханасына барып жүріп, бейнелеу өнерінің сыры мен сиқырына қаныға түсті. Кейіннен өзімен замандас итальяндық атақты суретшілер Леонардо да Винчимен, Фра Бартоломео және Микеланджеломен танысып, олардың туындылары арқылы адамның дене бітімін анатомиялық тұрғыда білгірлікпен бейнелеуге шеберленді. Талантты суретші теңдессіз шығармаларымен өзі де солардың биігіне жетіп, тарихқа есімін алтын әріппен жазып кетті.

Рафаэль бейнелеу өнерінде қаншама Мадонналардың картиналарын кескіндеді. Сұлулық оның қаламына шабыт, жүрегіне сезім болып құйылды. Ал «ол сұлулық суретші бейнелеген Мадонналарда өзі ғашық болған әйелдің жиынтық образына айналған» дейтіндердің сөзінде бәлкім шындық бар шығар, кім білсін?.. Бұл орайда Рафаэльдің өзі граф Кастильонға жазған хатында: «Сізге мынаны айтқым келеді: сұлу әйелдің бейнесін салу үшін мен көптеген аруларды көруім керек, сонда ғана тамаша таңдау жасауыма болады» дейді.

Әрине өлмес туындылары үшін ұлы суретшінің қанша әйелді көргенін кім білсін, бірақ оның махаббат хикаясы туралы алыпқашпа әңгіме көп. Рас, ол әңгіменің бәріне өзек болған кейіпкер – бір-ақ әйел. Ол суретші сүйген ару – Форнарина. Бірақ бұл бикештің Рафаэльге деген сезімі қандай болды? Ол оны адал сүйді ме, әлде кейбір жазбаларда айтылғандай суретшінің жүрегін жаралап, «көзіне шөп салумен» өтті ме? Бұл төңіректе бір – біріне кереғар әңгімелер жетерлік. Ал суретшінің өзі ғашықтық ғаламын жұрттан жасырын ұстап, құпиясын құндақтап қалған секілді. Өйткені Санти дүниеден өткеннен бергі бес ғасыр бойы зерттеушілер оның портреттеріндегі сұлу әйелдер бейнесінің басты прототипі кім екенін тек болжаммен ғана бағамдайды. 

...Рафаэльдің шығармашылық шабыты мен атақ-даңқының өрлеуі оның Римге келген кезінен бастау алады. 25 жасар жігіттің Ватикан сарайында қалдырған монументальдық қолтаңбаларының ішінде әсіресе «Афина мектебі» шебердің шедевр шығармасының бірі еді. Ол суретші ғана емес, талантты архитектор да болатын. Кезінде әулие Петр соборының құрылысына басшылық жасағаны соның айғағы. Сантидің салған картиналарын замандастары аса құнды дүниеге балап, оның атақ-абыройы аспандап бара жатты. Италияның небір атақтылары онымен туыстық байланыс орнатуға құмарта бастады. Тіпті мұндай ниеттен суретшінің жақын досы кардинал Биббиена да дәмелі еді. Сондықтан ол өзінің жиен қарындасы Мария Довациге үйленуін ұсынған. Досының көңілін қимай бұл ықыласқа қарсылық танытпағанымен Рафаэльдің Марияға деген ешқандай сезімі оянған жоқ. Үйлену уақытын кейінге шегерумен келген Санти тек 1514 жылы қалаусыз қалыңдығына атастыру рәсімін ғана жасады. Бірақ бұл кезде оның жүрегі басқа бір аруға тұсалып, сезім сергелдеңінде жүрген еді. Ал оның өзіне үйленуін күтумен жүрген Мария арада үш жыл өткенде кенеттен қайтыс болды.

Рафаэль өзінің болашақ музасын 1514 жылы Римде белгілі банкир Агостино Киджидің тапсырысын орындап жүргенінде жолықтырды. Банкир суретшіге өзінің «Форнезино» сарайының басты галереясын жасауды ұсынған болатын. Көп өтпей галерея қабырғаларын қылқалам шеберінің атақты «Үш грация» және «Галатея» кескіндемелері көмкеріп шыға келді. Енді «Амур мен Психеяны» бейнелеуі керек болғанда суретші Психеяға лайықты кескін – келбетті таба алмай қиналды. Қиялының жетегінде жүрген ол Киджидің ғаламат саябағында серуендеп келе жатып Тибридің жағалауынан бір-ақ шықты. Дәл осы жерде Рафаэль жанарын ғана емес, жүрегін де шоқтай жандырған керемет сұлуды кезіктірді. 17-18 жас шамасындағы ару бұл іздеген Мадоннаның нақ өзі еді. Ол – Римнің Транстевер аймағында тұратын наубайшы Франческо Лютидің қызы болатын. 

– Мен Психеяны таптым! – деп шаттықтан айқайлап жіберген Рафаэль қызға суретін салғызуды ұсынған. Әйткенмен бойжеткен әкесі мен жігітінің рұқсатынсыз суретшінің ұсынысын қабылдай алмайтынын айтты. Айдай арудың жігіті барын білгенде Сантидің жүрегін жайсыз бір ағын аралап өткендей болды. Бірақ қыз өзінің 17 жасында әлі тұрмыс құрмағандығы ұят саналатындықтан ғана күйеуге шыққалы жүргенін жеткізген.
Рафаэль сұлуды шеберханасына шақырды. Оған қарсылық танытпаған бойжеткенге ризалығы ретінде керемет әдемі алтын әшекей сыйлап еді, қыз тым қымбат мұндай сыйлықты ала салуға қымсынып, бас тартты. Сонда жігіт сұлу сылқымның өзін бар-жоғы он рет сүйіп, сыйлықты солай «сатып» алуын өтінген. Сол сол-ақ екен, бойжеткен 31 жасар сымбатты суретшінің құшағына қалай құлап түскенін өзі де сезбей қалды. Бұған дейін махаббат сезімін жүріп жүрген жігіті Томазо Чинеллимен бөлісіп үлгерген наубайшының қызы өзіне сұқтанған суретшіні әп-сәтте ессіз күйге салып, күйдіріп-жандырды.
Осы бір ләззатты шақтан кейін Рафаэль онымен кездесетін әрбір сағат, әрбір минутты тағатсыздана күтетін болды. Кездейсоқ кезіктірген аруды ол оның әкесінің кәсібімен Форнарина (наубайшы) деп атап кетті. Ал оның шын аты-жөні Маргерита Люти болатын.

Рафаэль суретін тікелей қарап отырып салатын (натурщица) бейнені ғана тауып қойған жоқ, жүрегін жандырған адамды да тапты. Алғашқы кездесуден кейін-ақ ол қыз әкесіне барып, суретіне лайықты жанды бейнені үш мың алтын төлеп, сатып алды. Мұндай ұтымды «сауда» наубайшы Франческоның да тақиясына тарлық етпегені анық. 

Алғашқы таныстық, тілсіз түсінісуден кейін суретші жігіт таңды қиялымен атқызып, айдай аруын көргенше асықты. Ал кербез сұлу келесі күні келісілген уақыттан кешікпей саябақ қақпасы алдында жүрегі атқақтай күткен жігітке жақындап келе жатты. Ол бейнебір кездесуге тұңғыш шыққан бейкүнә бойжеткендей тым пәк кейіп танытып тұрды. Маргарита суретші алдындағы алғашқы сеансын Психея бейнесін салуға арнады. Ұлы қылқалам шебері мүсіндеген сол бейне әлі күнге «Фарнезино» вилласын әйел сұлулығының сиқырымен сұқтандырып келеді. Қылқаламын әрбір көтерген сайын «О, сен неткен ғажап едің!» деп қайталаудан танбаған суретшінің таңданысынан туған ғажайып шығарма шын мәніндегі мінсіз дүние деңгейіне жеткен еді. «Сен білесің бе, суретші бар жүрегімен құлай сүйгенде яки дәл сондай сүйікті бола білгенде талантының тасқындай таситынын. Махаббат даналық пен дарындылықты үстемелей түседі. Оны маған Тәңірдің өзі жіберді!» деп шаттанған Рафаэль талай-талай туындысына түпқазық болған сол сұлуды өмірінің соңына дейін сүйіп өткен дейді. Ол оған керемет вилла алып беріп, басынан аяғына дейін алтынмен аптап, күміспен күптеп, бар жағдайын жасады. Оның ат жегілген жеке эпижажы болды. Қысқасы, кешегі наубайшының қызы ақсүйек ханымның қатарына қосылды. 

Ғашықтық сезімнің отына оранған бұл екеуі бір жылға дейін бір-бірінен бір сәтке де айырылған емес. Рафаэль тіпті жұмысы мен шәкірттеріне көңіл бөлуге де мұрсат таппай, махаббат қызығына малынды. Ал Агостина Чиги галереясындағы жұмыстың тоқтап қалғанына қобалжуға айналды. Оны жалғастыру үшін банкир Рафаэльге өзінің сүйген сұлуын «Фарнезиноға» алып келіп, сарай ішіндегі үйлердің бірінде бірге тұруға ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс қос ғашықтың қалауына тура келді. 

Бірақ дәл осы жақсылық суретші үшін өмірінің ең үлкен қасіреті боларын білді ме екен?! Рафаэль жұмысымен қауырт айналысып кеткенде іші пысқан Форнарино галерея қожайынына қылымси көз тастаудан қымсынған жоқ. Мұны байқаған Агостина суретшінің жоғын пайдаланып сылқым сұлуды сынап көруді ойлаған. Вилла қожайынының келетінінен хабардар болғаннан-ақ наубайшының қызы оны күтіп алуға «дайындалды». Табалдырықтан аттаған бетте-ақ білегін мойнына ораған кербез әйелдің ыстық лебі Чилиді есінен айырып сала берген. Сол күннен бастап банкир суретшінің көңілдесімен көңіл қосып, сәтін тауып жиі-жиі кездесуге ынтығып тұратын болды. Ал бұл кездері Рафаэль галереяны көркемдеуден қолы босамай, жұмысқа бар ынтасымен жегіліп кеткен еді. Оның үстіне Рафаэльге өздерін оқушы ретінде қабылдауын өтініп, Италиядан жас суретшілер келіп жатқан. Осындай қым-қуыт шаруа мен көңілдесінің көңілін табу ұлы суретшіні зорықтырып, бірте-бірте денсаулығын дімкәс күйге жеткізді. 

Алғашқы таныстықтан бастап өмірінің соңына дейін араларын жалғаған алты жыл Рафаэль үшін сүйіспеншілік сезімнен туған жақындық болғанымен наубайшының қызы үшін дүниені шайқап өмір сүрудің сәтті мүмкіндігі ғана болған сияқты. Себебі Санти бар құлшынысын ғаламат туындылар жасауға жұмсап жатқанда Форнарино галерея қожайынымен ғана емес, Рафаэльдің жас суретші шәкірттерімен де көңіл көтеруге уақыт тауып, желік іздеген көңілінің жетегінде жүрді. Жүрегі дімкәс суретшінің соңғы демін үзген де наубайшы қызының нәпсіқұмарлығы деген әңгіме мүмкін рас та шығар. Себебі өлім төсегінде жатқан Рафаэльге римдік шіркеу басшысының батасын беру үшін келген папаның емшісі суретшінің аяғын құшып еңіреп жылап отырған әйелді бөлмеден шығып кетуге бұйырды. Өйткені ол күнаһар әйелдің көзінше папаның өсиетін айта алмады. Өмірден мезгілсіз өтіп бара жатқан ұлы суретшінің достары мен шәкірттері оның төсегін қоршап жылап тұрды.

Бар болғаны 37 жасында артында мәңгі өлмейтін ғажайып туындылар қалдырған суретшінің Фарнезино вилласы мен Ватикан лоджиясының сызбаларын және басқа да бітіруге үлгере алмай кеткен жұмыстарын оның эскиздері мен суреттері негізінде шәкірттері аяқтап шықты. Ал наубайшының қызы әйелдердің бекзат бейнесін таңғажайып шеберлікпен кескіндеген суретшінің «Форнарина», «Донна Велата», «Сикстандық Мадонна», «Мадонна делла Седия», сондай-ақ «д Элиодоро мен Психея» секілді ең ғаламат шығармаларының прототипіне айналып қалды. Бәлкім оның бүкіл күнәсін ұлы суретшінің қылқаламына шабыт беріп, теңдесіз туындылар тудыруға негіз болған керемет сұлулығы үшін кешіруге де болар. Ал бірақ оны адал сезімін аяқасты еткені үшін италияның ұлы перзенті кешіре алды ма екен? 

... Әлде бір кезде кіршіксіз көңілімен ұнатып, мұны күтумен көзін жұмған Мария Бибиенаның рухы алдында өзін кінәлі сезінді ме екен, әлде Форнариноға деген баянсыз махаббатына соңғы тойтарысының белгісі ме екен, кім білсін, әйтеуір өлер алдында Рафаэль Санти өзін бұрынғы қалыңдығының қасына жерлеуді өтініпті. Бірақ оның бұл тілегі орындалған жоқ. Дегенмен ұлы суретшінің Пантеондағы зиратының жанына Мария Бибиенаға ескірткіш орнатылды.
Ал Форнарина... Рафаэльдің өлімінен кейін шіркеуге кетіп, көп ұзамай қайтыс болған деседі. Зерттеуші Антонио Валеридің айтуынша Форнариноның шын аты – жөнінің Маргерита Люти екендігін ол флорентиялық кітапханадан тапқан. Осындағы шіркеулердің біріндегі монах әйелдердің тізімінде тіркелген Маргерита Люти өзін Рафаэльдің жесірімін деп көрсетіпті. Мүмкін бейбақ сұлу өзінің сезіміне кеш баға берген шығар...

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.