Пятница, 08 Сентябрь 2017 08:44

Ақан серіні сергелдеңге салған сезім

aqan

Ақан серінің азан шақырып қойған есімі – Ақжігіт. Әкесі Қорамса мен анасы Жаңыл бес қыздан кейін зарыға күткен ұлдарын еркелетіп Ақан атап кетіпті. Көкшенің табиғаты көркем, қарағай мен қайың тұтасқан ну орманды жерінде, Қоскөлдің жағасында 1843 жылы дүниеге келген Ақан ақжолтай ұл болып, артынан Мұхамбет, Рамазан, Айберген деген тағы үш інісі туылады. Жолы құтты баласын ата-анасы еркелетіп, еркін өсіреді. Ақанның жан – дүниесі өзі туған жердің көркем табиғатымен үйлесіп, ол сұлулыққа құштар болып ержетеді.

Сымбат-көркіне талғамы сай келген бозбала өнерді серік етіп, әсем киінуге, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт ұстауға құмар болады. Той-жиынның көркіне айналған келісті жігіт қасына өзі секілді өнерлі, балуан, сауықшыл нөкерлерін ертіп, серілік өмірдің салтанатын құрады. 

Әкесі Қорамсаның досы Қыпшақ байы Ақанға бәсіреге берген қарагердің тұқымы Қоңыр тайының Қоңыр ат болған кезінде Ақан да қызды ауылдың сыртынан өлеңдетіп өтетін көрікті жігіттік жасқа жеткен еді. Құйрық-жалы жібектей жалтылдаған, ауыздығымен алысқан Қоңыр атын ойнақшытып жүріп, ауыл-елді әнімен тербеп, талай сұлуды сұқтандырған сері жігіттің жүрегін жаулаған алғашқы махаббаты Бәтима еді. Ғашықтықтың ғаламатына бөлеген бұл ару Ноғай қарауыл ішіндегі Бадырақтың Бекбасының бұлаңдап өскен қызы болатын. Уыздай үлбіреген,нәркес жанары жәудіреген, көркіне ақылы сай, әнге ынтық ару сері жігіттің есін алады. Ақсу мен Қоскөлдің арасын жол қылып, жүрек қылын әнмен тербеген ұлына Қорамса Бәтиманы атастырып, көктемге салым екі жақ құдалық салтына кіріскелі отырғанда... тәтті арманның алтын жібі аңдаусызда үзіледі. 

Сол жылғы қыс жұртты қынадай қырған ауыр індетімен келген еді. Көк майсалы мамырда сүйгенімен қосылғалы отырған Бәтима осы ауыр індет – сүзектен оңала алмай о дүниелік болады. Кешегі таң бозарғанша сырласқан бал-шырын кездесулер, қол алысып, құшақ қабыстыра тұрып мәңгілікке бірге болуға сөз байласқан серттесулер ойда-жоқта ауыр қайғыға ұласып, беймезгіл өлім Ақанды теңселтіп жіберген.

Әрине, уақыттан артық емші бар ма? Ақанның да дертті жүрегі сол уақыттың ағымымен қайтадан өз ырғағын табады. Арада екі жыл өткенде алғашқы махаббатымен аттас тағы бір Бәтима есімді сұлу сері жігітке жар болып жолығады.

«Салқоңыр, тізгінің бос, жолың ашық,
Баратын жерім шалғай, жерім қашық.
Үстінен Айыртаудың қарайын бір,
Көзіме көріне ме сүйген ғашық?» – деп атқа қайта қонған сері:.
«Басыңда кәмшат бөркің жарқыраған,
Иығыңда алтын шолпың жалтыраған.
Сыпатың жұмақтағы хор қызындай,
Үніңнен айналайын қалтыраған» – деп Шомат қажының Бәтимасымен бас қосады. Бәтима Ақан серінің жаралы жүрегін емдеген асыл жар болса, Қоңыр аты бәйгенің алдын бермей, абырой-атағын асқақтатқан, шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік еді. Әттең бірақ қызғаныш атты қызыл иттің қиянаты Қоңыр аттың шабысын қапияда шорт кесті. Серілік салтымен Көкшенің керім жері Сырымбетте ел-жұртты әнімен тербеген Ақан ойда-жоқта жүйрігін жоқтап қаламын деп ойламаған еді. Жүсіп төренің ауылында кермеде байлаулы тұрған сұлу сәйгүлігінің жанары жаудырап, аузынан көбігі атқылап, екі аяғымен жер тіреп, ыңырана қиналып жан тапсырғанын көргенде Ақан дүние төңкеріліп түскендей есеңгіреп кеткен. Қоңыр атының жұмбақ өлімі оны жан азабына салды. Осындай шер мен мұңның шырмауында жүргенінде Бәтимасы босанып, Ақан 23 жасында перзент сүйді. Бәтима байсалды, байыпты, ақын жанын түсінген жарамды жар болды. Ол Үміт, Дәмелі атты екі қыздан кейін Ибраһим атты ұл туады. Оны бәрі еркелетіп Ыбан деп атап кетеді. Бірақ Ыбан тілсіз, мылқау болып туылған болатын.

Бұл кезде Қоңыр аттың орнын Ақанға нағашысы Елторы сыйға тартқан Құлагер басқан еді. Даланы дүбірге бөлеген небір бәйгелерде жұлдыздай ағып, алдына қара салмаған Құлагер талайдың көзінің құрты болды. Ал ән-жырымен де, дүлдүлімен де дүниені дүрілдетіп жүретін Ақанның басына көп ұзамай тағы бір қайғының бұлты үйірілді. Он жыл отасқан жары Бәтима дүниеден өтті. 

Тағдыр осылай оған түрлі сынағын тосып, жүрегін тілімдегенімен ақын жаны жақсылықтан үміт үзген емес. Сол үміттің сұлу сәулесіндей болып жаралы жүрегіне от жаққан ару – Ақтоқты еді.

«Ақтоқты, шашың жібек, жүзің айдай,
Адамзат сыпатыңа таңғалғандай.
Дерт болып жүрегіме сен жабыстың,
Тілекті жеткізейін қапы қалмай», – деп сезімінің селін өлеңмен ақтарған ақын үшін бұл ару да қол жетпес арман болып қалады. Себебі қыздың айттырылып қойған жері бар. Орта дәулетті, момын Бақтыбайдың айдай ару қызы Сүтемген байдың айы оңынан туған ұлы Жалмұқанға атастырылып қойылған. Әйткенмен той-томалақ, жиындарда әнімен жүрегін жаулаған серіге Ақтоқты да назды көңілін байқатса керек. Ақан сері өмірін зерттеуші жазушы, композитор Илья Жақановтың деректеріне сүйенсек, «ұзатқалы жатқан Ақтоқтыны Ақан сері Қарабедеуге мінгізіп алып қашады. Іле-шала қуғыншылар шығады. Шауып келе жатып Қарабедеу томарға сүрініп, омақаса құлайды.

Ұшып түскен Ақтоқты шырқырап:

– Ақан, сен де есіңді жи, мен де есімді жидым. Бір баянсыз іс болды, ұмытайық. Ата салтын аттағым келмейді. Ата-анамның тілегі кесілмесін, мен Жалмұқандықпын, – деп безек қағады.

Осы сәт қуғыншылар да жетіп, Ақтоқтыны атқа өңгеріп ала жөнеледі.

Тағдыр тәлкегіне түсе беретін Ақан серінің тағы да сағы сынады. Бақтыбай ауылы тездетіп Ақтоқтыны ұзатуға кіріседі.

Ақбоз үйдің ішінде көз-жасын төккен қыз:

– Болар іс болды, ел-жұртым, мен енді Жалмұқанның жарымын! Аужарымды ел еркесі Ақан сері айтсын, – деп отырып алады. Ақтоқтының тілегі қабыл болып, Аужарды Ақан сері айтады».

Ақан арманының ақ құсына айналған Ақтоқтыға жүрек қылын шерткен бес ән арнаған.

Махаббатта бағы жанбаған серінің серігіне арналған сәйгүліктерінің де опасыздықтың құрбаны болғаны ақын жанын аяусыз жаралады. Үш жүзге сауын айтып, Ерейменнің етегі Қусак көлдің жағасын дүрілдетіп әкесі Сағынайға ас берген Паң Нұрмағамбеттің аты аңызға айналған жиынына Ақан да Құлагерін баптап келген еді. Бірақ бұл ен даланы дүбірлеткен бәйгеде соңында шуда-шуда шаң қалдырған Құлагердің соңғы шабысы екенін сері көңіл қайдан сезсін! Күндік жерден айналған үш жүз жетпіс аттың алдын орап, жеке-дара желдей ескен Құлагер шекесіне шірене сілтенген шоқпардың соққысынан омақаса құлаған. Бұл – қаскөй Барақбайдың Құлагердей тұлпарға ғана емес, Ақандай сұңқарға да қапияда сұққан қанды қанжары іспетті еді. Құлагерінің басын құшақтап, үш күн еңіреген Ақан:

«Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,Суырылып топтан озған жүйрігім-ай! Жеріне Ерейменнің айдап келген, Тәңірдің неғылайын бұйрығын-ай» – деп жер бауырлап жатып алады. Ақанның «Құлагер» әні жүрегін тілімдеген қасіреттен осылай туған еді. Асқа жиналған есепсіз халық ақынмен бірге егілген.

Мінгені – тұяғы асыл тұлпар, ерткені – құмай тазы, ұшырғаны – қыран бүркіт, сүйгені – сұлу, салтанаты– серілік, көмейі – тұнған ән-жыр десек те Ақанның тағдыры трагедияға толы. Төбесін торлаған қара бұлттан енді серпіліп, еңсесін тіктей бергенде тағдырдың тағы бір соққысы сансыратып, кесе көлденеңдей беретінін қайтерсің! 

Құлагерінің құсасынан жаны аяусыз жаншылған ақын бұл қасіретті де қара нардай көтеріп, толқынға қарсы тағы жүзеді. Өмірдің арнасы, көңілдің дариясы оны шулы өмірдің ортасына қайта оралтты. Көкбестісімен Сырымбет пен Қоскөлдің ортасында желдіртіп жүріп, оның жүрек пернесін шерткен «Үш тоты» әні дүниеге келген еді. ««Мен бүгін ұйықтап жатып көрдім бір түс, Көргенім – бақ иранда үш тоты құс…» деп келетін әнінің тууына түрткі болған үш ару– Тінәлі қажының Ұрқиясы, Үрім Майқоққызы, Шыңғыс төре әулетінің бір гүлі, Жүсіп төренің Жамалы еді.

Осы үш тотының бірі Ұрқияға көңілі құлаған Ақанның жолын кесе көлденеңдеген кедергі де жоқ емес еді. Екі ғашықтың сезімі жарасқанмен Ұрқияның атастырылып қойған жері бар. Бірақ қыз жүрегінің қалауы– Ақан сері. Сондықтан серттескен ғашығын Ақан Көкбестісіне мінгестіріп, алып қашады. Бірақ соңына түскен қуғыншылар оларды ұстап алады. Ақанға қамшысын үйірген қуғыншылардың екпінін іздерінен жеткен Тулақ батыр басып, тойтарып тастайды. «Ақан! Ақан!» деп шырқыраған Ұрқияның дауысын естіген ол «Ақандай жігіттің піріне, Ұрқиядай тотыға қалай қолдарың батпақ?» деп араға түскенде батырға ешқайсысы бата алмай, кері шегінеді. Тінәлі қажы да қызына қиянат жасаудан тартынып, Ұрқияны Ақанға қолынан ұзатады. Ақанның шырағы қайта жанып, жанының жайлауы қайта жайнап шыға келген. Әттең-ай, бірақ бұл шаттықтың ғұмыры тым қысқа боларын біліп пе? Шешектің шеңгеліне іліккен Ұрқия серімен үш ай ғана отасып, бұл жалғанның есігін ерте жабады. Қайғыдан есеңгіреп, ес жия алмай жүрген ақынды Ұрқияның жетісін беріп жатқан күні тағы бір дауыл теңселтіп жығады. Сол күні інісі Айберген аттан құлап, мерт болады. Ол аздай көп ұзамай бір түнде қанат-құйрығынан жұрдай болған Қараторғайы өледі. Мына сұмдыққа аһ ұрған ел артынша серінің құмай тазысы у жалап өлгенде жағаларын ұстап, «Астапыралла!» дескен.

Ақынның нәзік жүрегін тілім-тілім еткен осынша қасірет оны мүлде қалжыратып, сүлесоқ күйге түсіреді. Көкбестісін теңселтіп, ен далаға, тау-тасқа мұңын шағып, өткен күндердің тәтті елесімен сырласқандай шалықтаған күйге түседі. 

Келер жылы әкесі Қорамса мен анасы Жаңыл да өтеді дүниеден. Жанына серік, көңіліне көрік болған ұлы ұстазы, қиналғанда қасынан табылатын қамқоршысы Біржан сал да кетеді келмес жаққа. Тағдырдың ес жиғызбас соққылары серіні мүлде сенделтіп жібереді. Ол енді мына бейдауа өмірден түңілгендей ел ішінен безіп, құла түзді кезіп кетеді. Тау таспен сырласады. Сағымдай алыстан бұлдырай елестеген қос Бәтиманың бекзат болмысын, Ақтоқтының ақыл-ажарын, Ұрқияның тәтті қылығын аңсаумен шексіз ойдың шыңырауына батып, қиялымен қиян кезіп жүріп бір күні өзінің сүйікті Сырымбетінің етегінде, сылдыраған мөлдір бұлақтың басында отырғанда... Бұйра талдардың арасынан жарқ етіп Жамал шыға келгені-ай! Өзі әнге қосқан кешегі үш тотының бірі... Кездейсоқ кездесу іштегі сөніп бара жатқан жалынды қайта үрлегендей болып, сері көңіл сірнеленген күйінен арыла бастағанын сезеді. Жамал Ақанның жүдеп-жадаған көңіліне, қайғыдан қара түнекке айналған жанына сәуле құйып, тұңғиықтан жарыққа алып шыққандай болды. Бал бұлақтың басында бірнеше күн кездесіп бірге өткізген бал-шырын сәттердің немен тынарын екеуі де бағамдап жатпады. 

«Қыздарды мен қайтейін қылаң-сылаң,
Қалайша ғашық отқа сабыр қылам.
Жайнатқан өмірімді қалқа бала,
Басы – «жұм», ортасы – «мим», аяғы – «ләм» – деп жұмбақтап әнге қосқан аруы осы Жамал болатын. Екеуінің арасын 39 жас алшақтатып тұрса да бір біріне ынтыққан жүректерге бұл айырмашылық шекара бола алмайды. Әйткенмен оларға тосқауыл қоятын басқа күш бар еді. Екі ғашықтың байланысын білген Жамалдың әкесі Жүсіп төре жынданып кете жаздайды. Ол шұғыл шешімге келіп, қызын атастырған жеріне апыл-ғұпыл ұзатып жібереді.
Махаббаттың тағы бір азабын тартып Ақан сері қалады арманда.

Ақанның өмірінде өзгеше өрнек қалдырған сұлудың бірі– Балқадиша. (шын аты Төкен екен). Балқадиша балғын шағынан Ақанның көз алдында өскен. Ақан Ыбырайдың үйінде талай болған, бұл шаңырақты талай әнімен тербеп, шаттыққа бөлеген. Балдай тәтті боп бойжеткен Балқадишаға Ақанның ессіз еліткені рас. Бірақ қыз оны ағасындай жақсы көріп, өнеріне тәнті болған.

Жүрегінің дертін ән-жырмен емдеген Ақан сері думанды күндердің бірінде Ыбырайдың он екі қанат үйін домбыраның күмбірімен тербеп отырғанда ақын ағасының қасына Балқадиша келіп жайғасады. Көңілі көкке өрлеген сері әннің бұлағын ағызады. Балқадиша да дауысы сыңғырлаған күміс көмей әнші еді. Екеуі әнді кезегімен іліп әкетіп, жұртшылықтың айызын қандырумен түн орталанған шақта қыздың екі жеңгесі келіп, Балқадишаны алып кетуге ұлықсат сұрайды.

«Қызы едің Ыбекеңнің, Балқадиша,
Өзенді өрлей біткен, тал Қадиша.
Сексен қыз серуенге шыққан кезде,
Ішінде қара басың Хан, Қадиша.
Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік, тал Қадиша.
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат, бізден сізге, амал не, бар, Қадиша»,– дейтін кезі міне, осы шақ.

Балқадишаның атастырылған жері бар. Бұрыннан аралас-құралас Масабай Ыбыраймен құда болып, Балқадиша сүйгені Сүлейменге ұзатылады. Жыланды жақта ел аралап жүрген Ақан бұл хабарды естігенде ет-жүрегі езіле, жанарын тұман торлайды. «Балқадиша» әнінің жалғасы болып:

Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,
Боларсың қандай жанға жар, Қадиша.
Басынан Жыландының құлағаным,
Кекілін Кербестінің сылағаным.
Кетті деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құз-жартасты жылағаным», – деп жүрегінен толықсып жыр төгіледі тағы да.

Балқадиша Сүлейменмен жарастықта ғұмыр кешіп, бірнеше перзент сүйген. Сүлеймен парасатты адам болған екен. Жұрт «Балқадишаны» айтқанда, екеуі де ұйып тыңдайтын көрінеді. Ал Балқадиша Ақан жайлы сұрағандарға: «Ақан серідей адамның сұлтанын кім сүймейді» деп жұмсақ қана жымиған екен, жарықтық.

Ғашықтықтықтың балын да, шерін де татқан, тағдырдың азабын да, серілік өмірдің ғазалын да қатар көрген, қазақ өнерінің көгінде Шолпан жұлдыздай жарқыл қаққан, талай арудың жүрегінде ерке өзендей балқып аққан, баянсыз махаббаттың отына күйіп, әйтсе де халқы қастерлеп, ел-жұрты сүйіп өткен аяулы Ақанның сергелдеңге түскен серілік өмірінің аянышты ақиқаты міне, осындай.

Опубликовано в Мәдениет

Cаз әлемінің сұңқары, қазақ музыка өнерінің шыңға біткен шынары Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 15-тамызда 85 жыл толады. Киелі Отырар жерінде дүние есігін ашқан қарапайым ұстаның ұлы ұлттық ән әлемінің ұстазына айналып, мемлекетіміздің Әнұранын әлемге әйгіледі. Осындай дара таланттың тіршіліктегі бізге беймәлім қырлары, айтылмаған сырлары әлі де аз емес. Оның адами келбетін жақсы білетін ең жақын адамдары жанымызда жүр. Ендеше соның бірі – Шәкеңнің туған бауыры Қадыр Домбаевпен аз-кем сырласудың сәті түскен еді.

shamshi agha– Қадыр аға, фамилияларыңызға қарасақ Шәмші аға екеуіңізді бір әке-шешеден туған бауырлар деп ойламас едік. Сіз – Домбаев, Шәкең – Қалдаяқов?

– Ия, былайғы жұрт расында бізді бір-біріне қатысы жоқ бөтен жандар деп ойлауы мүмкін. Себебі фамилиямыз ғана емес, сырт келбет, пішініміз де бөлектеу. Бірақ бастапқыда екеуміздің де тегіміз бір еді. Шәкең де құжатында Домбаев болатын. Кейін өзгертіп алды.

– Неге?

– Е-е, ол бір қызық әңгіме.

Шәкеңді мектеп бітірген соң 1947 жылы Кентауға ФЗО-ға оқуға жіберген ғой. Әрине өзінің қалау-құлқымен емес, мәжбүрлеумен барған емес пе? Онда оқығысы келмеген ағамыз бір күні жаяулатып ауылға қашып келеді. Ол кездегі талап пен тәртіп қатал екені белгілі. «Партияның тапсырмасын орындамай қашқан адамды соттайды» дейді қайтып келген оған. Содан шынымен үрей туады. Заңмен қудаласа солай болуы да мүмкін бе еді? Әкеміздің паспорт столында істейтін бір жолдасы болған екен. Сол кісі бір күнде фамилиясын өзгертіп, басқа құжат жасап береді. Сонымен тегі Қалдаяқов болып өзгеріп шыға келген Шәкең ауылда көп аялдамай Ташкентке тартып кетеді. Тәшкен жақта шешемнің сіңлісі Зиякүл деген апамыз тұратын еді. Сол кісінің үйінде біраз тұрақтаған Шәмші ағамыз әкемнің «әмірімен» Сарыағаш ауданындағы Қапланбек зооветтехникумына мал дәрігері оқуына түсті.

– Тағы да өз қалауы емес, әкелеріңіздің «әмірімен»?..

– Ия, солай. Ол кездің балалары әке-шешенің қалауынан, айтқанынан аса алмай, көңілдеріне қарап өсті ғой. Шәкең де сол райдан шыға алмаған болар. Кеңестік кезеңде ауылда шаруашылық саласының мамандары аса беделді саналатын. Әкеміздің: «Малдың маңында жүрсең жаман болмайсың. Ең болмаса етімізді әкеп беріп тұрарсың» деп әзіл-шыны аралас айтып отыратыны бала болсам да еміс-еміс жадымда қалыпты. «Капланбекті» тәмамдаған соң жолдамамен Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында зоотехник болып істеп жүргенінде әскерге шақырылып, армияға кетті. Қиыр Шығыс– Оңтүстік Сахалинде үш жыл әскери борышын өтеп, 1953 жылы офицер шенімен қайтқан Шәкең ауылға соқпастан Мәскеуге өтіп кеткен ғой.

– Әскери қызметке ме?

– Жоқ. Оқуға. Мәскеудегі П. И. Чайковский атындағы мемлекеттік консерватория жанындағы академиялық музыкалық училищеге барып түсіп, сол жақта бір жыл оқыды.

– Қызық екен. Бұрын естімеген жаңалығымыз сияқты. Сосын? Оны бітірді ме?

– Бітіре алмады. Турасын айтқанда бітіруге мұрсат бермеді. Үйдегілер. Шешеміз «Ойбай, ана бала орыстың ішінде жүріп орыс болып шоқынып кететін болды, қайтсын, қайтарыңдар» деп қан қақсап, жылай берді. Содан үсті-үстіне аттандап телеграмма салып, «шешең бүйтіп қалды, анау өйтіп қалды» деп қара аспанды төндіріп хат жаза беріп, қайтарып алдық. Мәскеуде оқып жүргенде скрипка ұстап түскен суреті де бар.

– Ол кісі орысшаға жүйрік еді. Ол тілді сол сыртта жүріп үйренген ғой?

– Ия, үш жыл армиясы бар, бір жыл Мәскеуде жүргені бар, орысшаға озық болып оралды. Тіпті ауылға келгенде оны «ойбай-ау, Қалдаяқтың баласы шала қазақ болып кетіпті» деп таңданғандар да аз болмады. Негізі ол кісі қай нәрсеге де қағылез, қабілетті еді. Әйтпесе қалың қазақ қоныстанған ауылда орысшаға тіл сындырмай өскен Шәкеңнің орыс тілінің түбін түсіріп сөйлеуге аз уақыт аралығында машықтанып кеткені тегін емес.

– Сонымен келген соң зоотехниктігін жалғастырды ма, не істеді?

– Жоқ. Ол мамандықпен сол бойы қоштасты. Армиядан оралған соң ауылда экспедитор болып істеді. Темір совхозының сол кездегі директоры Шерім Ерманов деген кісі еді. Осы шаруашылықты 20 жылға жуық басқарып, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған адам. Оның әйелі Салима деген апай совхоздың мәдени шараларын ұйымдастырушы болды. Өте іскер, жұмысты жандырып жіберетін, ойын-сауық, мәдени шараларды қыздырып ұйымдастырып, ауыл жастарын үйіріп әкететін. Шәкең сол кісінің қызықты шараларының басы-қасында жүретін белсенді өнерпаздардың бірі болды. Бойындағы өнерге деген құштарлық оны осы жолға біржола бет бұрғызып, ол 1955 жылы Ташкенттегі Хамза атындағы музыка училишесіне оқуға кетті. Ол онда музыка теориясы факультетіне профессор В. В. Великановтың класына қабылданған еді. Осында оқып жүргенінде бірде Шәкең Халық әртісі Жамал Омароваға жолығады. Ол кісі «Сен Алматығы Құрманғазы атындағы консерваторияға бар, оқуға түсуіңе жәрдем беремін» деп кеңес айтады. Әнші апамыздың көмегімен ағам консерваторияға қабылданып, 1956-62 жылдары оның барлық курсын тәмамдағанымен диплом ала алмай қалыпты.

– Себеп?

– Оның себебін Шәкең ашып айтқан емес. Менде ол кісінің 1990 жылы «Қазақ радиосына» берген сұхбатының көшірмесі бар. «Бақыт құшағында» деген сол хабарда Қарлығаш Оңалова деген журналист қызға берген жауабында Шәкең консерваторияның дипломын ала алмағанын бір-ақ ауыз сөзбен: «Өзімнен де болған шығар, өзгеден де болған шығар» деп жұмбақтап қана айтқан да қойған. Тегінде ол кісі біреуді жамандап, біреу жайлы жағымсыз әңгіме айтпайтын адам еді.

– Шәмші ағамыздың бойындағы өнердің бұлағы бастауын қайдан алды екен? Әдетте қазақ «қанмен беріледі» деп те жатады. Арғы- бергі тектеріңізден тараған бір тамыр бар ма әлде?

– Мүмкін солай да шығар. Біздің нағашы жұртымыз Шәді төренің немере інісі Бұхарбай төре болып келеді. Бір анадан туған шешеміз Сақыпжамал мен Зиякүл осы Бұхарбайдың қыздары. Шешелері қайтыс болып, анамыз бен сіңлісі жетім қалған екен. Әкемнің Ділдәгүл деген қарындасы болды. Тұрмыс құрмай оң жақта отырып қалған қыз екен. Сол апамызды Бұхарбайға қосыпты.

Тегінде қожалар қараға қыз бере бермейтіні бар. Бірақ біздің әкеміз Қалдаяқ Шәді төренің шәкірті болған адам. Шәді ақындығымен қатар темір ұсталығымен де әйгілі екені белгілі. Әкеміз зергерлік өнерді сол кісіден үйреніпті. Ұсталыққа бата берген де сол Шәді төре екен. Шәді ақынның жазғандарын қағазға көшіріп, түгендеп, үнемі қасында жүрген көрінеді. Немере інісі Бұхарбайдың қызын алып, қарындасын Бұхарбай төре алып, алмасып, жалғасып жатқаны да содан. Сонда бір қызығы – нағашы атамыз әкемізге әрі қайыната, әрі жезде болып келеді.

Анамыз Сақыпжамал да, әкеміз Қалдаяқ та өнерден қаражаяу емес еді. Екеуі әнмен айтысып табысқан екен. Әкеміз қыздардың ортасында тұрған шешеміздің тұсына келіп: «Сақыпжамал, бір өзіңде екі адамның есімі бар, жүрегімнің саған деген шешімі бар» деп әндетіп қоя беретін дейді. Анамыз да қарап қалмайтын көрінеді. «Мына жұрт сізді тегі «ұста» дейді, Сөзіңізді қайымдап ұшта мейлі. Атымыз екі есімнен тұрады рас, Сіздейге біздей сұлу сыр алдырмас» деп тәкаппарси тіл қатып, өлеңіне өлеңмен жауаптасады екен. Негізі ақындық жағынан шешеміз басым түсіп, әкемізді сөзбен тұқыртып тастайтын болыпты. Әйткенмен әкем қыздың қасындағы жеңгелерінің аузын өзі соққан білезік, сақиналармен «майлап» қойып, жеңгелері «Қалдаяқ жеңді» деп қыздарын әнтек жығып береді екен. Апам әкемді сол өлеңінде айтқанындай өмір бойы атын атамай, «ұста» деп кетті. Ал өзі расында сөзге шешен, әнге құмар адам еді. Қатты ауырып отырғанында да өзі өлең құрастырып, ыңылдап ән айтып отыратын. Әкеміз Қалдаяқтың бойынан да өнердің түр-түрі табылатын. Гармон, домбыра тартатын, әу бастан музыкаға әуестігі бөлек адам еді. 

Атамыз – әкеміздің әкесі Арыстанбек те ел ішінде сөз бен іске ұста болған деседі. Аузы дуалы, сөзі уәлі кісілермен, Шәді төремен аралас-құралас болған адам. Шәкеңнің талантының тамырын іздесеңіз, міне, осылардың өзі-ақ жеткілікті емес пе?

– Әлгінде фамилияларыңыз, әуелі Шәмші ағаның да фамилиясы Домбаев болған дедіңіз. Сонда арғы бабаларыңыздың атын алғансыздар ғой, солай ма?

– Бұл да бір бөлекше әңгіме өзі... Домбай деген негізі атамыздың лақап аты. Қалдаяқтың әкесі Арыстанбек домаланған ірі кісі болған екен. Сол тұрқына қарап жеңгелері Домалақ деп ат қойған да, оны қысқартып Домбай атап алған. Елге де солай Домбай атанып кетіпті. Сонымен өзінің азан шақырып қойған Арыстанбек аты ұмытылып, біздің фамилиямыз да Домбаев болып шыға келген ғой.

Әкеміз Қалдаяқ та атамыз сияқты орта бойлы төртбақ кісі болатын. Ал шешеміз шүйкедей қара кемпір еді. Әкей 1976 жылы қарашада, 85 жасында қайтыс болды. Ал анамыз Сақыпжамал шешектен қалған бозөкпе ауруынан ертерек, 1959 жылдың қарашасында дүние салған болатын. Шешем жарықтық 11 құрсақ көтерген екен, солардан бесеуміз – Тұмаркүл, Шәкең, Рысжан, мен және Райхан ғана қалыппыз. Қазір Райхан екеуміз ғана бармыз.

– Неге, екінші аналарыңыздан да бауырларыңыз бар емес пе?

– Ия, әрине... Мен Сақыпжамалдан туылғандарды ғана айтып отырмын ғой. Өзі ұзақ ауырған соң шешем әкеме Жұмаш есімді қызды алып берген. Ол кісіден Күләйхан, Көшербай, Клара, Қыдыр, Сабыр, Бақыт есімді бауырларымыз бар, Аллаға шүкір. Олар да – Қалдаяқов. Көшербай інім ОҚМУ- да шет тілдері кафедрасының меңгерушісі. Әйелі Қалдаяқова Ғайша пединститутта (ОҚМПИ) шет тілінен сабақ береді. Көшербай Алматыда Шәкеңнің қолында жүріп оқыды. Біз ешқашан аналарымыз бөлек деп бөлінген емеспіз.

– Аналарға арналған гимн сияқты болып кеткен «Ана туралы жырын» композитор ағамыз Сақыпжамал апа өмірден өткенде жазған дейді?

– Шешеміз қайтыс болғанда Шәкең Алматыда тұратын. Ол уақта басында тұрақты баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшіп, қиналып жүрген кезі. Салған телеграммамыз қолына уақытында тимей, қаралы хабарды бір жарым айдан кейін естіпті. Қазіргідей телефон байланысы деген қайда ол кезде?! Шешеміздің қазасы, оған уақытында жете алмағаны, топырақ сала алмағаны Шәкеңді қатты қайғыға салды. Анамызды аза тұтып, езіліп, еңіреген ол 40 күн бойы бір орнынан тапжылмай, дұрыстап тамақ та ішпей, тұңғиық мұңға батып, отырды да қойды. Іштей өзін де жеп, отырған көрпесі ойылып кеткенше орнын да өзгертпеді. Анаға деген махаббат, анаға деген сағыныш пен мұң көкірегінен ән болып төгілді. Шешеміздің қазасынан кейін көп ұзамай сол ән дүниеге келді. Сөзін Ғафу Қайырбеков жазды. «Ана туралы жырдың» толғағы күшті болды, бұл әнді дүниеге келтіру үшін оның 30 түрлі вариантын жаздым» дейтін еді Шәкең. Бұл ән бүкіл аналарға қойылған ескерткіш болып қалды.

– Бүтін қазақ елінің көгінде әні шалқыған Шәмші ағаның Қазақстан Композиторлар Одағына мүше болмауына консерваторияны бітірген дипломының жоқтығы ғана себеп болды ма, жоқ оған кедергі келтірген, қысастық жасаған жандар болды ма? Бұл туралы ағаның өзі айтатын ба еді?

– Шәкең кісінің жасаған жақсылығын асыра айтуға бар, бірақ біреудің жасаған қиянат, қысастығын жұртқа жария етіп, жамандаған жан емес. Ол кісіге жасалған қиянатты қасында жақын жүрген жандар көріп, білген болар. Солардың бірі – Мұхтар Шаханов. Ол кісі Шәкең жайлы соңғы жазған «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» деген эсселар жинағында біраз шындықты ашып айтыпты. Онда Қазақстан Композиторлар Одағын 28 жыл басқарған Еркеғали Рахмадиевтің Шәкеңді Одаққа мүшелікке қабылдамай, қиян-пұрыстық пиғыл танытқанын, оның бұл қылығын Мұхаң бірнеше рет бетіне басып айтқанын жасырмай жазыпты. Бірақ Күннің көзін алақаныңмен көлегейлеп жаба алмайтының секілді Шәкеңдей дара талантты жекелеген бір басшылар мойындағысы келмегенімен оның бағасын халық беріп, елі мойындады. Әрине өмірде әртүрлі пендешіліктер болады. Еркеғали ағамыз да өзінің кезіндегі ағаттықтарын кеш те болса сезінген болар, Шәкең қайтыс болғанда ол кісі Мәдениет Министрі ретінде жерлеу рәсімінің бар шаруасын өз мойнына алып, қаралы жиында «Шәмші – қазақтың ұлы композиторы», «Халықтың дара мақтанышы» деген сөздерді бірнеше рет қайталап айтқанын дүйім жұрт естіді. Әттең бірақ жақсылар тірісінде бағаланып, лайықты қошеметін көрсе ғой...

– Шәмші ағаның туған бауырысыз. Бірге өстіңіздер. Ол кісінің өнерге жақындығы бала күнінен байқалушы ма еді?

– Шәкең менен 12 жас үлкен. Арамыз алшақтау болғасын ол кісінің бала күнінен естелік айта алмаймын. Бірақ сәл есейген шағындағы кейбір көріністер есімде қалыпты. Шәуілдірде оман арық бар еді. Біздің үй соның жағасына қауын екті. Ел ол кезде негізінен мақта егетін. Жаз бойы сол арықтың жағасында ойнап, шомыламыз. Арықтың қасында үлкен тал болатын. Соның бұтағына шығып алып, суға секіреміз. Осы арықтың жағасындағы сол талдың көлеңкесінде Шәмші ағам да отыратын. Мектептің жоғарғы сыныбындағы кезі болса керек, қасында Мәкен деген немере әпкеміз, Қалтай деген досы болатын көбіне. Есімде қалғаны– үшеуі «Бір бала» деген әнді айтып отырушы еді. Шәкең мандолмен сүйемелдеп, әнге қосылатын. Ал «Құсни-Қорлан» әнін ағам махаббаттың гимні санайтын.

– Сол оман арықтың жағасынан арна алған ән теңізі бүгінде бүкіл қазақ елін вальс толқынымен тербеп, Шәмші ағамыз қазақтың Қалдаяқовына айналды. Артындағы бауыры ретінде көкейіңізді не тербейді, не толғандырады?

– Көзі тірісінде өзі көп құрмет көре алмағанымен оның өлмейтін әсем әндері өмірін жалғап келеді. «Менің Қазақстанымы» еліміздің гимніне айналды. Ән көгінде әндерімен бірге есімі де мәңгіге қалықтап қалды. Соны ойласам бауырлық сезіммен ет-жүрегім елжіреп, көкірегімді мақтаныш сезімі кернейді.

Құдайға шүкір, Шәмші Қалдаяқов атындағы ән фестивалін тұрақты өткізу дәстүрге айналды. Әндерін тыңдап, қанаттанып қайтамыз. Бірақ сөз реті келгенде көңілдегі өкпе-назымызды айтсақ, айып етпеңіздер. Біз, Шәкеңнің бауырлары қарапайым адамдармыз. Қазір қарапайым адамдарды көзге ілмейтін заман болды ғой. Егер біз мықты бір қызметтегі немесе ақшасы қалың бай біреу болсақ, «Шәкеңнің туыстары» деп құрақ ұшып, қол-аяғымызды жерге тигізбей қошеметтеп жатар еді. Ағамыздың ән кештеріне Райхан екеуміз шақырыламыз. Раушан барда ол да келетін. Бірақ бізді келдің ба, кеттің ба деп жатқан жан болмайды. Әйтеуір бір шеттен орын тиіп, қатысқанымызды қанағат етіп қайтамыз. Біздің Көшербай бастаған басқа бауырларымызға неге шақыру берілмейді? Состиып Райхан екеуміз ғана барамыз. Қаншама кештері өтіп жатса да тиісті мекемедегілер, ұйымдастыру алқасындағылар «мына кісілер Шәкеңнің бауырлары» деп халыққа бірауыз таныстырып, ілтипат білдірсе де төбеміз көкке жетіп қалар еді. Тіпті «осы кештен Шәмші ағамыздың бауырларына естелік» деп бір қаламсап силаған емес. Бұны бір сыйлық дәметкеннен айтып отыр демеңіздер. Көріп отырамыз, кейде әлгі ұйымдастырушылар мен басқарма басындағылар Шәкеңді өмірі көрмеген біреулерді қолпаштап, қолтықтап, шәт-шәлекейлері шығып жатады. Неге? Өйткені олар дөкейлер, абыройы қалтасымен өлшенетіндер. Сондайда жетім баладай бір бұрышта қалғаныңа қапаланасың. Шәкеңнің әруағы үшін болса да біздің ол жерде өз орнымыз бар деп ойлаймын. Кейде көңілді сондай жағдайлар мұнарландырады. 

Бірақ Шәмшінің есімін ешкім төмендете алмайды. Ол халқының жүрегінде, ән әлемінің биігінде Шолпан жұлдыздай жарқырап мәңгіге қалды. Ең үлкен бақыт – сол!

– Ағыңыздан жарылған әңгімеңізге рахмет, Қадыр аға!

 

Сұхбаттасқан
Асхан МАЙЛЫБАЕВА

Опубликовано в Мәдениет

Әлем тарихында бостандық жолында ұлы күрескер атанған Италияның даңқты ұлы Джузеппе Гарибальди мен оның сұлу да теңдессіз ержүрек жары Анита екеуінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі жайлы көздері тірісінде-ақ аңызға бергісіз әңгіме айтылыпты. Еркіндікті сүйген теңізші жас шағынан-ақ әділетсіздікті жаны сүймеді. Бай мен кедейді, атақты мен қарапайым адамды тең көрді. Әлсізге араша түсті. Қорғансызға қорған болды. «Күштінің құйрығы диірмен тартқанын» қаламады. Одан Италия королі мен билеушілері ғана емес мұхиттардағы теңіз қарақшылары да (пираттар) қатты қорқатын. Ол өмір сүрген дәуірде теңіздер мен мұхит жағалауларындағы елдердің басым көпшілігінде түрлі әділетсіздіктер орын алып жатушы еді.

dzhuzeppeТумысынан жүрегінің түгі бар Джузеппе жүгенсіздіктер мен қиянаттарға төзе алмайтын. Ондай жағдайларда ойланбай, сескеніп жатпай әрекетке кірісіп кететін. Кез келген сәтте жәбірленуші жаққа көмекке ұмтылатын. Өзін тәуелсіз сезінетін адмирал мұхитта ғана емес құрлықта да талай қырғын соғысты бастан кешуіне тура келген. Бірақ ол ешбір жерде есесін жібермеді. Керісінше өші кетсе, еселеп кек қайтаратын. Сондықтан езілген халық оның атын аңызға айналдырып, есімін құрметпен ауызға алатын. Әрине, соғыс болған соң қатігездік танытатын кездер де болатыны сөзсіз. Түрі сұсты осынау қаһарлы жігіттің жүрегінде махаббатқа орын бар деп ойлаудың өзі қиын еді. Дегенмен тағдырдың мұз-қарын жастанып жүрсе де әлсін әлі сезімге ерік беріп, болашақта жар сүйіп, перзент көргенді көңілі қалайтын. Алғашында мұнысын жауынгерлеріне, достары мен туысқандарына байқатпауға тырысыпты. Әйтсе де жүрек түкпірінде теңіздің толқынындай бір асау сезім буырқанып жататын. Оның сондай іңкәр сезімін өзінің жазған өмірбаяндық естелігінен білуге болады. Ол былай деп жазады: «Мен қандай да бір адамның жалынды махаббатын үнемі іздедім. Жаныма жақын жүретін, бәріне айта бермейтін сырымды айтатын, пәк те адал жанның жылы алақанын аңсадым. Бұған дейін мұндай махаббатсыз өмір сүру мен үшін азапты болды. Әйтеуір, Тәңір жарылқап шыдап бақтым. Ішкі құпиямды білдіре қойған жоқпын. Төсекте жатып дөңбекшігенімді, жайсыз ұйықтап шыққан сәттерімді білдіргім келмеді. Қиялыммен талай сұлуды құшып, сырластым да. Қиялдың аты қиял екен. Пайдакүнемсіз, шынайы дос табу қандай қиын екенін білу үшін мен жеткілікті ғұмыр кештім. Бірақ... әйел! Мен әрқашан әйелдерді ең биік түлға қатарына қосатынмын. Олар періштедей пәк әрі таза, нағыз махаббат тек солардың қолынан келеді деп санадым. Мұңға шомылған мен «Итапарики» атты кеменің палубасында қыдырып жүріп, сол жерден өзіме өмірлік жар іздеуді шештім. Көбіне телескоп арқылы жағалауға ұзақ телміретінмін. Ғайыптан пайда болатын өмірлік серігімді аңсайтынмын. Әйтеуір бір кездесетініне сенетін де секілдімін. Сондай бір кездойсоқ сәтте менің көзім Барра селосындағы кішкене үйге түсті. Біз Бразилиядағы әулие Екатерина бұғазында жауынгерлерді демалдырып, азық-түлік қорын дайындау үшін бірнеше күннен бері тоқтап тұр едік. Палубада жүргенде, әрине, қолымнан алысты қалтқысыз бақылайтын труба түспейтін. Соның көмегімен үй алдында түрған бір жас қызды байқадым. Өте көркем көрінді. Сөйтіп жағалауға бару үшін суға қайық салдырдым. Жағаға түсе сала, сұлу бейтаныс қызды көрген үйді аса ыждағаттылықпен іздей бастадым. Ештеңе таба алмай кері қайтайын деп тұрған кезде, бұрыннан таныс бір мырзаны кездестіріп қалдым. Ол мені кофе ішуге шақырды. Міне, ғажап! Құдіреттің күштілігін айтам-ау. Оның үйіне кірер жерде іздеп таппаған аруымды көзім шалып қалды. Біз тіл қатпастан бірталайға дейін өмірде бір жерде кездескен жандардай таңырқасып тұрдық. Бір-біріміздің бет бейнемізді еске түсіргіміз келгендей біртүрлі сұраулы сыңайда абдырап та қалдық. Еркек атым бар емес пе, мен алдымен есімді жидым. Португал тілін нашар білгендіктен ғайыптан пайда болған әсем қызға итальян тілінде сәлем бердім. Басын изеген балғын бойжеткенге: «Сіз мендік болуға тиіссіз» деппін тәкаппарлыққа басып».

Батыл адмиралға жауап бермегенмен Анита сұлудың да сол сәт жүрегі шым етіпті. Жанарын төмен салып, әкесінен ұялып, төргі бөлмеге зып берген көрінеді. Қыз әкесі де мұнысын сезіп қалыпты. Былайғы жұрттың ыстық ілтипатына ие жігіттің өзіне күйеу бала болғалы тұрғанын сезіп, Құдайына шүкіршілік айтса керек. Өйткені бұл мырзаны адмирал өлім аузынан арашалап қалған болатын.

377174

Сөйтіп Гарибальди бір ай жағалауда жатып алып, әкесінің ықыласымен қызды дегеніне көндіреді. Бұл оқиғаны естелігінде былай деп аяқтапты. «Менің басымдығым, қызға сиқырлы әсер еткен болуы керек, біз шынында да, тек өлім ғана ажырата алатын одақ кұрдық. Менің балаларымның анасы, жақсы да жаман күндерімде серігім болған Анитаға мен солай үйлендім».

Олардың тойы ханзада мен ханшайымның тойындай болып өтеді. Қыздың әкесі бар, жағалаудың адамдары бар, кемедегі жауынгерлер бар, бәрі тапқан-таянғанын ортаға салады. Тіпті Гарибальдиге ойы кетіп жүрген бай бір әйел отау тіккен екеуіне жайлы төсек-орын қамдап беріп, тойларына шашуға қырық қабан мен жиырма кеспек шарап жеткізіпті. Мұхитта жүріп зеріккендердің Қүдайы беріп қалса керек. Адмиралдан басқа тағы біраз жігіт үйленіп, той тойға ұласыпты. Әрине, сұлу құшқан бостандық күрескерінің көңілі көкте еді. Бірақ олардың шырқын жергілікті биліктегілер бұзып, той соңы ұрысқа айналып, адмирал сүйіктісін алып, жауынгерлерін ертіп теңізге шығып кетеді. Әрі қауіпті, әрі балшырын қызықты махаббат сәттері басталады. Былай қарағанда романтикалық өмір. Екінші жағынан елінен безіп, дүние кезіп жүрген бақытсыздықтары тағы бар. Тұрақты үйі болмаған соң әр жерде кешкен ғұмыр мен жағдайсыз тірліктен қандай ләззат алғанын өздері ғана біледі. Бұл басқалар үшін жұмбақ болып қалған. 

Әйтсе де Анита сүйе білумен қатар жаһан кезген жауынгерге нағыз лайықты әйел еді. Ол нәзік болмысына, кәусар сезімді, мейірімді жаратылысына қарамастан өжет те ержүрек мінезді ару болатын. Ол қылыштаса да білетін. Атыса да алатын, шабыса да алатын. Адмиралдың жанында жүріп ешбір шайқастан шет қалмайтын. Сондай бір арпалыс шақтарда телпек киген кейбіреулер ерлік рухын жоғалтып алып жасқаншақтап қалса, әйел басымен алдыңғы шепке шығып, қынабынан қылышын суырып, жауға атойлап шабатын. Кейде атысып жатқан мергенге оқ тиіп қатардан шыға қалса, қайдан тап болатыны белгісіз адмиралдың сүйіктісі әлгінің қаруын ала салып, соғысқа кірісіп кететін.. «Оның бұл жүректілігі Гарибальдидің солдаттарына күш-жігер беруші еді» деп жазды Анитаның қарулас замандастары.

Бірде құрылықтағы қырғын шайқас кезінде ержүрек келіншекті жау әскерлерінің бір тобы жан-жағынан қоршап алады. Бірақ жас әйел сескенбей атына қамшы басып, олардың өзіне қарсы шабады. Дұшпан жауынгерлері аспаннан қанатты періште орталарына топ ете қалғандай абдырап, сасып қалады. Сол сәтте Анита олардың бес-алтауын қылыштап, аттан аудырып, сытылып шыға береді. Алғашында шошынып қалғандар оның әйел екенін байқаған соң жапырлай қайта жабылып, атын өлтіріп, жаяу қалған соң ғана әупірімдеп тұтқынға алады. Сөйтіп жаужүрек келіншекті басшыларына алып келеді.

– Кімсің? – деп сұрайды әскербасы одан.

– Сендермен шайқасқан бір қатардағы жауынгердің әйелімін.

– Ержүрек екенің бізге ұнады. Не қалауың бар?

– Күйеуім ұрыс кезінде өлген шығар. Соның денесін тауып алып, көмуіме рұқсат етіңдер.

– Жарайды, – деп келіседі жау генералы.

Шынында Анита қанқасап шайқас кезінде Гарибальди де қаза тапқан шығар деп ойлаған. Мақсаты оның денесін жау танымай тұрғанда қорламау үшін тезірек көміп тастамақ болған. Ол бүкіл майдан даласын шарлап күйеуінің өлі денесін таппайды. Оның тірі екеніне көзі жеткен соң өмір сүруге құштарлығы арта түсіп, жау қолынан қашып шығуды ойластырады. Көз алдына ерінің жаужүрек бейнесі елестеп, оның ыстық құшағына қайта бөленуді аңсап, қиялдайды. Бірақ ойын іске асыру қиын еді. Қарулы күзет мықты. Оның үстіне жау генералының сұлу әйелден дәмесі бар. Соны сезген жас келіншек күзетшіні сиқырлы жымиысымен алдап- арбай бастайды.

– Кәрі генералдан гөрі күш-қайратың молдау сені қалаған болар едім, – дейді өтірік қылымсып. Анау басшысынан қаймықса да еркектік пенделігіне басып, оңашаламақ ниетпен сәйгүліктер тұрған атқораға ертіп кіреді. Анитаға да керегі сол еді. Күзетшіні байқаусызда қапы қалдырып, қалпақтай түсіреді де өз қаруымен өлтіріп, жарау бір сәйгүлікті таңдап мініп, жақын маңдағы орман ішіне қашып кіреді. Қалың нуда төрт күн ассыз-сусыз адасып жүреді. Әбден қарны ашады. Әлсірейді. Бесінші күні оны қуғыншылар байқап қалып, қуып жетуге айналады. Қырсыққанда қашқынның алдынан асау өзен тосып, құтылып кетудің мүмкіндігін азайтады. Анита көп ойланбай жарқабақ басынан атын қамшылап бұрқанған көбікті өзенге күмп береді. Атқа салмақ түспеуін ойлап суға түсіп, қылқұйрығынан бір қолымен ұстап, екінші қолымен малтып жүзе жөнеледі. Ақылды жануар оны арғы жағалауға аман-есен алып шығады. Ержүрек әйел тағы да бір апта адасып жүріп, шөп-шаламды ас етіп өзінің адамдарын іздестіруді жалғастырады. Күйеуі де одан күдер үзіп, қатты уайымдап, қазалық салттарын жасап та қояды. Бір күні ойламаған жерден сүйікті жары сап ете қалғанда адмиралдың жүрегі жарыла қуанды. Ұрыстан аман қалған жауынгерлерін жинап, орман ішінде думанды ойын- сауық жасайды. Олардың қатары жәбір көруші адамдармен толығып, мұхиттағы кемелерге қайта оралады. Кемелерде қалғандардың сондағы қуанғанын айтсаңыз. 

Сұлулығы мен ержүректілігі тең түскен келіншек құрғақта көрсеткен ерлігін теңізде де байқатады. Бірде бұларды жау кемелері қоршайды.

– Анита, сен төменге каютаға бара тұр! – деп бұйырады адмирал.

Сонда ол күйеуіне жай ғана:

– Құп болады, адмирал мырза. Мен төменге түсіп тығылып отырған қорқақтарды сыртқа қуып шығайын. Содан кейін қасыңа оралып шайқасқа қатысамын, – дейді. Мұны естіген еркек атаулы қаруларын қыса ұстап, шайқасқа дайындалыпты.

Анита басқа әйелдер секілді әшекей мен байлыққа қызыға қоймапты. Әйтпесе ұрыс кезінде тоналып алынған байлықты меншіктеуіне әбден мүмкіндігі бар еді. Ол сүйген адамының қолдаушысы бола білді. Үнемі ұрыс жағдайында жүрсе де оған ұл мен қыз сүйгізді. Күйеуінің көңілін аулап, оның тілегін бұлжытпай орындап отырды. «Жазатайым оққа ұшсаң, көп ұзамай соңыңнан барамын» деп жиі қайталайды екен.

Гарибальди өзінің жазбаларында әйелі туралы тағы бір қызықты оқиғаны айтады: «Менің бірінші балам туылғанда, біздің әскеріміз қайыршылыққа түскені сонша, мен өзімнің әйелім мен балама бет орамалдан басқа ештеңе тауып бере алмадым... Жиырма күннен кейін Анитаға кішкентай баламен жаудан қашып құтылуға тура келді...»

«Мұндай ерлік, жаужүректік сенің бойыңа қалай сыйып жүр?» деген замандастарының сұрағына сұқсырдай сұлу әйел: «Оны күйеуіме деген сезімімнен сұраңдар» депті. Махаббат жалынының мұндай да құдіреті болады екен-ау.
Олар көп те өмір сүрмеді. Тым жас қиылды деуге де болмайды. Бірі алпысқа тақап, екіншісі елудің үстіне шығып қайтыс болды. Екеуі де дұшпанының қолынан қаза тапты. ¥рпақтары қалды соңында. Өмірлері де махаббаттары да ел аузында аңызға айналды.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 26 Май 2017 09:53

Cәкен cүйген cұлулар

Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин... Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері...Бір адамның басына жетіп артылатын атақ-даңқы, қабілет-қарымы, талант-арыны бар осынау тарихи тұлғаның қызмет пен қаламгерлік қырынан бөлек, тағдырының тәтті де ащы сәттерін айғақтайтын жеке өмірінің өзгеше өрімдермен өрілгенін біріміз білерміз, біріміз білмеспіз.

670f17c037dfe8b0b3ae33c2132175a5

Тегінде кербез де келісті тұлғасына, сері де сырбаз болмысына, сәнқой да талғампаз тұрпатына сыртқы мінсіз рең-сұлулығы қосылып, көрген жанды еріксіз сұқтандыратын жігіттің жампозы дәл осы Сәкен болғаны ақиқат. Ал бір бойында осынша қасиет қабысқан жігіттің жүрегіне от түсірген сұлулар да, оған өздері жүрегін ұсынған сылқым бикештер де аз болмаған шығар сірә?!

Ал солардың ішінен өзіне лайықты жар таңдауда сұңғыла ойлы Сәкеннің де жаңылысқан сәттері болғанын несіне жасырайық...

Иә...Ұлы болса да ол да пенде. Ақылды болса да ол да аңғал. Сұңғыла болса да ол да сенгіш.

Сәкен үш рет үйленген . Алғашқы жарының есімі – Рахима. Бет біткеннің сұлуы болған екен. Сәкенді арбаған алдамшы сезімі де оның осы ажарына алдымен назары ауғандығынан шығар, кім білсін!? 

Сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың суреттеуімен айтсақ, «Бойында әлденеше халықтың қаны араласқан қараторының реңдісі, оттай жарқыраған жанар, кең маңдай, аққу мойын, тоқ балтыр, кербез аяқ алыс… Сирек кездесетін айдай ажары бар Арқа аруы». 

Рахиманың кербезденіп жүретіндей жөні бар. Ол Арқаға аты мәлім Уәли Халфан деген ақмолалық алпауыт байдың бұлаңдап өскен қызы еді. Сәкендей беделді, қызметіне құрметі сай мырзамен қызының тағдырының табысатынына іштей насаттанып, бұл байланысты мақұл көргені де рас. Бай-құлақты алқымнан алып жатқан Совет өкіметінің өктемдігінен арашалап қалуға құдіреті жететін шығар деген дәмесі де жоқ емес. Әйтсе де байлығына мастанып, маңғазданып қалған жалған намысқойлығы ә дегеннен иіле салуға икем бермеді ме, қызына құда түсе барғандарға «Көрерміз. Асығатын шаруа емес, Жастардың өздері білер» деп тәккаппарлана шығарып салыпты.

Әрине Уәли байдың кісімси бұл кергуі екі жастың жолын бөгеген жоқ. Бірақ олар бақытты жұп болып, ұзақ отаса алмады. Баршылықпен бұраңдап өскен бойжеткен үй тірлігіне тіпті икемсіз болып шықты. Қазан-ошақтың да орайын таба білмеді. Сәкеннің келім-кетім қонақтарына қабағын кіржитіп, кісі күте алмайтын кісікиіктігін тез байқатып алды. Кешегі сызылған мінезі сызданған кейіпке көбірек ауысатын болды. 

Қызмет бабына қарай Сәкеннің алдына келетін адам аз ба? Бұдан да кілтипан іздейтін келіншегінің шектен шыққан қызғаншақ мінезі де мезі етті. «Бөлмеңде ана әйел неге отырды? Ана келіншекпен не туралы сөйлестің?» деген секілді тергеулер мен теңеулер жүйкесін жұқартатын болды. Беттен алып, төске шапқан байдың қызының «әкемді салықтан босат, советтің сергелдеңінен аман алып қал» деген талаптары да аз болмады. 

Сері, кербез де кінәмшіл Сәкенге мұндай әйелмен жарасымды өмір сүру оңай емес еді. Оның үстіне ақын-жазушы адамның жан-дүниесі өзгеше болмай ма? Рахиманың кейбір еркелігінің өзі ерсі көріне бастаса керек. «Кешқұрым күнде далаға бірге жүр» деп қиылатын қылығынан да жалыққан сияқты. «Қашанғы оны жетектеп жүрмекпін» деп достарына шағынатыны да содан болса керек.

Ажарына ішкі базары сай келмеген келіншекпен Сәкен ақыр соңы ажырасып тынды.

Сәкен Сейфуллин 1920-1925 жылдары Совнаркомның төрағасы қызметін атқарды. Осы мекемеде бірге қызмет атқарған Әлкей Өтекин мен оның інісі Каскей Өтекин Сәкеннің үзеңгілес жолдастары еді. Ағайынды екеуі Рахимамен ажырасып, бойдақ жүрген Сәкенді өз елдеріндегі Көкеш есімді сұлумен таныстыруды ойластырады. Бұл ұсынысқа Сәкен де қарсылық етпейді. Сәкенді ауылдарына қонаққа шақырып, ебін тауып екеуін таныстырады. Көкеш (шын аты Гүлнар) те өте сымбатты ару екен. Сәкеннің жүрегін бір көргеннен дір еткізеді. Қыз да сылқым сұлу жігітке көңілі бірден құлап түседі. Бірақ Көкештің атастырылған жігіті бар екен. Бір қызығы дәл сол кезде Пейруша есімді сол жігіт атастырылған қалыңдығын алып кетуге келіп жатқан еді. Сәкен қызға «көңілің менде болса, ер соңымнан, алып кетемін» дейді. Бірақ айдай ару бірден келісе салуды ар санап, «Біраз күн күтіңіз» деп қиылады. Қыздың назынан көңілінің сазын аңғарған ақын «Жоқ, айналайын, менің күтетін уақытым жоқ. Ерсең, жүр. Болмаса, қоштасамыз» деп кесімін бір-ақ айтады. Қыз әрине көңілі құлаған жігітінен қалай айырылсын?!

Ал Перуша Сәкенмен приходская школада бірге оқыған, бұрыннан таныс-біліс жігіт еді. Орындалғалы тұрған арманының аяқ астынан астаң-кестеңі шыққанына жаны күйзелген жігіт Сәкенге жолығып: 

– Сәкен, жерлестігіміз бар, бірге оқыған таныстығымыз бар. Енді бір шүйкебасқа бола сыйластығымызға сызат түсіреміз бе? Сен сәнің де, салтанатың да, атың да, атағың да бар адамсың. Жолыңда талай ару жолығады. Мен жердің үстімен келіп, астымен қайтпайын. Қызды қалдырып кет» деп қиылады. Сәкен қалай қалауынан бас тартсын. Сонда да ерікті қыздың өзіне салып:

– Перуша, қазір уақыт өзгерді. Әйел өз теңдігін алған заман. Көкештің таңдауы білсін. Сені қаласа, қарсылығым жоқ, – деп әңгіменің ашығын айтады.

Ертеңіне бірін-бірі қалаған жұп Көкшетаудан үш жүз шақырым қашықтықта жатқан Қойтас ауылын артқа тастап, Омбыға, одан Мәскеуге жетеді. Сөйтіп Орынборға келіп орнығады. Осылайша Саңғал қыпшақтың қызы Гүлнәр-Көкеш Мусинамен жаңа өмір бастайды. Әйткенмен олардың жұбайлық өмірі көпке ұзамады. Ауылда қазақы қалыппен өскен қыз еуропалық тәртіпке түсе алмады. Кешегі бүрмелі көйлек, үкілі кәмшатпен көлбеңдеп жүрген көрікті бойжеткен жаңа ортаның еуропалық үлгісін үстіне ілгенде сымпиған сиықсыз кейіпке енді де қалды. Қала өміріне бейімделмеген, үлкен ортаның мәдениетін меңгермеген, ол аз болса оқымаған, білімсіз бойжеткеннің кемшілігі күн сайын, сәт сайын көзге ұрып тұратын еді. Ауылдан ұзап көрмеген Көкеш күйеуінің қызмет жағдайын да, өмірінің мақсат-мүддесін де түсінуге өресі жете бермеді. Қызғаныш деген қызыл ит оның да басты ауруы болды. Совнаркомның төрағасының кештетіп шығатын жиналысы бар, уақытпен санаспайтын қызметі бар. Ал Көкештің көкейінде «қай әйелмен қайда жүрдің?» деген сұрақтан өзге күдік болмайтын. Түсіністік болмаған жерде тірлік оңа ма? 

Сәкен Көкешпен ұрыс-керіссіз қоштасуды жөн санады. Бірақ онысын әйелі сезбей де қалды. Бір күні ол келіншегіне:

– Ауылыңды сағынып жүрген жоқсың ба. Бір ноғай жігіті Ақмолаға кетіп барады екен. Сол ауылыңа дейін жеткізіп салады. Қаласаң, еліңе барып қайт, – дейді.

Қаланың қапас тіршілігінен запы болып жүрген Көкеш мына ұсынысқа қуана келіседі. Ал Сәкен ноғай жігіт арқылы Гүлнәрдің Мұхамедрақым деген жездесіне: «Көкешті ауылға қайтардым. Біз шаңырақ құратын деңгейде емес екенбіз. Ғапу өтінемін» деген сыңайда хат беріп жібереді. 

Жездесі біраз күннен кейін балдызына мән-жайды жайлап түсіндіреді. Бұл әңгіме Көкешке қатты соққы болып тиеді. Есеңгіреген күй кешіп, бір ай үйден шықпай жатып алады. Бірақ Сәкеннен айрылуына себеп болған кейбір кемшілігінің орнын толтыруға талпынды ма екен, ол есін жиған соң Омбыға, одан соң Ташкентке келіп, оқуға түседі. Білім алып, біраз қызметтер атқарады. Сәкеннен кейін ешкіммен тұрмыс құрмаған Көкеш апамыз өмірінің соңғы кезеңінде Шымкентте кинотеатр директоры болды. 

Сәкен Сейфуллиннің үшінші әйелі, ақынға мәңгілік серік болған жар – Гүлбаһрам Батырбекқызы. Батырбек атақты ақын Қайып Айнабековпен ағайынды адамдар. Сәкен Совнарком төрағалығынан босап, елге келіп біраз демалады. Орынборға қайтар кезінде Қайып: «Сонда оқитын немере қарындасым бар еді, сәлемдеме беріп жіберейін, ала кетші» деп өтініш айтады. Гүлбаһрам бұл кезде Петропавлда Совпартшколда оқып жүрген. Оның бұл оқуға келуі де бөлек тарих. Гүлбаһрамның атастырылған жігіті аттан құлап, мерт болады да, оны әмеңгерлік салтымен келін ету жайлы әңгіме қозғағанда бойжеткен қыз бұл шешімге қарсы болып, оқуға тартып кетеді. Сәлемдеменің себебімен Сәкен 17 жасар Гүлбаһраммен танысады. Бұл кезде ақын 31 жаста еді. Алғашқы таныстықта-ақ Сәкен қызға «менің бір қолжазбаларым бар, соны көшіруге көмектессең қайтеді?» деп қолқа салады. Бұл — Гүлбаһрамның өз ағасы Қайып Айнабековтің баспаға тапсыратын өлеңдер жинағы болатын. Тапсырманы тап-тұйнақтай орындаған қыздың сауаттылығына, алғырлығына, батылдығымен қоса ақжарқын мінезіне тәнті болады. Сәкен бойжеткенге: «Қарағым, сен біздің Қызылордаға (ол кезде астана Қызылордаға ауысқан) барып оқысаңшы. Осындай Совпартшкола ол жақта да бар, – деген ұсынысын да білдіреді. Бұл ұсынысты бірден құп алмағанымен Гүлбаһрам екеуінің арасын хаттар жалғап тұрады. Бір күні «Еңбекші қазақ» газетінде Гүлбаһрамға арнаған өлеңі жарқ етіп жарық көреді. 

«Елден келдің қалаға қалаға, Оқу іздеп, шырағым. Жүрмегейсің ұмытып, Ауылдың алыс-жырағын», -- деп басталатын сегіз шумақтан тұратын осы бір өлең олардың тағдырының табысуына сеп болғандай. Гүлбаһрам Қызылордаға барып, екеуі бас қосады.

Әрине, бірін-бірі сүйіп қосылған екеуінің арасына жік салған жағдайлар да кездесіпті. Көрікті де кербез жігіттің жолын аңдып, мойнына өзі келіп асылып, араға сөз аралатқан Ғалия есімді біреудің қылығына ашынған Гүлбаһрам апамыз әй-шәйға қарамай құндақтағы Лаурасын көтеріп, Москваға тартып кетеді. Ол жақта Қызыл профессура институтында оқып жүрген Сәбит Мұқановтың пәтеріне жетіп, барған бойда Орталық партия комитеті жанындағы стенография курсына оқуға түсіп алады. Сәкен бастапқыда қатты күйінгенмен: «Гүлбаһрам, сенің оқуға түскенің абырой болды. Әйтпесе әйелі Сәкенді тастап кетіпті» деген сөзге қалар едім. Қадамыңды құптаймын. Мүмкіндігің болса, келіп те қайтарсың?» деген хат жазады. Өкпе-назы тарқамаған Гүлбаһрам қайдан бірден келе қойсын. Арада қыс пен жаз өтеді. Бір күні құлағына «Сәкен үйленгелі жатыр екен» деген қауесет жетеді. Осы сөзді естігенде оқуын да, бәрін тастап, Алматы қайдасың деп кері қайтады. Бірақ әйелдік тәккаппарлығы жібермеді ме, бірден өз үйіне бармай, Абдолла Асылбеков деген азаматтың үйіне түседі. Ертеңіне Абдолланың жұбайы Банудың қолқалауымен опера театрына концертке барады. Алматы ол кезде шағын ғана қала. Гүлбаһрамның келгенінен хабардар болған Сәкен келіншегін іздеп барып, кешірім сұрап, «Бір ашуыңды қи енді» дегенде, апамыз артық сөзге келмей, жұбайының мойнына асыла кетіпті. 

Өкініштісі зарығып жеткен Лаурасы 3 жасында ауырып, қайтыс болды. Ал Сәкен ұсталардан бір жыл бұрын өмірге келген Аяны Гүлбаһрам жер ауып бара жатқанда поезд үстінде шетінеп кетеді. Ұлынан айрылатынын Сәкен түсінде көрген екен. 

1938 жылдың ақпанында Гүлбаһрам күйеуін соңғы рет түрмеде көргенін былай суреттейді: «Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді… Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен ғой…Тіпті, дұрыстап сөйлесе алмадық. Орысша сөйлесіңдер деп жан алып тұрғанда не айтып, не қоярсың? Сөздің бір ретінде «Аянды неге сұрамайсың?» дегенімде, ұйқыдан шошып оянған адамдай:

– Ол тірі ме еді? – деп қарсы сауал қойды.

– Қой қайдағыны айтпа, асыр салып ойнап жүр, мұнда жібермейді екен, үйде қалды. Ондай жамандықты қайдан естіп жүрсің! Аман, қам жеме, өзіңнің ақталып шығуыңды күтеміз, – дедім.

– Әрине, солай ғой. Бір жаман түс көріп едім, тілім де, түсім де қара тасқа!» –деп бір түкірді. Дауысы бұрынғыдай ашық естілмей, кетік тістен шыққандай ысыл араласып тұрды. «Адалмын, тазамын, ақталамын» деп анау естісін деп құшырлана айтты…»

Бірақ ол тас түрмеден ақталып шыға алмады. Тағдыр оны жары Гүлбаһраммен қайта жүздесуге жазбады. Ол көп ұзамай НКВД-ның қабырғасында жазықсыз атылды.

Қызы мен ұлынан да, Сәкенінен де айрылған Гүлбаһрам апамыз тағдырдың ащы таяғын жей жүріп, жаланың құрбаны болған жарын ақтап алу үшін талай есікті тоздырды. С. Сейфуллин арада 20 жыл өткен соң, яғни 1957 жылы қуғын –сүргін құрбандарының алғашқысы болып ақталды. 

29 жасында жесір қалған Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина 12 жыл отасқан аяулы жарына деген асыл махаббатына дақ түсірмей, сол күйі тұрмыс құрмады. Бауыры Бозтайдан қалған үш қыз бен немере інісі Ерікті бауырына басып, өсіріп, ел қатарына қосты. Соғыс қарсаңында Қаскелеңдегі «Қайрат» артелінде тігінші болып жүргенде ауруға шалдығып, 2-дәрежелі мүгедектікке шығады. 

Ол бар ғұмырын Сәкеннің артында қалған мұраларын жинақтауға арнап, қазақтың ұлы тұлғасымен өткен өмірін көкірегінде тәтті сағынышпен құндақтап, 1973 жылы 65 жасында мына фәни дүниенің есігін жапты.

Әрине Сәкен сүйген, Сәкенді сүйген сұлулар әңгімемізге арқау болған арулармен шектеледі десек, ақиқатты бүркемелегендік болар еді. Келбетіне сән-салтанаты сай ақынның бойдақ кезінде қанша арудың арманы болғанын дөп басып айта алмаспыз. Әйткенмен сәкентанушыТұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен сүйген сұлулар» кітабында Гүлшаһра (Гүлия) Досымбекова, Қабиба сұлу, Үміт (Үмила), Нина Мокина, Меруерт деген арулардың есімдері кездеседі. Тіпті орыстың әйгілі жазушы-революционері Галина Серебрякова Сәкенді алғаш көргенде оның сымбат-сұлулығына сұқтанғаны сондай, көз айыра алмай аңырып тұрып қалған деседі.

Сәкен Сейфуллиннің «Мен келем тау ішінде түнделетіп» деп басталатын өлеңі Сәния атты бойжеткенге арналған көрінеді.

Революционер ақын 1920 жылы Колчак түрмесінен қашып шығып, Сарыадырдағы нағашысына жетер жолда жолыққан Сәулім деген сұлуды «Тар жол, тайғақ кешу» романында ғажап суреттейді. Ақынның «Біздің жақта» деген өлеңі сол қызға арналған екен.

Бойдақ кезінде қаракесек руынан шыққан Гүлбадан деген қызбен сөз байласып, үйленбек болғандарында қыздың ағалары жолдарын бөгеп, алып қалыпты деген әңгіменің шетін де Тұрсынбек ағамыздың айтқандарынан аңдаймыз.
Мың сұлудың арманы болған Сәкенге тағдыр айнымас жан жары етіп Гүлбаһрам анамызды жолықтырыпты. Сәкен оның жүрегінде мәңгі муза болып қалды.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 12 Май 2017 06:39

Нобель неге үйленбеген?

Адамзат тарихында өз есімін өсиетімен өрнектеп кеткен осынау ерек тұлғаның жеке өмірі мен тағдыры қалай өрілді? Жұмыр басты әр пенденің басынан өтетін ғашықтық ғаламаты мен махаббат машаһаты ұлы адамның жүрегінде қандай із қалдырды?

ghasyqtyq

Французша махаббат

Ол орта бойлы, ашаң жүзді, қою қоңыр шашты, сымбатты жігіт болды. Сәнмен қойылған сақал-мұрты мен көзіне үнемі тағып жүретін қара баулы пенснесі де әдемі келбетіне ерекше рең беріп тұратын. Осындай көрік -келбетіне, ақыл-парасатына қарамастан Альфред Нобельдің әйелден жолы бола қоймады. Ол өмір бойы үйленген жоқ, баласы да болмады. Бір басын екеу етіп, жұбайлық жұп құруына не кедергі болды? Ол бар ғұмырын тынымсыз еңбекке, ізденіске арнады. Әлде осындай жұмысбастылығы бағын байлады ма екен? Әлде шатақтау, тіпті кейде төзгісіз мінезі тағдырына тосқауыл болды ма? Әрине аты аңызға айналған адамның өмір тарихында біз біле бермейтін құпия, жұмбақ жағдайлар аз емес. Әйтсе де, махаббат мәселесінде Нобельдің басынан сан қилы тарих өткені ақиқат.

Альфредтің алғашқы махаббаты оның жүрегіне ауыр жара салып кетті. Ол жан-тәнімен ғашық болған әдемі де сүйкімді ару дәріхана қызметкері еді. Алайда ауыр науқасқа шалдығып аяқ астынан қайтыс болған жап-жас сұлу швед қыздың қайғысы Нобельді есеңгіретіп жіберді. Осы бір оқыс оқиға оның жүрегіне жазылмас жара салғандай Нобель жиырма жылға жуық әйел затына деген сезімін оята алмады.

Арада өткен «өлі» тыныштықтың тұзағын Париж театры сахнасындағы сол бір күнгі сұлулық сиқыры үзіп, шер боп қатқан жүректі селт еткізген еді. «Комеди франсез» спектаклінің премьерасында даңқыменен дүрілдеген актриса Сара Бернардың талантына шын ықыласымен табынып, сахнаның сыртында оған гүл шоғын ұсына тұрып, оңаша отырып сырласу үшін ғаламат бір ресторанға шақырған. Содан кейінгі жиі-жиі жүздесулер, өзара әсерлі әңгімелер екеуінің арасын бірте-бірте жақындастыра түскен еді. Тіпті Сараның өзге біреуден кездейсоқ байланысып туған ұлы да бұларға кедергі келтірмегендей. Бірақ бұл байланыс қос жүректі жандырған шынайы махаббат па, жоқ бір-біріне бауыр басқан жақындық па, оны өзі де анық ажырата алмаған секілді. «Маған ошағымның басын жылылықпен тербеп, құстың ұясындай ұйытып отыратын әйел керек. Ал ұлы актриса ондай ерлікке бара ала ма?» Оның ішкі дауысы осылай деп үн қатқан. Нобель бұл сұраққа шешім таба алмай жүргенде Сара Солтүстік Америкаға үш айлық турнеге аттанып кетті. Бала күнінен анасына жақын өскен, қайсыбір қиын сәтте де онымен ақылдасып отыратын Альфред Швециядағы шешесіне хат жазып, кеңес беруін өтінген. Жауабын ұзақ күтті. Анасы да аз ойланбаса керек, бір күні зарықтырған хат та жетті. «Балам, сенің қандай көңіл -күйде жүргеніңді аналық жүрегіммен сезіп отырмын,– деп бастапты анасы. – Ол өзінің ғаламат талантымен мені өткен жылы біздің театрдағы қойылымда таң қалдырған... Егер саған сахнаның «құдайы» қажет болса – сен оны қолыңа түсіре аласың. Мен білемін, Францияда әйел үшін құрбандыққа барған адамға мүсіркеушілікпен қарайды. Ал оның кейіпкері (әйел) мұны мақтан көреді. Сенің еліңде, ұлым менің, ол еркекті есерсоққа балайды. Шведтерден үлгі ал...Эльф! (анасы оны осылай атайтын) Актерлардың тұлғасы оның сахнада сомдаған барлық ролдерінің жиынтығынан құралады. Ал ол тұлғаның болмысында қандай да бір тайғанақтық, тұрақсыздық тұнады, сондықтан оны кез келген қалыпқа салуға болады. Ертеде актерларды өзге жұртпен қатар зиратта жерлеуге рұқсат етпегені бекер деймісің?! Оларда жан, сезім болмайды, балам!» 

Альфред анасының ақылынан аттап кете алмады. Отбасындағы жанжалды да қаламады. Есін алған актрисамен арасы үнсіз үзіліп, сезімнің ауылы алшақтай берді..Бірақ олардың арасын сыйластық пен қимастық қабысқан хаттар жалғап тұрды.

 

Баронесса Берта

Өз кезінің іскер, «өзгеше» танымалдыларымен салыстырғанда Нобель мүлде бөлек адам еді. Ол ешқашан темекі шеккен емес, ішімдіктен аулақ болды, карта, өзге де құмар ойындарға жоламайтын. Шыққан тегі швед болғанымен оны еуропалық ортаның космополиті деуге болатын еді. Ол француз, неміс, ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгерген, өз ана тіліндей кібіртіксіз көсілетін. Коммерциялық және өнеркәсіптік қыруар жұмысы оның әдебиетке деген құштарлығына да көлеңке түсірген емес. Ол мың сан шаруаның шаужайынан ұстай жүріп ғаламат ірі кітапхана жасақтауға да мұқият көңіл бөле білді. Дарвиннің зволюциялық ілімін жақтаушы ағылшын философы Герберт Спенсердің еңбектерін, Вольтердің, Шекспирдің шығармаларын сүйетін. Нобель бәрінен де француз әдебиетін ерекше бағалайтын, ол романист әрі ақын Виктор Гюгоның, қысқа әңгімелердің шебері Ги де Мопассанның, көрнекті романист Онеро де Бальзак пен Эмиль Золяның , ақын Альфонс Ламартиннің жазғандарын бас алмай оқитын. Оған орыс жазушысы Иван Тургеневтің туындылары ерекше әсер қалдыратын. Тоғыз жасынан 17 жасына дейін Ресейде есейген, кейіннен байлығының басы осы жерде құралған Нобель үшін де, оның отбасы үшін де олардың өміріндегі бұл елдің орны ерекше. Альфред кезінде «Ресей менің екінші отаным» деп текке айтқан жоқ, Өйткені Шведцияда шаруасы шатқаяқтап, күн көрісі қиындаған Эммануэл (Альфредтің әкесі) Санк-Петербургке отбасын көшіріп әкеліп, Альфред сауатын осы елде ашты. Ол орыстың атақты химигі Зининнен үйде жеке сабақ алды. Оның химия саласындағы білімінің түп қазығын осы ғұлама ғалым бекіткенін Нобель мақтанышпен айтып өтті. Ал 1879 жылы Эмануэлдің үш ұлы – Альберт, Роберт, Людвиг Бакуде «Ағайынды Нобельдердің мұнай өндірісі серіктестігін» (қысқаша «Бранобель») құрып, осы арқылы қаржы магнатына айналған. Сөз реті келгенде Нобельдер отбасы мұнай өндірісінен тапқан байлығы үшін Қазақстанға да елеулі дәрежеде қарыздар екенін, олардың тағдырының қазақ жерімен де тығыз байланысты болғанын айта кету керек, Өйткені «Бранобель» Батыс Қазақстандағы Ембі мұнай кенін де назарден тыс қалдырмай, отбасылық бизнесінің бір тармағына айналдырған еді. Әрине бұл кезде ағайынды үш Нобель мен олардың әкесі Эммануэл өмірден қайтқан-тұғын. «Бранобельдің» басында 1888-1917 жылдары Людвигтің баласы, атасымен аттас Эммануэл қалды. 

Өзін космополит-бизнесмен санаған Альфред: «Мен қай жерде жұмыс жүргізсем, сол жер менің Отаным, ал мен барлық жерде жұмыс істедім» деген екен. Ендеше Нобельдің есімі мен оның артында қалған байлығында Қазақстанның да елеулі үлесі бар. Бірақ, әттең, оның атындағы сыйлыққа біздің елден әлі күнге бір адамның ілікпей келе жатқаны өкінтеді.

Альберт Нобель дүниеден өтетін 1896 жылы әлемнің әртүрлі елінде оның 65,5 мың тоннаға жуық жарылғыш зат шығаратын 93 кәсіпорны болыпты. Ол өзінің жеке байлығындағы 33 млн швед кронының 31 млн-ын Нобель атындағы сыйлық қорына қалдырып кетті. Кім біледі, егер оның әйел, бала-шағасы, артында өмірін жалғастыратын ұрпағы болғанда ол бұл байлығын бүкіл әлемнің игілігіне тапсырар ма еді, әлем Нобель деген есімді, оның атындағы сыйлықты білер ме еді?.. 

Әйелден жолы болмаған ұлы тұлғаның тағдырын түрлі бұралаңға салған бикештер оның өмірінде түпкілікті тұрақ тауып қала алмады. Адамзат тарихында аты мәңгілік өшпейтін жасампаз жан тіршіліктегі жалғыздығы мен жан азабын өзі ғана сезген болар. Солай бола тұра ол жұмысқа жан-тәнімен берілген бейнеткеш еді. Нобель химиялық жеке зертханасында ғылыми жұмыстарын жүргізумен бірге өзінің өнеркәсіп империясының дүниенің төрт бұрышында бытырап жатқан түрлі компанияларын бір орталықтан басқарып отырды. Өнертапқыштық, коммерциялық тірліктерін былай қойғанда есеп-қисап жүргізу, қисапсыз корреспонденция, іскерлік қатынас қағаздар жазып,тіркеп отыру секілді сансыз шаруаға қаншама уақытын сарп ететін. Дәл осындай жұмысбастылық жағдайында тағы бір әйел оның жүрегін «тұсады».

Нобель қызмет орнына іс жүргізуші әр хатшы іздеп, австриялық газеттердің біріне: «Парижде тұратын қалталы әрі өте білімді егделеу сері (41 жаста) бірнеше тілді меңгерген, кез келген жастағы бикені іс жүргізуші әрі хатшы қызметіне шақырады» деген хабарландыру береді. Жарнамалық хабарға жауап берушілердің бірі 33 жастағы Берта Кенски болды. Графиня Берта австриялық фельдмаршалдың қызы еді. Әкесі қайтыс болған соң парасатсыз шешесі бар байлығын ойынханаларда ұтқызып, отбасы көк тиынсыз қалады. Осындай жағдайдан соң күнкөрістің қамымен Берта Венадағы фон Зуттердің үйінде губернантка болып істеуге мәжбүр болады. Алайда үй ханшасы ұлы Артурдың қызметші қызбен өзара байланысын сезіп қойып, Бертаны босағасынан қуып шығады. Дәл осы кездері газетте шыққан хабарландыруды оқыған Берта Парижге жол тартып, әңгімелесу сынағына қатысады. Білімді, ақылды, саясатқа да, өнер мен ғылымға да аса зерек әрі сұлу ару Альбертке ә дегеннен-ақ ұнайды. «Неткен биіктік!» деп тамсанады ол іштей. Бертадан тамаша қызметкер шығатынына күмән жоқ еді, бірақ Нобельдің оған деген ойы мүлдем басқа арнаға бұрылып жүре берді. Қыздың жұмыс кестесіне күнде екі мәселе ғана енді – Нобельмен Булонск бульварында серуендеу және бірге тамақтану. Бикеш өзіне «жүктелген» мұндай кәсіби өзгеше міндетке аса таңқалған жоқ, қарсылық та білдірмеді. Нобель мұны жақсылықтың белгісіне балаған. Ол жағдайды асықтырмай, араларындағы байланыс үйлесіммен, үлбіреген гүлдей боп жетілгенін жөн санаған. Сондай бір ғажайып күндердің бірінде Берта бір жапырақ қағазға «Нобель мырза, мені кешіріңіз. Мен Венаға, ғашығыма кеттім. Сізге бақыт тілейтінімдей маған да бақыт тілеңізші. Сізді шынайы құрметтейтін Берта Кенски» деген жазу қалдырып, ізім-қайым жоқ болды.

Ғашығы Артурмен қосылған Берта фон Зуттердің тағдыры тіпті ерекше. Ол тоғыз жыл күйеуімен бірге Грузияда тұрып, ерлі-зайыпты екеуі журналист ретінде орыс-түрік соғысының куәсі болды, осы қантөгіс майданның оқиғаларын газеттерде жариялап тұрды. Венаға қайтып оралған соң Берта бейбітшілікті жақтаушылар қозғалысына қатысып, осы жолдағы күрестің басты тұлғасына айналды. Ол бейбітшілікке үндеген көптеген кітаптар жазды, соның бірі – «Жойылсын қару» романы.
Күрескер әйел кейінірек Нобельмен қайта кездесіп, оның өмірінің соңына дейін достық байланысын үзген жоқ. Альфред тіпті Берта басқаратын қозғалысты қуаттап, оған қаржылық қолдау жасап та тұрды. Берта фон Зуттер «Жойылсын қару» романы мен бейбітшілік жолындағы еңбегі үшін 1905 жылы Нобель сыйлығына ие болды. Жалпы ғылыммен қатар бейбітшілікті нығайтуға үлес қосқан қайраткерлерге берілетін сыйлықты Нобель дәл осы Берта фон Зуттер үшін белгілеген деген де болжам бар.

 

«Мадам» Софи

Баронесса Бертадай бекзат әйелден кейін Альфред ешкімге ғашық бола алмаспын деп ойлаған. Себебі одан биік, одан асқақ аруды жолықтыру мүмкін емес деп түйген. Бірақ өмірдің қайшылығын қайтерсіз, сондай талғам-таразысына қарамастан ол өзіне мүлдем тең келмейтін бойжеткенмен тағдырын тағы байланыстырды. Нобель қайтыс болғаннан кейін 16 жылдан соң жазылған Бернард Шоудың атақты «Пигмалионе» комедиясы тура осы махаббат машақатына арналған.

...Қаншалықты жігерлі, жалынды болғанымен Альфред Нобельдің денсаулығы бала күнінен әлсіз еді.Ол минералды бұлақтардың суымен емдейтін курорттарға жиі баратын. 20 жастағы гүл сатушы Софи Гессті дәл осылай емделіп жерген кезінде Венаның жанындағы Баден-бай-Вин шипажайында гүл дүкенінде кездестірген. Бұл кезде Альфред 43 жаста еді. Кедей отбасынан шыққан австриялық еврей бойжеткен оны сыртқы сымбатымен арбап алды ма екен, кім білсін?! Көргеннен көңілі ауған сұлуды Нобель Францияға алып келіп, оған Париждің қақ ортасынан керемет пәтер сатып әперді. Қарабайыр тәрбиеде өскен қыздың тезірек тіл үйреніп, француздық мадамның мәнеріне машықтануы үшін француз тілі оқытушысын да жалдады. Әйткенмен білімі тайыз, жалқау, топастау қыздан нағыз француз ханшасын жасауға талпынған Нобельдің әрекеттерінен түк шықпады. Есесіне ол Альфредтің мәрттігін пайдаланып, ақшаны оңды-солды шашуға шеберленіп алды. Қымбат әшекейге, бағалы киімге малынды, күтуші ұстап, кергіп жүретін болды. Қалаған затын алып, тіпті қарызға батса, оны Альфредке төлетіп, оңай өмірдің олжасына кенелді. Тіпті Нобель онымен нақты некеге тұрмаса да өзін «мадам Нобель» деп таныстырудан тартынбады. Бәрінен де оның «мадам Нобель» деп қол қойып, Берта фон Зуттерге хат жазып жібергені Альфредті қатты ашындырды. Өйткені осыдан соң Бертадан Альфредке үйленгенімен құттықтаған хат келген еді. Ессіз қыздың «еркелігі» мен есерсоқтығынан шаршаған Альфред оған қыруар қаржы бөліп, Австрияға аттандырады. Әйткенмен өмірінің соңғы 19 жылын осы әпербақан әйелмен байланыстырған белгісіз сезімнің соңын хаттар жалғап тұрды. Күндердің күнінде, яғни 1891 жылы Софи өзінің әлдебір венгерлік офицерден жүкті екендігін, ал оның мұны тастап кеткенін айтып, мұңын шағып хат жазады. Нобель Софидің атына 150 мың австриялық флорин аударып, осымен оған жасаған қамқорлығы шектелген шығар деп ойлайды. Бірақ Софидің құлқыны мұнымен құрғамаған еді. Ол Нобель қайтыс болғаннан кейін де оның соңында қалған қаржысынан үлес талап етіп, «егер менің талабымды орындамасаңдар, мен Альфредтің маған сезімін ашық жазған хаттарын жария етемін» деген қоқан-лоққы жасайды. Атақты ғалымның репутациясына дақ түсірмеуді ойлаған Нобельдің өсиетін орындаушылар оның талабына көніп, Софиден Альфредтің 216 хатын 12 мың флорин қаржыға сатып алуға мәжбүр болады. Әрине бұл қаражат Нобель қорының есебінен алынған еді. Ғалымдардың «егер дүниеқоңыз сол әйел болмағанда ғылымның еншісіне бұдан да қомақты қаржы қалатын еді» деп қалжыңдайтыны да содан.

Нобель сыйлығынан математиктердің құралақан қалғанын да атақты ғалымның махаббат машақатымен байланыстыратындар бар. Бәлкім аңыз, бәлкім ақиқат болар, Альфред Нобель мен шведтік математик М. Г. Миттаг-Леффлер екеуі бір қызға ғашық болып, сұлу бойжеткен жастау математикті қалаған деседі. Осыған қатты қапа болған «динамит королі» бүкіл математиктерді сыйлықтан қағып, жазалапты-мыс.

Ал басқа бір жазбаларда Альфредтің жүрегін жаулаған Анна есімді датчандық аруды математик ғалым Франц Лумарж иеленіп кеткен деген де әңгіме бар. Әрине бұл болжамдардың қаншалықты қисынды-қисынсызын тарихтың еншісіне қалдырайық. Бірақ шындығы сол – талант та, ақыл мен парасат та, байлық та, түр-сымбат та бір басынан табылған осынау аңыз адамның өзі махаббат атты ұлы сезімнің алдында дәрменсіз болды. Жалғыздық – оның тағдырына жазылған қасіреті еді.Ол Жерорта теңізінің жағасындағы өзі ерекше жақсы көрген Сан-Ремодағы вилласында 1896 жылы 10 желтоқсанның түнінде миына қан кетіп қайтыс болды. Демі таусылар соңғы сәтте оның қасында жақын адамдарынан ешкім болған жоқ. Швед тілін білмейтін итальяндық қызметші Нобельдің соңғы сөзін түсінбей де қалды.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 31 Март 2017 06:52

Наполеонның неше әйелi болған?

Бүкіл Францияны уысында ұстаған Наполеон Бонапарт қанша қаһарлы, айлалы, айбатты болғанымен, әйел затының алдында тым дәрменсіз еді. Әскери қызметті кіші лейтенант шенінен бастаған ол түрлі кезеңнен өтіп, император тағына көтерілгенде де, әйелге деген әлсіздігінен арыла алған жоқ. Сұлу сылқымдарға көңілі ауғанда Бонапарт бар дүниені ұмытып кететін. Ол, тіпті, мұндай кезде алдында тұрған асқақ жоспарлары мен қыруар шаруасын да ысырып қоюға бейіл еді. Көздеген көркемдерінің көңілін табу үшін миллиардтарды да мұң көрмей, ақшаны оңды-солды шашып, ғашықтық хаттарды майын тамыза жазатын.

Мұның мойнына өзі асылған Тюрро ханым болмаса (ол халық өкілі Конвенттің жас әйелі еді. авт.), өзге бикештер бойы аласа, өзі арық, өңі солғын, жүдеу киінетін бұл офицерге, тіпті, назар да салмайтын. Бірақ, бірде, Марселде ағасы Жозефтің балдызы, он алты жасар әп-әдемі Дезире-Евгения-Клараға көңілі ауып, үйленуге уәде береді. Қыз да бұл ұсынысқа қарсы болмаған. Әйткенмен, Парижге келгесін үлкен қаладағы үлбіреген бойжеткендердің бірінен соң біріне есі кетіп, жүрісінен жаңылды. Алдымен Пермон ханымға жүрегін ұсынды, одан соң де-ла Бушарди бикештің бағына қонғысы келді. Артынша де-Богарне сылқымның соңына түсті. Бонапарттың тұрақсыз сезіміне қатты ашынған Дезире оған ащы назалығын білдірген. Наполеон өзінің уәдесін бұзғаны үшін бұл арудың алдында өзін өмір бойы кінәлі санап, тіпті айыбын ақтау үшін император болған кезінде оның күйеуін империя маршалы етіп тағайындады.

Бонапарт Наполеонның нағыз махаббат машақаты Жозефинамен жүздескеннен кейін басталды. Он алты жасында виконт Богарнемен бас қосқан Жозефинаны көп ұзамай күйеуі тастап кетті. Басы бос, бойдақ келіншек бұл мүмкіндікті пайдаланып, өмірін саяхатпен өткізуге көшті. Тек революция күндерінде ғана күйеуімен қайта табысты. Бірақ, террор кезінде Богарне өлім жазасына кесіліп, Жозефина абақтыға жабылды. Ол түрмеден жетегіне екі баласын ертіп, отыз жасқа келгенде бір-ақ шықты.

Бонапарт париждіктердің қолда бар қаруларын өткізуге бұйрық шығарды. Осыдан кейін бір жолы оның штаб-пәтеріне жасөспірім бала келіп, әкесінің қылышын естелік ретінде өзінде қалдыруды өтініп сұранды. Наполеон оған рұқсат берді. Генералдың бұл мейірімділігіне алғысын айту үшін артынша оның анасы да бой көрсеткен. Нәзік, сұлу, сымбатты әйелмен бетпе-бет келген сол сәтте-ақ оның жүрегін белгісіз бір сезім шым еткізді. Арада аз күн өткенде Бонапарт виконтесса ханымды өзі іздеп барды.

Жозефина қарапайым ғана тұрады екен. Бірақ, жас генералдың бар назары шашы иығына толқындана төгілген, үлбіреген аққұба жүзінде қызғылт рең ойнаған, ұзын, қою кірпіктерін қағып-қағып қалғанда ұялы жанарынан ұшқын ойнаған, әдемі кішірек мұрыны мен сүйкімді бет пішіні өзіне жараса қалған, сиқырлы жымиысы жанды арбаған мына кербез әйелден өзге ештеңеге ауған жоқ. Қолмен құйғандай сымбатты, түп түзу денесі еркіндікпен, еркелікпен ырғала қозғалатындай. Осы әсемдік оны осында айналсоқтатып әкеле берген. Қылықты, қызуқанды, өзіне еріксіз ынтықтырып тұратын әккі әйел оны ес-түссіз еліктіріп, тағатсыз күйге салды. Бонапарт ғашықтықтың дертіне шалынды. Өзіне тұрмысқа шығуын сұрап, Жозефинаға жата кеп жалынды. Әйел келісімін берді. Шынын айтқанда, ол бұл қадамнан ұтпаса ұтылмайтынын білді. Жүрегін ұсынған жігіт жас, жігерлі, болашақта жоғары өрлей алатын қабілеті де бар.

1796 жылы 9 наурызда олардың үйлену тойы өтті. Тіркеу қағазына жігіттің жасы 28-де, ал қалыңдық 29-да деп жазылды. Ал шынтуайтына келгенде, Бонапарт 26-да, ал Жозефина 32-де еді. Үйленгеннен кейін екі күн өткен соң генерал Бонапарт Италия армиясына аттанды, ал жаңа қосылған жары Парижде қалды. Бірақ Наполеон әр почта стансасынан ғашығына үздіккен хаттарын үздіксіз жолдап: «Егер ертерек келмесең, мені сырқат күйде табасың», «Сен келесің ғой, жаным, айтшы» деумен болды. Әйткенмен, жорықтағы өмір Жозефинаны мүлде қызықтырған жоқ. Керісінше Париждегі көңілді күндер, мерекелік мезеттер оның көңілін басқа жаққа алаңдата қоймады. Наполеонның «кел» деп өтінгеніне де, жалынғанына да, бұйырғанына да былқ етпеді. Күйеуінің көкірегін қызғаныш, ынтызарлық, мазасыздық биледі. Ал Жозефина оның соңынан салпақтамас үшін «аяғым ауыр» деп жалған жауап қайтарып, көңілін жайлағандай еді. Әйткенмен, күйеуінің күйіп-жанған сезімін мұнымен баса алмаған ол амалсыз жолға шықты. Бонапарт оны Миланда күтіп алды. Екі күнге ғана мұрсат алып келген генерал үшін осы аз ғана уақыт бақыттан басы айналғандай сәттер болды. Ал оның армиясы бұл кезде күйреудің қауіпті қадамында тұрған еді. Зарығып жеткен кездесуден кейін араны тағы да сағыныш арқалаған хаттар легі жалғап жатты. Жиырма алты жасар жігіттің желік жеңген ынтызар көңілі әккі әйелді әлекке салды. Тіпті, оның тағатсыз талабы Жозефинаны жалықтыра бастады. Бірақ, сұлу ханым шалқып өмір сүріп жатты, ақшаны оңды-солды жұмсады.

Қырықтың қырқасына шықса да, қылықты келіншектің бетінің қызылы қайта қоймаған. Бонапарт үшін ол әлі де уылжып тұрғандай көрінетін. Египетке сапар шегер алдында Наполеон әйелімен уағдаласып алды. Ол елді қалай жаулап алады, солай әйелі де соңынан жетуі тиіс. Армияда еркекше киініп алып күйеулерінің соңынан келген офицерлердің әйелдері аз емес. Бірақ, Жозефинаның ондай ерлікке бармайтынына көзі жеткен Бонапарттың ыстық-суығы басыла бастады. Ол, тіпті, әйелімен ажырасуға шешім қабылдап, өзгеше қызықтан өзін қақпауға бекінді. Бұл ой оған жұмыртқадай жұтынған әппақ, жап-жас Маргарита Полина Белильге көзі түскенде келген. Ол ат егерлері полкінің лейтенанты Фуренің әйелі еді. Жас сұлуға қымбат сыйлықтар, жүрегін ұсынған хаттар жолдай жүріп, кездесуге иліктірген. Лейтенантты тапсырмамен аяқ астынан Италияға аттандырып жіберіп, Белильмен оңаша қалудың оңтайлы сәтін тапқан Бонапарт күйеуі келгенше оған бөлек үй дайындатып та үлгерді. Намыс пен ашуға булыққан Фуре келе сала әйелімен ажырасты. Лейтенантты Сирияға ауыстырып жіберген соң Бонапарт Белилот (енді оны осылай атады. авт.) ханымды ашықтан ашық нақсүйеріне айналдырып алды. Тіпті, ол бала туып берсе, Жозефинамен ажырасып, оған үйленбек те болған, алайда көңілдесінен ондай «сыйлық» болмады. Әскери жорығы Сирияға жалғасып, одан Парижге оралғанда Наполеон Жозефинамен айырылысуға берік бекініп келген. Күйеуінің күн санап өсіп бара жатқан мәртебесін білетін әйелі одан ажырамаудың бар амалын жасап, тәулік бойы оның есігінің алдында көз жасын көлдетіп отырып алды. Тіпті, болмаған соң қасына балаларын қосып алып, мүсәпір күйге түскенде Бонапарт қалай райынан қайтқанын өзі де білмей қалды. Бірақ, ол Белилотты да жерге қаратқан жоқ, ақшамен аптап, жеке үй әперіп, тіпті, өзі таңдап күйеуге де берді. 

Грассинидің дауысын тұңғыш рет Бонапарт Миланда жүргенінде естіген. 27 жастағы осы әнші арқылы ол вокалды музыкаға ғашық болған еді. Әйелдік әрінен гөрі талантына тәнті болған Францияның бірінші консулы онымен махаббат қызығын бөлісе жүріп, әншіні Келісім мерекесінде өнер көрсетуге де шақырды. Грассини Бонапартпен байланысын ашық білдіруге, сол арқылы өзінің есімі мен талантына назар аудартуға асық болды. Әйткенмен, Наполеон оның қоғамда көзге түсе бермесі үшін оған оңаша үй сайлап, содан шықпауын бұйырған. Қамаудағы мұндай көңілсіз өмірге қанағаттанбаған әнші әйел скрипкашы Роданы сүйіктісіне айналдырып алды. Мұны білген консул онымен атқұйрығын кесісіп тынды. Бірақ, кейін император кезінде бұрынғы көңілдесін Парижге шақырып, оған сыйлық пен зейнетақы тағайындауға бұйрық берді.

1803 жылы Бірінші консул өзі тұратын Мальмезонға итальян әртістерін шақырып, «Дорина түні» спектаклін көрсетуді сұрады. Жозефина бұл кезде бедеуліктен емделу үшін Пломбьер курортына кеткен болатын. Сүйкімді, жап-жас актриса Луиза Роландо Бонапарттың сезіміне шоқ салып, желігін тағы оятты. Ару әртіс те жалынын жасырған жоқ. Бірақ, екеуінің «ертегі сәттері» ұзаққа бармады. Курорттан ерте оралған Жозефинаның жанжалы бал шырын күндерінің шырқын бұзды. Әйткенмен, Грассини мен Луиза Наполеонның әртістерге деген тәбетін ашып кетті.

Арада алты ай өтпей жатып оның жүрегі мадмуазель Жоржға (шын аты-жөні – Веймер) тұсалды. Бұл актрисаның сұлулығы – салынған суретпен тең еді. Ғашығы туралы ол кейініректе : «Ол консул емес, сезімнің құрбаны еді. Оның сөзінің, әрекетінің ынтызарлығы сондай, сол күйге мені де еріксіз көшіретін. Ол мені тұтқынына түсіру үшін, тіпті, бала болып кететін» деп еске алған екен. Ал Александр Дюманың «Наполеон сізбен неге қоштасты?» дегеніне комедиялық актриса «Император болу үшін» депті тәккаппарлықпен.

Наполеонның құдіреті артқан сайын оған табынушылар, тіпті, көбейді. Ол ғашықтық қызықтарды енді өзі іздемейді, ондай қызықтар мұны іздейді. Франция билеушісінің назарын аудару үшін сарайдың статс-ханымы Водей де аз қылық танытқан жоқ. Сыртқы сымбатына ақылы сай, соған қоса керемет ән салатын, сөз өнеріне де жүйрік сұлу императорды өзіне иліктіріп алған соң қыруар қарызын төлетуге мүмкіндік тапты. Бірақ, мұндай тым қымбат ләззаттан Наполеон көп ұзамай бас тартты.

Бонапарт 36 жасында өзінен 16 жас кіші Анна Рош де ля Костқа көңілі кетті. Белі қылдай, қою қоңыр шашты бикеш лектриса (мәнерлеп оқушы) болатын. Сондықтан, оған императордың қонақ үйіне кіруге рұқсат берілетін және өзі де қызметші әйелдермен көрші тұратын. Наполеон оған деген сезімінің белгісі ретінде қымбат әшекей жіберген. Ал екеуі ғашықтық байланыста жүргенінде император сарай ішіндегілердің бәрінің көзінше қыздың қолына салмақты сақина салды. Жозефина бұл астамшылыққа төзе алмады. Лектриса бұл маңнан аластатылды. Бірақ, Бонапарт оны біршама уақыттан соң бай қаржыгерге күйеуге берді.

1805 жылы Наполеон император тәжін киген соң оны ұлықтауға Италияның кафедралды соборына халық көп жиналды. Осы салтанатқа келген қаланың ханшаларының ішінде Карлотта Гадзани да бар еді. Сұңғақ бойлы, тал шыбықтай бұралған, жәудіркөз, көркі көзді арбаған сұлуға сұқтана зер салған императордың ықыласына әрине қарсылық болған жоқ. Карлотта 500 франк айлықты місе тұтып,қарапайым тіршілігінің күрмеуін келтіре алмай жүрген әйел еді. Бірақ, ол өте ибалы, ізетті жан болатын. Сондықтан, көңілдесіне ешқандай талап қойған емес. Әйткенмен, император әдеттегі мәрттігінен жаңылмай, бұл әйелдің мәртебелі ортаға қосылуына жағдай жасап берді.

Наполеонның атақ-абыройы асқақтаған сайын Жозефинаның қадірі құлдырап бара жатты. Кезекті қызғаныш жанжалынан кейін Бонапарт әйеліне ажырасатынын мәлімдеді. Күйеуінен айырылып қалудан қорыққан Жозефина етегі жасқа толып, жазып-жаңылып, аяғына жығылып жалынды. Император тағы да райынын қайтты.Көп ұзамай ол әйеліне «императордың әйелі» тәжін киетін салтанатқа дайындалуын бұйырды. Бұл Жозефина үшін Бонапарттың басқа көңілдес әйелдерінің алдында өзінің мәртебесін биіктететін басымдық еді.

Консул сарайында жиырма жас шамасындағы, үлбіреген өңіне ақ қауырсындай үлпілдеген шашы жарасқан, имек мұрын, жымиғанда жүзі нұрланып сала беретін сымбатты әйел бар болатын. Кербез қимылы мен талғампаз болмысы оның дәулетті ортадан шыққандығын аңғартып тұратын. Ал күйеуі өзінен отыз жас үлкен екен. Мұндай сұлудың император қармағынан қағыс қалуы мүмкін емес... Жозефина күйеуін онымен «ұстап» алғаннан кейін тура тоғыз айдан соң шекесі торсықтай ұл туылды. Бірақ, нәрестенің түрінен өзіне ешбір ұқсастық таппаған соң император әкелігін мойындаудан бас тартты.

Бонапарт әйелқұмарлық әдетін жасырудан қалды. Ол, тіпті, өзі емес, өзіне сұқтанған сұлулардың да көңілін қалдыра қоймады. Жозефинамен спектакльге бірге барып жүріп-ақ қатарына «қимас құрбысын» ілестіріп алудың амалын оп-оңай тауып алатын. Жозефина күйеуінің күйігін көз жасымен жуып, күрсінумен күн өткізетін болды. Әйелінің күйзелісті күйіне жаны ашыған Наполеон мұндай бейсауыт байланыстарын үзуге бел буған. Әйткенмен, императордың көзіне түсуге өздері ұмтылатын бикештер оның тәбетін тоқтата алмады. Өзін солай арбаған Элеонора де ла Плэнь оған ұл туып берді. Леон деп атаған бұл сәбидің әкесі өзі екеніне ол күмән келтірген жоқ. Император заңсыз туған бұл баласын, тіпті, тақ мұрагері етуді де ойластырған. Бірақ, оның жөні келмеді. Көңілдестен туған ұлын ол, әрине, қамқорлықсыз қалдырған жоқ.

Польшаға келген кезінде Наполеонның Мария Валевскаямен ең ыстық махаббат романы басталды. Бай, егде еркектің жап-жас сұлу әйелі бұл ықыласқа ынтызарлық таныта қоймаған. Әйткенмен, Франция императорының сезімін саяси ойынды шешуге пайдаланып қалғысы келген поляктың ықпалды адамдары Марияға Бонапарттың меселін қайтармай, соның есесіне Польшаға азаттық әперуге үгіттеді. «Барша өзге жұрт үшін мен – еңселі еменмін, ал сен үшін – сол еменнің жаңқадай жаңғағымын» деп жалынған билеушіге біраз «бас бермей» жүріп, ақыры «ақылға» келген Мария сұлу Наполеонның ресми нақсүйері ретінде император сарайына көшіп алды. Ессіз сезімге еліткен Бонапарт ғашығына бар уәдені үйіп төккенімен, Польшаға тұтас тәуелсіздік берген жоқ. 1807 жылы шілдеде бұл елдің біраз бөлігіне, ұлы герцогтық Варшава аймағына ғана азаттық жариялады. Бұл да болса Марияға деген махаббатының белгісі еді.

Валевская нақсүйеріне ұл сыйлағанда ол қуаныштан жарыла жаздаған. Нәрестеге империя графына төленетін ақша белгіледі. Ал ержеткенінде жас граф Валевскийге Польшадан ауқымды жер берді.

Наполеон Жозефинамен ажырасуға шешім қабылдағанымен, бұл қадамға көп уақытқа дейін бара алмай жүрді. Ол оны аяды, бірақ, мұрагер мәселесін ойлағанда осылай етуге мәжбүр еді. Бұл жолы ол әйелінің көз жасына да, талып-құлағанына да қараған жоқ. Бірақ, Жозефинаның меншігіне Елисей Сарайы, Мальмезон, Наввар бекінісі, титулы, гербы, күзеті мен эскорты қалдырылып, жылына үш миллион ақша төлеп отыру белгіленді. Сөйтіп, олар 1809 жылы 15 желтоқсанда заңды түрде ажырасты.Айырылысқаннан кейін де Бонапарт оның жағдайын біліп тұрды. Бірақ, тек көпшіліктің арасында ғана жүздесетін. Өйткені оған деген отты, сиқырлы, соқыр сезім қайта тұтанып кете ме деп қорқатын еді.

Жозефинамен некесі ажыраған соң ол өзіне король қанынан қалыңдық іздей бастады. Соны білген Австрия императоры оған өзінің үлкен қызы Мария -Луизаны жар етуді ұсынды. Бұл неке оның діттегеніндей еді. Австриялық монархиямен туыстық байланыс оның дәрежесін олармен теңестіретіні анық-тын. Бонапарт болашақ жарының бейнесін тек портретінен ғана көрген. Ақторғын шашты, ұялы көгілдір көзді, жұқа қызғылтым өңді бұл бойжеткен дене сымбатымен ерекшеленбейтін. Ол толықша келген қыз еді. Әйтсе де, ең бастысы – оның мұрагер бала туып беруге денсаулығы мығым екені байқалады.

Австрия императорының қызы Бонапартты ә дегеннен-ақ өзіне бағындырып алды. Наполеонға бұл әйел өзін ақыл-парасатымен арбап алғандай көрінген. Ол бос уақытының бәрін жас әйелінің жанында өткізуге тырысып, оны атқа мінуге үйретті, аңға бірге алып шықты, театрда қасынан тастамады. Алайда, кез келген еркекті еріксіз ерітіп жіберетін Жозефинаның қылықтарын еске алғанда жас ханшаның қасына оңаша ешкімді қалдырмауды ойлады.

Мария-Луиза оған Евгения есімді тақ мұрагерін туып бергесін оны, тіпті, уысында ұстады. Наполеон енді Мария-Луизаны Империяның регентшасы (орынбасары авт.) деп салтанатты түрде жариялады. Бірақ, басқа қонған бақтың да мәңгілік еместігі айқын. Франция империясының да күні бітіп, күйреді. Қуғынға түсіп, басымен қайғы болған Бонапарт Эльба аралынан бір-ақ шықты. Мұнда келген бетте-ақ ол қасына әйелін шақырып алуды ойлаған. Ол Мария-Луизаның келетініне бек сенімді еді. Өйткені, оның өзі үнемі «Евангелия талап еткендей, жақсы әйел күйеуінің қасынан табылуы керек» дейтін.

Наполеон оған Эльбадан керемет аппартамент дайындатып, зарыға күтті. Бірақ, аңсап күткен жан жарының орнына баяғы ғашығы Мария Валевская келді төрт жасар ұлы Александрды алып. 

Бұл кезде Мария-Луиза да ай қарап жатқан жоқ еді. Ол күйеуінің орнын жоқтатпаған генерал Адам-Альберт-Нейппергпен өмірдің ләззатты шақтарын кешіп жүрген. Бонапарттың Венаға жазған хаттары жауапсыз қалды, әйелі оған келмек түгілі тырс еткен хабарын да берген жоқ.

...Наполеонның жұлдызы сөніп бара жатты.Одақтастар француздарды Ватерлоо маңындағы шайқаста біржола бүк түсірді. Император тағынан екінші рет айырылған Бонапарт 1815 жылы 7 тамызда кемемен Әулие Елена аралына бет алып бара жатты. Буырқанған өмірінің соңғы жылдарын осы аралда өткізген Наполеон 1821 жылы 6 мамырда жұмбақ аурудан көз жұмды. Ол әйелі Мария-Луизаның бұл кезде Нейппергтен аяғы ауыр екенін білген де жоқ.

Францияның ұлы билеушісі соңғы демі бітіп бара жатқанда «Жозефина...» деп сыбырлауға ғана шамасы жетті.

 

Опубликовано в Мәдениет

Болашақ жұлдыз жазушының бала махаббаты 14 жасында оянған екен.Оның жүрегіне тұңғыш шоқ салған ару өзінен төрт жас үлкен, 18-дегі бойжеткен Екатерина еді. Подмосковьеде бұлардың имениесімен көрші тұратын графиня Шаховскаяның қызына ынтықтығы екі отбасының жиі араласып тұратындығынан туындаған. Бұлаңдаған бойжеткеннің сымбаты мен сұлулығы, ерке қылығы жасөспірім Ваняның сезімін қытықтап, өзгеше бір күйге түсірді.

turgenev

Балаң шақтағы ессіз, көзсіз бұл махаббат олардың арасындағы жас айырмашылығына да, тәрбиесі мен ой-өрісіндегі ерекшелігіне де ерік бермеді. Ақылы мен тағатынан айырған алғашқы соқыр сезімнің соңы неге апарып соғарын кім біледі, егер кенеттен мынадай құпияның беті ашылмағанда... Бұл елітіп сүйген сұлу княжня Екатерина – әкесі Сергейдің көңілдесі екен. Ең сорақысы – Ваня ессіз ғашық болған ару Сергей Николаевич үшін көп көңілдестің бірі ғана еді. Ол о бастан-ақ әйеліне адалдықтан ада адам-тұғын. Ваняның анасы Варвара Петровна аса келбетті әйел емес еді және ол күйеуінен алты жас үлкен болатын. Бірақ әкесінің әйелді бағаламауына мұны себеп етуге болмайды.Ол жап-жас ашынасына да өте дөрекі мінез көрсететін. Мұнымен ол ұлына әйелге қандай қарым-қатынас жасау керектігі жөнінде сабақ үйреткісі келетін сыңайлы еді. Бірақ Ваня – Иван Тургенев мұндай сабақты ешқашан үйрене алмасы анық-тын. Ол әйелдің алдында тізерлеп тұрып сүюді серт санайтын.

Ащы өкінішпен аяқталған алғашқы махаббаттың мұңды елесі уақыт көшімен көмескіленіп кеткенімен бұл эпизод кейінірек – 1860 жылы жазушының «Алғашқы махаббат» повесіне өзек болған.

Бұл алғашқы кіршіксіз, аңғал сезім еді. Ал тұңғыш тән жақындығын Тургенев шаруа қыздың құшағында сезінген. Әйткенмен ол бойжеткеннің есімі ешбір естелігінде ескерілмейді. Ұлын бастапқы тән жақындығына баулуға тырысқан анасының күнделігінде де ол қыздың аты аталмайды. Тек жазушының өзі кейінірек мойындағанындай 15 жасқа толғанында анасы Варвара Петровна бақта серуендеп жүрген мұның соңынан Э.де Гонкуру есімді қызды жібереді. Ол оның қарамағындағы шаруа қызы еді. Содан былай бұл бойжеткен Ваняның тәніне «иелік» еткен «тәрбиешісіне» айналды. Айдаладағы кішкентай бір үйде құштарлықтың қызығын бірге кешетін олар жұлдыз жамыраған түнді еңсеріп қайтатын.

Арада жылдар жылжып, Иван Сергеевичтің сезіміне жалын жаққан тағы бір ару пайда болды. Ол да анасының шаруа қызы, түрі де, тұлғасы да келіскен керім Авдотья Ивановна еді. 1842 жылы сәуірде ол Тургеневке қыз туып берді. Оның есімін Пелагей деп қойды. Мүмкін базбіреулер Тургеневтің әйелге деген талғамына таңқалар. Ал ол үшін ғашықтарының шыққан тегі шаруа бола ма, аристократ бола ма, бәрібір еді. Өйткені, әйелдің бәрін кәдімгі әйел ретінде қабылдайтын. Дәл осы кезде ол өзінің «Параша» поэмасын жазды (кейіпкердің аты аристократтық емес екені көрініп тұр). Бұдан соң жазушы сол кездегі орыс әдебиеті үшін тосындау тақырыпты толғап, «Аңшының күнделігінде «орыс шаруа әйелдері образының галереясын жасады.

Балаң жігіт Ваняны ессіз күйімен тербеп есейткен сезім сиқыры оны шынайы ғашықтық ғаламатына жетелеп жеткізді. 1843 жылы Полина Виардоны жолықтырды да, бұл әйел оның өмірбойғы музасына айналып кетті. 22 жастағы әртіс әйелдің есімі сол кезде-ақ бүкіл Европаны еліктіретін. Оның дауысы мен орындаушылық шеберлігі тыңдаушысын еріксіз тұтқынға айналдыратын. 

Бірақ... Ия, бірақ Полина түрі өте сиықсыз, көріксіз адам еді. Иығы салбыраған, арқасы еңкіш, көзі тасырайған, бет-әлпеті еркекке тән ірі, кескінсіз, бойы аласа бұл әйелдің сыртқы кейпін немістің романтик жазушысы Генрих Гейне табиғаттың қандай да бір стихиялы, қорқынышты құбылысына балаған. Алайда Полина Виардо сахнаға шыққанда ғажайып күйге еніп, жайнап шыға келетін. Көздері жанып, жайшылықта тым үлкен көрінетін ауызы сиқырлы үн шығаруға арналғандай әсер қалдыратын. Бәрінен де публиканы оның құдіретті дауысы мен орындаушылық құпиясы еріксіз елітіп әкететін. 

Тургенев оны алғаш рет 1843 жылдың күзінде әнші Санкт-Петербургке гастрольдік сапармен келгенінде опера театрының сахнасынан көрді. Одан кейін аң аулауға шыққанында Полинаның күйеуі – Париждегі Италиялық театрдың директоры, белгілі сыншы әрі өнертанушы Луи Виардомен танысты. Ал 1843 жылдың 1 қарашасында Луи жазушыны Полинаға таныстырды. Әйткенмен әнші әйел өзіне табынушы толып жатқан жұрттың ішінен ол кезде әдебиетшілігімен емес, атақты аңшылығымен аты шыққан Тургеневке аса назар аудара қойған жоқ. Бұлардың гастрольдік сапары аяқталып, Францияға қайтқандарында Тургенев Виардоның отбасымен бірге ілесе кетті. Анасының қарсылығына да қараған жоқ, ақшасының жоқтығына да. Европаның беймәлімдігіне де қынжылмады. Содан 1845 жылы Ресейге қайтып оралғанымен Виардоның 1847 жылы гастрольдік сапармен Германияда болатынын біліп, тағы да көшпенді өмірін жалғастырды. Берлинге барды, одан, Лондон, Парижге, Франция бойынша турнеде жүріп, қайтадан Санкт-Петербургке оралды. «Ах, менің сізге деген сезімім шексіз де телегей. Мен сізден ұзақта өмір сүре алмаймын. Мен сіздің жанымда екеніңізді сезіне алуым, содан ләззат алуым керек. Сіздің жанарыңыздың ұшқынын көре алмаған күнім тастүнек күн». Ол осылай деп сүйгенінің көлеңкесіне ілесіп, Европаны кезіп жүруден жалықпады. 

Тургеневтің Полина Виардоға деген махаббаты ынтықтық сезім ғана болды дейтіндер көп. Әйткенмен оның хаттарындағы сезім күйі мен көңіл ырғағы өзгеше көрінетін. Сол жылдары ол Францияға жиі барып жүрді, олардың арасындағы хаттар да тым нәзік еді. «Сәлеметсің бе, менің сүйіктім, ең ардақты, ең қымбат бикешім... періштем менің... Жалғыз әрі жарығым...» деп келетін.

Францияға барғанында ол Виардолардың имениесіне тоқтайтын. Полинадан 21 жас үлкен күйеуі әйелінің ақылдылығына сенгендіктен бе, ешнәрседен күдіктенбейтін. Полина шын мәнінде ақылға кен әйел еді. Ал бұл кезде Тургеневтің атақ-даңқы Ресейде аспандап тұрған. Санкт-Петербургтің сахнасында өтетін өзінің «Провинциялкасының» премьерасы алдында ол қатты толқыды. Сол сәтте де Құдайдан бұрын өзінің жүрегінің патшасы Полинаға табынды. «Шымылдық түрілген кезде мен сыбырлап сіздің атыңызды атадым. Ол маған табыс әкелді. Менің бар күткенім осы еді» деп жазады ол кейінірек сүйіктісіне жазған хатында.

Ғашық жанның құрметіне Иван Сергеевич қызы Пелагейдің есімін Полинет деп өзгертеді. Қызының тағдыры оның шығармасына арқау болды. «Ася» повесіндегі Ася есімді қыз да Полинеті секілді дворянин мен шаруа әйелдің ортасынан туған. Бастапқыда, қызы туылғанда Тургенев оған аса қуанған жоқ. Бірақ кейіннен ол аса қамқор, қайырымды әкеге айналды. Шетелге кеткенінде қызын анасына қалдырып кететін. Бірақ шешесі бұл қызды ұлының перзенті деп емес, шаруа деп қарап, оған шектен тыс дөрекелік көрсететін. Анасының бұл қылығы жазушыны назаландырушы еді. Әйткенмен оны кімге айта алады? Әрине бар мұңын Полинаға төгетін. Құшағында балалары бар әртіс әйел жазушының жан азабын түсініп, оның қызын өз отбасының тәрбиесіне алуды ұйғарды. Сүйген адамына неғұрлым жақындай түсуге ынтық Тургенев бұл ұсынысты қуана қабыл алған. Виардо ол үшін сүйікті әйел ғана емес, тамаша отбасы мен аяулы ананың символы еді. «Сіз періштесіз...» деп жазады ол қызының Парижге келе жатқанын хабарлаған хатында.

1852-53 жылдары жазушы Спасскідегі имениесінде жергілдікті полицияның бақылауында болады. Оған сырт жаққа шығуға тиым салынады. Мұндай тиымға оның Гогольдің өліміне жазған қазанамасы себеп болған еді. Полиция бұл қазанама ресейлік империяның тыныштығына қауіп төндіреді деп түсінді. Алайда Полина Виардоның 1853 жылы Ресейге концертпен келетінін білген Тургенев «ақылынан адасты». Ол жазуын да, үй тұтқынында отырғанын да, полицияның бақылауында тұрғанын да, қуғындалуын да ұмытып, қалайда «періштесін» көруге асықты.

Жалған төлқұжат жасатып алған жазушы мещаниннің киімін киіп, Мәскеуге аттанады. Онда екі аптадай болады. Мұндай тәуекел тіпті қауіпті еді. Өйткені Тургеневтің есімі бұл кезде әдеби ортада ғана емес, ресейлік полицияға да аса танымал-тын. Бірақ осыншама тәуекелге бел буғандағы үміті ақталмады. Полина мүлде суып қалған сыңайлы. Арадағы бірнеше жылғы алшақтық оның сезімін сыпайы, ешқандай әсерсіз достық пейілге ауыстырып жібергендей. Тургенев бұған да шүкіршілік етіп, ғашығынан жауап болмаса да хат жазуын жалғастыра берді. 

Жеке өмірін тоқырау тұсағанымен әдебиет әлемінде оның абыройы асқақтап бара жатты. Жазушының шығармашылығына шабыт берген Полина Виардоны оның музасы деп айту жәй ғана нәрсе. Ол оның табынушысына айналды. Тағдырын тұсаған әйелдің жолына ол бәрін тәрк етті: туыстарын да, достарын да, отбасын да...

Жеке өміріндегі сергелдеңнен сергігісі келді ме, 1854 жылдың көктемінде ол өзімен тектес – Александр Тургеневке жиі барып жүріп, оның 18 жастағы қызы Ольгамен танысты. Сүйкімді, сымбатты бойжеткен жазушының көңілін селт еткізеді. Олар қыздың ата-анасының Петергофтағы саяжайында жиі жүздесіп жүрді. Қыз жазушыны сүйіп қалғандай... Уақыт өте келе Тургенев жанына жақын болып кеткен осы аруға үйленуді ойлайды. Алайда сол сәтте-ақ бойын әлдебір үркек сезім билеп алады. Екіұдай сезіммен арпалысқан шақта ол бәріне нүкте қоюға бекиді. Ольгаға жазған соңғы хатында Тургенев араларындағы жас алшақтығы оны сескендіретінін, сондықтан болашақтарын байланыстыруға тәуекел ете алмайтынын айтып, оған өзін айыпты санайды. Ольга күтпеген бұл айырыласуды өте ауыр қабылдады. Ал Тургенев үшін аяулы арудың бейнесі оның «Дым» романының кейіпкері Татьяна болып, әдебиетте мәңгі қалды.

Арада біршама уақыт өткенде Иван Сергеевич өмірінің тағы бір драмасына, ал шығармашылығының шедевріне айналған аруға кезікті. Ол Лев Толстойдың қарындасы – Мария еді. Жазушы жүрегі тағы да тұтқынға түсті. 1854 жылы Анненковқа жазған хатында «Ол сұлу, ақылды, қарапайым, мен одан көз айыра алмай қалдым. Қартайған шағымда (төрт күн бұрын 36-ға толдым) мен ғашық болып қала жаздадым. Сізден несін жасырайын, жүрегім жараланды» деп жазады.

Әйткенмен бұл сезім де таза, кіршіксіз күйде қалды. Тургенев ештеңеге тәуекел ете алмады. Бірақ «Фауст» әңгімесіндегі әдемі Верочканың образы Мария Толстаяның бейнесі еді. Осы әсерлерінің бәрінде ол өзін тылсым күшпен тұсаған Полинаны жүрегінен ығыстырып тастауға әрекеттенгендей ме еді!?. Жазушының бұл күйін нәзік болмысты Мария Толстая сезді. Тургенев өлген соң оның: «Егер ол өмірде бір рет сүйетін жан болмағанда, Полина Виардоны соншалық қатты сүймегенде біз екеуміз бақытты болар едік. Мен монахтық жолға кетпес едім. Біз Құдайдың құдіретімен айырылыстық» деп жазғаны бар. Сүйген адамына тағдыр қоспаған соң Мария Толстая көңілі қаламаған күйеуін тастап, монастырьға кетіп қалды.

Жазушының жүрегін жаулаған Полина Виардоға деген махаббаты 1856 жылы оны тағы да Францияға жетелейді. Олардың сағыныш пен толғанысқа толы бұл жүздесуінен кейін айы-күні жеткенде Полина ханым Поль есімді ұлды дүниеге әкелді. Дегенмен оның әкесінің кім екендігі әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.. Өйткені сол кезеңде Виардоның суретін салған белгілі суретші Ари Шеффер әнші әйелдің көңілдесі болатын. Тургеневтің шығармашылығына ден қойған батыстың көптеген зерттеушілері оны орыс жазушысының баласы дейді. Полинаның ұрпақтары да осыған саяды. Мүмкін оған негіз де бар шығар.

Қалай дегенде де бұл жағдай екеуінің арасын жақындата түсетініне үміттенген жазушы өзін бақытты сезінген. Алайда жаңа туылған нәрестеге деген аналық сезіміне шомылған Полина өзіне табынушыларға көңіл аударуды ұмытты. Оның үстіне көп ұзамай ол үшін тағы бір өте маңызды проблема туындады: оның дауысы жоғала бастады, ол сахнаға сирек шығатын болды. Әртістік карьерасының шыңына жеткен әншінің жасы бұл кезде 40-қа келіп қалған. Ол енді әннен сабақ береді, үйінде атақты адамдарды қабылдайды. Ал оның қасынан өзінің өзгеше отбасы: төрт баласы мен ақылды күйеуі және өзіне мәңгі ғашық Тургенев табылатын. Бұл одақты олардың арасындағы 17 жылдан бергі байланыс жалғап тұратын. Тургенев бұл уақытта өзінің қаламымен Ресейді де, Европаны да таңқалдырған дәрежеге жеткен болатын. Ұлы жазушыны тұзағында ұстаған ұлы әртіс әйел оны сыртқа теуіп те тастамады, тым жақын жіберуге де құлшынбады.

Ал Тургенев одан ұзап кете алмады. Оның жолы Ресей-Германия-Франция-Ресей болып жалғасып жатты. Туған жерімен жазушыны перзенттік борыш байланыстырса, Франция сезіміне қанат, қаламына шабыт берген тылсым мекен болды. Ол өмір бойы осы екі сезімнің жетегімен өз үйін таба алмай, Виардоның шаңырағына келіп «тығылатын». 

1879 жылы ағасы қайтыс болып, Иван Сергеевич Ресейге қайтуға мәжбүр болды. Туған елі, әсіресе жас ұрпақ сүйікті жазушысын аса құрметпен қарсы алды. Театрда оның пьесалары қойылып жатты.Бұл қойылымдарға ол жас, талантты актриса Мария Савинаның жетелеуімен қатысып жүрді. Өзінің 62-ге қараған жасына қарамастан ол тағы да жастықтың, әйелдік әдеміліктің және үлкен таланттың тұтқынына түседі. Олардың арасын тұтас бір ұрпақтың дәуірі бөліп тұр, әйткенмен мұны екеуі де аңғарар емес. Нәзік те нұрлы сезім, өзінің махаббат жайлы жаңа туындысын оқыған Спаскідегі әдеби кештер, ынтызар көңілдің ынтықтығын жеткізген хаттар... Италияға бірге баруды арман еткен сырға толы сәттер – бәрі, бәрі екеуінің де көңілдерін көкке өрлеткен-ді. Тургенев Марияны Францияға шақырды. 1882 жылы ғашығын іздеп барған бойжеткен Виардоның үйіндегі, «бөтен ұядағы» жазушыны көріп, көкірегінде әлде аяушылық, әлде қызғаныш сезімі қылаң берді. Қыз ештеңеге түсіне алмай дал болды. Ол түгілі тіпті Тургеневтің өзі де өзін түсінбейтін, кейде өзін өзі керемет жек көретін, бірақ оған қарсы ештеңе істей алмайтын. Ол айналып келіп Полинадан жанына тыныштық табатын. Осынау ұлы адам өзінің ошағының отын жаға алмады, алайда тағдыр оған таңқаларлық, ештеңемен түсіндіре алмайтын ғажайып махаббат сыйлапты.

Қаламымен, талантымен тамам елді табындырған жазушы бүкіл ғұмырын бір әйелге табынумен өткерді. Ол неткен құдірет, қандай тылсым сезім!? Оны ешкім түсіндіріп бере алмас сірә!?.

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 10 Февраль 2017 06:54

Рафаэльдің Мадоннасы кім?

Атақты итальяндық суретші әрі архитектор Рафаэль Санти бар-жоғы 37 жыл ғана ғұмыр кешті. Осы аз ғана өмірінде ол кескіндеме өнерінің жаһандық жасампазы дәрежесіне жете білді.

madonna

Рафаэль суретшіліктің әліппесін өз әкесі Джаванниден үйренді. Ол кісі де қылқалам шебері болатын. Өсе келе жасөспірім жігіт белгілі суретші Пьетро Перуджиноның шеберханасына барып жүріп, бейнелеу өнерінің сыры мен сиқырына қаныға түсті. Кейіннен өзімен замандас итальяндық атақты суретшілер Леонардо да Винчимен, Фра Бартоломео және Микеланджеломен танысып, олардың туындылары арқылы адамның дене бітімін анатомиялық тұрғыда білгірлікпен бейнелеуге шеберленді. Талантты суретші теңдессіз шығармаларымен өзі де солардың биігіне жетіп, тарихқа есімін алтын әріппен жазып кетті.

Рафаэль бейнелеу өнерінде қаншама Мадонналардың картиналарын кескіндеді. Сұлулық оның қаламына шабыт, жүрегіне сезім болып құйылды. Ал «ол сұлулық суретші бейнелеген Мадонналарда өзі ғашық болған әйелдің жиынтық образына айналған» дейтіндердің сөзінде бәлкім шындық бар шығар, кім білсін?.. Бұл орайда Рафаэльдің өзі граф Кастильонға жазған хатында: «Сізге мынаны айтқым келеді: сұлу әйелдің бейнесін салу үшін мен көптеген аруларды көруім керек, сонда ғана тамаша таңдау жасауыма болады» дейді.

Әрине өлмес туындылары үшін ұлы суретшінің қанша әйелді көргенін кім білсін, бірақ оның махаббат хикаясы туралы алыпқашпа әңгіме көп. Рас, ол әңгіменің бәріне өзек болған кейіпкер – бір-ақ әйел. Ол суретші сүйген ару – Форнарина. Бірақ бұл бикештің Рафаэльге деген сезімі қандай болды? Ол оны адал сүйді ме, әлде кейбір жазбаларда айтылғандай суретшінің жүрегін жаралап, «көзіне шөп салумен» өтті ме? Бұл төңіректе бір – біріне кереғар әңгімелер жетерлік. Ал суретшінің өзі ғашықтық ғаламын жұрттан жасырын ұстап, құпиясын құндақтап қалған секілді. Өйткені Санти дүниеден өткеннен бергі бес ғасыр бойы зерттеушілер оның портреттеріндегі сұлу әйелдер бейнесінің басты прототипі кім екенін тек болжаммен ғана бағамдайды. 

...Рафаэльдің шығармашылық шабыты мен атақ-даңқының өрлеуі оның Римге келген кезінен бастау алады. 25 жасар жігіттің Ватикан сарайында қалдырған монументальдық қолтаңбаларының ішінде әсіресе «Афина мектебі» шебердің шедевр шығармасының бірі еді. Ол суретші ғана емес, талантты архитектор да болатын. Кезінде әулие Петр соборының құрылысына басшылық жасағаны соның айғағы. Сантидің салған картиналарын замандастары аса құнды дүниеге балап, оның атақ-абыройы аспандап бара жатты. Италияның небір атақтылары онымен туыстық байланыс орнатуға құмарта бастады. Тіпті мұндай ниеттен суретшінің жақын досы кардинал Биббиена да дәмелі еді. Сондықтан ол өзінің жиен қарындасы Мария Довациге үйленуін ұсынған. Досының көңілін қимай бұл ықыласқа қарсылық танытпағанымен Рафаэльдің Марияға деген ешқандай сезімі оянған жоқ. Үйлену уақытын кейінге шегерумен келген Санти тек 1514 жылы қалаусыз қалыңдығына атастыру рәсімін ғана жасады. Бірақ бұл кезде оның жүрегі басқа бір аруға тұсалып, сезім сергелдеңінде жүрген еді. Ал оның өзіне үйленуін күтумен жүрген Мария арада үш жыл өткенде кенеттен қайтыс болды.

Рафаэль өзінің болашақ музасын 1514 жылы Римде белгілі банкир Агостино Киджидің тапсырысын орындап жүргенінде жолықтырды. Банкир суретшіге өзінің «Форнезино» сарайының басты галереясын жасауды ұсынған болатын. Көп өтпей галерея қабырғаларын қылқалам шеберінің атақты «Үш грация» және «Галатея» кескіндемелері көмкеріп шыға келді. Енді «Амур мен Психеяны» бейнелеуі керек болғанда суретші Психеяға лайықты кескін – келбетті таба алмай қиналды. Қиялының жетегінде жүрген ол Киджидің ғаламат саябағында серуендеп келе жатып Тибридің жағалауынан бір-ақ шықты. Дәл осы жерде Рафаэль жанарын ғана емес, жүрегін де шоқтай жандырған керемет сұлуды кезіктірді. 17-18 жас шамасындағы ару бұл іздеген Мадоннаның нақ өзі еді. Ол – Римнің Транстевер аймағында тұратын наубайшы Франческо Лютидің қызы болатын. 

– Мен Психеяны таптым! – деп шаттықтан айқайлап жіберген Рафаэль қызға суретін салғызуды ұсынған. Әйткенмен бойжеткен әкесі мен жігітінің рұқсатынсыз суретшінің ұсынысын қабылдай алмайтынын айтты. Айдай арудың жігіті барын білгенде Сантидің жүрегін жайсыз бір ағын аралап өткендей болды. Бірақ қыз өзінің 17 жасында әлі тұрмыс құрмағандығы ұят саналатындықтан ғана күйеуге шыққалы жүргенін жеткізген.
Рафаэль сұлуды шеберханасына шақырды. Оған қарсылық танытпаған бойжеткенге ризалығы ретінде керемет әдемі алтын әшекей сыйлап еді, қыз тым қымбат мұндай сыйлықты ала салуға қымсынып, бас тартты. Сонда жігіт сұлу сылқымның өзін бар-жоғы он рет сүйіп, сыйлықты солай «сатып» алуын өтінген. Сол сол-ақ екен, бойжеткен 31 жасар сымбатты суретшінің құшағына қалай құлап түскенін өзі де сезбей қалды. Бұған дейін махаббат сезімін жүріп жүрген жігіті Томазо Чинеллимен бөлісіп үлгерген наубайшының қызы өзіне сұқтанған суретшіні әп-сәтте ессіз күйге салып, күйдіріп-жандырды.
Осы бір ләззатты шақтан кейін Рафаэль онымен кездесетін әрбір сағат, әрбір минутты тағатсыздана күтетін болды. Кездейсоқ кезіктірген аруды ол оның әкесінің кәсібімен Форнарина (наубайшы) деп атап кетті. Ал оның шын аты-жөні Маргерита Люти болатын.

Рафаэль суретін тікелей қарап отырып салатын (натурщица) бейнені ғана тауып қойған жоқ, жүрегін жандырған адамды да тапты. Алғашқы кездесуден кейін-ақ ол қыз әкесіне барып, суретіне лайықты жанды бейнені үш мың алтын төлеп, сатып алды. Мұндай ұтымды «сауда» наубайшы Франческоның да тақиясына тарлық етпегені анық. 

Алғашқы таныстық, тілсіз түсінісуден кейін суретші жігіт таңды қиялымен атқызып, айдай аруын көргенше асықты. Ал кербез сұлу келесі күні келісілген уақыттан кешікпей саябақ қақпасы алдында жүрегі атқақтай күткен жігітке жақындап келе жатты. Ол бейнебір кездесуге тұңғыш шыққан бейкүнә бойжеткендей тым пәк кейіп танытып тұрды. Маргарита суретші алдындағы алғашқы сеансын Психея бейнесін салуға арнады. Ұлы қылқалам шебері мүсіндеген сол бейне әлі күнге «Фарнезино» вилласын әйел сұлулығының сиқырымен сұқтандырып келеді. Қылқаламын әрбір көтерген сайын «О, сен неткен ғажап едің!» деп қайталаудан танбаған суретшінің таңданысынан туған ғажайып шығарма шын мәніндегі мінсіз дүние деңгейіне жеткен еді. «Сен білесің бе, суретші бар жүрегімен құлай сүйгенде яки дәл сондай сүйікті бола білгенде талантының тасқындай таситынын. Махаббат даналық пен дарындылықты үстемелей түседі. Оны маған Тәңірдің өзі жіберді!» деп шаттанған Рафаэль талай-талай туындысына түпқазық болған сол сұлуды өмірінің соңына дейін сүйіп өткен дейді. Ол оған керемет вилла алып беріп, басынан аяғына дейін алтынмен аптап, күміспен күптеп, бар жағдайын жасады. Оның ат жегілген жеке эпижажы болды. Қысқасы, кешегі наубайшының қызы ақсүйек ханымның қатарына қосылды. 

Ғашықтық сезімнің отына оранған бұл екеуі бір жылға дейін бір-бірінен бір сәтке де айырылған емес. Рафаэль тіпті жұмысы мен шәкірттеріне көңіл бөлуге де мұрсат таппай, махаббат қызығына малынды. Ал Агостина Чиги галереясындағы жұмыстың тоқтап қалғанына қобалжуға айналды. Оны жалғастыру үшін банкир Рафаэльге өзінің сүйген сұлуын «Фарнезиноға» алып келіп, сарай ішіндегі үйлердің бірінде бірге тұруға ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс қос ғашықтың қалауына тура келді. 

Бірақ дәл осы жақсылық суретші үшін өмірінің ең үлкен қасіреті боларын білді ме екен?! Рафаэль жұмысымен қауырт айналысып кеткенде іші пысқан Форнарино галерея қожайынына қылымси көз тастаудан қымсынған жоқ. Мұны байқаған Агостина суретшінің жоғын пайдаланып сылқым сұлуды сынап көруді ойлаған. Вилла қожайынының келетінінен хабардар болғаннан-ақ наубайшының қызы оны күтіп алуға «дайындалды». Табалдырықтан аттаған бетте-ақ білегін мойнына ораған кербез әйелдің ыстық лебі Чилиді есінен айырып сала берген. Сол күннен бастап банкир суретшінің көңілдесімен көңіл қосып, сәтін тауып жиі-жиі кездесуге ынтығып тұратын болды. Ал бұл кездері Рафаэль галереяны көркемдеуден қолы босамай, жұмысқа бар ынтасымен жегіліп кеткен еді. Оның үстіне Рафаэльге өздерін оқушы ретінде қабылдауын өтініп, Италиядан жас суретшілер келіп жатқан. Осындай қым-қуыт шаруа мен көңілдесінің көңілін табу ұлы суретшіні зорықтырып, бірте-бірте денсаулығын дімкәс күйге жеткізді. 

Алғашқы таныстықтан бастап өмірінің соңына дейін араларын жалғаған алты жыл Рафаэль үшін сүйіспеншілік сезімнен туған жақындық болғанымен наубайшының қызы үшін дүниені шайқап өмір сүрудің сәтті мүмкіндігі ғана болған сияқты. Себебі Санти бар құлшынысын ғаламат туындылар жасауға жұмсап жатқанда Форнарино галерея қожайынымен ғана емес, Рафаэльдің жас суретші шәкірттерімен де көңіл көтеруге уақыт тауып, желік іздеген көңілінің жетегінде жүрді. Жүрегі дімкәс суретшінің соңғы демін үзген де наубайшы қызының нәпсіқұмарлығы деген әңгіме мүмкін рас та шығар. Себебі өлім төсегінде жатқан Рафаэльге римдік шіркеу басшысының батасын беру үшін келген папаның емшісі суретшінің аяғын құшып еңіреп жылап отырған әйелді бөлмеден шығып кетуге бұйырды. Өйткені ол күнаһар әйелдің көзінше папаның өсиетін айта алмады. Өмірден мезгілсіз өтіп бара жатқан ұлы суретшінің достары мен шәкірттері оның төсегін қоршап жылап тұрды.

Бар болғаны 37 жасында артында мәңгі өлмейтін ғажайып туындылар қалдырған суретшінің Фарнезино вилласы мен Ватикан лоджиясының сызбаларын және басқа да бітіруге үлгере алмай кеткен жұмыстарын оның эскиздері мен суреттері негізінде шәкірттері аяқтап шықты. Ал наубайшының қызы әйелдердің бекзат бейнесін таңғажайып шеберлікпен кескіндеген суретшінің «Форнарина», «Донна Велата», «Сикстандық Мадонна», «Мадонна делла Седия», сондай-ақ «д Элиодоро мен Психея» секілді ең ғаламат шығармаларының прототипіне айналып қалды. Бәлкім оның бүкіл күнәсін ұлы суретшінің қылқаламына шабыт беріп, теңдесіз туындылар тудыруға негіз болған керемет сұлулығы үшін кешіруге де болар. Ал бірақ оны адал сезімін аяқасты еткені үшін италияның ұлы перзенті кешіре алды ма екен? 

... Әлде бір кезде кіршіксіз көңілімен ұнатып, мұны күтумен көзін жұмған Мария Бибиенаның рухы алдында өзін кінәлі сезінді ме екен, әлде Форнариноға деген баянсыз махаббатына соңғы тойтарысының белгісі ме екен, кім білсін, әйтеуір өлер алдында Рафаэль Санти өзін бұрынғы қалыңдығының қасына жерлеуді өтініпті. Бірақ оның бұл тілегі орындалған жоқ. Дегенмен ұлы суретшінің Пантеондағы зиратының жанына Мария Бибиенаға ескірткіш орнатылды.
Ал Форнарина... Рафаэльдің өлімінен кейін шіркеуге кетіп, көп ұзамай қайтыс болған деседі. Зерттеуші Антонио Валеридің айтуынша Форнариноның шын аты – жөнінің Маргерита Люти екендігін ол флорентиялық кітапханадан тапқан. Осындағы шіркеулердің біріндегі монах әйелдердің тізімінде тіркелген Маргерита Люти өзін Рафаэльдің жесірімін деп көрсетіпті. Мүмкін бейбақ сұлу өзінің сезіміне кеш баға берген шығар...

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 03 Февраль 2017 05:51

Шоқан жүрегіндегі шоқ

немесе Мұхамедханапияның махаббат машақаттары

Шыңғыс сұлтан тұңғыш ұлы Шоқан шыр етіп жарық дүниеге келісімен оған болашақта жар болар қалыңдық таңдауды өзіне үлкен бір мақсат етіп қояды. Сол таңдау өзімен бақталас болған төре тұқымы Ахмет Жантуриннің сүйікті қызына түседі. Солайша қазақ дәстүрімен бесіккертті дәстүріне жүгініп, періште балғынды атастырып та қояды. Шыңғыстың бұл шешімінде ішкі есеп те бар болатын. Олар жер дауы, барымта құны секілді мәселелерде өзара келісе алмай, ата-бабасынан бері қарай бір-бірімен байырғы дұшпанға айналған жандар еді. Бәтуа тауып, бітіспесе қалың бұқара алдында беделінен айырылатынын түсінген екеуі ежелгі қазақ салтымен бесікқұдалыққа бел буады. Солай етіп, періште екі перзенттерінің болашақтағы некесімен өзара татулықтарын нығайтпақ ниетті көздейді.

shokhan

Шоқан сүндетке отырғызылып, атқа отыруға жараған соң бірде әкесі Шыңғыс пен анасы Зейнеп сүйкімді ұлдарын еркелете басынан сипап: «Сен міне, атқа мінуге жараған жігіт болдың. Ержетті деген осы. Құдай қаласа келіншек алып, бізді қуантатын күнге де жетерміз. Атастырған қалыңдығың да бар» дегенде, ерке, еркін өскен балақай: «Мен әлі кішкентаймын, үйленбеймін» деп шалт бұрылып, ойынның қызығымен далаға жүгіріп кеткен. Балдырған ұлдарының тәтті тіліне елжіреген әкесі «Е, ұлым, біз тұрғанда үйленбей қайда барасың?» деп күлген де қойған. Ол кезде қайран ата-ана болашақта қазақ халқының маңдайындағы жарық жұлдызы болып қалар ұлдарының тағдырының өзгеше өрілерін, оның жүрегін баураған махаббат машақаты мүлде басқа арнаға бұрылып кетерін қайдан болжасын?!.

Өз кезеңінің алдыңғы қатарлы адамы болған, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа білген, шығыстың бірнеше тілін меңгерген Айғаным әжесінің тәрбиесі арқасында болашақ ұлы ғалым – Шоқан бала күнінен-ақ орысша сауат ашты. Шыңғыс та беделді анасының айтқанына қарсы келе алмады. Сөйтіп Омскідегі кадет корпусын аяқтаған дарынды жігіт корнеттікке тағайындалған соң әке-шешесінің дәулетіне сүйеніп, мырзалық күн кеше бастады. Ол қолдан зерленген әсем киім киіп, бұлғын жағалы тонымен маңғаздана жүргенде ерекше салтанатты көрінетін. Бұлғақтап өскен бозбала орыс аристократтарына еліктеп, бір саусағының тырнағын ұзын етіп өсірді. Оның Омскідегі Мокрый көшесіде орналасқан жекеменшік үйі сыртынан қарағанда қарапайым көрінетін. Алайда ішіне кірген қонақтар сәнді жиһаз бен мүлікке таңданбай көз салмасы мүмкін емес еді. Орта жүзге аса беделді сұлтан әкесі оған қолдан тоқылған қымбат кілемдер мен бағалы аң терілерін жіберетін. Мұның үстіне қаржыдан тапшылық көрмеген Шоқан піл сүйегінен жасалған бұйымдарды жинауға құмартты. Француз иіссуын пайдаланды. Гаваналық шылым шекті. Бозбалалықтың балдәуренінде балқыды. 

Көп ұзамай сән-салтанаты келіскен Уәлихановты генерал-губернатор өзіне адьютанттық қызметке шақырды. Оның Еуропаға еліктеуі осылай басталды. Карта ойнады. Шараптан ұрттады. Гвардиялық екпінде сөйлеуді үйренді. Кескін-келбеті келіскен корнет сол кезде зиялы санатындағы орыс пен татардың талайының қадірлі қонағы болды. Сондай ортада кейде ол даланың серілік мінезін де байқатып қоятын. Әне-міне тұрмысқа шығамын деп қалыңдық аталып қалған қыздарға да білімділігімен, сымбаттылығымен, шығыс пен еуропалық мәдениетті қатар үйлестірген талғампаз тектілігімен ұнап та қалатын. Ол Лермонтов пен Полонскийдің өлеңдерін жатқа айтып, қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуын» қара сөзбен жырлап бергенде жастар жағы қолпаштап қол соғатын. Еуропалық бикештердің арасында Шоқанның етегінен ұстап, еріп кеткісі келгендер де көп еді. 

1852 жылы Шоқан Омбыда кадет корпусында оқып жүргенінде хан тұқымынан шыққан, жүріс-тұрысы да, өзін ұстауы да ақсүйектігін танытып тұратын сымбатты азиатқа Батыс-Сібір губерниясының губернаторы Густав Хрестианович Гасфордтың жап-жас үлбіреген әйелі Любовь Федоровна есі кете ғашық болған деген әңгіме де бар. Жасы 60-ты алқымдаған губернатордың айдай сұлу әйелінің сезімі Шоқанды да бей-жай қалдырмаған. «Оның аты да, заты да – махаббатқа тұнып тұр» деген сөзді Шоқан осы әйелге арнап айтқан деседі. Бір-біріне ынтыққан қос жүректің ыстық сезімі жайлы өсек Гасфорттың құлағына да жеткен. Әйткенмен сабырлы губернатор, генерал-лейтенант Густав қызбалыққа салынбай, әрі сенімді қызметкерімен арадағы сыйластыққа сызат түсірмей, екі ғашықты екі жаққа бөліп жіберумен шектелген. Олардың осы махаббат хикаясы жайлы Ресейдің халық әртісі Георгий Котов пьеса жазып, соның негізінде әйгілі режиссер Владислав Казенин Омбы мемлекеттік музыкалық театрында «Любина роща» деген спектаклін сахналаған. Әр жылы аталған театр жаңа маусымын осы қойылыммен ашуды дәстүрге айналдырыпты. 

«Любина роща» деген тіркестің өзі Шоқанның сөзі екен. Кешке қарай ғайып болып кететін одан достары қайда болғанын сұрағанда ол сүйіктісімен кездесетін тоғайды солай атаған. Ол тоғай кейіннен «Любина роща» деп аталса, қазір Любинский даңғылына айналған. Онда Любаның әдемі орындықта жалғызсырап отырған мүсіні бар. Онымен түйісетін даңғыл Шоқан Уәлихановтың атында. Тірлікте тағдырлары табыспаған ғашықтардың жолын бүгінде қос көше түйістіріп тұр. 

Бір қызығы өмірбаяншылар Шоқанның, Омбыда, Петерборда жүрген кезіндегі «хикаялары» жөнінде мардымды ештеңе айтпайды. Оның қызмет бабымен орыс астанасының сол дәуірдегі танымал ақындарымен, олардың жұбайларымен, ірі шенеуніктерімен қарым-қатынаста болғанын ғана жазады. Айтқандары оның Қашқарға жасаған саяхаты, сол туралы жазған теңдессіз жазбалары төңірегінде ғана өрбиді. 

Су жағасындағы тасты қалада жүріп, көк жөтелге шалдыққан ол елге келіп, науқасын қымызбен емдеуге мәжбүр болады. Міне, осы кезеңдерде бүкіл еуропа саулығына тілекші болған аса дарынды ғалым ғашықтықтың дертіне ұшырайды. Кімге дейсіз ғой? Анасы Зейнептің қызметші әйеліне.
Тар құрсағын жарып шыққан перзентінің амандығын тілеуге келгенде қай ана алдына жан салушы еді?! Зейнеп ханша ұлы Шоқанға сегіз қанат үй тіктіріп, сенімді деген жас қызметші келіншек арқылы күнделікті үш мезгіл тамағы мен әбден бапталған қымызын жіберіп тұрады. Бұл кезде оның жасы жиырма алтыға келіп қалған-тын. Атастырылған қалыңдығы оның жолына қарап, «отырған қыз» атанды. Сондықтан Шыңғыс сұлтан ұлын үйлендіру мәселесін жеделдетуге кіріседі. Мұнысына Шоқан үзілді-кесілді қарсы болады. «Денсаулығымды түзеп алайын» деген желеу айтады. Өйткені ол үлбіреген жас қызметші әйелге біржола көңілі құлап, ғашықтық отына шарпылған-тын. Қырсыққанда қылықты келіншектің күйеуі бар. Бірақ ол екеуінің махаббат сезіміне бөленуіне Шоқанға арналып тігілген үйде ешкім кедергі жасай алмайтын. Оның рұқсатынсыз бұл табалдырықтан тек қана қызметшілер ғана аттай алатын-ды. Онда да оларды қажет шағында өзі шақыртатын. 

Күтпеген жағдайға тап болған Шыңғыс пен Зейнеп балаларын орысша оқытқанына өкінетінін ағайындарына айтып, перзентіне өкпелеп жүрді.

– Жарығым, Шоқаным, – деді Зейнеп ұлына жалынып. – Біздің төрдегі басымызды есікке сүйреме. Менің ақ сүтімнің ақталмай текке кеткені ме? – деп оны райынан қайтарғысы да келді. 
Ол анасына шындықты айтты. Өйткені Ахмет Жантуриннің қызы мұның інісі Жақыпты сүйетінін білетін. Бойжеткенді Жақып та ұнататын. Мұны естіген әкесі мен шешесі қатты таңырқайды. Сонымен не керек, мемлекеттік қызметтегі адам, кавалерия штабс-ротмистрі Шоқанға сөздері өте қоймайтын болғандықтан Шыңғыс пен Зейнеп қоластындағы қызметші әйелді оған жолатпаудың шараларын жасайды. Әйел мен оның күйеуін Шыңғыстың бауырларының бірі – Жебенің ауылына аттандырмақ болады. Мұны естіген Шоқан қызметші келіншекті қайтаруға әрекет етеді. Себебі махаббат буына мас бақытсыз жанды уландырып өлтіру амалы ойластырылып жатқанын біреу оған сыбырлап қойған еді. Сұлтан ойлана келе әйел мен күйеуін Мұса Шормановтың қарамағына жіберуге шешім қабылдайды. Ұлы оған да қарсылық білдіріп, әке-шешесіне ойын ашық жеткізеді.

– Мен ол әйелдің алғашқы некесін дала заңы бойынша күйеуіне талақ айтқызып, бұзып, қайта некелеп үйленемін,– дейді тік мінез төре жігіт алған бетінен қайтпай. Ол ашық аспан астында, қалың жұрттың алдында билер төрелігіне жүгініп, өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдей алатынына бек сенімді-тін. 
Бұл кезде әйел үй тұтқынында отырған. Шоқан оны күштеп босатып алмақ болады. Осы әрекетті сезіп, Шыңғыстың қаны қатты қараяды. Бұл сұлтан тегіне басылатын қара таңба еді. «Ұлық Абылайдың шөбересі бұзылған қатынға үйленбек. Бұған жол бергенше орыстанған ұлын өлімге қиғаны артық». Сөйтіп, ең сенімді нөкерін жіберіп, шайтан азғырған үлкен перзентінің үйін мықты күзетке алдырады. Шоқанды ерекше құрметтейтін нөкер жігіт шындықты жайып салады.

– Аға сұлтан сізді ауылдан тірі шығармауға сөз берді. Желігіңізді басыңыз, мырза.
...Үрейлі хабар. Қазақтың салты бойынша ата-анасының абыройына таңба салып, олардың еркінен тыс шығу ең ауыр қылмыс саналып, тіпті өлім жазасына дейін кесілген. Ырың-жырың шиеленіскен тұста бәрінен бұрын Жақып шыр-пыр болды. Әкесінен бауырына, бауырының алдынан әкесіне күн-түн демей шапқылап, бәтуаға келулерін тіледі. Ол қайткенде де қантөгісті болдармауды ойлады. Өйткені ағасы Ахмет Жантуриннің қызын күштеп некелесуден босатып, сүйгені Жақыпқа қосылуына мүмкіндік жасады ғой. Шындығында Шоқан болмағанда ол өжеттік танытып, ағасына атастырылған қызға үйлене алмайтыны ақиқат-тын. Сөйтіп ағасына атастырылған қалыңдық інісіне бұйырып, екі ғашық бас қосып, екі төре кетіспей, бесікқұдалығын сақтап қалды. Оның үстіне ағасын жанындай жақсы көретін бауырлық сезімі де ерек еді.

Жақып Шыңғыстың барлық шаруасын үйлестіріп ұстайтындықтан әкесіне сөзі өтімді еді. Сондықтан екі жақтың татулығына тұтқа бола білді. Мәміле бойынша әйелді Жақып Сырымбеттен Көкшетауға алып кететін болып шешілді. Шоқанға да керегі сол еді. Ол Көкшедегі таныс молданың көмегімен, қадірлі билердің төрелігіне жүгініп, әйелді күйеуінен ажыратты. Оған құн ретінде 200 мың ақша мен бір жылқы берді. Бұл заңды ажырасу туралы Шоқан петерборлық досы Гутковскийге хат жазыпты. Ал ғашығына некелескені туралы ешқандай жазбаларда айтылмапты. 

Солайша Шоқан Көкшетауға қоныс тебеді. Келіншек (есімі ешқандай жазбаларда айтылмайды) ғалымның үйінде біраз уақыт өмір сүреді. Шыңғыс ұлына қызметші әйелмен арадағы байланысын сырт жұртқа білдірмеуді қатаң талап етеді. Солай болады да. Сұлтанның тақ таласындағы бақталасы Ерден Сандыбаев бәрібір бұл жағдайды сыпсыңы көп сырт құлақтан есітіп, орайы келгенде оңтайлы пайдалануға кіріседі.
Аға сұлтандыққа сайлау науқаны 1862-ші жылы өтуі керек болды. Бұл кезде әскери губернатор Густав Карлович Кури еді. Ол пара алып, « Аға сұлтандық лауазымын алып беремін» деп Ерденге сөз берді. Дәл осы кезде Петербордан келген зиялы 

Уәлихановтың Атбасарға аға сұлтандыққа өзін-өзі ұсынғаны белгілі болды. Ерден Сандыбаев дереу іске кірісті. Олар әйелінен айырылған күйеуді тауып алып, оның атынан «Әйелімді тартып алды» дегізіп, Омскіге арыз жазып апартқызды. Шоқан мен 

Шыңғыс та қарап жатпады. «Ол әйел – қызметшіміз» деп жалтарды. Сөйтіп оны көз қылып, Зейнептің қарамағына Сырымбетке қайтарып жіберді. Мұса Шорманов та Сандыбаевқа қарсы әрекет етіп, бұларды қолдады. Үшеуі қосылған соң үлкен күшке айналып шыға келді. Шоқан әкесімен татуласқанын білдіріп, аға сұлтандықтан бас тартып, әкесінің сайлануына мүмкіндік жасады. 

Қандай ресми дерекке сүйенсек те, Шоқан Уәлиханов ата-баба салт-дәстүрімен үйленіп, той жасап некелеспегені айтылады. Тезек төренің қызына қырындап жүргенде науқасы меңдеп, қайтыс болғандығы туралы кейбір жазбаларда айтылған. Ал қызметші әйел жөніндегі болмашы дерек тек біз жоғарыда айтып өткен досы Гутковскийге жазған хатында ғана кездеседі. Онда онымен дала заңы бойынша некелескені айтылмайды. Әйтсе де сол әйелмен ұлы Шоқанның махаббат машақатына малынғаны ақиқат секілді. Өйткені ел арасына сол кезде осы бір оқиғаның сыбысы білініп қалмаса, 

Ерден Сандыбаевтың кеу-кеулеуімен әйелдің күйеуі губернаторға арыздана алмас еді. Өзі үлкен үміт күткен ұлының қия басып, желіккенін білмесе, Шыңғыс сұлтан да онымен араздасып, тартысып несі бар?
Әйтеуір не десек те, мұнда мұңды бір шындық бар. Әйел алдында ұлы да ұлылығын ұмытатынын өмір талай дәлелдеген. 

Ия, солай... Бар-жоғы 29 жыл ғана ғұмыр кешкен ұлы ғалым махаббат атты ұлы сезімнің алдында дәрменсіз күйде кетті.

Опубликовано в Мәдениет

Танымал тұлғалармен аттас адамдар көп емес. Ал сондай есім мен текті иеленген жандарды кезіктіре қалсақ, мұндай сәйкестікке кейде таңырқап, кейде қызыға көңіл бөлетіндігіміз рас. Айталық, қоғам қайраткері, ақын, саясаткер Олжас Сүлейменовті білмейтін адам кемде кем. Алайда оның аттастары туралы біле бермейтініміз де заңдылық. Өйткені оның бәрі Олжас Омарұлындай ұлы тұлға емес қой. Дегенмен... таныс болыңыздар.

olzhas

Бүгінгі кейіпкеріміздің бірі – Оңтүстіктің тумасы Олжас Астана қаласының білім департаментінде бас маман болып қызмет етеді. Ол атақты адаммен аттас болғанын мақтан тұтады. Дүниеге келгенде жас сәбиге әжесі Жолдыбай деп ат қойғысы келеді. Сол тұста атақты ақын ердің жасы елуге келіп жатады. Газет беттерінде тұлғаға арналған мақалаларды оқып, ағасы Анарбай «есімін Олжас қояйық. Фамилиясы да Сүлейменов әрі ақынның туған күнімен тұспа тұс келіп тұр дейді. Бұл ұсынысты ата-анасы құптайды. Сөйтіп сәбидің атын азан шақырып, ырымдап Олжас қояды. 

Жас жігіт кішкентайынан жауапкершілікті сезініп өседі. Оқуда озат болып, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысады. Өйткені ақынның атына кір келтірмеуді парыз санайды. Бір жолы мектепте ол «үш» алып қалады. Үйіне келген бала анасына: «Менің есімімді Олжас қоймай-ақ» Жолдыбай деп атамадыңыздар ма? – деп ренжиді. Бұл баланың өз есімінің салмағын сезінгендігі еді. 

olzhas-1

Оңтүстіктің тумасы Бәйдібек ауданы, Қайнарбұлақ ауылындағы мектепті бітіргесін арман қуып Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Мұнда Олжас қызықты оқиғаларға куә болады. Университетте студенттердің ең қымбат сыйлығы кітап емес пе? Сондай кітаптың бірін Бақтияр деген жігітке «Олжас Сүлейменовтен» деп қолтаңбасын қойып береді. Ол жігіт сынақ тапсырарда сыйлықты өзімен бірге ала барыпты. Оқытушы «Бұл кітапты кім берді?» деп сұраса, Бақтияр «Олжас Сүлейменов сыйлады» дейді. Оқытушы сондай атақты ақын сыйлап, құрметтеген бала осал болмас деп сынақ алмай-ақ, бес қойып беріпті. 

Жоғары оқу орнын аяқтағасын, Олжас елордадағы Тіл басқармасына жұмысқа орналасады. Бірде «Алаш және Әуезов» атты халықаралық конференция ұйымдастырылады. Басқарма басшылығының ұйытқы болуымен конференцияда оқылған баяндамалар мен материалдардан жинақталып, кітап құрастырылады. Кітапты құрастырушылар: Ербол Тілешов, Жұмагүл Тұрлыбекова және Олжас Сүлейменов, яғни кейіпкердің есімі соңына жазылады. Сонда бір кісі басшыға хабарласып, «Неге әйгілі ақынның есімін төмен қойғансыңдар?!» – деп сұрапты. Басшымыз бұл есімнің еш қатысы жоқтығын, мекемедегі қызметкердің ақынмен аттас екенін айтып, түсіндіруіне тура келеді. 

– Аты-жөнімді естіген кісілер «Шынымен Олжас Сүлейменов пе?» деп таңғалып, сұрап жатады. Аттас екендігімді білген «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы мен «Астана» арнасы «Аттастар» атты бағдарламаларына шақырған болатын. Сонымен қатар, бірнеше газеттерге де сұхбаттарым жарияланды, – дейді Олжас Сүлейменов. 
Олжас ақынның алпыс жылдық мерейтойында еліміздегі өзімен аттас балаларды Алматыға жинады деп естиді. Сол жаңалықтан хабардар болмағанына қатты өкінеді. Сөйтіп кездесуді армандайды. 2006 жылы Олжастың тілегі орындалады. Ақынның 70 жылдық мерейтойы Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында өтеді. Кеш біткесін кейіпкеріміз ақынға есімін өзі секілді халықтың ардақты ұлы болсын деп, ырымдап қойғанын айтады. Танымал тұлға ақ батасын беріп, кітабына қолтаңбасын қойып береді. Ақын секілді өлең жазбаса да, Олжас прозалық шығармаларды оқығанды жақсы көреді.

Тағы бір Олжас...

DSC 4535Екінші кейіпкеріміз тәуелсіздіктің төл құрдасы – Олжас Сүлейменов. Ол қаламыздағы әділет департаментінде жеке сот орындаушы бөлімінің инспектор-іс жүргізушісі. Тұлғамен аттас болғанын мақтаныш сезінеді әрі оны өзіне үлкен жауапкершілік деп түсінеді. 

1991 жылы 5 ақпанда Сүлейменовтер отбасында шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Отбасы мүшелері оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Мейіз апасы немересінің есімі мен тегін ақынға ұқсатып, ырымдап қойғанды жөн көреді. Осылайша жас Олжас айтулы ақын, белгілі қоғам қайраткерінің есімін иеленеді. 

Кейде кейіпкерімізді ақын екен деп шатастыратын кісілер де кездеседі. Департаментке келгендер Олжас Сүлейменовтің аты-жөнін естіп, таңданысын жасырмайды.

– Адамның аты затына сай болуы керек деген тәмсіл бекер айтылмаған ғой! Неғұрлым есімің асқақ болса, соншалықты биік белеске талпынады екенсің. Осындай тұлғамен аттас болғаныма қуанамын. Кейде аты-жөнімді көпшілік қызығушылықпен сұрап жатады. Қоғам қайраткеріндей еңбек жасай алмасам да, сондай есімді алып жүрудің өзі мен үшін абырой, – дейді біздің кейіпкеріміз. 

Олжастың өлең жазуға қабілеті болмағанымен, поэзияны сүйіп оқиды. Алдағы уақытта танымал тұлғамен кездесіп, қолтаңба алуды армандайды. Кім біледі, сәті түссе, арманы орындалып та қалар бәлкім...

Опубликовано в Мәдениет
Страница 1 из 2