«ЭКСПО-2017» ұйымдастырушылар кеңсесінде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесіп, ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Меморандум мақсаты – серіктестік қатынасты нығайту, тиімді жұмыс атқару. Ахметжан Есімов өз сөзінде, ұлттық компания Казань қаласында роуд-шоу және туристік бизнестің дамуын көздеген бірнеше кездесулер өткізгендігін айтты. Бүгінгі меморандумның қол қойылуы «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу аясында туроператорларды кірістіре отырып, туризмнің белсенді түрде дамуына ықпал етері анық.
Туристік қызметтен басқа, екі жақ тәжірибе алмасу және инвестициялық климаттың жақсаруына жағдай жасау, әкімшілік құжаттарды жеңілдету мәселелерін талқылады. Көрме қонақтары үшін арнайы бірегей туристік өнімдер, сондай-ақ, 3 000-нан астам іс-шараларды қамтитын қызықты мәдени-ойын-сауық бағдарламасы әзірленді.
«Сіздер осы іс-шараға үздігін таңдау үшін көптеген дүниелерді көріп, зерттеген боларсыздар. Осы уақытқа дейін өткізілген көрмелердің ішінде «ЭКСПО-2017» ең үздігі боларына ешқандай күмән келтірмеймін», – деді өз сөзінде Татарстан Республикасының Президенті.