Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы жөнінде есеп берілді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті еліміздің экономикалық даму көрсеткіштері өсіп келе жатқанын айтып, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды одан әрі іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

– Менің тапсырмам бойынша еліміздің бірнеше өңірін аралап шықтыңыз. Жалпы, тұрақты ахуал байқалуда. Алдымызда егін ору науқаны тұр. Оны тиісті деңгейде жүргізуіміз қажет, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевқа 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың даму барысы және бағдарламалардың аралық нәтижелері жөнінде мәлімделді.

– Экономикалық өсім 4,2%-ды құрап отыр. Өндіріс саласындағы көрсеткіштер мұнай өңдеу деңгейі төмендеген Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан басқа еліміздің барлық өңірінде 100 пайыздық мөлшерден асты. Біз қазіргі уақытта бұл өңірлерге жаңа резерв көздерін жұмылдыру мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесі жөнінде. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,7% өсім байқалуда. Барлық өңірлерде көрсеткіштер жақсы. Инфляция деңгейі биылғы маусым айымен салыстырғанда 0,1%-ға өсті. Азық-түлік бағасы 0,5%-ға төмендегенін атап өткім келеді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрап отыр, – деп баяндады Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар, Премьер-Министр индустрияландыру бағдарламасының іске асырылуы жөнінде есеп берді. Оның аясында биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 31 жоба іске қосылды. Б.Сағынтаевтың мәліметіне сәйкес, екінші тоқсанда жаңа 10 мың жұмыс орнын қамтитын 100 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

– Экономиканың өсуіне «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асырылуы зор үлес қосып отыр. Биыл автомобиль жолдарының құрылысына 356 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ, қазір 600 шақырым жол іске қосылды. Жыл соңына дейін 469 шақырым жол ақылы болмақ. Алғаш рет осындай жүйеге қосылған «Астана-Бурабай» тас жолы жылына 1,5 миллиард теңгеге дейін пайда әкеліп, оның құрылысына жұмсалған қаражатты ақтап отыр. Қазір «Астана-Теміртау» тас жолын осы жүйеге қосу жұмыстары жүргізілуде, – деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, Б.Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу нәтижелері туралы баяндады. Оның аясында биыл 10,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Премьер-Министрдің мәліметіне сәйкес, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 5,5 млн шаршы метрді қамтитын құрылыс жұмыстары аяқталған.

Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығындағы бағдарламалардың іске асырылуы туралы есеп беріліп, ел экономикасын несиелендіру жөнінде мәлімет ұсынылды. Соңында Қазақстан Президенті Үкімет пен әкімдердің алдына қойылған міндеттерді орындауды жалғастыруды тапсырып, бұл ретте өсімнің оң қарқынын сақтаудың және бөлінген қаражатты игерудің маңыздылығына тоқталды.

– Үкімет қызу жұмыс жүргізіп отыр деп есептеймін. Мен жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия тасымалдаушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, батыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет, – деді Елбасы.

Опубликовано в Саясат

Мемлекет басшысының төрағалығымен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәселелері жөнінде кеңес өтті. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

elbasy aqorda

Кеңеске Президент Әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы В.Жұмақанов, Бас прокурор Ж.Асанов, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы А.Күреңбеков, Қорғаныс министрі С.Жасұзақов, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Ғ.Байжанов, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары С.Әбіш қатысты.

Басқосуда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізудің жалпы тәртібі және оны өткізу кезінде елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы алдағы іс-шараны дайындау және оны сапалы өткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. 

– Біз көңіл толқытарлық сәтке – көрменің ашылуына таяп қалдық. Қазақстанның астанасына келетін қонақтар саны көп болады. Бүгінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне 1,2 миллион билет сатылған екен. Бұл – біз күткендегіден әлдеқайда көп, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі жағдайдың тұрақсыз екенін ескере отырып, көрмені өткізу кезінде қонақтар мен ел азаматтарының қауіпсіздігін Астанада ғана емес, барлық өңірімізде де жоғары деңгейде қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Бұл үшін әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі. 

Мемлекет басшысы кеңес қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.

Опубликовано в Саясат

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа республиканың ағымдағы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы және негізгі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінде есеп берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан барлық бастамалардың келесі жылы әрі қарай тиімді іске асырылуының негізі қаланғанын айтып өтті.

– Бірінші кезекте, бюджетке тиісті түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, барлық қажетті мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Соның ішінде, тиімді көлік-логистикалық инфрақұрылымын құрудан тұратын, «Нұрлы жол» даму бағдарламасының аясында халықтың әл-ауқатын арттыру шараларын қабылдау және республиканы жүйелі индустриалды-инновациялық дамумен қамтамасыз етудің маңыздылығы айқын, – деді Мемлекет басшысы.

Премьер-Министр өз баяндамасында республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштерінде оң серпіннің бар екендігін мәлімдеді. Инфляция деңгейі берілген параметрлерде сақталған.

Б. Сағынтаев Қазақстан Президентінің ағымдағы жылдың 9 қыркүйегіндегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары уақытылы орындалып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ел экономикасын әрі қарай дамытуды ынталандыру мақсатындағы 481 млрд теңге көлеміндегі қосымша қаражаттың бөлінуі бекітілді. Сондай-ақ, Премьер-Министр күніне 90 мың баррель көлеміндегі өнім беретін «Қашаған» мұнай-газ кен орнының іске қосылғанын айтып өтті. Бұдан өзге, Б. Сағынтаев Мемлекет басшысына, бірінші кезекте, азық-түлік өнімдері мен негізгі қажетті тауарлардан бастап бағаларға және халық пен әлеуметтік мекемелерді жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге, сонымен қатар, тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жоспарланған нысандардың уақытылы тапсырылуына тұрақты бақылау орнатылғаны туралы ақпарат берді.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Опубликовано в Саясат

Мемлекет басшысы жер мәселесіне қатысты комиссия құруды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

aqorda 02

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен кеңес отырыс өтті. Онда күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
– Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ, бірақ түсіндіру керек, оны алып тастағаннан кейін ауыл шаруашылығына қандай мүшкілдік болатынын. Оны диқандар ғана біледі далада отырған, егін егіп, мал жайып отырғандар. Асфальтта жүріп айғайлағандар емес. Алдымен Үкімет жанынан бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев жетекшілік ететін комиссия құруды тапсырамын, – деді Президент.

Елбасының мәлімдеуінше, ол комиссия мемлекеттік органдар, қоғамдық органдарменен осы шаруаны талқылап, нақты түсіндіріп, Жер кодексіндегі даулы мәселелерді айқындап, Парламентке ұсыныстарды беріп, Парламентпен бірге қайтадан қарайтын болады. «Түсінбей жүрген адамдарды шақыру керек. Бұл жұмысты «Нұр Отан» партиясымен бірге, оның жанындағы демократиялық күштердің біріккен коалициясы бар, ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Оған барлық партия, қоғамдық ұйым, БАҚ тартылуы керек. Оны жасыратын ештеңесі жоқ. Бұл барлық ел істеп отырған экономика», – деп түсіндіріп өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Опубликовано в Саясат