Среда, 02 Ноябрь 2016 05:35

Заң талаптарына сай өткізілді

Оңтүстік Қазақстан облыстық және Түркістан қалалық мәслихаттарынан шығып қалған депутаттардың орнына халық қалаулыларын сайлау науқаны 30 қазан күні аяқталып, жеңімпаз депутаттардың есімі белгілі болды. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

sailau

– 30 қазан күні өткен сайлау қорытындысы бойынша облыстық мәслихаттың депутаттығына Мақтарал ауданы №25 облыстық сайлау округі бойынша 93,7 пайыз басымдықпен (23695 дауыс) Джамалов Бауыржан Салдарұлы жеңіп шықса, Түркістан қалалық мәслихаттығына Түркістан қаласы №13 қалалық сайлау округі бойынша Мұстапаев Ержан Хабибуллаұлы 91,3 пайыз дауыспен (4913 дауыс) басым түсті. Сайлау ҚР сайлау туралы талаптарының заңына сай өткізілді, – деді Ә.Өмірәлиев.

Жалпы, кешегі өткен сайлауда облыстық мәслихат депутаттығы бойынша 25 мыңнан астам сайлаушылардың арасында 3 үміткер бақ сынаса, Түркістан қалалық мәслихатына 6,5 мыңнан астам сайлаушылардың ішінде 4 кандидат сынға түскен.

Опубликовано в Саясат

Ислам Каримовтың қазасынан кейін, Өзбекстанда Президент сайлауына қызу дайындық басталып кетті. Нақтырақ айтсақ, мерзімінен бұрын Президент сайлауы 4 желтоқсанда өтеді. Үміткерлерді тіркеу мерзімі ретінде қыркүйектің 30-ы мен қазан айының 20-сы аралығы белгіленген.

uzbeks

Ел Конституциясы бойынша, Президент қайтыс болған немесе қызметін атқаруға қабілетсіз болған жағдайда оның міндетін атқару үш ай мерзімге Парламенттің жоғарғы палатасы – Сенат төрағасына жүктелуі тиіс. Дегенмен, Сенат спикері Нигматулла Юлдашев бұл міндеттен бас тартуы себептен, Президент міндетін уақытша атқару жауапкершілігі Үкімет басшысы Шавкат Мирзияевқа жүктеліп отыр.
Президент сайлауы алдындағы науқанға шапшаң кіріскен партиялар бүгінде өз кандитаттарын ұсынды. Өзбекстанның Либералдық-демократиялық партиясы үміткер ретінде Шавкат Мирзияевқа бірауыздан дауыс берген. Бұл орайда, көптеген саясаттанушылар оның Президент болатынына сенімді. Десе де, Парламенттің төменгі палатасы спикерінің орынбасары Сарвар Отармұратовтың да тақтан дәмесі бар. Оны «Миллий Тикланиш» партиясы кандитат ретінде ұсынды. Бұдан бөлек, 2015 жылғы Президент сайлауына түскен Хотамжан Кетмонов пен Нариман Омаров та осы тізімде.
Бұл жолғы сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында Өзбекстан Орталық сайлау комитеті бірқатар халықаралық ұйымдарға Президент сайлауына ресми түрде шақырту жолдады. Бұл қатарда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Атқарушы комитеті, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) да бар.
Бұған дейінгі 2015 жылы 29 наурызда өткен Өзбекстан президенті сайлауына ЕҚЫҰ байқаушыларды шектеулі ғана көлемде жіберген еді. Яғни, 43 елден 300-дей ғана байқаушы сайлау барысын бақылаған болатын.
Сонымен, Өзбекстандағы мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауына 2 айдан аз уақыт қалды. Саяси партиялар өзбек елін басқаруға лайық деп таныған 4 саясаткердің кандидатурасы да дайын. Ал уақытша президент Шавкат Мирзияев аз күннің ішінде не тындырды? Оны қазірден бастап болашақ Президент деп тануға негіз бар ма? Осыған орай, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин әлеуметтік желі арқылы қазіргі Өзбекстандағы жағдайға қатысты өз көзқарасын білдірді. Сарапшының пікірінше, ел саясатының жабықтығын және жергілікті саяси элита құрылымының ерекшелігін ескере отырып, биліктің қандай сценарийлерімен ауысатынын болжау аса қиынға соғады. Дегенмен, елдегі саяси жүйе бүгінде жаңаша бағыт алғандай. Әсіресе, көршілес елдермен ынтымақтастықты тереңдетіп, олармен тығыз қарым-қатынаста болуға мүдделілік танытуда.
Бүгінде, Мирзияев өз пәрменімен Жұлдыз Османова, Обид Осомов, Шерәлі Джураев сынды қудалауда жүрген бірнеше өзбек жұлдыздарын сахнаға қайтарды. Жақында Сырдария облысына іссапармен барған уақытша Президент Кәрімов салып берген сара жолдан ешқашан айнымаймыз деп сұхбат та берді.
Бір қызығы, Кәрімов қайтыс болғаннан кейін әлемдік ірі ақпарат агенттіктері Өзбекстандағы саяси ахуал жайлы жақ ашпады. Бірақ жергілікті басылымдар Шавкат Мирзияевтің іссапарларын кеңінен насихаттауда.
Шынында, Үкімет басшысы, бүгінде Президенттің міндетін уақытша атқару жауапкершілігін алған Шавкат Мирзияевтің жасы қазір 58-де. Яғни, елде белсенді билік жүргізе алатын дер шағы. 2003 жылдан бері Премьер-министр лауазымын атқарып келеді. Оның басшылық карьерасы Ташкент қаласындағы Мырза Ұлықбек ауданының әкімі қызметінен басталған. Осы кезден бастап ол Каримов жақын тартқан кадрлардың бірі болған. Білетіндер Мирзияевтың мінезі қатаңдау екенін айтады.
Өзбекстан – Орталық Азия елдерінің арасында айтарлықтай маңызға ие мемлекеттердің бірі. Бұл орайда, сарапшылар елдегі саяси элита арасындағы топтар немесе жеке адамдардың өзара тартысы елдегі дағдарыс дәуірін туындатуы мүмкін екенін айтуда. Тіпті, ғаламтор беттерінде Өзбекстанда Мирзияевке қарсы ереуілдер өтіп жатқаны жайлы хабарлар да тарауда. Мұның барлығы алдағы сайлауға әсер ететіні сөзсіз. Шын мәнінде, елде Мирзиявке қарсы қарсылық үдей түссе, онда ел басқаруға ниетті Сарвар Отармұратов, Хотамжан Кетмонов, Нариман Омаровтың бірін Президент ретінде көріп қалуымыз да бек мүмкін.
Шамамен 32 миллион халқы бар Өзбекстанда Президенттік сайлауда 21,5 миллион сайлаушы дауыс береді деп күтілуде.

Опубликовано в Саясат

ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев брифинг өткізді. Брифингте Оңтүстік
Қазақстан облыстық және Түркістан қалалық мәслихаттарынан шығып қалған депутаттардың орнына кандидаттарды ұсыну және тіркеу барысы бойынша өткен басқосуда тиісті кандидаттар анықталғаны айтылды.

Атап айтқанда, №25 облыстық сайлау округі бойынша 6 кандидат, оның ішінде, 5 үміткер өзін-өзі ұсыну жолымен, 1 азамат саяси партиядан тіркелсе, №13 Түркістан қалалық сайлау округі бойынша 4 кандидат, оның ішінде 3-уі өзін-өзі ұсыну жолымен, 1-уі саяси партиядан ұсынылған.

«Қазіргі таңда аталған округтер бойынша облыстық мәслихатқа – 6, қалалық мәслихатқа – 4 кандидат тіркелді. Сайлау науқаны сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өтуде. Бүгінгі күнге дейін сайлау комиссиясына арыз-шағымдар түскен жоқ», – деді Ә.Өмірәлиев.
Айта кетейік, тіркелген үміткерлердің сайлауалды жұмыстары 5 қазаннан басталды. Үгіт-насихат шаралары 28 қазан, сағат 24:00-ге дейін жалғасады. Ал үміткерлерді сайлау 30 қазан күні өтеді. Қосымша сұрақтар бойынша 24-72-32 нөміріне хабарласуға болады.

Опубликовано в Саясат