Түркістан қаласындағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығын жаппай тексеру нәтижесінде туберулез диагнозы 502 адамның 65-інде расталды. Оның екеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, аталған мекеме жабық мекеме болып табылады және ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қарамағына кіреді. Бұл мекемеде сихоневрологиялық ауруларға шалдыққан 502 науқас тіркелген.
1-ақпаннан бастап туберкулезге шалдыққан науқастарды орталықтың басқа пациенттерінен оқшаулау жүргізілген.
– Науқастар Сарыағаш аудандық туберкулезге қарсы диспансерге ауыстырылып, ондағы контингент Арыс қаласындағы мекемеге көшірілді. Қос мекеменің де ғимараты жөндеуден өткізіліп, барлық медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген. Қосымша физиатр, психиатр дәрігерлерді де бекітіп қойдық, – деді Мұқан Кеңесбекұлы.
Айта кету керек, былтыр Түркістандағы аталған мекеме қоғамдық резоннанс тудырған болатын. Денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, жұмыс орнында салақтық танытқаны үшін барлық кінәлілер жазаға тартылып, бес адам қызметінен босаған.
Былтырғы жағдай қайталанбас үшін Денсаулық сақтау басқармасы ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты барлық мамандандырылған жабық мекемелерді тексеру үстінде. Алдын ала нәтижелер бойынша, бұдан Көксәйек елдімекеніндегі №3 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығында туберкулезге шалдыққан 7 науқас анықталған. Алдағы уақытта 22 білім беру мекемелерінде де (саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттар және т.б.) толыққанды медициналық тексеру жүргізу қажеттігін ұсынуда. Мұндай шаралар Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық мамандандырылған мекемелердегі хал-ахуалды зерделеуге мүмкіндік бермек.