Шымкент ірі агломерацияға айналады Избранное

Пятница, 10 Ноябрь 2017 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 40 раз

Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Дүйсебеков мәлім етті.

shymkala-89-1

Шымкент қаласының халқы саны күн санап артып келеді. Қазіргі таңда Шымкент агломерациясының аумағы 1573,5 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ, жақын маңдағы ірі аудан орталықтары мен қалалар арасындағы қарым-қатынас жақындай түсуде. Аумағында 1,8 миллион адам, 367 елдімекен орналасқан. Оған 9 қала, аудандар кіреді. Болжам бойынша 2020 жылға қарай Шымкент агломерациясы халқының саны 185093 адамға немесе 10,3 % артып, 1986087 адамды құрайды деп күтілуде. Осыған орай, қала ішіндегі кедергілерді азайтып, кішігірім қалалардың қарқынды дамуы үшін Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленді. 

Схема аралық (2020 жыл) және есептік (2030 жыл) жобалау мерзімдеріне аумақтың қала құрылысын перспективалы дамытудың жобалық ұсыныстарын қамтиды. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, газ, электр жүйелері секілді инфрақұрылымды кешенді дамыту шаралары бар. 

– Жоба бойынша оңтүстік бағытта – Сарыағаш қаласы, батыс бағытында – Арыс қаласы, шығыс бағытында – Т. Рысқұлов селосы контрмагниттік рөлі бар әкімшілік орталықтары ретінде анықталды. Ал серіктес елді мекендерге Леңгір, Ақсу, Қазығұрт, Бадам, Темірлан, Төрткүл, Шаян аудан, қалалары енді. Бұл жерлерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасалып, одан әрі дамыту шаралары жүргізіледі, – деді Бақтыбай Елікұлы. 

Айта кетейік, Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын әзірлеуші Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.