Версия для печати

Инвестицияның игілігін ел көреді Избранное

Пятница, 25 Декабрь 2015 06:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4352 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазіргі таңда өңірлердің инвестициялық әлеуетін көтеру мәселесі өзекті болып тұр. Әсіресе, бұл мегаполистерге қатысты жиі айтылады. Еліміздің үшінші қаласы – Шымкент екені айдан анық. Бұл бағыттағы мемлекеттік тапсырманың маңыздылығы күн санап артып отыр. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кезекті Жолдауында «Үкiметке үш ай мерзiм iшiнде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлi жоспарын жасап ұсынуды тапсырамын. Өңiрлерде жергiлiктi маңызды жобаларды жүзеге асыру үшiн инвестициялар тартуға қажеттi кеңестер құру керек» деген болатын.

risunok35

Жуырда ғана қабылданған Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдасы мегаполистің келешектегі кескін-келбетінен хабар береді. Солай десек те, қағаз бетінде жасалған жобалардың бойына қан жүгірту үшін қыруар қаржы қажет. Бұл оңай шаруа емес, десек те, мұның уақыт талабынан туындайтын мәселе екенін де ұмытпауға тиіспіз. Иә, әлемдік қаржы дағдарысы алқымнан қысып тұр. Қазір бүкіл әлем осы «тажалмен» бетпе-бет келіп, күресуде. Дағдарыс қыспағынан еліміз де сытылып кеткен жоқ. Алайда оған қарсы тиімді іс-әрекеттер жасап үлгерді.
Шымкент қаласының даму тұжырымдамасында қарастырылған әрбір жоба жасалғанда осындай мәселелер де ескерусіз қалмады. Тіпті, дағдарыс кезеңінде мұндай қыруар қаржыны қажет ететін жобаларға бюджеттің қаражаты жете ме деген сауалдар бой көтерген. Бұл ретте Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов қалаға инвестиция тартудың өзектілігін алға тартқан болатын. Тұжырымдама аясында қала эконикасының ең тартымды салаларына жергілікті және шетел инвесторларын тарту үшін 100 жоба әзірленген. Нәтижесінде жүзден кем емес инвесторлар тарту көзделіп отыр. Сондықтан да болар, шаһар басшысы инвесторлармен жан-жақты келісім жұмыстарын бастап кетті.
Бүгінгі күнге дейін қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың бастамасымен Түркия, Германия, Испания, Корея, АҚШ, Швейцария және өзге де елдердің инвесторларымен екі жақты кездесуінде бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Тұжырымдамадағы «Shymkent City» заманауи тұрғын және іскерлік орталығы, «Диснейлэнд» сондай-ақ, «Smart Сity» сияқты көңілге қонымды жобаларды іске асыруға бүгінде шетел инвесторлары қызығушылық танытуда.
– Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктері көп, соны тиімді пайдалану қажет, – деген қала әкімі Ғ.Әбдірахымов кезекті бір баяндамасында.
– Тұжырымдамадағы басты жобаларға шетел инвесторларын тарту арқылы жағымды инвестициялық саясатты қалыптастыруға ықпал етеміз. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – басым бағытымыз. Осы жылдың өзінде 120 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 80 миллиарды жеке инвесторлардың үлесіне тиесілі.
Жалпы соңғы жылдары қала экономикасына инвестиция тарту ісінде ілгерілеушілік бар екені байқалады. Әкімдіктің мәліметіне қарағанда 2014 жылы қала экономикасына 166,7 млрд теңге көлемінде инвестициялар тартылса, 2013 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 29,6 пайызға артқан. Ал 2015 жылдың алты айында негізгі капиталға бағытталған инвестициялардың көлемі 56,9 млн теңгені құрап, 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,2%-ға өскен. Экономика салалары бойынша талдау жасайтын болсақ, 2013 жылмен салыстырғанда, инвестиция көлемі ауыл шаруашылығына 20 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 76, электрмен жабдықтау 67, сумен жабдықтау 37 пайызға, құрылыс саласы 2 есе, сауда – 2,4 есе, көлік және қоймалау – 2,3 есе, білім саласына бағытталған инвестиция көлемі 37 пайызға өскен.
– Қаржылық дағдарыс заманында өндiрiстi тоқтатпай, жаңа жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы. Елбасы кешегі Жолдауында инвестиция тарту мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Жаңа тұжырымдамасы қабылданған Шымкент қаласын жоспарға сай дамыту үшiн инвестиция аса қажет. Қала әкiмi мен кәсiпкерлерi қазiр әлемнiң көптеген мемлекеттерiне iссапармен барып, тиiмдi келiсiмдерге қол жеткiзуде. Шымқалаға шетелден делегациялар келiп, қаланы дамыту жұмыстарына қызығушылық танытуда. Бiздiң мiндет – ел бюджетiнен және инвесторлар арқылы келетiн қаражатты тиiмдi әрi үнемдi пайдалану. Құрылыс жұмыстарының сапалы жүргiзiлуiн бақылау, – дейді Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Е. Дәрменов.

Ірі құрылыс, ойын-сауық, сәулеттік жобаларға қомақты қаржы салу үшін инвесторлар да қолайлы орта іздейді. Еліміздің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан, еңбектің қайнаған ортасы саналатын, дамудың жолымен жүріп келе жатқан Шымкентке қаржы салу инвесторлар үшін тиімді болса керек. Оған қоса Шымкент сауда, экономикалық, бизнес-әріптестік әлеуеті жоғары мегаполис. Бұған Қазақстанның әлемдегі саяси тұрақтылық жағынан алдыңғы қатарда тұрған 50 елдің қатарына кіретін мәртебесін қосыңыз. Яғни еліміздің саяси және әлеуметтік тұрақтылығы шетел инвесторлары тарапынан жоғары бағаланады.

Сол себепті де олар біздің елге келуге жүрексінбейді.

Елге инвестиция тарту ісінің отандық өндірісті, ішкі туризмді, әлеуметтік салаларды дамытудағы ролі зор. Сондықтан, Шымкенттің инвестициялық әлеуетін арттыру, мүмкіндіктерін зерделеп, жетілдіре түсу алдағы уақыттың еншісіндегі іс.