×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 23

Қаламгерлерге көрсетiлген құрмет

Пятница, 11 Декабрь 2015 07:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7468 раз

 MG 9660-5-7

Марапат – адам еңбегі еленіп, білім-білігі мен кәсіби тәжірибесі жоғары бағаланып берілетін ерекше құрметтің белгісі. Қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген өз ісінің маманы болып саналатын азаматтардың әрбірі марапатқа лайық. Алайда олардың бәріне де мемлекет тарапынан берілетін марапаттаулар жете бермейді. Десек те мұндай қызмет түрімен қоғамдық негізде айналысатын ұйымдар бар. Оңтүстік Қазақстан облысында 2013 жылы құрылған «Құрмет. Абырой. Бедел» қоғамдық бірлестігі бүгінде сан түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтарды марапаттау арқылы көпке қуаныш сыйлап, ел алғысын арқалап жүрген бірегей ұйым. Осы ретте қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, ҚР Білім беру ісінің үздігі Махамбетәлі Тастанбековты әңгімеге тартқан едік.

– Махамбетәлі аға, жуырда ғана біздің редакция ұсынысымен «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттерінің мерейтойында осы басылымда еңбек еткен біраз қызметкерлерді марапаттап, кеуделеріне медаль тақтыңыз. Бұл зиялы қауым мен журналистер үшін ерекше сый болды. Жалпы, сіздерге азаматтарды марапаттайтын қоғамдық бірлестік құру идеясы қалай келді?

 MG 9660-5– Бұл идеяны бірлестіктің алқа мүшелері ұсынған болатын. Олардың ішінде заңгер А.Д. Юсупов және суретші-дизайнер Б.Д. Сейілханов білім саласының тәжірибелі кызметкері Т.Д. Елеусінова және де түрлі мамандық иелері бар. Айталық, біздің қоғамда әр салада еңбек етіп, бірі еленіп, енді бірі еленбей жүрген қызметкерлер көп-ақ. Сондай азаматтарды атқарған жұмысына қарай марапаттасақ деген ұсыныс айтты. Тиісті заңдарды қарастырып, 2013 жылдың 22 шілдесінде ОҚО Әділет басқармасынан мемлекеттік тіркеуден өттік. Әрине, мемлекет тарапынан берілетін түрлі награда, медаль, төсбелгі, мақтау-марапаттардың жөні бөлек. Оның берілу тәртібі бар. Дегенмен, мемлекеттің азаматтардың бәрін бірдей марапаттауына мүмкіндігі жоқ. Осы мәселені ескеріп, біз нағыз еңбек адамдарының бәрі де марапаттауға лайық екенін өз жұмысымыз арқылы көрсеткіміз келді. Біз ең алғаш рет марапаттау ісін білім саласынан бастадық. «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің «Білім беру ісінің үздігі» медалін облыстағы аса үздік мұғалімдерге табыстадық. Бұл жерде баса мән беретін мәселе, марапатталатын мұғалімнің 10 жылдан кем емес еңбек өтілі болуы тиіс. Біздің осындай жұмыстарымызды естіген, көрген, білгендер хат жолдап, ұсыныс-тілектерін білдіріп жатты. Жолданған хаттарды талдап, саралап көрдік. Осыған байланысты біз марапаттау саласын кеңейттік. Яғни тек білім саласының ғана емес, түрлі сала қызметкерлерін де марапаттайтын жағдай қарастырдық. Елбасымыз атап өткендей, біз еңбек қоғамына қарай қадам басқан елміз. Яғни, еңбек қоғамындағы адам факторы ең бірінші назарға алынуы керек деп есептейміз.

– Жалпы, қай саладағы мамандарға медаль, төсбелгілеріңіз және мадақтамаларыңыз бар? Олардың әрқайсысының мәртебесі қандай және марапаттау үшін азаматтарға талаптар қойыла ма?

– Біріншіден ол медальдардың әрқайсысының өз мәртебесі, сертификаты бар. Келбетіне ерекше мән беріп өзіміздің станоктан шығарамыз. Өз қолымыздан, шығармашылық, көркемдік ізденістен туындаған дүние болғандықтан медальдардың әрбір элементіне, сапасына мән береміз.

– Айтпақшы, ерекше әсер қалдырған медальдың бірі “Әлемнің асылы” деген төсбелгі болды. Атауы қандай керемет және дизайнерлік орындалуы бізге қатты ұнағанын айта кетейік.

 MG 9660-6– Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз» деген сөзі бар. Аты айтып тұрғандай, «Әлемнің асылы» наградасына отбасын ұйытып, шаңырағын шайқалтпай, көпшіліктің көзайымына айналған нәзікжандылар әбден лайық. Қызметтен бөлек қоғамда өз кәсібін дөңгелетіп, халық игілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Дүниеге сәби әкеліп, көпбалалы ана атанып жатқандарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Олай болса “Әлемнің асылы” осындай аналарды ардақтап, қыз-келіншектерді құрметтеуге арналған марапат екені сөзсіз. Жалпы ең жоғары медаль «Ерен еңбегі үшін» деп аталады. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Кең байтақ даламызды мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің де еліміздің мәдени-экономикалық дамуына үлес қосып жүргендері шындық. “Жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір” бауырластарымыз мемлекетіміздің өркендеуіне барынша өз үлестерін қосып келеді. Ұлтаралық қатынастар мен татулықты сақтауға септігін тигізіп, мемлекеттік тілдің беделін арттыруда белсенділік танытып келе жатқан өзге ұлт өкілдері «Ынтымақ» медалімен наградталады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, өз заманының ынтымағы мен бірлігін сақтап, тарихи тұлғаға айналған қоғам қайраткерінің есімімен аталатын «Төле би» төсбелгімен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ сот қызметкерлері мен заң саласының мамандары марапатталды. Ұлы бабаның 350 жылдығына орай шығарылған медаль бұдан бөлек қоғамға еңбегі сіңген аузы дуалы ақсақалдар мен білікті басшыларға, халық қалаулыларына беріледі. «Мінсіз қызметі үшін» медалі қоғамның барлық саласында (спорт, мәдениет, өнер, құрылыс, т.б.) 10 жылдан астам уақыт еңбек еткен азаматтарға арналған. Кәсіби тұрғыдан қарағанда білімі мен біліктілігі жоғары, әріптестері арасында сыйлы, сондай-ақ өңірдің немесе сол саланың дамуына сүбелі үлес қосқандар және түрлі байқаулар мен сайыстардың жеңімпаздары да осы марапатқа лайықты болып табылады. “Мінсіз қызметі үшін” төсбелгісі “Qurmet-AB” қоғамдық бірлестігі төрағасының 2013 жылдың 25-қарашадағы №01-0007 шешімімен бекітілген. Кәсіби шыңдалған, қызметтік жолында жоғары жетістіктерге жеткен облыстағы беделді тұлғалар марапатталып келеді.

– Марапатталатын адамдарды қалай анықтайсыздар?

– Медаль берудің өзіндік тәртібі мен ережесі бар. Бізге түрлі еңбек ұжымдарынан ұсыныс түседі. Олар бізге ұжым жиналысының хаттамасын, марапаттау қағидасын және сұраныс хат жіберу керек. Бұл қоғамдық бірлестіктің Алқа мүшелерінің отырысында қаралады. Содан кейін шешім шығарылады. Ұсыныс хаттар өте көп келеді. Қазіргі таңда біз өз жұмысымызды жеңілдету үшін әр аудандардан өкілдерімізді бекітіп қойдық. Сол өкілдер арқылы ұсыныстарды қарап, тіркеуге алып, марапаттайтын боламыз. Айта кететін бір жәйт, бізді мемлекет қаржыландырмайды. Марапаттау шығындары ұжымның немесе марапатталушы есебінен жүргізіледі. Мәселен, өңірге есімі белгілі, білім саласының үздіктері Ә. Қуатбеков, Л. Тәшімов секілді ел ағалары біздің жұмысымызды қолдап-қуаттап, марапаттау туралы ұсыныстарын білдірген болатын. Жақында «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттерінің мерейтойына орай елге белгілі 7 азаматты марапаттадық. Атап айтқанда, Оңалбай Аяшев, Нұрлан Кенжғұлов – «Ерен еңбегі үшін», Мадет Сайғана - «Әлемнің асылы», Әлия Еңсебаева, Эльмира Бердіғалиева, Ғалымжан Елшібай – «Мінсіз қызметі үшін», Любовь Добрата - «Ынтымақ» медалімен марапатталды. Қазір қоғамдық бірлестіктең өз мүшелері көбейуде. Ең бастысы біз марапаттау арқылы көптеген азаматтардың еңбегін бағалап, рухын көтеріп, қуаныш сыйлап келе жатырмыз.

– Дәл мұндай қызмет түрімен айналысатын ұйымдар басқа өңірлерде бар ма?

– Әзірге басқа өңірлерде жоқ. Қазіргі таңда біз Оңтүстік Қазақстан облысын ғана қамтып отырмыз. Бізге бұл салада аудандық, қалалық білім бөлімдері қолдау көрсетуде. Оларға алғысымыз шексіз. Дегенмен, тек облыста ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде осындай жұмыстарды жүзеге асыру маңызды екенін түсіндік. Келесі жылы Қызылорда және Жамбыл облыстарынан өз филиалдарымызды ашуды жоспарлап отырмыз.

– Махамбетәлі аға, өзіңіз туралы бірер сөз айтсаңыз?

– Мен жарты ғасырға жуық білім саласында қызмет еттім. Мамандығым – тарихшы. Қарапайым мұғалімнен бастап, мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры болдым. Одан кейінгі жылдары Ордабасы, Сайрам аудандық білім бөлімдерінде жұмыс істедім. Осы саладан зейнеткерлікке шықтым. Қазір «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігіндемін. Бірлестік атына көптеген Алғыс хаттар түсіп жатады. Атқарып жүрген жұмысым өзіме ұнайды, жұрттың жүрегіне қуаныш сыйлаудан артық ештеңе жоқ деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Раушан МАХЫМОВА

P.S. «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің мекенжайы:
Шымкент қаласы, 
Төле би көшесі, 41 үй.