Жатақхана жайлы ма, студент? Избранное

Среда, 19 Сентябрь 2018 05:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 6012 раз

Шымкент – жастар қаласы. Қалада 10 жоғары және 38 арнаулы орта оқу орындарында жалпы 99 мыңнан астам студент білім алады. Жалпы, 30 жатақханада 7926 студент тұрады. Жылдан жылға студенттерге деген қамқорлық артып келеді. Алдағы уақытта студенттік кампус салу жобалары бар. Мұның бәрі де келешек ұрпақ үшін.

 MG 9553

Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің мәліметтеріне сәйкес, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бағыты бойынша оң нәтижелер бар.
Шымкентте жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жатақхана салу қолға алынуда. Қазіргі таңда 10 жоғары және 38 орта арнаулы оқу орнында 30 жатақхана бар. 8910 орынға қажеттілік сезіліп отыр.
Бүгінде жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылығы инвесторларды тарту, сондай-ақ жатақхана құрылысы үшін жер мәселесі жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Сәуле» шағын ауданында 2 мың орындық кампустың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде. Жатақхана құрылысын аяқтау 2019 жылға жоспарланған.
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде 2018 жылдың желтоқсанында 500 орындық жатақхана пайдалануға беріледі.
Одан бөлек, қала әкімдігіне М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Оңтүстік Қазақстан Фармацевтика академиясы, Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетінің басшылығы тарапынан жер учаскесін беру туралы өтініш хаттар көптеп жазылып, мәселелер қаралуда.

«70 пайызы жатақханамен қамтылған»

 MG 9522

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде жалпы студенттердің 70 пайызы жатақханамен қамтылған. Қазір онда 3 жатақханада 1100 орын студент жайғасқан.
2015 жылы пайдалануға берілген 12 қабатты «Студенттер үйі» қала көркіне көрік косып, оқу орнынының атын әйгілеп тұр. Заман талабына сай жабдықталған ғимаратта тек үздіктердің үздігіне орын бұйыратыны бұған дейін де жазғанбыз. Халықаралық стандарттарға жауап беретін жатақхана – студенттердің мақтанышы.
Жаңа оқу жылы қарсаңында жатақхана маңынан «Рухани жаңғыру» алаңы ашылды. Онда әр факультеттің бет-бейнесі көрсетілген. Яғни, жаңа нысан студенттердің танымын кеңейтіп, рухани кеңістігін байытары сөзсіз.
Биылғы оқу жылындағы жаңалықтың бірі – шетелдік 786 студенттің оқуға қабылданғаны. Өзбекстаннан 780, Түрікменстаннан 5, Қытайдан 1 студент іргелі оқу ордасында білім алуға өтініш білдірген. Бұл – халықаралық ынтымақтастықты арттыру мақсатында іске асқан жоба.
– Күндізгі оқу бойынша 3727 шәкіртіміз бар. Оның ішінде мемлекеттік грант иегерлері – 1549. Жалпы, 1100 студентке жатақхана толығымен жететін. Университет статусын алғаннан кейін біздің контингент көбейді. Әлеуметтік жағдайға байланысты жатақханаға сұраныс та артып отыр. Сол себепті, бірінші кезекте сабақ үлегрімі жақсы шәкірттерді, әлеуметтік жағдайы төмендер және шетелден келген шәкірттерді орналастырып жатырмыз. Қазір бізде жатақханамен қамту деңгейі 70 пайызға жуық. Орын жетіспеушілігінің тағы бір себебі – университет дәрежесін алғаннан кейін бізде магистратура, докторантура бағыттары ашылды, – дейді ОҚМПУ-дың тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Ақлима Мархабатқызы.
Шетелдік студенттер негізінен, денешынықтыру және спорт, химия биология, психология және ағылшын тілі маманлықтарын оқуға ынталы.
Мінекейіңіз, оқу ордасында контингент саны артып, әлеует ұлғайып келеді. Ендігі кезекте бес бастама аясында бірқатар жобаларды іске асыру міндеті тұр. Ендігі кезекте 2 мың студентке арналған студенттік кампус салуға күш салынбақ.
Министрлік жанындағы қаржы орталығымен келіссөз жасалды. Тәрбие жұмыстар жөніндегі проректордың айтуынша, мемлекеттік-жекешелік серіктестік бойынша жатақхана салу мәселесі таяуда нақтыланбақ. Құрылысты 2019 жылы аяқтау жоспарда.
Жаңа нысан тек жатақхана емес, студенттерге, оқытушыларға арналаған ғылыми-зерттеу орталығы да болмақ.

«Ең лауазымды тұлға – студент»

Студенттер үйі – жатын орны ғана емес, сонымен қатар, білім-ғылым орталығы болар сәт қазір. Ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша үйірмелер, шығармашылықтарын дамытар орталықтар болуы тиіс. Бұл – заман талабы.
ОҚМПУ-да 2015 жылы ашылған «Студенттер үйінде» бұл бағытта барлық жағдай бар. Ғимараттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, студенттердің өмірін бізге «Студенттер үйінің» басшысы
Гауһар Камалова кеңінен хабардар етті.
Алыстан көз тартатын, студенттерге құтты шаңырақ бола білген ғимаратты аралап көрдік. «Студенттер үйіне» бірінші кезекте оқуда озат, білім, ғылым, спорт сайыстарында оза шауып жүрген, институттағы іс-шараларға белсенді қатысатын қыздар қабылданады.
Мұнда студентке қажетті жағдайдың бәрі бар: әр жатын бөлмеде екі студент ғана қоныстанады. Ғимарат ішінде кітапхана, асхана, арнайы медициналық кабинет, химиялық тазарту, тағы басқа қызмет көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда Шымкентте бұрын-соңды мұндай жатақхана болмаған.
Жеделсаты зырылдап істеп тұр. Жатақхананың екінші қабатында дефиле, айтыс, эстрада, фольклорлық аспаптар, бейнелеу өнері, вокаль, сәндік өнер, ұлттық аспаптар жасау, тігін, компьютер, тағы басқа үйірмелер жұмыс істейді.
Бағасы да қолжетімді. Мұнда бір жылдық төлемақы – 85 825 теңге. Бұл оқу орнында ең лауазымды тұлға – студент екенін де айта кеткен жөн. Мұны университет ректоры Оңалбай Аяшев әр жиын-жиналыстарда айтып жүргені мәлім.
Рас, шәкіртке жасалған қамқорлық – білімге жасалған қамқорлық. Қолдау барда білім сапасы да көтерілетіні анық.

Әлеуетті студенттер калашығы

Шымкент қаласының 2018-2025 жылдарға арналған Даму тұжырымдамасына сәйкес, студенттердің білім алуына жағдай жасау, жайлы жатақханамен қамтуға мән беріліп отыр.
Тұжырымдамаға сәйкес, «Бозарық – 2» шағынауданынан 150 гектар жерге студенттік кампус салу жоспарлануда. Ол жердің егжей-тегжейлі жобасы дайын. Қазіргі таңда жобаны іске асыру үшін инвестициялық комитетпен келісім-шарт жасалған.
Студенттік кампуста медициналық бағытта медакадемия, 1000 орындық көпсалалық базалық клиника және поликлиникалар, бизнес орталық, 10 мың студентке арналған қазақ химия және технологиялық инстиуты, 4000 орындық жатақханасымен, жоғары бизнес мектебі, 12 мың орындық спорт кешені бар.
Жобаның 70 пайызы шетелдік инвесторлар есебінен, 30 пайызын отандық инвесторлар арқылы іске асыру қарастырылып отыр.
Шымкент жастар қаласы десек, ендеше ел ертеңі болар жас ұрпаққа жағдай жасалуы керек-ақ.

Последнее изменение Среда, 19 Сентябрь 2018 08:09
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.