ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН САҚТЫҚ КЕРЕК Избранное

Пятница, 22 Апрель 2022 03:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1116 раз

Көктем келе жәндіктер мен хайуанаттар қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайтыны анық. Десек те, жәндіктердің арасында улы немесе адам өміріне қауіп төндіретіндері де бар. Мәселен, кене – Конго-Қырым геморрагиялық безгегін тасымалдаушы. Ресми деректерге сүйенер болсақ, Шымкент қаласы бойынша бүгінге дейін 41 адамды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есе көп.

69

 

Кене шаққан балалар бар

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) хабарлауынша, Конго-Қырым геморрагиялық безгегі ауруының алдын алу үшін қалаға қарасты елді мекендердің айналасындағы санитарлық қорғау аймақтарында жыл сайын кенеге қарсы күрес жұмыстары жүргізіледі. Жануарларды, мал қораларын және буферлік аймақтарды көктемгі дезинфекциялау іс-шаралары ұйымдастырылып отырады.
— Шымкенттегі дезинфекция орталығы мен ветеринарлық қызмет тарапынан 31 мамырға дейін залалсыздандыру жұмыстары жалғасады. Жыл басынан бері кене шаққан 41 адам медициналық көмекке жүгінді. Ал, өткен жылдың сәйкес мерзімінде 21 адамды кене шаққаны анықталған. Яғни, биыл кене шаққандар саны екі есеге артып отыр. Өкініштісі, 2021 жылы Шымкентте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша 2 жағдай тіркелген. Сондықтан қала тұрғындарына іргелес аумақтарға, мал қораларына механикалық тазалау жүргізу, өңдеу жүргізілген жерден қи шығару, яғни кенелердің көбеюін және адамдар арасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында сапалы дезинфекциялау үшін жағдай жасауды сұраймыз, - дейді СЭҚД басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.
Мамандар Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру екенін айтып дабыл қағуда. «Науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін», - дейді олар.

Алма


А.Тұрымбетованың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері инкубациялық кезеңде (ауру қоздырғышын жұқтырған мерзімнен оның алғашқы белгілері анықталғанға дейінгі мерзім), яғни 1-14 күн аралығында белгілі болады. Сондай-ақ, бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына да байланысты.
— Аурудың алғашқы белгілері ретінде дене қызуының кенеттен +39-40-С-қа дейін көтерілуі, қатты бас ауырып, көздің қызаруы, бет, мойын мен дененің жоғарғы бөлігінің қызарып, ісінуі және мойын, арқа, белдің ауыруы, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі байқалады. Ал, аурудың негізгі белгілері анықталып, одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелердің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету, ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады, - дейді Айгүл Мелесқызы.
Дәрігерлердің айтуынша, кене шаққан азаматтардың арасында бүлдіршіндер де бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде Шымкент қалалық №1 емхананың инфекционист-дәрігері Жанайым Мұратбекқызының дерегін назарға алсақ.

Жанайым Полат


— Көктемде қоршаған ортада түрлi жұқпалы ауруларды тарататын жәндiктердiң де белсендiлiгi арта түседi. Солардың бiрi — кене. Біздің аймақта кенеден Конго-Қырым қанды безгегі жұғуы мүмкін. Сол себепті кене шағып алған жағдайда мүмкіндігінше денсаулық сақтау орындарына барған дұрыс. Шымкент қалалық №1 емханасына жыл басынан бері кене шаққан 4 адам тіркелді және олардың барлығы балалар. Ата-аналарының жағдайды дер кезінде байқап, жедел емханаға жеткізгенінің нәтижесінде бүлдіршіндерге тиісті медициналық көмек көрсетіліп, 14 күндік бақылауға алынды. Қазіргі уақытта 3 бала бақылауда. Біреуін итпен ойнағанда, екіншісін ауылда, үшіншісі тауға барғанда кене шаққан. Бүгінде барлығының жағдайы қалыпты және шағымдары жоқ, - дейді Ж.Полат.

Алғашқы қадам – дезинфекция

Кез келген жұқпалы дерттің алдын алу сақтық шараларынан басталатыны анық. Ал, тұрғылықты мекенжайларды кенеден тазартуда дезинфекция жұмысының маңызы зор. Тіпті, алғашқы қадам осы дезинфекциядан басталуы тиіс десек те болады.
Мәселенің мән-жайын білмекке Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына қарасты «Ветеринариялық қызмет» мекемесіне хабарластық. Аталмыш мекеменің директоры Н.Зейнолланың айтуынша, Шымкент қаласы бойынша көктем және күз мезгілдерінде ауыл шаруашылығы жануарларын энзоотиялық ауруларға қарсы (кенеге қарсы) залалсыздандыру жұмыстарына 86 млн 421 мың теңге қаржы қаралған.
— 2022 жылғы жоспар бойынша көктем мезгілінде қала аумағында 95 299 бас ірі малды арнайы сұйық дәрілермен бүрку және 88 030 бас ұсақ малды тоғыту, 2 млн 325 мың шаршы метр аумақтағы қоражайлар және оған жапсарлас аумақтармен буферлі аймақтарға инсектоаккарациттік ұнтақ түріндегі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, табиғат аясында серуендеу маусымының ашылуына орай 2 млн 46 мың 714 шаршы метр аумақты алып жатқан гүлзарлар мен саябақтар да қамтылады. Яғни, энзоотиялық іс-шаралар жыл сайын көктемде және күз мезгілінде, жылына 2 рет жүргізіліп келеді. Көктемгі дезинфекция шаралары 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында (ауа райының қолайсыздығына қарай өзгеруі мүмкін) жүргізу жоспарланған. Бүгінде дезинфекциялық іс-шараларға мекеме тарапынан 18 қызметкер, 6 арнайы техника іске қосылды. Қала аумағын толығымен, тиімді залалсыздандыру мақсатында дезинсекторлар 4 ауданға бекітілген, - дейді Нұрсұлтан Қуандықұлы.
Мұндағы ескеретін жәйт, залалсыздандыру жұмыстары тек тіркелген ауыл шаруашылық жануарлары және қоралары бар үйлерге бюджет есебінен тегін жүргізіледі.

Нұрсұлтан Зейнолла 1

 

— Ауылшаруашылық бірдейлендіру базасына тіркелмеген ауылшаруашылық жануарлары бар қала тұрғындары әлеуметтік желідегі мекеменің @vet_qyzmet_shymkent ресми парақшасына, менің @nursultan_zeinolla жеке инстаграм парақшама немесе 45-05-05 нөміріне хабарласып, өтініш қалдырып, жануарларды есепке алғаннан кейін ғана тегін дезинфекциялауға мүмкіндік алады. Тиісті ветеринариялық-дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу барысында мал және қора-жай иелері жұмыс сапалы атқарылу үшін алдын ала өзіне меншікті аумақты механикалық тазалаудан өткізуге, ірі малды дезинсекторларда бүркуге, ұсақ малды арнайы тоғытуға арналған әуіттерге жеткізуге міндетті. Біз мекеме атынан қала тұрғындары мен шаруа қожалық иелерін өздерімен қатар айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін залалсыздандыру жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, - дейді мекеме басшысы.

Сақтықта қорлық жоқ

Инфекционист-дәрігер Жанайым Мұратбекқызы тұрғындарға медициналық орталықтан шалғай жерде кене шаққан жағдайда алғашқы көмек көрсетудің жолдарын таныстырып өтті.
— Егер белгілі бір мерзімге дейін медицина мекемесіне бару мүмкіндігі болмаса, онда арнайы тәртіптерді сақтай отырып, денедегі кенені сақтықпен алып тастау керек. Оны бірден жұлып алған жағдайда мұртшалары теріде қалып кетуі мүмкін. Сондықтан кене шағып алған күннің өзінде абдыраудың қажеті жоқ. Барынша абайлап, қан сорып жатқан кененің тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай, теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылаған жөн. Ал, өздігінен шықпаса, емханаға келіп, хирургке қаралу қажет.
Кенені жұлған соң, қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен залалсыздандыру өте маңызды. Кейде кенелер қан сору кезінде теріге патогенді вирустар жұқтырылған зәрін қалдыруы мүмкін. Табылған кенені өртеп немесе қайнаған суға салып жойған жөн, - дейді ол.
Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, кене шағудан сақтану үшін табиғат аясындағы демалыстан оралғаннан кейін үстіңіздегі киімдеріңізді қағып, анықтап қарап шыққан дұрыс. Әсіресе, құлақтың артын, басты, шаш пен саусақтардың арасын тексеруге кеңес береді.
— Кез келген тұрғын демалуға табиғатқа шыққанда қарапайым ережелерді сақтауы керек. Әуелі, табиғат аясына шыққанда ашық түсті киім киюге тырысыңыз. Бұл киімге жабысқан кенені бірден тауып алуға көмектеседі. Сондай-ақ, етек-жеңі ұзын, жабық киімді таңдаңыз. Киген киіміңіз денеге тиіп тұрғаны абзал. Басыңызға міндетті түрде бас киім киіп немесе орамал таққан жөн. Ал, шалбардың балағын жинақтап, міндетті түрде етіктің ішіне салу керек. Сонымен қатар, сақтық шаралары үшін кене мен шіркейге қарсы аэрозоль мен жақпа майларды пайдалануға болады. Кенелер қалың шөптердің арасында жасырынатындықтан, көк шөпте отырмауға, ойнамауға кеңес береміз. Орманды жерлерде ағаштар мен шөптерді, тіпті, гүлдерді де жұлмаңыз, себебі өсімдіктегі кенелер үстіңізге жабысып қалу қаупі бар. Серуеннен қайтып келген соң, денеңізді мұқият қарап шығыңыз. Кене адам терісіне жабысқан соң, шамамен жарты сағаттай шағатын орын іздейді, сондықтан мұқият болсаңыз, кене шағудың алдын алуға болады, - дейді Жанайым Мұратбекқызы.

P.S.

Көктем келе тіршілік атаулының тірілуі — заңдылық. Дегенмен, адамдарды денсаулығына сыртқы факторлардан келетін залалдардан сақтап қалудың басты шарты — жауапкершілік. Яғни, тиісті мекемелер мен шаруашылық иелері қоршаған ортаны таза ұстауға, мерзімінде дезинфекция жұмыстарын жүргізуге атсалысса, ал табиғат аясына шыққан азаматтар сақтық шараларын қадағаласа, кез келген індеттің алдын алуға болады.