Среда, 23 Август 2017 05:36

Бағдаршам орнату жалғасуда

 

Шымкентте таяу күндері 12 бағдаршам іске қосылады. Жалпы жыл соңына дейін қалада 17 бағдаршам орнатылмақ.


Айта кетерлігі, қала тұрғындары жаңа бағдаршамдардың үнемі сары түсі жанып тұратынын байқапты. Ал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары мұның тұрғындардың жаңа бағдаршамдарға үйренуі үшін қажет екенін айтады. Біраз уақыт өткен соң құралдар кәдімгі тәртіпте жұмыс істей бастайды.

Қала тұрғындары үшін ақпарат бере кетейік, қазіргі таңда жаңа бағдаршамдар мына көше қиылыстарында орнатылуда: Т.Рысқұлов – Ә.Дулатов; Ж.Тәшенов – Майлы қожа; Ақпан батыр – Мәделі қожа; А-2 – Достық ш/а (ХҚКО-ның бұрылысы); А-2 – Достық шағынауданы (мектептің бұрылысы); Ю.Гагарин – Ақсуат («Тұрсын-Ай» аялдамасы); Желтоқсан көшесі, ОҚО ІІД ғимаратының алды; Леңгір тасжолы – Бадам бұрылысы (аялдама маңы); Қ.Қазиев – К.Әділбеков; Шардара көшесі, №93 ЖОМ-нің бұрылысы; А-2 – Юсупов; Ергешев (КХ-39) - №1 жол (Дорога №1); Қапал батыр – К.Цеткин; Ю.Гагарин – Ә.Дулатов; С.Байтереков – М.Мақатаев (БАМ ш/а); «Қайнарбұлақ» саяжайы – Орталық көше және Сайрам – М.Сапарбаев. 

– Бұл аумақтардың барлығы жіті зерттелді. Қай жерлерде көлік ағыны көп, сол жерлерге қойылады. Жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Көп жерде темір бағаналарды қою аяқталды, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Н. Сүгірәлиев.

Опубликовано в Қала
Пятница, 14 Октябрь 2016 04:26

БАҒДАРШАМДАР «СӨЙЛЕЙ» БАСТАДЫ

Шымкентте жүрсеңіз, «Тәуке хан даңғылында бағдаршамның жасыл түсі жанды» деген хабарламаны естігенде таң қалмаңыз. Бұған дейін Шымқалада зағип жандарға арналған бірнеше дыбыстық бағдаршамдардың болғаны белгілі. Жақында қаланың орталық көшелерінде бағдаршамның жанған түсін хабарлап тұратын тағы бір қызмет түрі өз жұмысын бастады.

– Бағдаршамның жанған түсін хабарлап тұратын қызмет түріне жалпы 6 млн 800 мың теңге қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін Шымкент қаласындағы көше қиылыстарында осы құрылғы 20 жерге орнатылуы тиіс болса, бүгінде соның 12-сі іске қосылды. Ал қалған 8-інің жұмысын желтоқсан айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ. Жұматаев.

Опубликовано в Қала