Версия для печати

Жұманазар ЕРСҰЛТАНОВ: «Ұлттық өнерімізді дәріптеу – әрбірімізге абыройлы міндет»

Пятница, 17 Март 2017 12:20 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4813 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Спорттың төресі қазақ күресі деп бекер айтылмаса керек. Төл күресіміз таяуда ғана жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына кірді. Алда Олимпиада ойындарының қатарына қосу мақсаты тұр. Ұлттық спорттың насихаттаушысы, «Қазақстан барысы» турнирінің екі дүркін жүлдегері Жұманазар Ерсұлтановтың бұл тұрғыда айтар пікірі бар. Оңтүстіктің бас балуаны әлі де болса қолдауды күшейте беруіміз керек дейді. Алла нәсіп етсе, өзі Азия ойындары бәсекесінде бақ сынауға ниеттеніп жүр.  «Тұмар» спорт кешенінде жаттығып жүрген балуанмен әңгімелестік. Оңтүстік жұртшылығына берген уәдесі бар. Соны орындамақ ниетте. Былтыр күміс жүлдемен оралған. Биылғы мақсаттары жөнінде сұрадық. Ерсұлтанов өз күшіне сенетін балуанның бірі. «Дайындықты жаңа жылдан бастадым. Жуырда Алматы қаласында Қазақстан чемпионаты басталады. Әзірге дайындықтың толыққанды жүргізілмеуіне байланысты бұл жарыстан сырт қалып отырмын. Келесі жарыстарда өзімді сынап көруе бел байладым», – дейді өзі. Бір айта кетерлігі, биылғы «Қазақстан барысы» турнирінде жастарға өз орнын босатып бермек ойы да бар екен. Әрине, лайықты ізбасарлар көрініп жатса, батырдың жолын жалғаса құба-құп.

– Артыңыздан ерген інілеріңіздің әлеуеті өзіңізге айқын ғой. Келешекте жеңісті жолды жалғастырар дарындар бар ма? zhe

– Құдайға шүкір, қазақ күресі Оңтүстікте дамып келеді. Талапты жастар баршылық. Былтыр желтоқсан айында Шымкентте жасөспірімдер арасында ОҚО кубогы өтті. Жеті спорт түрінен әр ауданнан командалар қатысты. Бұл тұңғыш рет біздің өңірде ұйымдастырылған жарыс. Облыс әкімі жарысты өзі ашып берді. Қазақ күресінде Шардара ауданының жігіттері озды. Отырар ауданының өрендері де әбжілдігін байқатты. Оңтүстікті әлемге танытатын балуандар шыға береді деген ойдамын.
Мұның бәрі қолдаудың арқасы ғой. Жақында қазақ күресінен Шымкент қалалық федерациясы құрылып, оның басшылығына кәсіпкер Асқар Кенехан сайланды. Облыстық федерацияның президенті – Полат Қырықбаевтың да еңбегі ерен. Одан бөлек, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та қолдау көрсетіп жатыр. Одан кейін Ғани Ахметбаев басқаратын ұлттық спорт түрлері мектебіміз бар. Ол кісіге де көп рахмет.
Қазіргі жеке жаттықтырушым Белай Рахымбаев ағамыздың да еңбегін атап өту қажет. Ол кісінің жаттықтыру әдісі өзгеше.
Ең бір қуанышты жағдай, қазір Шымкент қаласында жаттығатын зал көп. Өзіміз қатарлы, спорттық мансабын аяқтаған жігіттер жаттықтырушы болып жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында Шымкент қаласының жасөспірім, жастар құрамасы мықтылық танытып жүр.
Спортқа бергенімнен әлі берерім көп. Өзім спортты қояр болсам, қаладан жеке қазақ күресі мектебін ашсам деймін. Енді қазақ күресі шеберлеріне өмірлік тәжірибемді беруім керек.

– «Қазақстан барысы» турнирі нағыз елдік сайысқа айналып үлгерді. «Алтын белбеуді» алмай тынбаймын деген уәдеңіз бар...

– Облыс жұртшылығына берген уәдемді орындауым керек. Алғашқы жылы қола, былтыр күміс белбеумен оралдық. Аллаға шүкір, төрт жыл бойы Оңтүстіктің бас балуаны болып тұрмын. Қазір 33-ке келдім. 35-36 жасыма дейін күресуге болады.
Нұрсұлтан Мыңғышев, Әділжан Ыстыбаев сынды өкшемді басып келе жатқан інілерім бар. Еркін күрес шебері Ержан Дүйсенбековке де үміт артамын.
Көңіл түкпірінен қаншама үміт сығалайды. Өз күшіме сенемін. Келесі жылы уәдемнің үдесінен шыға алсам, үлкен іс тындырған болар едім.
Несін жасырайын, биыл шиыршық атып тұрған жастарға жолымды беріп, өзім сырттай бақылап қайту ойымда бар. Жақсы балуандар көрініп жатса, інілерімді өзім апарып, сынға салсам деймін. Олар да өз әлеуетін көрсетсін. Жолын жаба берсем, ертең олардың да жасы келіп қалады емес пе?!

160703-kazakhstan-barisi-1

– Таяуда қазақ күресі жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына кірді...

– Әрине, дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының атқарған жұмысының нәтижесі бұл. Мінекей, федерация басшылығына Ислам Әбішевтей абзал азамат келді. Ұлттық спортты қолдау жалғаса бермек. Он жылдың ішінде тағы да жетістіктерге жетеріміз кәдік. Сәрсен Құранбек, Арман Шораев сынды ағаларымыз көптеген жобаларды қолға алып, ақыры өз мақсаттарына жетті. Бүгінде әр елдің өз федерациялары ашылып жатыр. Мәселен, әлем барысы атанған кубалық Брайсон өз еліндегі қазақ күресі федерациясының басшысы болып тағайындалыпты.
Әзірге, жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасында 70, 90 және абсолюттік салмақтағы балуандар алғашқы жүлделерді сарапқа салмақ. Оған дейін әлі уақыт бар. Бұл сынға да қатысқым келеді-ақ. Оған дейін Қазақстан чемпионаты, ел кубогы, халықаралық турнирлер бар. Осы жарыстарда өз мүмкіндігімді көрсетуім керек. Биыл әлем барысында күрессем деп жоспарлап отырмын.

– Ұлттық сусындарымызды әлемге танытар спортшылар қауымы. Бүгінде құнарлы қымыздың насихатталуына көңіліңіз тола ма?

– Насихат жаман емес. Негізінен, жастарды байқаймын. Қымызханаға барсаң, жастар толып отырады. Таза жерде, жақсы кісілердің қолынан дайындалған қымызға кім қызықпайды?!
Өзім «Теріскей» шағынауданындағы киіз үйдің қымызын жиі тұтынамын. Күнара жаттығудан кейін сол жерге барып, баппен дайындалған жүгері көжесін ішемін. Ондай көже қалада жоқ. Бір отырғанда екі-үш кесесін сіміріп аламын. Кейде жолдасымды, ұл-қыздарымды да ертіп барамын. Сонда кезекте тұрған жастарды байқайсыз. Қымыз, қымырандар көбейсе, жас ұрпақтың да дені сау, болашағы зор болмақ.

160703-kazakhstan-barisi-2-1

Төлеби ауданынан Темірхан Айтбаев деген азамат қаладан қымызхана ашты. Өзі көкпардан ұлттық құраманың мүшесі. Ағаларымен қосылып, кәсібін бірге дамытпақ. Қымызы бал татыған. Жылқының етінен қуырдақ істейді. Үнемі осы екі орынға барып тұрамын.
Жарыс кезінде де жанымда үнемі құнарлы қымыз бен қазы болатыны рас. Оны үйдегі жолдасым дайындайды. Қымызды жақсылап ішсеңіз, жылқының етін баптап жесеңіз, одан асқан күш бар ма?! Жас қозының еті де ғаламат күш-қуат. Жылқының етін жесең, бір тәулікке дейін бойың қызып тұрады. Жаттығудан кейін бір литр қымыз ішсеңіз, сізден мықты жігіт жоқ.

– Бұрын Наурыздың кезінде ауыл тұрғындары арасында қазақ күресінен сайыс өтетін. Қазір ол дәстүр ұмытылып бара жатқандай. Олардың орнына кәсіпқой спортшыларды немесе жастарды күрестіріп жүр...

– Бұл аудандық спорт басшыларының кінәсі деп ойлаймын. Сол жиын болып жатқан жерге кілем апарып, кішкене жарыс ұйымдастырып жіберсе, күреспейтін бала жоқ. Медалін, алғыс хатын, қаржылай сыйын берсін. Оған көп қаржы кетпейді. Соны ұйымдастырмай жүрміз. Шынын айтқанда, кілемді апаруға ерінеді.
Өзіміз де Наурызға барып, талай күрестік. Ұтылып қалсақ, жылайтынбыз. Келесі жылы ұтамын деп, бір жыл бойы дайындалатын едік. Сол заманды аңсайсың. Әлі де кеш емес. Осы ойымды аудандық спорт басшылары ескерер деген ойдамын. Тіпті қажет болса, оларға осындай жарыс ұйымдастыруды міндеттеу қажет. Сонда ұлттық спорттың насихаты да, жетістігі де зор болар еді.

13580652 1108931905819667 6384376180727645669 o– Одан бөлек, біз ұлттық киім киіп жүруді де ұмытып барамыз. Тек Наурызда ғана немесе той-жиындарда бір сәт насихаттаған боламыз.

– «Көш жүре түзеледі» деген. Алматыда дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың ашылу салтанатында алты балуанмен бірге қазақы шапанымызды киіп шықтық. Осылайша, бүкіл дүниежүзінің алдында рухымыз бір серпілгендей болды.
Рас айтасыз, қазір шапан, бөрік киіп жүруге ұялатын болдық. Өзім ара-тұра қалаға бөрік киіп шығатын әдетім бар. Оны көкпарда сыйға тартқан. Бірде дүкенге барсам, бәрі таңырқай қалыпты. Арасында бір жігіт «Аға, тамаша жарасып тұр» деп, көңілді көтеріп қойды.
Шынында, өзгенің қаңсығына еліктейтін әдетіміз бар. Ұлттық киімдерді мақтаныш етуге не кедергі? Біз көрсетпесек, кім көрсетеді? Өзіміз жастарға үлгі бола білейік.

– Түркі әлемінің Наурыз мерекесі биыл Түркістанда өтеді. Маңызды мерекеден шет қалмайтын шығарсыз?

– Ондай іс-шарадан қалмауды жөн санаймын. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Дәстүрімізді танытар жиындардың берері мол. Әлі де болса түркі халықтарының салт-дәстүрін танып-білген жоқпыз.
Алла нәсіп етсе, отбасыммен бірге барып қайтамын. Үлкен ұлым Марлен биыл онға толады. Қызым Жасмин екінші сыныпта оқиды. Одан кейін Бейбарыс деген балуан өсіп жатыр. Қазір екі жасар.
Бабаларымыз «Қасқадан қасқа тумаса да, төбел туады» деген екен. Сол айқандай, ұлдарымның да балуан болғанын күтіп жүрген жайым бар. Барша түркі жұртының жаңа жыл мерекесінде жаңа табысқа, жаңа жетістіктерге жете берейік. Оңтүстік балуандары әрқашан да биіктен көріне берсін деп тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Пятница, 17 Март 2017 12:43
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.