J5FhEh5B6voБұл балуанның қарым-қабілеті көпшілікті таңдандырып жүргені рас. Жыл басында Таразда өткен ел чемпионатында қарсыластарының бәрін айқын жеңгеніне куә болып едік. Одан кейін де мықтылығын байқатқан. Таиландта өткен Азия чемпионатында үшінші орынды иеленді. Одан бөлек, Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде жеңімпаз атанды.
Дамир Күзембаев осы күні грек-рим күресінен аса ауыр салмақта Нұрмахан Тінәлиевтың нағыз ізбасары саналып жүр. Тінәлиевке жаттығуда көмекші балуан ретінде Рио-де-Жанейроға да барып қайтқанынан көпшілік хабардар.
Жиырма бес жастағы алып тұлғалы балуан Оңтүстіктің атынан күресуге бел буыпты. Жеке бапкері екеуі ақылдаса келе осындай шешімге келген. Таяуда ғана облыстың грек-рим күресі құрамасы Конфедерация Кубогында жеңіске жетті. Осы қуанышты сәттен кейін балуанмен жақыннан таныстық.
– Өтіп бара жатқан жыл расында да жеңіске толы болды. Бұл – бастамасы деп ойлаймын. Әрі қарай да нәтижені жақсартуға әрекет етеміз. Алла бұйыртса, бар мақсатым – Олимпиада шыңына жету, – дейді өзі. «Батыр аңғал келеді» деуші еді. Алдағы төртжылдықтағы басты мақсаттарын іркілмей жайып салды. Әңгіме ауаны алдымен Конфедерация кубогы жөнінде өрбіді.

bcffa8617d36c8ba80625a31dda8c26b

– Финалға жолдама алып, әуелгі жоспарды орындадыңдар. Ендігі мақсаттарың қалай?

– Бұл жеңіске ортақ мақсатқа бірігудің арқасында жетіп отырмыз. Облыстың күрес саласының басшылары барлық жағдайды жасап қойған. Кубоктың алдында Қырғызстанда жиын өткіздік. Шетелден балуандарды шақырып жатыр. Ең бастысы, командада ауызбіршілік бар. Аға бапкер Әбдірахман Архарбеков те бәрімізді өз баласындай көреді. Міне, өзімнің шымкенттік болып жатқан жайым бар (күліп). Мақсатымыз жөнінде айтсақ, ОҚО құрамасы өткен жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы. Бұл бәсекедегі басты мақсат сол – Кубокты Шымкентке әкелу. Шүкіршілік, іріктеу кезеңінен өттік. Енді финалда да жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын.
Қостанай, Павлодар, Қарағандыдан келген қарсыластарым әлі жас. Негізінен, ұлттық құраманың жиындарында аса ауыр салмақта Нұрмахан екеуміз ғана боламыз. Жалпы, екі-үш балуаннан аспайды. Бізге әлі де бәсеке керек.

– Биыл Азия чемпионатында қола жүлде алдың. Өз күресіңе көңілің толды ма?

– Негізі, тактикалық тұрғыда біршама қателіктер болды. Ұпай алатын жерде мүмкіндікті жіберіп алдық. Қазір сол қателіктерді түзетіп, тактикалық дайындықты жетілдіруге жұмыс істеп жатырмыз. Өзіммен бірге тұғырда тұрған иран, қырғыз балуаны Риода да күрескенін білесіздер. Өзім де Риоға барып, олардың белдесуін бақылаудың сәті түсті. 

12734030 767950220001580 7740253105253528682 n

– Әңгіме ауаны Олимпиадаға ойысып жатыр. Жалпы, өзің не байқап қайттың? Ауыр салмақтағы бәсеке жайын айтып берсең...

– Риоға Нұрмаханға спарринг қарсылас болып бардым. 2012 жылғы ойындардан кейін-ақ, бірге дайындыққа кіріскен едік. 4 жыл бойы бірге дайындалдық, тәжірибе алмастық. Одан көп нәрсені үйрендім. Соған қарап өсіп келе жатырмыз ғой. Нұрмахан бауырымыз бұл жолы да барын салып-ақ күресті. Өзі соңына дейін белдесетін балуан. «Бұйырған кетпес» деген. Бәлкім, сәттілік серік болмаған шығар...Шынын айтқанда, Нұрмаханның күресін көрейін деп ұшақтан да қалып қойған едім. Жанкүйер болайын дедік. Неміс балуаны да әлсіз емес. Олимпиадада осал жігіт күреспейтіні мәлім. 

Не байқағанымды айтсам...Олимпиаданың өзге жарыстардан өзгешелігін сезген жоқпын. Сол кілем, сол трибуна. Жанкүйерлері де сол. Өзіміз қатысып жүрген турнирлердің бірі. Дегенмен, бір ерекшелігі – төрт жылда бір өтетіні болса керек. Ел-жұрттың шығарып салуы өзгеше әсер берері анық. Рас, онда аура бөлек. Соның әсерінен спортшылардың да көңілі толқитын секілді.

– Аса ауыр салмақта кубалық Михайн Лопес үш дүркін Олимпиада жеңімпазы атанды. Бұл жігіттің өзгелерден қандай айырмашылығы бар? Олардың жаттығу әдісі өзгеше ме, әлде? 

16242-6-novym chempionom rk v  ru

– Кубалық жігітті грек-рим күресінен әлемнің ең мықты балуаны десе жарасады. Өзіміз сияқты дайындалады ғой. Асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Қазақ балуандары одан кем деп айта алмаймын. Бірақ, «неге ол сияқты күресе алмай жатырмыз» деген мәселенің әлі жауабы жоқ. Лопес тек ұпаймен жеңіп жүрген, өзіміз секілді балуанның бірі. Кейде 2-3 балмен басым түседі. Кейде бәсеке тағдырын 1 ұпаймен шешеді. Оның өзгелерден басымдылығы – психологиялық дайындығы. Әрине, физикалық тұрғыдан да мықты. Өзі өте сезімтал. Бір жағынан тәжірибесі де мол. Жасы 34-ке келді. 2006 жылы Хасан Бароевтан ірі есеппен жеңілген еді. Одан кейін сол жеңілісінен сабақ алып, 2007 жылы әлем чемпоны болды. Әрі қарай жұлдызы жанып, Олимпиада мен әлем чемпионаттарында үздік шығып жүр. Бәрі де еңбектің арқасы ғой. Оның да осал тұсын табуға болады. Тек жұмыс істеу керек. Өзімнің де ол жігітпен күрескім келіп жүргенін несіне жасырайын. Бәсеке болғанда ғана адам өседі емес пе?! 

– Қазіргі ережелердің өзгеруі жайында не айтасың?

– Ережелер сәт сайын өзгеріп жатыр. Төрттағанды алып тастады. Енді тік тұрып көп жұмыс істеуге көңіл бөліп жатыр. Қолайлы ма, қолайлы емес пе, оған шағым айту балуанның шаруасы емес. Ереже қалай өзгерсе де күресу керек. Басқа амал бар ма? Қазіргі өзімнің салмағым 127-128 келі. Бұл салмаққа да ақырын төселіп келемін. 

– Қазіргі қазақ бапкерлерінің біліктілігі қалай? Балуандарға жігер беру, олардың бабын табу көңілден шыға ма?

– Қазақстанда жақсы мамандар жетерлік. Жақсы формаға келтіретін мамандар бар. Өзімнің жеке бапкерім – Жаңабай Оспанов. Ол кісімен 2007 жылдан бері біргеміз. Бірінші бапкерім – Акмалбек Түсіпбеков еді. Жас кезде достарым әр спортқа қызықтырса, соған еріп кете беретінмін. Таэквондомен де шұғылдандым. Ақыры 14 жасымда грек-рим күресіне келдім. «Бір спортты таңда» деп нұсқау берген әкем. Туып-өскен жерім – Қапшағай қаласы. 

Бапкер спортшының жағдайынан толық хабардар болуы керек. Жаңабай ағайым менің дене-қуатымның қандай күйде тұрғанын бірден сезеді.

– Грек-рим күресінде кімдер сияқты болғың келеді? Қандай нәтижелерге жетсем дейсің? 

13939543 1645364919113295 2195892363719905601 n

– Грек-рим күресі бұрын француз күресі аталған. Ол кезде Қажымұқан бабамыз әлемде үздік балуанның бірі болды. Мен де ең алдымен даңқты атамызды үлгі тұтамын. Әр балуанның қабілеті әр түрлі. Тумысынан дарынды балуандар бар. Мәселен, өзіміздің жігіттерден Алмат Кебісбаевтың күресі ұнайды. Ал әлемде ирандық Хамид Сориан, армениялық Артур Алексанян дарынды жігіттер. Михайн Лопестің де күресі таңдандырады. 

Айта берсек, арман көп. Ендігі мақсат – Токио ойындарына қатысу. Әуелі өз әлеуетімді Қазақстан чемпионатында байқап көремін. Қолдан келгенше дайындаламыз. Осы әлемдегі мықтылардың бәрімен күресіп, бәрін жеңгім келеді, аға!

– Отбасыңмен таныстырып өтсең...

– Әкемнің есімі – Сәбит. Ішкі істер органы саласынан зейнетке шыққан. Өте сабырлы, томаға-тұйық кісі. Ал анамның есімі – Альфия. Ол кісі суретші. Негізі ірілік жағынан әкеме тартқанмын. Атам да ірі болған екен. Ата-анамның тұңғыш перзентімін. Өзімнен кейінгі інім әуе гимнасты. Одан кейін кенже қарындасым студент. 

Өзім 2012 жылы отау тіктім. Екі қызым бар. Үлкен қызым үште, кіші қызым бір жарым жаста. Енді, ұлымның дүниеге келуін күтіп жүрміз.

– Әңгімеңе рахмет!

Опубликовано в Спорт
Среда, 26 Октябрь 2016 06:29

Ұлттық спортты ұлықтаған шара

Қазақ даласының батыры, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнир төл күресіміздің тағы бір мәрте абыройын асырды. Биылғы сайыс 52-і рет әрі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.

14650190 568842543308492 7023731602224439567 n

Жеңілатлетикалық манежде өткен дүбірлі сайысқа еліміздің барлық облыстарынан бөлек, Өзбекстан, Қытай, Моңғолиядан, жалпы 232 балуан күш сынасты. Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Ордабасы ауданының әкімі Алмасбек Мамытбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев, спорт ардагерлері Марат Жахитов, Махамбет Сапарбаев, «Қажымұқан» қорының президенті, профессор Сағынғали Әубәкіров қатысып, құттықтау тілегін жеткізді. «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев та қонақ болып келіпті.

14731323 568842639975149 2369511085833327005 n

Сонымен, ең жеңіл салмақтағы балуандар бәсекесінде Кеулімжай Абылайхан (Жамбыл облысы) жеңімпаз атанды. Оңтүстік балуандарының арасынан Ерсұлтан Мұзаппаров (82 келі) пен Әділжан Ыстыбаев (90 келі) қарсыластарының бәрін жығып, үздік екендерін дәлелдеді.
Әдетте, көпшіліктің делебесін қоздыратын түйе балуандардың сайысы. Бұл сынға жүрегінің түгі бар, 30-дан астам балуан өтініш берген. Олардың арасында «Қазақстан Барысы» турнирінің жүлдегерлері Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Асыл Барменов, т.б шеберлер болды. Үздіктердің арасынан шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров пен қарағандылық Ержан Шынкеев суырылып шықты. Ең соңғы сәтте жамбас ұпайымен шығыс балуаны жеңіске жетті. Сөйтіп, Айбек Нұғымаровқа 1 миллион теңге мөлшерінде сыйақы берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан және «Қажымұқан» қоғамдық қоры өз сый-сыяпаттарын тапсырды. Сондай-ақ, «Қажымұқан» медалімен осы турнирдің бірнеше мәрте абсолютті жеңімпазы Қуат Байқожаев пен «Қазақстан Барысы» жүлдесін үш рет қатарынан жеңген Бейбіт Ыстыбаев та марапатталды.

Опубликовано в Спорт