Жарыс алаңында – журналистер

Пятница, 12 Июнь 2015 05:29

Ай соңында БАҚ өкілдері кәсіби мерекесін атап өтеді. Осы мереке қарсаңында спорттық ойындар спартакиадасын өткізу дәстүрге айналған. ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалы жыл сайын ұйымдастыратын спорттық шара биыл 26-шы рет жалауын көтерді.


 MG 2278

Қажымұқан атындағы стадионда өткен ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов, ардагер журналист Б.Қонысбек, Б.Бәйменов,  облыстық мәслихаттың депутаты Ә.Досболов, ҚР Журналистер Одағы ОҚО филиалы төрайымы А.Қапбарова қатысып, тілшілерге сәттілік тіледі. Қаламсаптары мен микрафондарын бір сәт тастаған тілшілер болса флешмоб билеп, жарыс көрігін қыздырды.
Бұл спорттық додада биыл 15 команда спорттың 6 түрінен бақ сынауда.

 MG 2322


Жарыстың бірінші күні журналистер волейболдан сайысқа түсіп, өзара мықтыны анықтады. Өте тартысты өткен әуедоп бәсекесінде Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі командасы барлық қарсыластарын ұтып, чемпион атанды. Бұл сында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ойыншылары жүлделі 2-орынды иеленсе, «Әділет» газетінің командасы 3-орыннан көрінді.
Ал жүзу спорт кешенінде өткен бәсекеде ерлер арасында «Южный Казахстан» газетінің қызметкері М. Кузнецов топ жарды. Бұл сында 2-орынды «Сақ» киностудиясының қызметкері У. Бөрібеков иеленсе, жүлделі 3-орын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің өкілі Ж. Аманбаевқа бұйырды. Жүзу спорты бойынша қыздар арасында «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының тілшісі Х. Кармен үздік болса, «Южный Казахстан» газетінің өкілі Л. Козорина 2-орынды, «Оңтүстік Қазақстан» газетінен А. Алтынбекова 3-орынды иемденді.
Екінші күні журналистер және баспа қызметкерлері жеңіл атлетикадан сынға түсті. Ұзындыққа секіруде ерлер арасында «Южный Казахстан» газетінен В. Орлинский үздік нәтиже (2.60) көрсетіп, чемпион атанды. Бұл бәсекеде екінші орын аталмыш ұжымның намысын қорғаған М. Кузнецовке (2.60) бұйырса, үшінші орынды «Отырар» телеарнасынан Б. Ташбулатов (2.50) иеленді.
Қыздар арасында ұзындыққа секіруде ТВК телеарнасының қызметкері А. Мингазованың (2.00) мерейі үстем болды. Сондай-ақ, осы сында А. Балтабаева (ТВК) 1.95 көрсеткішімен екінші орынға тұрақтады. Ал, «Южный Казахстан» газетінен Ш. Боранбаева (1.90) жүлделі үшінші орынды еншіледі.

 MG 2395


 100 метрге жүгіру сайысы бойынша да БАҚ өкілдері белсенділік танытып, барын салды. Желаяқтар жарысында ерлер арасында республикалық «Уақыт» газетінің қызметкері Е. Елшінбай ешкімге дес берген жоқ. Оның көрсеткіші – 12.81 секунд. Облыс баспасөзінің қарашаңырағына баланатын «Оңтүстік Қазақстан» газетінің қызметкері Б. Иманқұлов та жүгіруде жанкештілігімен көзге түсті. Ол 100 метрді 13.00 секундта жүгіріп өтті. 13.21 секунд нәтижесін көрсеткен «Сақ» киностудиясының қызметкері Ш. Сапар үшінші орынды қанағат тұтты.
 Қыздар бәсекесі де тартысқа толы болды. Нәзікжандылар сайысында чемпион атанған ТВК телеарнасының тілшісі А. Балтабаева өз мықтылығын (16.72 секунд) паш етіп, биылғы спартакиадаға тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты. 100 метрге жүгіруде қыздар арасында 2-орынды республикалық «Әділет» газетінің тілшісі А.Мұстафина (17.35 секунд), 3-орынды «Южный Казахстан» газетінің тілшісі Ш. Боранбаева (17.36 секунд) жеңіп алды.
 Шахматтан ерлер арасында 1-орынды «Ернұр-пресс» қызметкері Д. Бердияров, 2-орынды «Оңтүстік Қазақстан» газетінің журналисі С. Оразалыұлы,
3-орынды «Жанубий Козогистон» газетінің тілшісі Х. Кучкаров иеленді.
Ал қыздар арасында 1-орын «Жанубий Козогистон» газетінің тілшісі Н.Мавланова, 2-орын Н.Хайкинаға, 3-орын «Ернұр престің» қызметкері Ж. Смағұловаға бұйырды.
Енді БАҚ өкілдері демалыс күндері футбол мен бильярдтан сынға түседі. Жеңіс биігінен көрінген журналистер арнайы сыйлықтармен марапатталады.

Страница 15 из 15