Среда, 28 Сентябрь 2016 05:33

Деректі фильм – достық дәнекері

Қазақстан мен Өзбекстан – ынтымақтастығы жарасқан, бірлігі бекем мемлекеттер. Содан болар, екі ел арасындағы қарым-қатынас жылдан жылға артып келеді. Соның айғағындай «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының өкілдері бас қосты. Салтанатты шарада «Ұлы Абай қазақ, өзбек халықтарының жарық жұлдызы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.

Деректі фильм екі елдің бір атаның балаларындай етене араласатынын тағы бір дәлелдеді. Қысқаметражды фильмде мемлекеттердің ортақ мүддесі толық қамтылған. Бүгінге дейін қазақ-өзбек елдерінің саяси, сауда-экорномикалық қана емес, әдеби байланысы да қарымды. Өзбекстанда Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығын дәріптейтін шығармашылық кештер мен байқаулар жиі өткізіледі. Сондай-ақ ақынның өлеңдері өзбек тілдеріне аударылып, жастардың жүрегінен жол тапқан.
– «Абай – қазақ және өзбек халқының шамшырағы» атты 40 минуттық деректі фильм түсірген болатынбыз. Бұған кәсіпкер азаматтар да демеушілік көрсетті. Өзбекстан аймақтарын аралап Абай шығармашылығынан концерттер бердік. Біздің Өзбекстанда Қазақстандағыдай 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Республика бойынша 1 мың 300-дей мәдени орталық бар. Соның бірі – Қазақ мәдени орталығы. Сол себепті біз қазақтың әрбір қуанышына ортақ болып, осында келіп мәдени шараларды атқарып жүрміз. Қазақстаннан келетін өнер адамдарын, жазушыларды қазақтар көп шоғырланған аймақтарға апарып, кездесулер өткіземіз,-деді Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығының жетекшісі Хамза Халмұратов.
Деректі фильмнің тұсаукесерінен соң, туындыны түсіруге атсалысқан бірқатар азаматтарды «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Е. Байқонақов марапаттады. Ал қонақтар қазақ халқына алғысын білдірді.

Опубликовано в Қоғам

Шымкентте балаларға арналған облыстық «Алтын сақа» кинофестивалі өтті. Байқаудың салтанатты ашылу рәсімі облыстық опера және балет театрында ұйымдастырылды.

altyn saqa

«Алтын сақа» байқауының бағдарламасы 3 бағыттан тұрады: қысқа метражды фильмдер, анимациялық фильмдер және әлеуметтік роликтер. Ұсынылған еңбектер Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып, балалар аудиториясын қамтуы тиіс.
Фестивальге 23-тен астам үміткердің еңбегі іріктеліп алынған. Байқауға Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, кинотанушы Гүлнәр Амангелдіқызы мен «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы төрелік етті. Олар материалдың сапасына ерекше назар аударды.

– Соңғы жылдары Шымкентте балалар фильмдері мен мультфильмдер көбірек түсіріліп, сапасы жақсарып келеді. Жас таланттарды қолдайтын «Алтын сақа» байқауының ұйымдастырылғанына қуаныштымын. Әсіресе, жастардың еңбегіне риза болдым. Кәсіби болмаса да, өзіндік ойы, мағынасы бар. Мұндай фестиваль республикалық деңгейде өткізілетін болса, кино өндірісінің өрісі кеңейер еді, – дейді кинотанушы Гүлнәр Аманкелдіқызы.

altyn saqa-2

Облыстық мәдениет басқармасы мен «Оңтүстікфильм» коммуналдық мекемесі ұйымдастырған байқауда «Қуат» қысқаметражды фильмі (режиссері Нұрбол Абсеметов) бас жүлдеге лайық деп танылды.

1 орынды режиссер Дархан Нұртазевтың «Айсұлу» фильмі иеленсе, 2 орын Хамид Мүтәлиевтің «Қаһарман» фильмі иеленді. 3 орын режиссер Бақытжан Көшеровтің «Мен қорқамын» фильміне берілді. Анимациялық фильмдер бойынша «Түлкі мен қырғауыл», «Асар», «Наурыз» фильмдері жүлделі орындарды жеңіп алды.

Фестивальге қатысқан фильмдер 23 қыркүйектен 3 қазанға дейін «Оңтүстікфильм» мекемесінде, балалар үйлерінде көрсетіледі. Ал жеңімпаз деп танылған кинотуындылар 5 қазаннан бастап, жергілікті және республикалық «Балапан» арнасынан көрсетіледі.

Опубликовано в Мәдениет
Вторник, 05 Июль 2016 05:54

«Жұлдыздар тоғысқанда»

«Елбасы жолы» киноэпопеясының 5-ші бөлімі – «Жұлдыздар тоғысқанда» атты фильм сәуір айында көрерменге жол тартып еді. Трэйлер жанрындағы бұл картина Н.Назарбаев өмірінің 1984-1991 жылдар аралығындағы кезеңін қамтыған.

Көрермен көзайымына айналған туынды тәуелсіз мемлекеттердің құрылуын, соның ішінде Қазақстан Республикасының бастан өткерген тарихи оқиғаларын баяндайды. Бұдан бөлек, картина Қазақстанның Тұңғыш Президентінің елді реформалаудағы рөлі, сондай-ақ оның бүгінде жаһандық ауқымдағы жобаларға айналған бастамалары жөнінде әңгімелейді.

Фильмді түсіруге Қазақстан мен Ресей кино саласының жоғары білікті мамандары атсалысқан. Режиссері – Ресей Халық әртісі Сергей Снежин. Ал басты рөлді еліміздің танымал актері Берік Айтжанов сомдады. Кинодағы танымал тұлғалардың рөлін ойнау үшін шетелдің мықтылары да шақырылған. Картинаны түсіру тобы Алматы қаласы мен облысында, Астанада, Қарағандыда, Мәскеу және Санкт-Петербургте жұмыс істеген. Ал туындыны жасауға 10 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Фильм режиссері Сергей Снежиннің айтуынша, фильмдегі оқиға желілерінің бәрі дерлік таныс. «Мен куә болған заман» дейді. Сондықтан режиссер фильмді «өз тағдырым» деп қабылдайтынын да жасырмады. Мемлекет басшысы жұбайының рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек бірінші ханымның ел назарынан тыс қалған өмірін көрсетуге тырысқан. 

Көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие болған «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмін алдағы уақытта кез келген азамат ғаламтор арқылы көруге мүмкіндігі бар.

Опубликовано в Мәдениет
Страница 2 из 2