memlekettik-kyzmet

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, қала әкімдігінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.

– Мемлекеттік қызмет әр адамнан жауапкершілікті, туған жерге деген ынтасыз қызметті талап етеді. Біздің міндетіміз – күн сайын халықтың мемлекетке деген сенімін арттыра түсу. Біз мемлекеттік қызметке қабылданған күні берген антымызды ұмытпауымыз керек. Халықтың мемлекетке деген сенімі қарапайым мемлекеттік қызметшіден басталады. Осы орайда, әкімдік қызметкерлерін тұрғын үймен қамту да басты назарда – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте 500-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Биыл «Б» корпусындағы 369 мемлекеттік қызметшінің барлығы аттестациядан өтіп, өздерінің біліктілігін дәлелдеген. 15 маманның лауазымын жоғарылату жөнінде ұсыныс жасалыпты.
Салтанатты шара барысында түрлі дәрежеде еңбек өтілі бар 10 мемлекеттік қызметкерге қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Ал тағы 10 қызметкер «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, салтанатты түрде ант қабылдады. Концерттік бағдарлама аясында құрылымдық бөлім қызметкерлері өздері де ән салып, би биледі.

Опубликовано в Қоғам

Шымкент – үшінші мегаполис. Тіршілігі қайнаған алып шаһар. Қаланың жетістіктері жетерлік, мәселелер де жоқ емес. Рас, халық пен билік бір мақсатта жұмыла, ынтымақтаса жұмыс істегенде ғана қаламыз одан әрі өркендей түспек. Бұл ретте қала әкімдігінің баспасөз қызметіне жүктелер міндет зор.

aigerimБаспасөз – қоғам айнасы десек, қалада 4-5 облыстық және қалалық телеарна, 200-ге жуық басылым бар. Ақпарат ағымында өзге өңірлерден көш ілгеріміз. Бүгінде халық сын-ескертпелерін бүкпесіз айтады.
Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Әйгерім Жұмағұлованың жұмыстағы басты қағидасы – жеделділік. Бұл – уақыттың талабы. Жас маманның бұл лауазымға тағайындалғанына тура бір жыл болыпты.
Қазір қаланың аумағы ұлғайған, шағынаудандар бой көтеріп жатыр. Жаңадан қосылған елдімекендердің әлеуметтік-инфрақұрылымын жақсарту – басты міндеттердің бірі. Яғни, тұрғындарды да, БАҚ өкілдерін де ең көп толғандыратын да осы сала.
– Басты мақсатымыз – халық пен әкімдік арасында дәнекер болу. Тұрғындарды толғандырған сауалдарға тезірек жауап беруге тырысамыз. Жалпы, ақпаратты халыққа барынша жеткізу мақсатында түрлі тәсілдерді меңгеріп жатырмыз. БАҚ-тан қалыспай келе жатқан әлеуметтік желілер зор күшке ие қазір. Көптеген тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы жаңалықтардан хабардар болып отыр.
Сондай-ақ, біз БАҚ-та жарияланған материалдарға сараптама жасаймыз. Мәселен, бір жылдық мониторингке назар аударайықшы. Шымкент қаласы туралы бір жылдың ішінде жалпы 2320 материал жарияланыпты. Оның ішінде 938 материал (40 пайызы) позитивтілік тұрғыда. Жалпы, арыз-шағымдар, мәселелердің дені тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық, қоғамдық көлік мәселесі төңірегінде жазылады, – дейді Әйгерім Әбдіохапқызы.
Әлеуметтік желілер де – әкімдіктің жұмысын жеделдетуге көп көмегін тигізеді. Бүгінде қала әкімдігінің ресми парақшалары жұмыс істесе, оның әрқайсысының өзіндік аудиториясы бар. Мәселен, «инстаграм» желісінде 55 мыңнан аса адам жазылыпты. Бір жылдың ішінде жазылушылардың қатары артқаны байқалады. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде де оқырмандар өте көп. Яғни, тұрғындар әрбір жаңалықтан хабардар. Жалпы, тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы қойған өтініштері ескеріліп, оған талдау жасалынады. Сауалдарға дер кезінде, обьективті жауап беріледі.
Шымкенттің шырайы артқан. Жан жадыратар жағдайлар баршылық. Дегенмен, басқа өңір тұрғындарының Шымкент туралы таным-түсінігін әлі де болса жақсарта беру керек. Әйгерім Әбдіохапқызының да бар мақсат-мүддесі – осы бір қасаң стереотипті бұзып, шырайлы шаһардың имиджін көтеру.
– Жоспарларымыз өте көп. Басты мақсатымыз – халықтың билік өкілдеріне деген сенімін арттыру ғой. Ел тұрғындарына шымкенттіктер жайлы жақсы көзқарас қалыптастыру. Сонымен қатар, баспасөз қызметі саласында өз білім-біліктілігімізді көтеруіміз де ләзім. Оған барлық мүмкіндік бар,– дейді өзі.
Қорытындылай айтсақ, тұрғындарда «Әкім және әкімдік» деген түсінік бар. Жалпы айтқанда, әкімге де, әкімдікке де халықтың сенімі жоғары болуы керек. Бүгінгі баспасөз хатшыларға жүктелер міндеттің бірі осы. Әріптесіміз Әйгерім Жұмағұлова да осы мақсатта аянбай еңбек ете бермек.

Опубликовано в Сұхбат

Шымкент қаласы әкімдігінде ретсіз сауда мәселесі және жылу беру маусымы қорытындысын талқылауға арналған мәжіліс өтті. Онда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала басшыларының баяндамасын тыңдады.

akimattt

Алдымен қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. 

– 2016 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Аудан әкімдері тарапынан жұмыс топтары құрылды. Қала аумағында ретсіз сауда орындарының негізгілері анықталып, биыл іс-шара жоспарына сәйкес 92 рейд жұмысы ұйымдастырылды. Жыл басынан бері Абай ауданында заңсыз орналасқан 6 дүңгіршек, Әл-Фараби ауданында 13 дүңгіршек, 2 киіз үй, Еңбекші ауданында 9 дүңгіршек, 2 киіз үй, Қаратау ауданында 8 дүңгіршек, 1 киіз үй алынды. Жалпы қала аумағында қаңтар-наурыз айларында жергілікті полиция қызметі тарапынан 1352 әкімшілік-хаттама толтырылған. 1203 азаматқа жалпы 1 млн 733 мың 917 теңге айыппұл салынды. 821 887 теңге көлемінде айыппұл өндірілді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Дегенмен, әлі де жұмысты жандандыру керек. Мәселен, Абай ауданында «Бекжан», «Алаш», «Автонұр», «Сейхун» базарының маңында, Әл-Фараби ауданы бойынша «Қырғы базар»,

«Қазына» сауда орталықтарында, Төле би, Әйтеке би және Қазыбек би көшесі бойында әлі де атқарылатын жұмыстар бар. Ал Еңбекші ауданында
Ш. Уәлиханов, «Сайрам», Қойгелді батыр, Ж. Аймауытов және Ж. Адырбеков көшесінде тәртіпті күшейту керек.

Қаратау ауданында «Нұрсәт» шағынауданында, «Достық», «Қайтпас», «Ақжайық» елдімекенінде, Жібек жолы көшелері бойында ретсіз сауда орындары әлі де бар.

– Ретсіз сауда – күрделі мәселе. Жылдың қорытындысы бойынша үлкен базар аумақтарда заңсыз сауда орындары толықтай жойылуы тиіс. Жергілікті полиция қызметі, кәсіпкерлік бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі нақты жұмыстар атқару керек, – деді қала әкімі.
2015-2016 жылғы жылу беру маусымының қорытындысы жайын баяндаған қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов тұрғындар тарапынан арыз-шағымдардың азайғанын айтады. Өткен жылыту маусымында азаматтар тарапынан 328 арыз-шағым түскен.
Қала әкімінің орынбасарының мәлімдеуінше, биыл «Солтүстік», «Шығыс», «Сайрам» шағынауданындағы жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары атқарылады. Соған сай жаз маусымында ыстық су беруде мәселелер туындауы мүмкін.
– Бүгінде «Нұрсәт» шағынауданындағы жылу қазандыққа тұтынушылар әлі толық қосылып біткен жоқ. Жұмысты жүйелі атқару үшін резервтік отын есебінде 800 тонна сұйық отын қажеттілігі туындап отыр. «Нұрсәт», «Теріскей», «Сайрам», «Отырар» шағынаудандарында әлеуетті қазандыққа қосылу үшін ұзындығы 2,5 шақырымдық жылу жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс бар, – деді Б. Жанбосынов.
Қала әкімі жаңа шағынаудан тұрғындарына ыстық су берілуі керектігін нықтап айтты. «Бір аптадан кейін нақты жұмыстарды сұраймын. Ұсыныстарды беріңіздер. Жаңа шағынаудан тұрғындарына ыстық су берілуі керек», – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Келесі жылу маусымында жылу тарифі 14 теңгеге қымбаттайды.
Жиында қала тұрғындары жылу орталықтарына 994 млн теңге қарыз екені де мәлім болды. Ғ. Әбдірахымов бұл мәселені бір келісімге келіп, шешу керектігін айтты. Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелер толығымен зерделеніп, тиісті қаулы қабылданды.

Опубликовано в Саясат