ТҰРАҚТЫ ДАМУЫМЫЗДЫҢ БАСТЫ ТҰҒЫРЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың сара жолына түсіп, санамызды өзгертпесек, тарих көшінде жеңіске жете алмайтынымызды, барымызды бағалап, ертеңімізге қазірден қам жасап, кертартпа кеселдерден тез арада арылмасақ, көш бастаған өркениетті елдерге жете алмасымызды  аңғартып қана қоймай, алдағы кезек күттірмейтін келелі міндеттерді айқындап берді..

baighut 1

Тәуелсіздік жылдарында білім саласында қол жеткізген жетістіктеріміз ретінде ең алдымен «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев университет мен Назарбаев зияткерлік мектептері аталатыны белгілі. Ұлт көшбасшысы мақаласында білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуы керектігіне айрықша назар аударды. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты студенттері мен оқытушылары да мемлекеттің аталған бағыттағы қолдауын сезініп келеді. Академиялық ұтқырлық аясында 40-тан астам студентіміз Германия, Болгария, Балтық жағалауы т.б. елдердің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болса, ал бірқатар профессор-оқытушыларымыз Германия, Португалия, Жапония сияқты елдерге барып, біліктіліктерін жетілдіріп қайтты..

Технологиялық ғасырдың бағыты алдағы онжылдықта бірқатар мамандықтардың жарамсыз, керексіз боп, күресінге лақтырылып, кәдеге аспай қалатынын байқатуда. Сондықтан да жастарымыз кәсібін қиналмай өзгертуге қабілетті, жаңа білімге ден қоюдан, жаңаны үйренуден қашпайтын әмбебап, ұтқыр, икемді болуы тиіс. Бұл бағытта институтта студенттер негізгі мамандықтарымен қоса «Қоғамдық кәсіптер даярлау» орталығында тігінші, ағаш шебері, тоқымашы, компьютерлік дизайн, суретші-безендіруші, фотосуретші, хореограф т.б. қосымша біліктілік алып, арнайы сертификат иеленеді. 

Елбасы айқындаған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деп аталатын бірегей жоба студенттерге әлемдік құндылықтардың бұлағынан қанып сусындауға, жаңа танымдық көкжиектерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ұлттық аударма бюросын құру да толғағы пісіп-жетілген, көкейкесті мәселе. Осы орайда университет мәртебесін алуға ұмтылып отырған іргелі оқу орнымызда жаңа «Аударма ісі» мамандығын ашу аталған салаға қажетті маман даярлауға өз үлесін қосатынына кәміл сенеміз.

Латын әліпбиіне көшу міндеті де кезек күттірмейтін ауқымды істердің бірі. Дәл қазір бұл мәселені сан-саққа жүгіртпей, ел дамуына, ұлт болашағына қажетті киелі парыз, ұлттық мұрат ретінде қабылдап, оған көшудің тиімді тәсілдері мен ұтымды тетіктерін ойластыруды қарастырған абзалырақ. 

«Туған жер» бағдарламасы отаншылдық деген ұлы сезімді жалаң ұраншылдықпен емес, ауылға, ондағы тау-тасың мен бұлақ-бастауыңа деген шынайы сүйіспеншілікті сезіну арқылы қалыптастыруға бастайды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба арқылы ұлттық рухани құндылықтарымызды қадірлеп-қастерлеуді құрғақ сөзбен емес, нақты іспен жүзеге асырып, мәдени туризм деңгейін жоғарылата аламыз. 

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы адамдарды рухани тұрғыда оятатын ұлттық тіл мен дәстүрді қайта жаңғырту; ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұрасын белсенді түрде меңгеру ұрпақаралық сабақтастықтың сақталуына ықпал етеді. Институт басшысы О.Аяшевтың бастамасымен әлемдік аренаға жол тартуға лайық заманауи мәдениет өкілдерімен жас ұрпақты таныстыру дәстүрі жыл сайын жарасымды жалғасын табуда. Киелі қара шаңырағымызда дүниежүзінің биік сахналарында өнер көрсетіп жүрген бұлбұл дауысты әншіміз Нұржамал Үсенбаева, бокс өнері арқылы қазақты әлемге танытуға үлес қосып жүрген ұлтжанды перзентіміз Қанат Ислам сияқты танымал тұлғалармен кездесудің ұлттық намыс пен жігерді, ұлттық рухты асқақтата түсу, ұлттық генетикалық код негізін құрайтын мәдени құндылықтар мен ұлттық дәстүрді жаңғыртуда маңызы зор. Ал осы рухани құндылықтарды кітап шығару жолымен ғана емес, мультимедиалық өнімдер арқылы әлемге таныту – институт ғалымдарының болашақтағы ғылыми-зерттеу, әдістемелік тың ізденістеріне арқау болары анық.

Президентіміз Н.Назарбаевтың талай ұрпақтың жасампаз еңбегімен, қуаныш-қайғысымен сараланған, бүгінгісімен дәйектелген, жарқын болашаққа деген сеніммен суарылған рухани дүние ретінде ұсынған ұлттық идеясы шын мәнінде тәуелсіз елдің еңсесін тіктеп, терезесін әлемдегі озық елдермен тең етуге бастайтын стратегиялық маңызы бар тұғырнама екені сөзсіз.

 

Ақлима БАЙҒҰТ
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының тәрбие істері жөніндегі проректоры,
филология ғылымдарының кандидаты

Опубликовано в Қоғам

QF2F0anfoy8Нұрмұхамед БАЙҒАРАЕВ,
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, «Ланкастер» университетінің магистранты (Лондон):


– Президент өз мақаласында өзекті мәселені көтерді. Әрине, латын әліпбиіне өту оңай болмайды. Елбасының да 2017 жылдан 2025 жылға дейін 8 жыл уақыт беруі бекер емес. Бірқатар психологтардың пікірінше, халықтың басым бөлігі бірнеше жылғы үйреншікті қалпынан өзгергісі келмейді. Үлкен кісілерге тіпті қиынға соғады. Латынға көшуді жеңілдететін нәрсе жұртқа осы өзгерістің тиімділігін айтып, сендіру. Өзбекстанның латын әліпбиіне өткеніне 20 жылдан асты. Қазірдің өзінде де екі әліпбиді қатар қолданып келеді. 

Бұл бір жағынан, құлдық санадан саналы түрде арылу. Саяси, экономикалық, өркениетті тұрғыда көшу. 

Тағы бір айта кететін жайт, латынға өтсек барлығы жақсы болады деген сөз емес. Көп мәселелер туындайды. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. ТМД елдері тәуелсіздік алып, экономикасы құлдырап жатқанда Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан және тағы басқа біраз мемлекеттер латынға көшіп кетті. Оларға түк те болған жоқ. Сондықтан, халық бұл өзгерістің елімізге, әсіресе жастарға пайдалы екенін ескеруі керек. Латын қарпінде жазатын балалардың да ағылшын тілін үйренуі оңай болар еді.

Опубликовано в Қоғам

aurtaevӘлімжан ҚҰРТАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:


– Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жарияланған мақаласын еліміздің жарқын болашағын айқындаған тұғырнама деп қабылдадым. Қазір әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Дүние диірменнің тасындай, шыр айналып, құмсағаттай құбылып тұр. Осындай жаһандану жағдайында елдік тұтастықты сақтай отырып, Елбасымыз дамудың негізгі алғышарты жаңа тарихи кезеңнің басталғанын сезіндірді. Президентіміз айтқандай, біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Жастарды мақсатқа жету жолында білім алу, кәсіби тұрғыдан жетілу, салауатты өмір салтын ұстану бағытында тәрбиелеу – аға буынның парызы. Ол үшін жас буынды ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік, отансүйгіштік және бәсекеге қабілетті, ғаламдық технологияға қуатты етіп қалыптастыруымыз қажет. Рухани жаңғыру заман талабына берілген лайықты жауап, елді өркендету, даму жолындағы теңдессіз мүмкіндік деп түсінемін.

Опубликовано в Қоғам

dosbolovӘбілқасым ДОСБОЛОВ,
ОҚО мәслихатының депутаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері:

 


– Елбасының бұл жолғы мақаласындағы негізгі міндеттің бірі ретінде – латын әліпбиіне көшудің ұтымды тұстары атап көрсетілді. Жалпы, латын әліпбиіне көшудегі ұтарымыз қайсы дегенде, ең алдымен мынаны ескеруміз керек: бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындағанымыз жөн. Қазір бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Көлігіміздің нөміріндегі әріптер де латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни, латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Ең алдымен, тіл тазалығын қалыптастырамыз, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Бастысы, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазіргі кезде түбі бір түркі дүниесі негізінен латын әліпбиін қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да маңызды мәселе.

Опубликовано в Саясат

00727Қанат ҚАЛЫБЕКОВ, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынды. Яғни, рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірқатар міндеттерді айқындады. Оның ең негізгісі рухани ұстынды сақтап қалу. Құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» екенін атап көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезімді дамытудың екі бағытын атады. Оның бірі – ұлттық код. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея – болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу.

Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі – «сананың ашықтығы». Жаһандану кезеңіндігі ел халқына жүктелетін негізгі талап – әлемдік тілдерді меңгеруге ұмтылу болмақ. Қазіргі уақытта бірнеше тілді меңгерген азаматтардың қай ортада жұмыс істесе де жолы ашық. Мемлекеттік тіл елдің барлық саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші» қызметін, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етуде. Демек, Елбасы баса назар аударған «сананың ашықтығы» – өркениетке даңғыл жол салған негізгі бағдар болмақ.

Опубликовано в Қоғам