Шымкентте 7 білім ошағы ел игілігіне берілді
Қалада 2017-2018 жаңа оқу жылының да өз жаңалығы бар. Яғни, қала оқушыларына заман талабына сай жабдықталған ғимаратта толыққанды білім алуға, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасалып отыр. Білім күні қалада 7 жаңа мектеп пайдалануға берiлдi. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңадан тұсауы кесілген мектептерді аралап, «Алғашқы қоңырау» салтанатты іс-шарасына қатысты.
ЖАС ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ
Облыс әкімі алдымен қаладағы «Сәуле» шағынауданында ел игілігіне берілген №129 жалпы орта мектепте болып, оқушыларды білім күнімен құттықтады.
– Бұл күн – жаңа оқу жылына, жаңа жетістіктер мен табыстарға бастайтын күн. Білім беру ісі – бұл тамыры тереңде жатқан ғаламат құндылық. Ал осы бір ұлы құндылықты бойға сіңіретін тұлға – мұғалім. Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында білім мен ғылымды жетілдіру, жас ұрпақ тәрбиесі мәселелеріне баса көңіл бөлгені баршаңызға белгілі. Сондықтан да Сіздерге, жүктелер міндеттің салмағы да ауыр, – деді Ж. Түймебаев.
1200 балаға арналып салынған мектепте химия, физика, биология лабораториялары, мультимедиялық-лингофондық кабинеттер мен компьютер сыныбы, кітапхана, мәжіліс және оқу залы бар. Үш ауысымда білім беріліп келген мектепте бүгінде оқушы саны – 1350.
Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы «Достық», «Қайнарбұлақ» шағынаудандарында осы күні ел игілігіне берілген 1200 орындық мектептерді де аралап көрді. Аймақ басшысы оқушылардың еңбекке баулу кабинеттеріндегі ерлерге арналған шеберханалар мен қыздардың тігін цехымен танысты.
Жалпы, Білім күні өңірімізде 20 мектептің пайдалануға берілуімен ерекшеленіп отыр. Оған қоса, аймақтағы 2, 5, 7 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына бағытталған жаңа оқулықтармен қамтамасыз етіліп отыр.
118 МЕКТЕП ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ
Шымкентте 2017-2018 оқу жылында 132 мектеп, 88 балабақша жəне мектептен тыс 8 мекеме жұмыс істейді. Білім күні қалада жеті жаңа мектеп пайдалануға берілсе, оның ішінде бес білім ошағы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған. Олар – «Сəуле» шағынауданындағы № 129 орта мектеп (1200 орынды), «Қайнарбұлақ» елдімекеніндегі № 125 орта мектеп (1200 орынды), «Жаңаталап» елдімекеніндегі № 128 орта мектеп (600 орынды), «Достық» шағынауданындағы № 69 орта мектеп (1200 орынды), «Ақжайық» шағынауданындағы № 59 орта мектеп (600 орынды). Сондай-ақ, жаңа мектептер мен қосымша ғимараттардан бөлек, биыл қала бюджетінің қаржысына 118 мектеп жөндеуден өттi. Оған қоса 10 000 оқу партасы, 1000 тақта, 382 кітап шкафы сатып алынып отыр.
Мектептердің аумағын қоршау, жаңа спорт алаңшаларын салу мəселесі де шешiмiн тауып келеді. Қазiр 19 мектепте спорт алаңшаларының құрылысы жүргiзiлуде. Олар қыркүйек айында толық пайдалануға беріледi.
Биыл шаһардағы 64 мектепте робототехника үйірмелері жұмысын бастайды (19 үйірме – облыс бюджетінен, 45 үйірме – қала бюджетінің қаржысынан қарастырылған).
Қалада жаңа мектептердiң құрылысы, жөндеу жұмыстарының барысы тiкелей қала әкiмiнiң назарында болды. Есептi кездесулерде тұрғындар тарапынан осы спорт алаңшаларын салуға көптеген ұсыныс түсiп едi. Мiне, уақыт сәтiмен бұл мәселе де шешiлді.
БІЛІМ ОШАҒЫ 100 ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАМАҚ
Жаңа оқу жылын қаладағы iргелi Қ.Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицей де зор қуанышпен қарсы алды. Бұл мектеп өңiр ғана емес, республикаға танымал. Мұнда Бауыржан Момышұлы, Өмiрбек Жолдасбеков, Әбділда Тәжібаев секiлдi ұлт зиялылары бiлiм алған.
Биыл 230 оқушы бiрiншi сыныпқа қабылданды. Бұл – үлкен интеллектуалдық әлеует. Олардың арасынан болашақ ғалымдарды, елге қорған болар азаматтарды тәрбиелеу ұстаздарға жүктелер зор мiндет.
«Алғашқы қоңырау» іс-шарасында мектеп директоры Орынкүл Алшынбекова 2016-2017 оқу жылы табысты аяқталғанын атап өтті.
– Қаладағы биылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша үздік он мектептің қатарына кірдік. 168 баланың барлығы да ҰБТ-ға қатысты. Жалпы, мектептің орта балы 89 болып, оқушылардың 70-ке жуық пайызы мемлекеттік грант иегері болды. Ұстаз мықты болса, оқушы да осал болмауы тиіс, – деді Орынкүл Жұмабайқызы құттықтау сөзінде.
Келесi жылы мектептiң ұлтқа қызмет ете бастағанына 100 жыл толмақ. Мектеп басшысының айтуынша, келесі жылы көктемде тойланатын 100 жылдық мерейтойға қазірден дайындық басталған.
Тағылымды іс-шараға қонақ болып келген зейнеткер ұстаз Қаһар Апатанов, мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы, белгілі кәсіпкер Мұрат Тағаев, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан да құттықтау сөз сөйледі.
– Қ. Сыпатаев мектебі Оңтүстіктің ғана емес, Қазақстан мектептерінің символы. Талай ұлы адамдар осы жерде оқыған. Мектептің аты аталғанда талай ұлы адамдардың есімі ойға оралады. Мінекей, жаңа оқу жылына ата-аналар үміттерін жетектеп келіп тұр. Бәріңіздің үміттеріңіз жансын, – деді облыстық газеттің бас редакторы.
«Мен елімнің патриотымын» атты білім күніне арналған мәдени іс-шара батырдың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.