Бәсеке бар жерде сапалы білім бар Избранное

Среда, 24 Август 2022 04:20 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2016 раз

Шымкент қаласында 2022-2023 жаңа оқу жылында 28 мың оқушы 1 сыныпқа қабылданады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш мың оқушыға артық. Мегаполисте туу көрсеткіш және көшіп-қону жоғары болғандықтан биыл білім басқармасы тарапынан мектептерге 5 мың оқушы артық келеді деп болжам жасалған. Осыған орай, сабақ сағаттары есептеліп, қажетті шаралардың бәрі қарастырылған. Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

402

 

Өткен жылы мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Жоба шеңберінде оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесін 0,1%-ға дейін қысқарту күтілуде. Президент тапсырмасы негізіндегі қабылданған жобада Шымкент қаласының үлесінде 101 мектеп бар. Оның 52-і бюджет есебінен салынса, қалған мектептер инвесторлардан қолдау тауып отыр.

400


– Осы жылы Шымкент қаласында 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 504 орындық 16 жекеменшік мектеп пайдалануға берілуі тиіс болатын. Кәсіпкерлердің осы салаға қызығушылығы мен жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы қолданысқа берілетін мектеп саны 21-ге жетті. Үш мемлекеттік мектепте қосымша ғимарат құрылысы аяқталады. Нәтижесінде үш аусымды мектептер саны 9-дан 5-ке азайғалы тұр. Мұндай көрсеткішке қол жеткізуде жекеменшік мектептердің қосқан үлесі зор. Бұл жерде де оқыту үрдісі мемлекеттік білім стандарттарына сай жүргізіледі. Оқушы басына қаржыландыру тетігі арқылы бала тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Жекеменшік мектептерде ұзартылған күн тобы, пән үйірмелері секілді қосымша сағаттар ғана ақылы болады. Осы орайда, білімнің дамуына, сапалы ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып отырған кәсіпкерлерге алғыс айтамыз,– деді білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева.
Білім нысандары мемлекеттік не жекеменшік болсын жалпы, барлығына қойылатын талап бірдей. Заманауи, әрі соңғы үлгідегі оқу жабдықтарымен жарақталған кабинеттер, оқушының білім алуына қолайлы орта қалыптастыру міндеттелген. Ал, жекеменшік мектеп ашқысы келген кәсіпкерге қалалық білім басқармасы орын тапшылығы бар аумақтарды ұсынады. Бұл өз кезегінде үш ауысымды мектептерді азайтып қана қоймай, оқушының сапалы білім алуына да жол ашады. Осындай аумақта өз жұмысын бастаған «Жас көшбасшылар академиясы» мектебі жаңа оқу жылында бастауыш сынып бүлдіршіндеріне есік ашып отыр. Жаңадан ашылған білім ұйымының айналасында №35, 47, 9, 72 мектептер орналасқанымен оқушы орны өте тығыз.
–Қазірдің өзінде ата-аналар балаларының құжатын осында тапсырып жатыр. Мектебімізде оқушы сыйымдылығы 300 орын. Барлық кабинеттер білім стандарттарына сай жабдықталып, жабық спорт алаңы, медициналық кабинет, асхана және ұзартылған күн тобына қатысатын балалардың демалуы үшін 25 төсек-орын әзірленген. Оқыту үрдісі мемлекет бекіткен стандарт негізінде жүзеге асырылады. Балалар жан басына қаржыландыру тетігі арқылы ақысыз білім алады, -дейді «Жас көшбасшылар академиясы» мектебінің құрылтайшысы Малика Абдалиева.
Көшбасшыларды тәрбиелеуді мақсат еткен мектептің өзге білім ұяларынан ерекшелігі сөз өнеріне басымдық берілген. Әрбір білім алушыға өнердің осы түрі тегін оқытылады. Қосымша қаржы сауаттылығы, робототехника және тоғызқұмалақ үйірмесінде ақылы оқиды. Сапалы білім беру жолында жоғары санатты ұстаздар мен шетелдік мамандар жұмылдырылған.

Түйін:

Бұрын жекеменшік мектеп дегенде қолы жеткен оқиды деген түсінік қалыптасқан еді. Жан басына қаржыландыру жүйесі осы ұғымды түбегейлі өзгертіп, жеке мектептерде ақысыз білім алуға жол ашылды. Әсіресе шымкенттік кәсіпкерлер салаға көңіл аударып, мемлекеттің білім беру саясатын жүзеге асыруға жұмыла кірісіп отыр. Мектептердің көп болуы өз кезегінде бәсекелестікті арттырады. Бәсеке бар жерде сапалы білім салтанат құрмақ.