Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының бірінші кезеңі аяқталды. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін байқауда 20 отбасынан екі жанұя үздік деп танылды.
Оның бірі – еңбек ардагері, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы Каналбай Сейілбекұлы. Суырып салма ақындығымен өнерімен елге танылған мәдениеттанушы.
5 ұл, 4 қыз өсіріп, олардан 40 немере, 18 шөбере сүйіп отыр.
– Отбасының басты міндеті – елге, халыққа қызмет ету. Кемтарларға жәрдем беріп, кішілерді тәрбиелеу. Бұл байқаудың тәрбиелік мәні зор. Жастар мұндай шарадан тәлім, тәрбие алады, – дейді еңбек ардагері К.Сейілбекұлы.
Екінші үлгілі отбасы – Халық ағарту ісінің озаты, Арыс қаласының Құрметті азаматы Жұмабек Қансейітовтер әулеті.
Жеңімпаздар қала әкімінің «Алғыс хаты» және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өзгелерден оқ бойы озып шыққан екі отбасы облыстық кезеңде бақ сынайды.