САЛТ-ДӘСТҮРДІҢ САҢЛАҒЫ ҺӘМ ҰЛТ ҰСТАЗЫ Избранное

Пятница, 19 Август 2022 03:52 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1877 раз

Аллажар Сапархан – қаладағы №65 мектеп-гимназиясының 5 сынып оқушысы. Домбыраны жанына серік еткен бала ақын Алаштың арда ұлы – А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында өткен «Салт-дәстүрдің саңлағы һәм ұлт ұстазы» атты жас ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алды.

350

 

–Ахмет Байтұрсынұлын қазақ ұлтының ағартушысы ретінде танимыз. Сондықтан оны ұлт ұстазы деп ұлықтаймыз. Алғаш рет әріп тануға арналған «Әліппе» кітабын жазып шыққан. Одан бөлек, «Қырық мысал», «Маса» деген шығармалар жазған. Осындай ұлттың ұстазын ұлықтауға зор құлшыныспен келдім, -дейді бала ақын Аллажар.
Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен аламан айтыста Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары мен Түркістан облысынан келген 10 айтыскер ақын бақ сынады. Жыр додасында жалынды жастар Жандос Мерзабеков, Абылай Құлтай, Ахметрассул Баянбай, Аян Ниязбек, Аллажар Сапархан, Елсияр Құлахмет, Ерасыл Жақсыбек, Даниал Болысбек, Мұхит Бабақұл, Нұртілеу Төленбек сынды ақындар ой ұшқырлығын көрсетіп, сөзден сүрінбеді.
Додаға ҚР Мәдениет қайраткері Бекарыс Шойбеков, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы және филология ғылымдарының кандидаты Мамыт Амангелді бағалап, қазылық етті.
Айтыста жас ақындар ұлы ұстаздың ұлт руханиятындағы орнын жырларына арқау етті. Сахнаға көтерілген 5 жұп А.Байтұрсынұлының ұлтқа жасаған еңбектері мен ерлігін айтып, шешен тілдің шеберлігін көрсетті. Дүбірлі айтыста ақындарымыз жырдан шашу-шашып, бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, айтыссүйер қауымның көңілінен шығып, көрермендерді желпіндіріп отырды.
Нәтижесінде, І орынды шымкенттік бала ақын Аллажар Сапархан қанжығасына байласа, ІІ орынды Сарыағаш ауданынан келген Елсияр Құлахмет еншіледі. Жүлделі ІІІ орынды Отырар ауданының ақыны Баянбай Ахметрасул иеленді. А.Байтұрсынов атындағы арнайы жүлдеге нұр-сұлтандық Аян Ниязбек лайықты деп танылды.
Сөз маржанын теріп, ұлт ұстазын ұлықтаған ақындар алғыс хатпен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.