Зергерлік өнер халық қазынасының сарқылмас байлығы
Понедельник, 15 Июль 2024 11:57Зергерлік өнер – қазақ қолөнерінің бір түрі. Өнердің бұл түрі Ұлы дала елінің сән-салтанатын, байлығын, биік талғамын көрсетеді. Қазақта «Зергер адам – зерделі адам» деген жақсы мақал бар.
Зергерлік – жалпы адамзатты, оның ішінде жас жеткіншектерді сұлулық пен әсемдікке құштарлыққа, талғампаздық пен тазалыққа тәрбиелейтін өнер. Өйткені, зергердің қолынан шыққан бұйымдардың бәрі – сәндік, әсемдік заттары.
Зергер болу киелі де қасиетті өнер саналған. Әсіресе, соның ішінде түрі мен мән-мазмұны жағынан аса бай болып келеді. Осы зергерлік өнердің шоқтығы биік тұр деуге болады. Өйткені мамандар оның күрделі әрі қиын сала екенін айтады. Оған ең алдымен табиғаттан дарыған тума талант керек. Екіншіден, ол – атадан балаға немесе ұстаздан шәкіртке ауысып отыратын тылсым сыры бар, халықтың дәстүрлі дүниетанымымен, тарихи болмыс-бітімімен, салт-дәстүрімен байып отыратын қастерлі кәсіп.
Қазақстан аумағында техникалық және көркемдік тұрғыдан жетілген зергерлік өнер алғашқы темір дәуірінде-ақ пайда болған. Елімізде жүргізілген археологиялық қазбалар көне зергерлер шеберлігінің жоғары деңгейде болғандығына дәлел болады. Мысалы, қалыптау, нақыштама, түйірлеу, әшекейлеу техникасында жасалған әйгілі Шілікті бұйымдары (б.з.д. VII-V ғғ.), аң стилінде жасалған, алтын пластиналармен әшекейленген Есік жауынгерінің киімі (б.з.д IV-III ғғ.). Аң стиліндегі үздік үлгілерді мұра қылып қалдырған көне берелдік шеберлер де өз өнерлерімен (б.з.д. IV-III ғғ.) таңқалдырады. Жетісудан жануарлар - таутеке, ілбісін, қабан, бейнесі бедерленген мыс қазандар мен ғибадат бұйымдары (б.з.б. V-IV ғғ.), әйелдердің алтын бас киімі (Қарғалы қазынасы, б.з.б ІІ- б.з. ІІ ғғ), жарқырауық тас орнатылған сырғалар (Ақтас-1 қорымы, б.з. ІІ-V ғғ.) табылған. Ерте көшпенділердің зергерлік өнері жоғары деңгейге дейін жетті. Ерте көшпенділер дәуірінің зергерлері шеберліктерімен және терең қиял-түйсіктерімен таңқалдырды. Олар дайындаған сәндік бұйымдар ғажап болды. Сонымен қатар, олар көшпенділердің дүниетанымдарының көрінісі де болып табылады. Ежелгі көшпенділер тек киімді ғана емес, өздерінің аттарын, қаруларын, тұрмыстық заттарын да сәндеген. Зергерлік бұйымдарға құштарлық барлық жерлерде де болды. Олардың ішіндегі ең сәнділері, әрине патша зираттарынан табылды.
Қазақ зергерлері қашан да металдың сұлулығын баса көрсетудің шеберлері болған. Зергерлік бұйымдарды жасауда қолданылған негізгі материалдар алтын мен күміс болған. Бұл металдардың табиғи иілгіш қасиеттері мен төмен температурада балқуы зергерлік істе өңдеудің әр алуан техникалық тәсілдерін пайдалануға мүмкіндік берді. Уақыт өте келе зергерлік бұйымдарды дайындау технологиясы күрделене түскеніне қарамастан, оларды сәндік безендіру тәсілдері де көбейді, ал зергерлік өнердегі қолмен өңдеудің негізгі тәсілдері елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Сонымен қатар, қазақ зергерлері туындыларында еуропалық зергерлік ісіндегідей шикізаттың құндылығы, пішіндердің күрделілігі мен техникалық тәсілдердің алуандығы емес, ең алдымен өрнектеп сәндеу ерекше мәнге ие бола бастады. Тастардың пішіні, орналасуы, үйлесілімділігі, композициясы – барлығы дуалы мән-мағынаға ие болды. Тіпті, күмісті таңдаудың өзі кездейсоқтық емес, көне нанымдарға сәйкес ол емдік және қорғаушы қасиеттерге ие. Әрлеу үшін жартылай асыл тастар: көгілдір ақық, маржан, ақық, нефриттер жиі пайдаланылды. Бірақ, отбасына береке, бақыт пен тыныштық, ал өз иесінің денсаулығын мықты етер және көз тиюден сақтайтын тас – ақық ең таңдаулы болды және осы күнге дейін солай болып қала бермек.
Қазақ зергерлік бұйымдарының тағы бір ерекшелігі – олардың барлығының дерлік белгілі бір киім үлгісімен байланысты болуы және жас ерекшеліктерімен шектелгені. Мұндағы әйелдердің әшекейлері мен олардың әйелдің жасына қарай өзгеру динамикасы қызығушылық туғызды.
Дәстүрлі әйел әшекейлерінің көптеген үлгілерін шынайы көркемдігі мен өзіндік айшықтары ерекшелейді. Олар ұлттық киімнің басқа ерекшеліктерімен (материал, сыртқы киімнің үлгісі, бас киімдер мен аяқ киімдердің пішіндері мен оларды кию тәсілдері) бірге біріңғай ансамбль құрай отырып, оған көркемдік пен ұлттық нақыш беріп тұрады. Қазақ әйелінің өмірінде зергерлік әшекейлер маңызды рөл атқарды. Оларда адамның сұлулыққа деген мәңгі ынтызарлығы, бақытқа деген үміті, бәле-жаладан, аурудан қорғай алатын табиғаттың ғажайып күшіне деген сенімі бейнеленді. Көне зергерлік бұйымдарға қарай отырып, бойжеткеннің күлкісін, қоңыраудың сыңғырын, ананың бесік жырын естуге болады. Бұл тамаша төл жауһарлардың барлығы немесе әрқайсысы қазақтың шексіз даласының тынысын білдіретіндей.
Раушан ТҰРАНОВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің
кіші ғылыми қызметкері
Сұйытылған газ тапшылығын болдырмау бойынша шаралар қабылдануда
Понедельник, 15 Июль 2024 11:51Шымкент қалалық әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің басшылығымен кеңес өтті. Кеңеске өндірушілер, сатушылар, қадағалау органдарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Кеңес барысында Шымкентте сұйытылған газ тапшылығын болдырмау шаралары талқыланды. Мәселен, қалада арнайы мониторингтік топ құрылды, оның құрамына Мемлекеттік кірістер департаменті, Экономикалық тергеу департаменті, монополияға қарсы ведомство және энергетика басқармасының қызметкерлері кірді. Топтың міндетіне отын көлемін жасанды тежеуге жол бермеу жөніндегі рейдтер де кіреді.
«Сұйытылған газды халыққа жіберетін қаланың барлық жанар май құю бекеттерін қамтамасыз ету үшін Ақтөбе CNPC-ден қосымша 2051 тонна газ сатып алынды», – деп атап өтті Шымкент қалалық энергетика басқармасының басшысы Рызабек Меңдіқұлов.
Бұдан басқа, қалаға сұйытылған газы бар 7 вагон келеді. Әрі қарай тағы 12 вагон келеді деп күтілуде. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі жыл сайын еліміз сұйытылған газ тапшылығына тап болатынын және бұл тұтынудың артуына байланысты екенін хабарлаған болатын.
Аталған тәуекелдерді болдырмау үшін 1 шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының бағасын түзету жоспарлануда. Сұйытылған мұнай газының бір тоннасы үшін шекті көтерме баға 45 158 теңгені құрайды (бұрын – 40 320 теңге).
«1 шілдеден бастап сұйытылған мұнай газының бағасын түзету жоспарлануда. Мәселен, сұйытылған мұнай газының бір тоннасы үшін шекті көтерме баға 45 158 теңгені (бұрын – 40 320 теңге) құрайды», – делінген хабарламада.
Шымкент-Сиань: Күзде бизнес-форум өткізу жоспарлануда
Понедельник, 15 Июль 2024 11:24Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында Сиань қалалық парткомитетінің хатшысы Фан Хунвэй және қала мэрі Е Нюпинмен кездесті. Кездесу барысында түрлі салалардағы екіжақты қатынастарды дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Қалалар арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында бірқатар ұсыныстар қаралды. Қазіргі уақытта әлемде энергия ресурстарының тапшылығы байқалады. Осыған байланысты қала басшысы баламалы энергия көздерін дамыту мақсатында қытайлық инвесторларды Шымкентте күн электр станцияларын салу жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
«Біздің қаламыз ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Түркістан, Жамбыл облыстарымен және Өзбекстанмен шектесетіндіктен, біз үшін бұл саланы дамыту өте маңызды. Біз осы саладағы жобаларды іске асыруға мүдделі Сиань кәсіпкерлерін қолдауға дайынбыз. Қалада қолданыстағы сауда-логистикалық орталығының аумағын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Орталықты кеңейту Шымкентке Орталық Азия елдері арасында көлік-логистикалық хабқа айналуға мүмкіндік береді. Орталық теміржол торабы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің бойында және жүктерді кешенді қабылдауды және жөнелтуді жүзеге асыратын әуежайға жақын жерде орналасқан. Біз логистикалық орталықта құрғақ, тоңазытқыш қоймаларының жобаларын жүзеге асырғысы келетін инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді қала әкімі.
Кездесуде Шымкент және Сиань университеттері арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктері қарастырылып, денсаулық сақтау мамандарының біліктілігін арттыру мәселесі пысықталды. Талқылау барысында осы жылдың күзінде Шымкентте екі қаланың бизнес-қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен ауқымды форум өткізу келісілді. Кездесу соңында мегаполис басшысы сауда қатынастарын орнатуда, Сиань инвесторларының инвестициялық жобаларды табысты іске асыруда барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Бүгінде қаламызда қытай капиталының қатысуымен мұнай өңдеу, химия және металлургия салаларында жалпы сомасы 1,4 млрд.АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба табысты іске асырылуда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Зират аумағын ретке келтірді
Понедельник, 15 Июль 2024 10:48«Тазалық – иманның жартысы» деген сөз бар. Еліміз бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» науқаны аясында Шымкентте орталық мұсылман мазаратында санитарлық тазалық күні ұйымдастырылды.
Қаладағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандары мен «Жасыл ел» еңбек жасағы мүшелері мазараттың іші-сыртын қоқыстан тазалап, зират ішіндегі аяқ жолдарды ретке келтірді.
Жастар ресурстық орталығының өкілі Қайыржан Бөгенбайдың айтуынша, мазаратта іздеу-сұрары жоқ 10-нан аса ардагер мен мәдениет қайраткерлері жерленген. Жастар сол кісілердің бейітін қураған шөптерден тазартып, қоршауларын ретке келтірді. «Жас келсе – іске» деген, қайратты жастар тазалық акциясына белсене қатысуда.
Науқан аясында көше тазалау, елді мекендер аумағын көгалдандыру және абаттандыру істерінде жастар зор үлес қосуда.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
Ретсіз саудаға бақылау күшейді
Понедельник, 15 Июль 2024 10:46Шымкент қаласының Абай ауданы аумағында заңсыз құм, шағал-тас, қара темір қабылдау, ретсіз сауда сауда-саттықты жою мақсатында кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде Алматы тас жолы, Шойман қажы көшесінің қиылысында заңсыз орналасқан құм сату бизнесі мен қара темірді қабылдайтын кәсіптік нысан анықталып, әкімшілік айыппұл салынды. Бұған дейін қала әкімі Ғ.Сыздықбеков қаланы аралау барысында Алматы айналма тас жолы бойында бейберекет орналасқан сауда орталықтары мен кәсіпкерлердің жұмысымен танысқан болатын.
Тексеру жұмыстарынан кейін аудан әкімі мен жер қатынастары басқармасы басшыларына кәсіптік нысандарды қала сыртына көшіру бойынша тапсырма берілген. Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастыры басқармасы тарапынан Түркістан бағытынан қалаға кіретін жол бойында Бадам көпірінің жанынан 75 гектар арнайы құрылыс заттарын сатуға арналған жер беріліпті. Аталған мекенжайдың инфрақұрылымы толық реттелген. Ендігі мәселе – кәсіпкерлерді белгіленген қала сыртындағы аумаққа көшіру.
Қаңтар айынан бастап, үшінші рет айыппұл арқалаған кәсіпкерлер 10 күннің ішінде қала сыртындағы нысанға толық көшуге уәде етті. Кәсіпкерлік нысандардың аумағын тазалап, күтіп-ұстау мәселелері бойынша аудан әкімі аппараты, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары және аудандық ішкі істер басқармалары бірлесе жүргізген жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырмақ.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
Есірткісіз қоғам құру өз қолымызда
Понедельник, 15 Июль 2024 10:3726 маусым – Халықаралық есірткіге қарсы күрес күні. Осыған орай Шымкенттегі «Арбат» демалыс аймағында ауқымды іс-шара өтті. Қаладағы жоғары оқу орындарының ерікті жастарынан жасақталған командалар «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» деген ұранмен спорттық ойындар ұйымдастырды.
Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа баулу, есірткісіз қоғам құру мақсатында өткен жолдастық жарыс қызықты әрі тартысты өтті. «Жақсы әдеттер марафоны!» ұлттық бағдарламасы аясында «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» ұранымен өткізілген эстафеталық жарысқа 7 адамнан тұратын 3 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, тұрғындардың күш, жылдамдық, ептілік қасиеттерін дамытуға арналған іс-шарада қатысушылар өздерінің ерекше дайындықтарын көрсетті.
Есірткі – қоғам дерті. Нашақорлық пен есірткінің зияны орасан. Бұл – тұтас ұлттың тамырына балта шабатын, халықты қарусыз жоятын кеселдің бірі. Сондықтан да есірткімен күрес бүгінде кез келген елді алаңдататын, ең өзекті, әлеуметтік мәселенің біріне айналып отыр. Ал, шымкенттік ерікті жастардың есірткіге әуес болмай, спортпен шұғылданып, жарыста белсенділік танытуы көңіл қуантады.
Спорт алаңында олар замандастарына «Жасөспірім, салауатты өмір салтын ұстан, спортпен шұғылдан, сымбатты бол!», «Өз мемлекетіңді нашақарлықтан сақта, өз ұлтының санын өсір. Дүниеге дені сау ұрпақ әкел! Арамызда дені сау, ұшқыр ойлы саналы да, сапалы жастарымыздың саны көбейтіп, ғасыр дертімен бірге күресейік!» деп ұран тастады.
Іс-шара эстрада жұлдыздарының коцертіне ұласты. Олар сахнада сөз сөйлеп, жастарды есірткі қылмысына қарсы күресте бірігуге шақырды.
Айта кетейік, осы бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында биыл 26 мамыр мен 26 маусым аралығында 1 ай бойы өткізілді. Айлық барысында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, шымкенттік полицейлермен бірқатар профилактикалық іс-шаралар, соның ішінде спорттық-мәдени, қайырымдылық іс-шаралар, семинарлар, кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің, салалық мамандардың кеңес беруімен Ашық есік күндері өтті.
Айлық қорытындысымен салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас ұрпаққа саналы тәрбиеде еселі еңбек етіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысқан, профилактикалық іс-шаралардың өтуіне үлес қосқан бірқатар мамандар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Саденовтің және Шымкент қалалық Полиция департаменті басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
Жастарға тегін кеңес берді
Понедельник, 15 Июль 2024 10:33Репродуктивті денсаулық апталығы аясында «Арбат» демалыс аймағында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы жасөспірімдер арасында «Біз салауатты өмір салтын таңдаймыз» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды.
Профилактикалық іс-шарада қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Жастар денсаулық орталығының уролог, гинеколог, психолог дәрігерлері жастарға медициналық кеңес берді. Сондай-ақ, ЖИТС-тің алдын алу мен онымен күрес орталығы қызметкерлері жедел тест сынамасын алып, АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында жастар арасында спорттық сайыстар өтті. Белсенділік танытқандарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен 24-30 маусым аралығында Репродуктивті денсаулық апталығы өтуде. Іс-шараның мақсаты – халықтың репродуктивті денсаулығының маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
Баланың балалығында әкенің даналығы бар
Понедельник, 15 Июль 2024 10:19Халықта «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген қанатты сөз бар. Ащылау айтса да, шындық осы. Осы жағдай Еуропа елдерінде қатты білінеді. Көбіне бір баламен шектелетін елдер уақыт өте жер бетінен жойылудың алдында тұр. Әлемді дағдартып отырған демография мәселесі жері ұланғайыр, халқының саны аз Қазақстанды айналып өтпейді. Қала ғана емес, ауылдарда да бала санын шектеу алаңдайтын-ақ жағдай. Қазақтың Шер-ағасы – Шерхан Мұртаза дүниеден өткенше «Азсың қазақ, көбей қазақ» деп кетті. Бұл ретте біздің қос редакция «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» мақтанса да болады. Әріптесіміз Тағабай Қасымов – 8 ұл-қыздың әкесі. Бүгін балдай тәтті балаларының қызығына тоймай жүрген бақытты шаңырақтың отағасы, белгілі журналист Тағабай Қасымов туралы айтсақ дейміз.
Тағабай 1988 жылы Жетісай өңірінде дүние келген. Айтуынша, кішкентай күнінен мақта теріп, әке-анасына көмектеседі. Университетке түсіп, студент атанғанша, ауылда егістік алқабында шаруамен айналысады. Отбасында 5 перзенттің екіншісі. Мектепте бұзықтау болса да, үздік оқушы болған. Ал, газет-журналға құмарлығы 6-сынып оқып жүргенде басталыпты. Аудандық, облыстық газеттерді жібермей оқып, бұл әдетке, әдеті мамандығына айналған.
– Университетте тек білім қудым. Кітапханалардан шықпай, түннің батқанын, таңның атқанын білмей қалатынбыз. Бұл әрекетімнің де пайдасы көп болды. Біріншіден, оқу орнын жақсы аяқтауға септігін тигізсе, екіншіден, қыдыруға уақыт болмады. Ал, келіншегім Перизатпен әлеуметтік желі арқылы таныстым. Алғашқы күннен отбасыммен таныстырып, сырттай айтқаным бар еді. Әжем тезірек үйленгенімді қалады. Өзімнің де ойым осы еді. Перизатқа 3 айдан кейін ұсыныс жасадым. Екі жақ келісіп, құдаласу мен сырға салу, қыз ұзату дәстүрлерін жасадық. Ол кезде мен 23 жаста, келіншегім 19 жаста болатын. Осылай шаңырақ көтеріп, біздің отбасылық өміріміз басталды, – дейді әріптесіміз.
Оның еңбек жолы 2011 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінен басталған. Кейін «Оңтүстік Рабат» газетіне жұмыс ауыстырады. 2013 жылдың тамыз айынан «Шымкент келбеті» газетіне келеді. 2014-2016 жылдар аралығында республикалық «Спорт» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін қатар атқарған. Ал, 2021-2022 жылдары Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде тілші болған.
– Журналистика саласының маған берері көп болды. Жаза білген адамның жолы ашық, еңсесі биік болары сөзсіз ғой. Мен үшін жұмыс барысында ең алдымын ұлтқа қызмет ету тұрды. Шығаршылықты дамытумен қатар, өзімді жеке бренд ретінде қалыптыстыру – менің басты мақсатым, – дейді ол.
Тағабай Қасымовтың жасы
35-те, 8 баланың әкесі. Өзі «Адамның ата-анасы таңдап берген есім оның өмірінде маңызды рөл атқарады» деген ұстанымда. Тұңғышы Нұрбақыт 11 жаста, 6-сыныпқа көшті. Үйдің үлкені болғандықтан, анасының көмекшісі, бауырларының қамқоршысы. Грек-рим күресінен қалалық спорт мектептері арасындағы турнирлерде жүлдегер боп жүр.
Інжу қызы 3 - сыныпты аяқтады. Нұрайы 1 - сыныпты тәмамдады. Зере 6 жаста. Айкөркем 2021 жылы, Айсана 2022 жылы туылған.
Осы жылы егіз қыз дүниеге келіп, Іңкәр-Сезім деп ат қойды.
– Қыздарымды шығыс жекпе-жек өнеріне: каратэ, дзюдо, таэквондоға бергім келеді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы. Біздің үйдің де өзіндік ережелері бар. Ол – сыйластыққа, тәртіпке негізделген тәрбие. Үйдегі басты ереже: «Ешнәрсені ертеңге қалдырма». Үлкен отбасы болғандықтан, белгілі бір жүйе, әркімнің өзінің міндеті болуы керек. Отбасымыздың он мүшесінің әрқайсысы жеке тұлға, бір-біріне ұқсамайды. Кейде шаруа атқаратын тұста қыздарым, үлкен ұлым жәрдем береді. Кез келген жұмысты маңыздылығына байланысты бөліп, реттеп аламыз. Бір адам бірнеше міндетті қатар орындауға тырысып, әр істің басын бір шалғанша, бір адам өзінің қолынан келетін жақсы іспен айналысқаны абзал. Балаларыма осыны үйретемін. Тағы бір маңызды нәрсе, ол – спорт. Ұлым Нұрбақыт грек-рим күресіне қатысады. Үйдегі жаттықтырушысы өзім. Таңертең жүгіру, кешкі жаттығуды мүлт жібермейміз. Ойын баласы болған соң кейде доп тебуге, достарымен қыдыруға сұранады. Сондай сәттерде әке мен бала арасындағы келісіммен шешеміз, – дейді көп балалы әке.
Бұл отбасыға да Шымкенттей үлкен қалаға келіп, орнығып кету оңай болған жоқ. Бір ғана қызметпен отбасын асырау, баспана алу мүмкін емес. Бұл отбасы той жасамай, баспана алған.
– Қазір қоғамда жас отбасылардың көбі балалы болуды қалағанымен, кейін оны өсіру, асырау, оқыту, бағып-қағу туралы ойлағанда, бойларын қорқыныш билейді. Демографиялық ахуалды жақсарту үшін алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген аталы сөз бар ғой. Әр баланың өз несібесі болады. Ол сол несібесімен дүниеге келеді. Сондықтан, Құдай берген сыйдан бас тартпай, үлкен отбасы болуға ұмтылу керек. Үлкен отбасының ырысы да көбірек болады,-дейді әріптесіміз.
Бүлдіршіндері туралы жүзі бал-бұл жанып әңгімелейтін Тағабай Қасымов көпке үлгі. Қаламы қарымды әріптесіміз жақында ғана Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Өзі спортшы. Кір тасын көтеруден қалалық, облыстық жарыстарда дараланып жүр. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматты мерекемен құттықтай отырып, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ