Мелдебек ӘДІЛБАЕВ, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы: САЙЛАУ ЗАҢНАМАСЫНА ЕНГІЗІЛЕТІН ӨЗГЕРІСТЕРДІ ҚОҒАМ ТАЛҚЫЛАП ЖАТЫР Избранное

Среда, 09 Февраль 2022 03:54 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2823 раз

–Мелдебек Мырзаұлы, әр жылы ақпанның бірінші бейсенбісіне келетін Дүниежүзілік сайлау күніне орай өзіңізге бірер сұрақ қоюды жөн көрдік. Қазір елімізде сайлау науқаны емес, бірақ бұл тақырыптағы өзгерістер мен жаңалықтар оқырмандар үшін қашан да қызық. Соңғы кезде еліміздің сайлау жүйесінде қандай өзгерістер орын алуда?

– Сайлау жүйесінде өзгерістер мен жаңалықтар баршылық. Өткен жылғы Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауынан кейін еліміздің «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы мен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына біршама өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.

203

 

Ондағы басты жаңалық – ауыл округтері әкімдері сайлауының азаматтардың тікелей және төте дауыс беру арқылы өте бастағаны. Иә, Шымкент қаласында ауыл округтері жоқ. Дегенмен, біз көршілес облыстағы әріптестеріміздің жұмысымен жоғарыдан түскен хат, тапсырмалар арқылы толық таныспыз. Ауыл халқы қызу жұмыс үстінде. Болашақта аудан әкімдерінің сайлауы да өтеді. Заңнамаға енгізілген бұл норма 2024 жылдан бастап күшіне енеді.
Осы жерде ерекше тоқтала кетер жәйт, ол – қазіргі кезде сайлау заңнамасына кезекті, елеулі өзгерістер енгізуге дайындық науқаны жүріп жатқаны. Оған ел болашағы мен халық тағдырына бейжай қарамайтын барлық азамат, бүкіл қоғам атсалысып жатыр. Ұсыныстар өте көп. Егер осы талқылауға қатысқыңыз келсе, ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Ол ұсыныс орталыққа автордың атынан жолданады. Қазіргі бірінші міндет –заңдағы өткен сайлауларда анықталған қателіктер мен кемшіліктерді жою болса, екінші міндеті – алдағы сайлауларға дайындық.

– Сайлау әділ әрі ашық өтуі үшін әлемдік деңгейде бекітілген стандарттар, баршаға ортақ, мойындалған демократиялық қағидалар бар. Соның ішінде халықаралық қауымдастықта қазір ең көп көңіл бөлініп отырған мәселе қайсы?

– Оқырмандарға түсінікті болу үшін бұл мәселеге тереңірек тоқтала кетейін. Халықаралық сайлау стандарттары деген түсінік бар. Егер қарапайым тілмен айтар болсақ – бұл халықаралық деңгейде мойындалған халықаралық құқықтың азаматтардың сайлау құқықтары, сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге қойылатын талаптардың нормалары мен қағидаттарының жиынтығы. Олар универсалдық (әлемдік) және регионалдық (аймақтық) деп екіге бөлінеді. Оның ішіндегі ең негізгісі – 1948 жылы қабылданған Жалпыға ортақ адам құқықтарының декларациясы. Әр мемлекеттің сайлауды реттейтін заңнамалары сол халықаралық нормалар мен қағидаттарға қайшы келмеуі керек.
Енді Сіздің сұрағыңыздың нақты жауабына келер болсақ, халықаралық сайлау саласының әлемдік дәрежедегі қатаң назарға алынып отырған екі мәселесінің бірі – сайлаудың заңды өтуін қамтамасыз ету болса, екіншісі – мүгедектерге сайлауға қатысуға, өздерінің дауыс беру құқықтарын толыққанды пайдалануға, дауыс беру барысында өз кемістіктерін сезінбеуіне барынша жағдай жасау.
Сайлаудың заңды өтуі дегенді әркім әртүрлі түсінеді, кейде сайлаушылар «заңдылық» пен «әділдік» деген түсініктерді шатастырып жатады. Кейде сайлаушылардың өз ойлары іске аспаған жағдайда жалпылама сайлаудың заңсыз өткенін тілге тиек етеді. Сайлау туралы заңдарда қандай талаптар қойылған болса, сайлау сол талаптарға сай өткізілуі тиіс. Сайлауалды кампаниясында, дауыс беру барысында заңбұзушылыққа жол бермеу мақсатында шетелдік және отандық байқаушылар жіберіледі. Шетелдік байқаушылар ұзақ мерзімді (20-30 күн) және қысқа мерзімді (2-3 күн) болып екіге бөлінеді. Одан бөлек, сайлау барысы үміткерлердің сенімді өкілдері тарапынан да бақыланып отырады.
Ал мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығына келер болсақ, елімізде 2015 жылдың 20 ақпанында «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң қабылдап, өзіне сол санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғауды міндеттеме етіп алып отыр.
Осы жерде ерекше тоқталып айта кетер жайт, қазіргі кезде әлемде «мүгедек» деген терминнің айтылуының өзі кемсіту болып танылып, оны «мүмкіндігі шектеулі жандар» деген немесе басқа да құлаққа есітілуі жеңіл сөздермен ауыстыру орынды болып есептеледі.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау, соның ішінде дауыс беру құқығын қамтамасыз ету міндеттемелерін орындау шеңберінде республика көлемінде барлық сайлау учаскелері орналасқан ғимараттардың кіреберістеріне осы топтағы азаматтардың қоларбамен кіріп-шығуын жеңілдету үшін пандустар мен демеуші ұстауыштар орнатылған. Сайлау науқаны кезінде сары жолақты арнайы тактильді жолдар төселеді, дауыс беру бөлмелерінің сырттары мен іштеріне түрлі жолсілтеуіш белгілер ілінеді. Бұл санаттағы сайлаушылардың қоларбамен кіріп-шығуын жеңілдету мақсатында стандарттан тыс кеңейтілген дауыс беру кабиналары орналастырылады және оның іші қосымша компьютермен, үстел үсті шамымен, Брайль қарпімен, тыңдауға арналған құлаққаппен, тағы да басқа қажеттіліктермен жабдықталады. Олардың өтініштері бойынша сайлау учаскесіне жеткізу үшін инватакси бөлінуі мүмкін. Ондай адамдар денсаулығына байланысты дауыс беру үйіне баруды қаламай, алдын ала телефон арқылы өтініш білдірген жағдайда, сайлау комиссиясының мүшелері оның өзі мен күтушісінен дауыс алу үшін тасымалды дауыс беру жәшігімен үйіне барады. Тағы да басқа құқықтар мен жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Қорыта айтқанда, осы топтағы азаматтардың өздерінің сайлау құқықтарын пайдалануына толық жағдай жасалады.

– Тағы бір сұрақ, Шымкент қаласында қанша сайлаушы, қанша сайлау комиссиясы бар және сайлау кезінде қанша адам қосымша жұмылдырылады?

– Бүгінгі күнге Шымкент қаласында 630 мың сайлаушы бар. Бұл дерек жергілікті атқару органдары мен аумақтық сайлау комиссиялары арасында әр тоқсан сайын ресми түрде салыстырылып тұрады. Сайлаушылар саны үнемі өзгеріп отырады. Оған қала аумағынан тысқары көшкендердің, көшіп келгендердің, сайлауда дауыс беру жасына жеткендердің, қайтыс болғандардың саны әсер етеді.
Ал сайлау комиссияларына келер болсақ, Шымкент қаласы мен төрт ауданда аумақтық сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Осы бес аумақтық комиссияның әрқайсысында комиссияның 7 мүшесі болып, барлығы 35 адамды құрайды. Қала мен аудандық аумақтық комиссияларда комиссия мүшелерінің екеуі тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейді. Олар – төрағалар мен хатшылар. Қалғандары тек сайлау кезеңіне жұмылдырылады. Қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссиялары басқарушы, ұйымдастырушы деңгей болып есептеледі.
Одан бөлек, сайлауда негізгі дауыс беруді өткізетін учаскелік сайлау комиссиясы бар. Қала бойынша олардың саны – 312. Оларда учаскедегі сайлаушылар санына қарай бес, жеті, тоғыз немесе он бір комиссия мүшелері бар. Жалпы саны – 2 705. Олардың барлығы сайлау жұмыстарына тек сайлау науқанында тартылады. Сонда қаладағы аталған бес аумақтық сайлау комиссияларындағы он адам кәсіби түрде жұмыс істейді, қалған барлық сайлау комиссияларының 2 670 мүшелері сайлау жұмыстарына тек сайлау кезінде жұмылдырылады.

– Сұхбатыңызға рахмет!