Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: Наурыз – ұлттық мәдениетіміздің бар жауһары жарыққа шығатын мереке

Пятница, 18 Март 2022 04:33 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3283 раз

–Шалатай Мырзахметұлы, ең алдымен, келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын. Біз осы мерекенің мән-мағынасын түсініп, қадірін ұғынып жүрміз бе?

–Рахмет. Ұлыстың ұлы күні баршамызға құт-береке әкелсін! Наурыз – күн мен түн теңеліп, табиғат пен тіршілік атаулының қайта жанданатын кезі. Оны жаңа жылдың бастауы деп те айтып жүрміз.

507

 

Ал, қазіргі заман үшін бұл мерекенің маңызы неде деген сұраққа жауап табу үшін тарихқа аздап шегініс жасауымыз керек: Большевиктер Кеңес Одағы құрылған алғашқы жылдардан бастап оның құрамына енген халықтарды тарихи тамырларынан, дінінен, төл мәдениеті мен салт-дәстүрінен ажыратып, ұлтсыздандырудың қамына кірісті. Сонда ең алғашқы қадамдарының бірі 1926 жылы Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салудан басталды.
Неге алғашқы соққы Наурызға қарсы жасалды? Себебі, Ұлыстың ұлы күнінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің бәрі қайта жаңғырып отырған. Наурызда дәстүрлі ән мен күй, айтыс пен терме секілді ұлттық өнеріміз ортаға салынады. Көкпар тартып, жастар бәйге, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ пен күрес секілді ұлттық спорт түрлері бойынша сайысады. Наурыздың ақ дастарханына ұлттық дәм-тағамдарымыз қойылады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Наурыз – ұлттық мәдениетіміздің бар жауһары мен інжу-маржаны жарыққа шығатын мереке!
Кеңестік идеологияны қалыптастырған мамандар ұлт руханиятын өн бойына сіңіріп алған мұндай мейрам тұрғанда бұл халықтың ешқашан ұлтсызданып кетпейтінін жақсы түсінген. Сол себепті Наурызды тойлауға тыйым салған.
Енді бүгінгі күнге оралсақ, қазіргі жаһандану дәуірінде де біздің ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызға төніп тұрған қатер аз емес. Қазіргі кейбір жастар бір-бірінен «сен қазақысың ба, заманауисың ба?» деп сұрайтын көрінеді. Сонда олар қазақылықты – артта қалушылық, жабайылық деп есептеп, қазақ болуды, ұлттық таным және дәстүрге сай өмір сүруді – кемшілік, тіпті қорлық санап тұр ғой. Негізінде, заманға лайық өмір сүру, мәдениетті болу, терең білім алу, заманауи технологияларды игеру мен табысты адам болу үшін міндетті түрде өз ұлтыңның тілінен, дәстүрі мен салт-санасынан бас тартып, космополит болып кетудің қажеті жоқ. Біздің ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дәстүріміздің арасында қазіргі заманмен үйлеспейтін ештеңе жоқ.
Айтайын дегенім, қазіргі ақпарат тасқыны шарықтап тұрған кезеңде, интернет арқылы келген бізге жат идеологиялар санамызды сарғайтып, өзіндік болмысымыздан ажырап бара жатқан тұста ұлттық құндылықтарымызды қорғап, оны жастардың санасына сіңіруді ойласақ, ұлттық иденттілігімізден айырылып қалғымыз келмесе, Наурызға барынша мән беріп, оны жоғары деңгейде ұйымдастырып, жалпыхалықтық мереке етіп өткізуіміз керек.

–Бірақ, маған қазіргі Наурыз экрандар мен сахналардың ғана мерекесіне айналып кеткен сияқты көрінеді. Көп іс-шаралар формалды түрде ғана ұйымдастырылып, қалың көпшілік мерекелік көңіл-күйді сезіне алмайды. Неге бұлай?
–Осының бәрі айналып келгенде тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ұлттық идеологияның қалыптаспағанының, идеология саласындағы жұмыстардың қажетті деңгейде жүргізілмеуінің салдары деп ойлаймын. Осы жылдарда біз ұлттық болмысымыздан кәдімгідей ажырап, менталитетіміз бен ұлттық санамыз кәдімгідей деградацияланған ба деп қауіптенемін.

708


Оған бір мысал айтайын: 2011 жылдың наурыз айында Жапонияның Фукусима-1 атом электр станциясында алапат апат болды. Радиацияның таралуынан қауіптенген жақын маңдағы қалалардың тұрғындары үй-жайын, дүние-мүлкі мен дүкендерін, сауда орталықтарын тастай қашқан. Бір қызығы, тұтас қалаларда сол апатты күндері ешқандай ұрлық, тонау болмағаны жөнінде ақпараттар тарады. Міне, бұл халықтың санасының биіктігін, азаматтардың ішкі мәдениетінің жетілгенін көрсетеді.
Әрине, өз халқымды өзгелерден кем етіп көрсетуден аулақпын. Алайда, арамыздағы кейбір адамдардың санасыздығын көргенде ішің ашиды. Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде интернет арқылы таралған бейнежазбаларды көрдім. Соның бірінде 35-40 жас шамасындағы бірнеше келіншек қараусыз қалған дүкеннен азық-түлік алып, арқалап кетіп барады. Егде жастағы кісінің алдарынан шығып ескерткеніне қараған да жоқ. Айналайын-ау, ол да біреудің маңдай терімен тапқан дүниесі емес пе? Жастардың айтпағанда ұрпақ тәрбиесіне жауапты деген аналарымыз сондай тонаушылыққа барып жатса, болашағымыз қандай болмақ? Халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келген «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген даналығы қайда қалды. Айтайын дегенім, біз ұлттық болмысымыздан осылай жырақтап бара жатқандықтан да Наурызға бұрынғыдай қуанып, оны мейрам ретінде сезіне алмай жүрген шығармыз.

–Ел ағасысыз. Енді не істеуге болады деген ойдасыз?

–Қазақылықты бойға сіңіру үшін адамның құлағы қазақы ән мен күй, ғибратты әңгімелер тыңдауы керек, көзі қазақы бір нәрселерді көруі, аузы қазақы дәмді сезуі тиіс қой. Ол үшін артық шығындалып, аста-төк той жасаудың қажеті шамалы.
Ең алдымен, дастарханға назар аудару керек. Наурызды шын мәніндегі ұлттық мерекемізге айналдырғымыз келсе, ондағы дастарханды арақ-шарапта арылтуымыз керек. Наурыз тойға жиналған жұрттың арасында алкогольді ішімдіктер ішіп, мас болып жүрген адамдар кездессе, бұл мерекеден жастар қандай тәлім тәрбие алсын. Наурыз көже, қымыз-қымыран мен құрт-май, сүттен жасалатын ұлттық дәмдерімізді көбірек әзірлегеніміз дұрыс.
Концерттік бағдарламаларды әзірлегенде дәстүрлі әншілер мен күйшілерге көбірек орын беру керек. Шымкентте бірнеше жылдан бері «Наурыз айтыс» ұйымдастырылып келеді. Бұл игі дәстүрді жалғастыру керек. Тек киіз үй емес, балалар мен жастарға қызықтырақ болу үшін алтыбақанды да көбірек тігуге болады. Сосын қазақ күресінен түрлі жарыстар, турнирлер ұйымдастырылып жатады ғой. Егер мүмкіндік болса, ауа-райы жақсы болса, осындай жарыстарды Наурыз күндері адамдар көп жиналатын орындарда, саябақтар мен алаңдарда да ұйымдастыруға болады. Мектеп-мектеп, мекеме-мекеме, аула-аула болып команда жасақтап арқан тартыс, асық ату секілді жарыстар ұйымдастырсақ, жұрттың Наурызға қызығушылығы артпай ма?
Халқымызда «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз бар ғой. Наурызды ұйымдастыруға мемлекет, әкімдік қана жауапты деп қарап отыруға болмайды. Өзіміз де бұл іске атсалысқанымыз жөн. Мәселен, қазір жұрт тұсаукесер, шілдехана, тілашар сияқты тойларды жақсы тойлап жүр ғой. Осы ғұрыптарды Наурыз тойына туралап жасасақ керемет емес пе? Ол үшін тойды тойханаға тығып өткізбей, саябақтар мен алаңдарға киіз үй тігіп, оған тек таныстарын ғана шақырмай, шамасы келгенше жалпақ жұртқа дәм ұсынса көптің батасы мен алғысын алады ғой. Тойханада 200-300 адамға дастархан жасайтын адамның 2-3 киіз үй тігіп, жұртқа бір сыпыра наурыз көже мен бауырсақ таратуға шамасы келеді. Осының бәрін насихаттап, қолға алу керек деп ойлаймын.
Біз бала күнімізде Наурыз ресми тойланбағанымен, ауыл-ауылдарда наурыз көже пісіріліп, ән айтылып, ағаш отырғызылып, аталып өтетін. Сол кезде ауыл қарияларынан ғибратты әңгімелер тыңдайтын едік. Ол уақытта менің әкем мен оның қатарластары, одан да үлкен ақсақалдар қазіргідей саясат айтпайтын еді, шариғат, салт-дәстүр, тарих пен қисса-дастандардан тарқатып әңгіме айтушы еді. Сол кісілердің әңгімесін тыңдап, көптеген жақсы қасиеттерді бойға сіңірдік. Айтайын дегенім, Наурыздың жақсы өтуі белгілі бір дәрежеде ақсақалдарға да байланысты деп ойлаймын.

–Әңгімеңізге рахмет!