АГРОКЛАСТЕРЛЕР ҚҰРЫЛСА, ҚАЗАНЫМЫЗ МАЙЛЫ БОЛАДЫ Избранное

Пятница, 03 Февраль 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3050 раз

Шымкент бір жағынан республикалық маңызға ие қала, заманауи мегаполис ретінде дамып келе жатқанымен, екінші жағынан мұнда ауыл шаруашылығы саласы зор потенциалға ие. Қалаға кейінгі жылдары қосылған елді мекендердің есебінен Шымкентте 28 мың гектардан астам алқапқа егін егіліп жүр. Соған қарамастан шаһардағы базарлар мен дүкен сөрілерінде көршілес елдерден әкелінген импорттық көкөніс пен тамақ өнімдері самсап тұрады. Неге бұлай? Себебі, бізде әлі де ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеумен айналысатын кәсіпорындар аз, агроөнеркәсіп кешені жеткілікті деңгейде дамымай отыр.

808

 

Шымкент қаласының әкімдігі осындай күрделі мәселені жүйелі түрде шешу үшін ауыл шаруашылығы саласында кластерлерді дамытуға күш салмақ. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, 2024 жылға дейін кемінде 5 бағыттағы кластер қалыптастыру жоспарланып отыр. Олардың арасында сүт өнімдерін өңдеумен, ет өнімдерін шығарумен, жеміс-жидек пен көкөністі сақтап, оны консервілеумен, балық өсіріп, одан дайын өнім шығарумен және омарташылықпен айналысатын кластерлер болады. Басқарманың деректеріне сүйенсек, қазірдің өзінде аталған бағыттар бойынша 13 инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтқанда, жемісті консервілейтін 3 фабрика, көкөніс сақтауға арналған 6 қойма, 1 құс фабрикасы мен 1 тауарлы сүт фермасы, өсімдік майын өндіретін 1 цех және 1 жылыжай кешені ашылады.

Оқырманға түсінікті болуы үшін кластер деген ұғымды ашып түсіндіріп кетейік. Бір аумақта орналасқан, бірдей бағытқа маманданған шаруашылықтар мен кәсіпорындар шоғырының өзара бірлесіп, серіктестік жағдайында жұмыс істеуін клестер деп атайды. Мәселен, малды төлдетіп өсіру, оны бордақылау, сойып, етін алу, ол етті өңдеп дайын ет өнімдерін шығару және оны сақтап, тасымалдап, сату деген жұмыстардың әрқайсысымен әдетте әртүрлі шаруақожалықтары, компаниялар айналысады. Енді осы компаниялар өзара келісім жасап, тұрақты серіктес ретінде үнемі бірлесіп жұмыс істесе, міне, соны кластер деп айтуға болады.

806


Демек, Шымкенттегі ауыл шаруашылығы кластерлерін қалыптастыру бағытындағы жұмыс қойма салып, өндіріс орындарын ашумен бітпейді екен. Бұл бастама аграрлық салалың тұтастай дамуына әсер етуі үшін әкімдік ірі инвесторлар мен ұсақ шаруашылықтардың өзара серіктестік орнатуына дәнекер болуға дайын. Ол үшін ұсақ шаруашылықтар, тіпті, үйінің жанына азын-аулақ егін егіп жүрген азаматтар өзара бірігіп кооперативтер құруы керек.
–Шымкент қаласында 81 елді мекен бар. Оның жартысынан астамы бірнеше жыл бұрын көршілес аудандардан қалаға қосылған. Яғни, оның барлығы бұрынғы ауылды елді мекендер. Бұл елді мекендегі ең өзекті 2 мәселенің бірі – инфрақұрылым болса, екіншісі – жастарға, жалпы тұрғындарға тұрақты жұмыс орындарын ұсыну. Қазір бюджет қаражаты есебінен бұл елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бағытында кезең-кезеңімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ, осыншама халықтың барлығын жұмыспен қамту оңай мәселе емес. Бұл азаматтардың барлығын бірдей құрылыс немесе өнеркәсіпке жайғастыра алмаймыз. Сол себепті мемлекет азаматтардың өзін өзі жұмыспен қамтуына, өзінің шағын кәсібін бастауына барынша қолдау көрсетіп келеді. Мынау ауыл шаруашылығы кластерлерін құру деген де осы мақсатта қолға алынған бастама, – деді жыл басында Қаратау ауданына қарасты Өтеміс тұрғын алабында халықпен кездесу өткізген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Шаһар басшысының айтуынша, қазір мемлекет барлық нәрсені дайындап, қашан алдыма әкеп береді деп күтіп отыратын уақыт емес. Әркім өз әрекетін өзі жасап, өз кәсібін қалыптастыруы үшін тәуекелге бел буып, талмай ізденіп, тынбай еңбек ететін кез. Сонда ғана адам табысқа жетіп, жұмысы алға басып, тұрмысы түзеледі.
–Шымкент қаласының агроөнеркәсіп саласында жұмыс істейтін бірнеше ірі компаниялар өндіріс көлемі мен қуаттылығын арттыруды жоспарлап отыр екен. Біз оларға «сол әрекетті өз беттеріңше жасамай, ұсақ шаруашылықтармен бірігіп жүргізсеңдер, бәріне тиімді серіктестік болар еді» деген ұсыныс жасадық. Олар келісіп отыр. Мәселен, құлпынай өсіру ісін алайық. Егер осы Өтеміс тұрғын алабынан шамамен 50 азамат бірігіп кооператив құрып, бәрі бірдей үй іргелік жеріне немесе егістік алқабына құлпынай егуге келіссе, бұл істе тәжірибесі бар ірі компания серіктес болып, көмекке келуге дайын. Ол компания құлпынайдың көшетін, оған қажетті тыңайтқышты дұрыс таңдап, жеткізіп беруге, құлпынай өсірудің қыр-сырын білмесеңіз үйретіп, оны өсірудің технологиясын көрсетуге, егетін мерзімі мен басқа да агротехникалық шаралары бойынша қолдау көрсетуге дайын. Ең бастысы, ертең құлпынайыңыз піскен кезде оны өздері нарықтық бағамен сатып әкетеді. Сіздер дайын жемісті сақтау, тасымалдау және ең бастысы тиімді бағамен сату жағына алаңдамай жұмыс істей бересіздер, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Иә, расында қазір өнімді өткізу ең қиын мәселе. Айталық, мал бордақылаумен айналысқысы келетін, тіпті, аз-аздап айналысып жүрген адамдар көп. Олардан бұл істегі ең күрделі мәселе туралы сұрасаңыз етті нарықтық бағамен өткізіп, ақшасын қолма-қол алудың қиындығы туралы айтады. Мына парадоксқа қараңызшы, іргелес жатқан елдердің алып нарықтарындағы ұшан-теңіз сұранысты айтпағанның өзінде, Қазақстанның өз ішінде де ет және ет өнімдеріне деген үлкен сұраныс бар. Ал, мал бордақылаумен айналысатындар қолындағы етін өткізе алмай уәре. Бұл отандық агроөнеркәсіп кешенінде жүйелі маркетинг пен логистиканың жоқтығын көрсетеді. Енді кластерлердің жұмысы жүріп кетсе, өнімді өткізу мәселесі оңай шешімін таппақ. Шағын мал бордақылау алаңы бар 10 шаруа қожалығы бірігіп кооператив құрса, ет өнімдерін шығаратын ірі компаниялар олардың өнімін тікелей сатып алуға әзір.

809


Былай қарап отырсаңыз қала әкімдігінің қолға алған бастамасы тәп-тәуір. Бұл жердегі бар мәселе шаруалардың ауызбіршілік пен ынтымақ танытып, бірігіп жұмыс істей білуінде. Себебі, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы кооперативтерге қатысты сәтсіз тәжірибе көпшіліктің есінен әлі де шыға қоймаған. Шаруалар мен диқандардың біразы кооператив деген сөздің өзінен шошып қалған. Бірақ, бүгінде «ортақ өгізден, оңаша бұзауым артық» деген қағида әбден ескірген. Сенімді серіктестерің болмаса, бизнестің алға баса қоюы қиын.
Осы орайда, кластерлерді қалыптастыру үшін ұсақ шаруалардың кооперативтерге бірігуі не үшін маңызды екенін «Бөрте Милка» тауарлы сүт фермасы мен сүт өнімдері зауытының бас директоры Бөкейхан Әбішев түсіндіріп берген болатын.
–Мәселен, бізде өзіміздің асыл тұқымды сиыр фермамыз да, одан алған сүтті өңдейтін зауытымыз да бар. Бірақ, көптеген тауарлы-сүт фермаларының өз зауыты жоқ, ал, зауыттардың өз фермасы жоқ. Енді неге зауыттар ұсақ шаруашылықтардан, халықтың үйде ұстайтын малынан сүт сатып ала бермейді деген сауал туындауы мүмкін. Ол мүлде тиімсіз. Себебі, әрқсайсысында 20-30 бас сиыры бар көптеген ұсақ шаруашылықтардан зауытқа күнделіктік қажет болатын 15-20 тонна, тіпті, 50 тоннаға дейінгі сүтті қашанғы жинап, сақтап, тасымалдап жүресіз?! Бұл басы артық жұмыс пен шығын болып кетеді. Оның үстіне әр шаруашылықтан келген сүттің сапасы мен майлылығы әртүрлі болуы мүмкін. Қала берді ол шаруашылықтардың бәрі малын жұқпалы ауруларға қарсы уақтылы вакциналаған ба? Оны да қадағалау оңай емес, – дейді Б.Әбішев.
Міне, осы нюанстардың бәрін ескерсеңіз, шаруалардың кооперативке біріккені баршаға тиімді. Сонда ғана ұсақ шаруашылықтар өз өнімін бір жерден жинақтап, ірі компанияларға сата алады. Ал, егін егуге, басқалау кәсіп бастауға бастапқы капиталды қайдан аламын десеңіз мемлекет бұл мәселе бойынша да қолдау көрсетуге дайын. Атап айтқанда, «Shymkent» АҚ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы якорлы жобаларды қаржыландыруға 4 пайызбен несие беруге әзір. «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы арқылы 18-35 жас аралығындағы жастар мен 58 жастан асқан әйел адамдар 10 миллион теңгеге дейін 1 пайыздық үстемақы мөлшерлемесімен, сондай-ақ, жұмыс істеп тұрғанына 3 жылдан асқан кәсіпкерлік нысандары айналым қаражатын толықтыру немесе қуаттылықты арттыру үшін жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен 50 миллион теңгеге дейінгі несие беріледі. Мұнан бөлек агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалардың аясында агробизнеспен айналысқысы келетіндерге субсидиялар мен өзге де жеңілдіктер ұсынылады.

8074


Қысқасы, дана халқымыздың «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген қанатты сөзі қай кездегіден де өзекті болып тұр. Мемлекет азаматтарға барынша қолдау көрсетуге, ал, ірі инвесторлар серіктестік орнатуға дайын тұр. Ендігі жерде тұрғындар ауызбіршілік танытып, тәуекелге бел буып іске кіріссе Шымкентте агрокластерлердің қанатын кеңге жаятын шағы алыс болмаса керек. Ал, бұл жұмыс ойдағыдай жүріп, агроөнеркәсіп кешені дамыса, қазанымызмайлы, тұрмысымыз жайлы болары сөзсіз.